ТҚЖБ ТҮСІНДІРЕДІ: балаға депозит ашуға бола ма?
СҰРАҚ:
«Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» салымшысымын. Өзіме және әйелімнің атына да есепшот ашып ақша жинап жатырмын. Енді баламның атынан шот ашсам деп едім. Ұлымның жасы он бірде. Жасөспірімдердің атынан жинақ шотын ашуға бола ма? Болса қандай құжаттар керек?
Арман, Алматы қаласынан.
ЖАУАП:
Ең алдымен біздің банкті таңдағаныңыз үшін алғысымызды білдіреміз. Отбасының әрбір мүшесіне арнап есепшот ашқаныңыз дұрыс болған. Өйткені біздің банкте сақталған жинақ ақшаға мемлекет тарапынан сыйақы тағайындалады.
Ал, сұраққа келсек, жасөспірім балаңыздың атынан есепшот ашуға құқылысыз. Ол үшін «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» кез-келген бөлімшесіне барып, өтініш білдіруіңізге болады. Тұрғын үй жинақ шотын ашу үшін балаңыздың төмендегідей құжаттарын ала барыңыз:
- Әлеуметтік жеке коды жазылған туу туралы куәлік немесе жеке бас куәлігі;
- Кәмелеттік жасқа толмаған тұлғаның заңды өкілі болып табылатын (әкесі, анасы, болмаса асырап алушысы) тұлғаның жеке басын куәландыратын құжаттары.
Абай-ақпарат.