ТӘУЕЛСІЗДІК КҮНІ ТҮРКИЯ ҚАЗАҚТАРЫ ҚОРЫНДА ТОЙЛАНДЫ
16 желтоқсан күні Ыстамбұлда Түркия қазақтары қорында Қазақстан тәуелсіздігінің 23 жылы аталып өтілді. Бүкіл қазақтар үшін ұлы мереке деп есептелген бұл күнге қатысты ойларын Қор төрағасы Фазыл Топлы былай деп ортаға салды: “Тәуелсіздік әлемдегі бүкіл қазақтардың бірбіріне қауышуына бастап берген қасиетті оқиға. Оған дейін әсіресе шетел қазақтары ел сағынышы, жер сағынышы болса да, атамекенге бара алмаушы еді. Ал бірең сараң адамдар Қазақстаннан Түркияға келсе, емін еркін жүре алмайтын. Қазақты көрсе қорқып жолыға алмайтын. Тәуелсіздіктен кейін қазақпен қазақтын басқосуындағы бүкіл кедергілер жойылды. Елбасы Нұрсұлтан тәуелсіздіктен кейін 1992 жылы Алматыда құрылтай өткізіп дүниежүзі қазақтарының басын қосты. Сондықтан тәуелсіздік бүкіл қазақтың өміріндегі мәнді оқиға.” Біз де сөйлеген сөзімізде Қазақстанның 1991 жылы, 16 желтоқсан күні тәуелсіздік жариялауы 1952 Түркияға қоныс аударған қазақтардың 62 жылдық тарихындағы ең маңызды құбылыс екеніне баса көрсеттік. Өйткені осы күні Түркия қазақтары өшкені жанып өлгені тірілгендей үлкен қуанышқа бөленді. Әкесі жоқ жетім баланың күйін кешіп жүрген қазақтар тәуелсіздіктен кейін әкесі тіріліп келгендей болды. Екіншіден қазақ деген ұлт бүкіл әлемге танылды. Бұрын Түркиялық қазақтарды түріктер көбінесе татар деп атап қазақ деген ұлттың бар екенін білмейтін. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін көп адам әлемде қазақ деген бір ұлт барын білді. Түркия қазақтарының екінші қуанышы Түркия Жұмһұриетінің әлемде бірінші болып екі сағаттай қысқа мерзімде Қазақстанның тәуелсіздігін тануы еді. Бұл қазақтардың қуанышын еселеп өсіріп жіберді. Бүгінгі таңда ең бақытты қазақ диаспорасы Түркия қазақтары десе артық айтқандық бола қоймас. Өйткені екі ел арасында ешқандай виза шектеулері болмастан араласушылық баршылық. Үшіншіден Қазақстанның және оның президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың беделі шетелдерде аса жоғары. Түркия қазақтары мұны мақтан тұтады. Түркия қазақтары қорындағы тәуелсіздік мерекесіне қатысқан Еуразия спорт одағының төрағасы Ахмет Түзүн Қазақстан тәуелсіздік мерекесіне әдейілеп келгенін айта келіп “Бүгінгі таңда түркі мемлекеттері ішінде Қазақстанның орны ерекше. Оның құдыретті жетекшісі бар. Түркі әлемі келешекте ынтымақтастығын нығайтып ұлы күшке айналады. Онда Қазақстанның орны айрықша болады” деді. Түркия қазақтары қоры мәдениет бөлімінің бастығы, әнші Бешір Ахмет Көсе “Түркияда еш қиыншылық көрмесек те, адам отанын, елін сағынады екен. Сондықтан 23 жылдан бері атамекенге барып келеміз. Отанның күн сайып дамып, әлемнің алдынғы қатарлы елдері арасында өзінің лайықты орнын алғанын көрген сайын қуанып отырамыз. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың салиқалы саясатының арқасында қазақтың көк туы биікте желбіреп тұр. Тәуелсіздігіміз мәнгі болсын” дегенді айтты. Түркия қазақтары төралқа мүшесі, мұғалім Сапар Селви “Түрікте бір сөз бар бейсенбінің келетіні сәрсенбіден белгілі болады. Қазақтың тәуелсіз ел болатынын 1986 жылы қазақ жастарынын көтерілісінен-ақ сезген едік. Осыдан көп өтпей бес жылдан соң Қазақстанымыз тәуелсіздігін алып зор қуанышқа бөлендік. Өзіміз шетелде жүрсек те, ойымыз бен жүрегіміз әр қашан Қазақстанда” деп ойларын атап өтті. Түркия қазақтары төралқа мүшесі Абдуақап Қылыш “16 желтоқсан бүкіл қазақ үшін өте қуанышты күн. Өйткені тәуелсіздік бір ұлттың бар екенін белгісі. Тәуелсіздік болса, тілін, дінің, елін, туын болады. Сондықтан тәуелсіздіктің қадырын білейік. Жұмыс істеп оны мәнгілік етуге күш жұмсайық” десе, қор төралқаның тағы бір мүшесі Мәжіт Оқтай болса “Мен алғаш рет Қазақстандық қазақтарды 1977 жылы Измир қаласында өткен халықаралық жәрменкеге Кеңес Одағынан Қазақстан қатысқанда көрдім. Жәрменкеге барып отандастармен таныстым. Сонсоң оларға жиі барып ел сағынышын, жер сағынышын басып жүрдім. Сонда әттен Қазақстан тәуелсіз болса екен деп армандадым. Сол арман 1991 жылы орындалды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қазақты бүкіл әлемге танытты” деді. Түркияда магистрантурада оқып жүрген Бауыржан Сарқытұлы “Қазақстан тәуелсіздік алғалы бері көптеген жұмыстар атқарылғаны рас. Солардың ішінде Елбасының екі жұмысы аса маңызды деп ойлаймын. Біріншісі Қазақстан мемлекетінің шеқарасын көрші елдермен келісім-шарт жасап бекітті. Екіншісі Қазақстанға 40 жылдай у шашқан атом полигондарын жапты. Сөйтіп Елбасы Қазақстанның жарқын келешегі үшін жағдай жасап қойды” деп пікірін ортаға салды.
Қазақстаннан келіп армияда оқып жүрген Ербол Серікқали “Негізі желтоқсан айы Қазақ үшін маңызды ай. Біріншіден Алаш автономиясы, екіншіден 1986 қазақ жастарының көтерілісі, үшіншіден тәуелсіздік жариялау осы айда болып өтті. Енді осындай аса маңызды тарихый уақиғаларды елден алыста жүрсе де Түркия қазақтарының еске алып мерекелеп отырғандарына алғысымды айтамын” деді. Осыдан кейін ол тәуелсіздікке арнап жазған өлеңін көпшілікке оқып берді. Осыдан кейін кезек нағыз қазақ, домбыраға берілді. Тәуелсіздік құрметіне әндер шырқалды. Осылайша, Түркия қазақтары жарты ғасырдан астам уақыттық тарихларындағы орны ерекше Қазақстан тәуелсіздігін атап өтті. Тәуелсіздіктің 23 жылы құтты, еліміз мәнгілік болсын! Әбдіуақап ҚАРА, тарих ғылымының докторы, Ыстамбұлдағы Мимар Синан көркем өнер университетінің профессоры. Абай.kz |