Сенбі, 23 Қараша 2024
Интернет идеология... 6787 0 пікір 13 Желтоқсан, 2014 сағат 11:23

НЕ ІСТЕУ КЕРЕК?

 

Өткенде интернеттен Серік Аббас-Шахтың өмір, заман, қоғам туралы жазған пікірін оқыдым. Одан бері бірталай уақыт болды. Құдай біледі, не жазғанын Серіктің өзі де ұмытып қалған шығар!.. Менікі пікір таластыру, немесе ой жарыстыру емес, «ойды ой қозғайды» дегендей – өз пайымым.

  Секеңнің сөзінен ұққаным: өмір заңы – Дарвин теориясына негізделген «Әлді алып та жейді, шалып та жейді!..». Сондықтан, жоқты армандап әуре болмай, қолыңнан келсе қасқыр бол! Басқаның бәрі – далбаса!..

  Өз басым олай ойламаймын!.. Жамандық барда жақсылық та бар. Жақсылар жойылып кеткен жоқ, арамызда жүр және аз да емес! Болмаса, бұл дүние бұлай тұрмас еді!..

Не істеу керек?!

  ...Мәңгілік сұрақ. Әсіресе, бүгінгі қоғамда!.. Кейде оқырмандар зиялыларға ренжиді, көбіне қоғам қайраткерлері мен ақын-жазушыларға. Сондағы сұрайтындары: «Ақыл айта бергенше, не істейміз, соны айтыңдаршы?!» - дейді.

  Бұл мәселе жөнінде пікір көп. Кейбіреулер тіпті білсе де айтпайды деп ойлайды. Себебі – түсінікті. Ал меніңше, бұлай емес... Түптеп келгенде дәл қазіргі кезде, таяу тұстағы 10-15 жылда нақты жоба ұсына алатын ешкім жоқ.

  Жақында интернетте осы сауал төңірегінде бірнеше қаламгер өз ойларын білдіріпті. Бірі Президенттік, бірі Парламенттік тағы біреуі Президенттік-Парламенттік басқару жүйесін қолдайды. Солардың бірі, сырттай сыйлайтын білікті журналист, білімді маман – Ғалым Боқаш інім өз пікірін былай түйіндейді: «Демократиялық және либералдық құндылықтар мен азаматтық саяси сауаттың жетілуі қазіргі қоғамды осындай өзгеріске ұшыратып жатыр. Сол себепті шынайы даму мен өркениетке ұмтыламыз десек, бүкіл билік пен ел тағдырын бір адамның (көп жағдайда бір отбасы, я бір топтың болып шығады) қолына ұстата салмай, мүдделер тепе-теңдігін сақтау міндетін мойнына алған бір партияның немесе бірнеше партиядан құрылған коалицияның қолына тапсырған әлдеқайда тиімді болар еді. Бір сөзбен айтсам, парламенттік басқару жүйесінен басқа жобалардың бәрі пост-советтік авторитаризм құбылысын ақтап алу, я оған жаңаша жан бітіру сияқты көрінеді»...

  Меніңше бұл – саналы ғұмырының көбін сыртта өткізген, өзі шығыстанушы болса да, Батыс мәдениетін бойына көбірек сіңірген, елдің қазіргі жағдайын, қазақ халқының тарихи дәстүрін, рухы мен жанын жете түсінбеген, ең бастысы – бүгінгі билік иелерінің ниет-пиғылы мен мақсат-мүддесін есепке алмаған және жастық көңілмен уақыт факторына артығырақ ден берген саясаткер пайымы.

  Ал мен айтсам, қазақ халқының қазір «Ұзын арқан, кең тұсауға салып», белгісіз болашаққа иек артар уақыты жоқ.  

  Осы арада бала үшін дауласып би алдына баратын екі Ана туралы тәмсіл еріксіз еске түседі...

  Жалпы, қай кезең, қандай заманда болмасын бір нәрсеге қол жеткізу үшін екінші нәрседен бас тартуға тура келеді. Тіпті басқасын былай қойып, бір адамға жақсылық жасап, қол созып, көмек бергіңіз келсе де – тап солай. Өз мүддеңізді, өз уақытыңызды, өз атыңыз бен қуат-күшіңізді құрбандыққа шаласыз. Онсыз ештеңе болмайды.

  Бәлкім бізге де солай етуге тура келер?!

  Басқаны білмеймін өз басым, егер билік бетін бері бұрып, ұлт қамы мен ұлт мүддесін алға қойса – қарсы емеспін!..

  Ел басшысы да біз сияқты ет пен сүйектен жаралған адам. Өзінің, өзінің ғана емес ұрпағының болашағын ойласа – несі айып?!

  Тағы айтамыз, мәселе атында емес – затында! Мұхтар ағамыз айтпақшы, ниет пен пиғылда!.. Мемлекеттік басқару жүйесінің қалай аталғаны маңызды емес, ең бастысы – түпкі мақсатта!

  Король, королева, тіпті император мен сұлтандар басқарып отырған елдерді де есекке теріс мінгізіп жатқан ешкім жоқ. Онда тұрған не бар?! Қысқасы, біз үшін ең дұрыс жол – конституциялық монархия. Бірақ ол үшін құрбандыққа баруға тура келеді. (...Және екі жаққа да!.. Мәселен, Ұлыбритания мен Жапониядағыдай...).

  Басты мұрат – Ел ертеңі мен Қазақ халқының ұлттық мүддесі. Қалғаны  кейінгі мәселе...

               Тұрмағанбет Кенжебаев,

              ақын, Қазақстан Жазушылар және

              Журналистер Одағының мүшесі.

Абай.kz 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1470
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3246
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5417