Сенбі, 23 Қараша 2024
Өз сөзі 10081 0 пікір 5 Желтоқсан, 2014 сағат 10:58

СЕНІМ МЕН СЕЗІМ: ЕШТЕҢЕГЕ ТАҢҒАЛМАЙМЫЗ!

(Ақылдасу әңгімесі)

 

Осы ойтолғамды қағаз бетіне түсіруге мына жайт тікелей себеп болды.

Таяуда баспасөз беттерінің бірінен қазақтың ғажайып әсем киіз үйі мен әуезді күйі ЮНЕСКО-ның ұйғарымы бойынша «Адамзат құндылықтары» тізіміне енгізілгені жайлы оқып, қатты қуандым. Міне, ұлт құндылығына деген шын ықылас әрі үлкен құрмет!

«Шіркін-ай!» деп ойладым ішімізден. «Егер қазақ деген халықтың  небір қымбат қасиеттері мен құнды қазыналарын тізбелей бастасақ, ЮНЕСКО-ға ұсынар тізім барынша созыла түсер еді-ау!»

Ал, біз, бүгінгі қазақтар, басқа қазынаны былай қойғанда жалпы адамзатқа тән табиғи қасиеттерді де ұмытып, біржола жоғалтып алып жатқан жоқпыз ба осы?...

Жұмыр басты пенде үшін, біздің ойымызша, ең қажет, ең қымбат, ең аяулы екі құнды нәрсе бар: оны ен сала таңбалап, өз атымен атар болсақ - шексіз сенім және суымас сезім. Өкінішке орай, бүгінгі күні біздің замандастарымыздың көбісі (әсіресе жастар) бұл екеуінен мүлде мақұрым бола бастағаны анық сезіледі. Демек, адамдардың пейілі, ниеті, ықыласы кірленіп, кір басып бара жатыр деген ой қиядан қылаң беріп қалады.

Қадірлісі қадірсіз болып, жаманы жақсыға айналып, тірлігінен тізгін кетсе, бұл ел  қайда барып оңады екен? Болашағы не болмақшы?

Ойланбасыңа қоймайды. Қиялыңа кілкілдек ой еріксіз қонақтайды.

 ***

 Оқырманның есінде ме екен, білмедім, осыдан 3-4 жыл бұрын біз «Егемен Қазақстан» газетінің бетінде «Қуана білейік, ағайын» деген көлемді ой - толғам мақаланы жариялаған едік. Осы мақала көптеген кісілердің ойталқысына да түсті. Қолдағандар да бар, басқаша сөз өрбіткендер де кездесті. Ондағы айтпақ ойымыз мынадай болатын: осы күні біз ештеңеге де қуана алмаймыз; ешнәрсеге де таңданбаймыз; теледидардан депутат ел тағдырына қатысты мәселе көтеріп, сөйлеп жатса, оны «әй, жемқор біреу ғой бұл» дей саламыз; (көзімізбен көргендей болып айтамыз), министр мінберден көрінсе, «бұл рулық аурумен ауырған адам» деп мұқатамыз; (тап қасында жүргендей сөйлейміз); ал облыс әкімі көп алдында ой бөлісе бастаса, оны да жерден алып, жерден салуға әзір тұрамыз... (Әйтеуір, қай-қайсысының да түртіп өтер кемшілігі бар болып шығады)

Міне, бүгінгі бет-бейнемізден сиқы негізінен осыған саяды. Ау, осындай жақсыны көрмейтін, жаманды тере беретін таскеуде, өзін ғана бағалап, өзгені менсінбейтін тасыр мінезбен қалай және қайтіп ел бола алады екенбіз,а?

Таяу уақыттан бері қарай қиялыма қиялап кіріп, қайтадан мазалай бастағаны – адамдарды шексіз қуанышқа бөлейтін қасиетті сенім атаулының мүлде жойыла бастауы. Кіммен сөйлессең де айтатыны – «әй, біз ел бола алмайтын шығармыз»... Кіммен тілдессең де ішкі жан-айқайы: «Түбі орға оңбай жығылатын халық біз болармыз,сірә!»

«Ау, неге?» дейміз күйіп-пісіп. «Неге ел бола алмайды екенбіз? Сонша күдер үзе сөйлейтіндей басымызға не күн туды,а?»

Осы кезде кермек ойлы бір әріптес былай деп сайрап ала жөнеледі.

- Оу, бауырым, сен өзі көктен түстің бе? Жан-жағыңа бажайлап, көзіңді ашып қарасаң болмай ма! Айналаңда не болып жатыр?... Соны да мүлде көре алмағаның ба?

- Не болушы еді, бүлініп жатқан түк те жоқ!- емес,-дейміз біз. - Ел өз тірлігімен, мен өз тірлігіммен... Әркімнің өз ойлағаны, өз жоспарлағаны бар...

-         Онда нағыз түксезбес мына сен екенсің.

-         Нені сезуім керек? Айтсаңшы, нені?...

- Дүние бірсін-бірсін суалып, жан-жағы қаусырмаланып, қурап бара жатқан жоқ па! Бәрі бүлінді. Бәрі қирады. Адамдардан ар-ұят кетті. Жастар үлкенді сыйлауды ұмытты. Қыздар еркектерден қымсынуды қойды. Бәрі де құрып барады...

- Дәлел?!-дейміз біз оның сөзін бөліп. – Аттан салып, даурыға беру кімге керек! Дәлелің бар ма?

- Оны да айтайын,-дейді әлгі әріптес. – Сен тыңдай бер. Осы күнгі жастар үлкенді сыйлап, ізет көрсете ме? Жоқ. Айталық, лифтінің алдында тұрған екі-үш жас жігіт сені алға оздырмайды, алдымен өздері кіреді. Қыздарымыз ше? Қазіргі қаракөз қыздардың жағалып барар жері – сауна, қонақ үй, казино, т.б. Арын саудалау шаруасы тіпті де ұят болудан қалғалы қаш-шан!... Некесіз бала тауып, оны күл-қоқысқа лақтырып тастап кетіп жатқандар да – қаракөздер...

- Бәрі емес болар! Жастарға түп-түгел күйе жағуға қалай ұялмайсың?

- Көбейіп кетті. Сосын да күйіне айтып жатырмын. Мен айтпасам, сен айтпасаң – онда кім айтпақ! Айтшы, кім дабыл қағады?

Мен ойланып қалам. Сонда да әріптесіме жеңістік бергім жоқ.

- Бұлайша түңіле сөйлеп, таусыла әңгіме айтуға бола ма? Сені тыңдаған кісі бәрінен күдер үзіп, тіршіліктен баз кешіп кетіп жүрмей ме,а?

- Расы сол! Қоспасыз шындық. Біз қоғамды да, адамды да бұзып болдық. Бүлінбеген дәнеңе қалмады десем, артық сөз болмас...

Мен оған шошына қараймын. «Өзінің ақыл-есі дұрыс па?» деп ойланам. Бірақ әлгі танысымның ақыл-есі дұрыс. Қайта маған мүсіркей қарайтындай.

- Сені түсіндім,-дейді сосын. – Сен жағасы жайлаудағы мамыражай өмірдің адамы екенсің. Санаңа сәуле кіре қоймапты. Әлі-ақ көрерсің. Басыңа түсер...

Ойланып қалам...

 ***

 Сенім - кісіні ізгілікке ұмтылдырушы, алға сүйреуші, болашаққа бастаушы ұлы күш! Оның басқаша анықтамасы болуы мүмкін бе!

Одан күдер үзгендер қалай өмір сүрмек! Алдына нені мақсат етпек!

Кейінгі кездері өткенге ой беріп, ойлана қарасам, расында да, көп адамдар өз бойындағы сенімді жоғалта бастапты. Сенім атты сәулелі дүниеге селкеу түсіпті. Әр кеудеде – бір сенімсіздік. Әр кеудеде – үркек ой...

Ештеңеге сенбейді. Бәріне күдікпен қарайды. Үрке қарайды.

Досына сенбейді - өйткені әлденеше рет сатып кетіпті;

Туысына сенбейді - талай рет алдап соғыпты;

Қызметтесіне сенбейді - жеме-жемде бұны от ортасына тастап, өз бас қамын ойлап тайып тұрыпты:

Мақсатына сенбейді – жете алмайтын шығармын деген күдігі баршылық;

Өз ұлтына сенбейді – асылын ардақтай алмайды-ау деген ұлы қорқыныш;

Салт-дәстүріне сенбейді – оны өзге жұрт түсіне ме, қадірлей ала ма деген қауіп;

Бәріне сенбейді – осы күнгі қазақта ой да, ми да, ақыл-парасат та тым төмендеп бара жатыр ма деген ұлы өкініш!

Тап осылай өз тірлігінен күдер үзе сөйлеген бір танысыммен оңаша сөйлесіп отырмын. Өзі өмірде жолы болмаған, тағдыры тайғанақты жігіт. Соның да әсері бар шығар, әңгімесі тым кермек. Бәрінен де әлдеқашан үміт үзген жан сияқты.

- Адамдардан қанша көңілің қалса да, өмірге осынша өкпелеуге бола ма? Өмір деген өзінің кұпия- қалтарыстарымен қызық. Бірде жеңесің, бірде жеңілесің...

- Мәселе онда емес,-деді танысым. – Менің бәрінен көңілім қалғаны өз алдына. Жалғыз сенерім – бір Алла еді. Дінім – Ислам. Бүгін ойлап қарасам, сол Ислам діні де қырық  салаланып бара жатқандай. Діни ағымдар баршылық. Әркім өз білгенінше басқа жаққа тартқылайды. «Таза жол осы» деп басыңды қатырады. Ойласаң, басың ауырады.

- О-о, - дедім мен. – Ислам атты мөп-мөлдір дінге қандай қосымша ағым керек?  Алланың басты кітабы – Құран кәрім. Соған сен. Аллаға сен. Болды. Басқаны ойлап, несіне бас қатыра бересің?

- Сөйтер-ақ едің,-дейді танысым. – Мені күнде ақыл тезіне салып, мазалайтындар көп. «Сен ана ағымға бар, ғана сонда бағың ашылады» деп үгіттейді. «Асық! Ұмтыл! Әйтпесе кешігесің» деп қамшылайды.

- Олар дін өкілі емес, дін атын жамылған жалған саясаткерлер. Ондайлардан аулақ жүр.

- Шаршап кеттім. Осы күні ешкімге де, ештеңеге де сенгім келмейді. Басым ауыратын болды.

Мен тыңдап отырып, әлгі танысымды іштей аядым. Жан дүниесінің әлсіздігін сезінген едім. Дүние жүзін жаһандану жайлап бара жатқанда, қазіргі адамға тап солай әлсіздік байқатуға бола ма, а? Бұл деген басталмай жатып, бәріне де көне салу емес пе! Бұл қандай осалдық,а?

Осындай қиял жетегінде отырған сәтімде есіме бір аңыз – әңгіме орала берген-ді.

Ежелгі Сыр өңірінде ертеректе Бегім сұлу деген өте көрікті, өте әсем қыз өмір сүріпті. Ол – атақты Қарабура әулиенің алақанына салып аялап, үкідей мәпелеп өсірген ару қызы болатын-ды. Күндердің күнінде сол аруға Жанкент шаһарының билеушісі Санжар сұлтан ғашық болып, жөн-жоралғасын жасап, өзіне жар етіп алады.

Бір жолы Санжар сұлтан кезекті жорыққа аттанып бара жатып, жарты жолда аялдайды. Сосын уәзір жігітке қарап:

- Үйде алтын сапты кездігім ұмыт қалыпты, соны алып кел,-деп жұмсайды. Уәзір жігіт атына міне сап, шаба жөнеледі. Үйге келсе, Бегім сұлудың шашын жайып, жеңіл киіммен суға шомылуға әзірленіп жатқан сәті екен. Анадай ғажайып сұлулықты ешқашан көрмеген жігіт сол сәтте таң қала қарап қалыпты да, тілі күрмеліп, келген шаруасын да айта алмапты.

- Неге оралдың?-дейді Бегім сұлу.

Жігітте тіл жоқ.

-         Сұлтанға бірнеңе болып қалды ма?

Жігіт басын шайқайды. Сосын сөйлемек болып, күшене бере, басы айналып, есінен танып құлапты. Сол құлағаннан үш күн бойы есін жимайды.

Санжар сұлтан әлденеден күдіктеніп, дереу елге оралып, Бегім сұлуды сөзбен тергейді. Өз ары алдында адал болса, не үшін, неден ақталсын. Сұлтанға ренішін сездіреді. Сұлтан сонда да күдіктен арыла алмай, сұлудың екі қолын және бұрымын кесіп, зынданға тастатады.

Мұны естіген Қарабура әулие келіп:

- Уа, не жағдай болды? – дейді. Санжар сұлтан өз күдігін айтады. Қарабура әулие:

- Егер қызымның ары таза болса, қазір зынданнан қолы бүтін, бұрымы ұзын болып шығады,-дейді. Айтқандай дәл солай болыпты.

Өз қателігін сезінген Санжар сұлтан Бегім сұлудан кешірім сұрайды.

Қалған көңіл қайтадан орнына келе қоя ма? Сенбестік білдіріп, сенімнің сеңін бұзып алған сұлтанды оп-оңай кешіре ала ма?

Осыдан соң Бегім сұлу Санжарға бұрынғыдай бейіл беріп, ықыластана қоймапты деседі...

Кеудемнің арғы түкпірінен бір үн естілді. Тыңдадым.

«Оу, бауырым, ойдың ортаюы мен сенімнің әлсіреуі – кісіні құрдымға құлатады. Жер бетіндегі ең мықты адамдар - сенімін ешқашан жоғалтпайтындар!...»

Менің ойым ба, жоқ басқа біреу айтты ма, мәселе онда емес, ең бастысы – осы сөз дұрыс-ақ!

Сенім туралы сөздің түйіні мынаған саяды:

- Адамдар, ең алдымен, күдікті, көмескі ойдан барынша қашуы керек;

- Алдағы өмірінен үмітін үзбегені абзал, үзілген ой-үмітсіздіктің зынданы;

- Келешек туралы армандай білу қажет, арман-кісінің бойындағы сенімді молайтады.

- Кейбір сәтсіздіктер мен қиындықтарды уақытша нәрсе де қабылдап, одан үлкен трагедия жасап, қайғыға қамалмауы тиіс;

- Әсіресе ұлт болашағына сену керек, ұлттың ұлы құндылықтарына құрметпен қарап, оны жалпақ елге жария етуге ұмтылуы қажет-ақ!

 ***

 Енді кісі бойындағы ең нәзік нәрсе – ыстық та ізгі сезімнің неге салқындайтыны туралы аз-кем әңгіме.

Бір досым айтты:

- Мен осы күні сезімнен мүлде мақұрым қалған жандаймын.

- Қалайша? Сезімсіз адам бола ма?

- Болады. Ол – менмін.

- Жо-жоқ, бұл сөзіңді қостамаймын. Сезім деген – жүректің терең түкпірінде сақталмаушы ма еді. Жансарайда тербелмеуші ме еді...

- Сол жүрегі құрғыр да осы күні әлсіз тартты. Әрнеңеге алданғыш.

- Ол болмайды. Кісі жансарай қазынасын қымбат байлыққа балап, әрдайым қадірлеп отырғаны дұрыс.

Досым үндемеді. Мені қалай түсінді – оны білмедім.

 ***

 Сезім – адамзаттың екінші сыңары, жансарай байлығы. Баға жетпес қазынасы!

Олай болса, сол асыл байлықты мүлде жоғалту – кісінің тірі жүріп өлуі болмай ма! Одан соңғы өмір – қандай өмір?

-  Әйеліммен ажырасамын,-деді бір танысым.

- Не себеп?

-Оған деген сезімім әлдеқашан сөніп қалған.

- Оны кім сөндірді? Бәлкім, өзің кінәлі шығарсың?

- Жоқ, әйелім тым салқын. Тартып барады. Менің жанымды түсінбейді. Екеуміз екі бөлек жанбыз. Соған көзім жете бастады.

-  Бұрынырақ сүйіп үйленген жоқ па едіңдер! Енді не?

   -  Сүйіп үйленгеніміз де рас. Алайда, неге екені белгісіз, арамыз тез-тез суып кетті. Менде баяғы сезім мүлде жоқ. Ол біржола өшкен.

-  ?!

Есіме бір оқиға орала берді.

Баяғыда-а бір жас жігіт жар сүйіп, отбасылы болып, жалғыз Анасына көп қуаныш сыйлапты. Алайда, өзі аңқұмар, сауықшыл болады да, үйде көп тұра бермейді. Үнемі кеш келеді екен. Сондай күндердің бірінде келіннің сынық қабағын байқаған Ана:

- Балам, бүгін де өте кеш келетін болса, үйге кіргізбейік. Есікті құлыптап жат. Сонда ес кірер,-деп ақыл беріпті.

Келіні солай істепті.

Түннің бір уағында үйге оралған жігіт есікті қанша қақса да, үйдегілер есік ашпапты. Сосын амалы қанша, үй жанындағы ағаш сәкіге сырт киімін төсек етіп, ұйықтап қалады.

Таңертең ерте оянған жары есік ашып, күйеуінің жанына келсе, денесі тоңазыған ол бүрісіп жатыр екен. Дәл жанында бір сөмке ет тұр. Үйдегілер дәм татсыншы деп алыс-с жерден ауырсынбай арқалап келіпті.

Сонда келіншегі өкіне, бармағын тістепті. Өз күйеуін босқа қаралап, оған деген сезіміне селкеу түсіріп алғанына іштей опыныпты.

Міне, сол күннен бастап олардың арасында салқын мінез ешқашан байқалмапты деседі...

 ***

 Тағы бір жолы өзіммен қызметтес жас жігіт шәй үстінде қинала әңгіме айтқаны бар-ды.

-  Мен әкемді жек көріп кеттім.

-  Неге?

-  Ол арақ ішеді. Шешеме айқайлап, қол көтерген кезін де көргем.

-  Сонда да... әкең емес пе?

- Ондай әкенің барынан жоғы дұрыс. Бұл күнде менде оған деген перзенттік сезім мүлде жоқ. Салқын тартты.

- Өз әкеңді өзіңді жат көрсету – аса ақылдылық бола ма? Әлі де ойлан.

- Әбден ойландым. Әке деген – қазаққа тән әкелік жолын, тәрбие алар таза жолын ұстап жүре алуы қажет. Ал, олай ете алмаса...

- Онда не?

- Онда балаға тән сыйластық сезім, перзенттік пәк сезім бірте-бірте сөнеді екен. Өз еркіңнен тыс...

«Уа, сезім шіркін!» деп ойландым оңашада. «Жер бетіндегі барша жұмыр басты пенде осы өз бойындағы ізгі сезімді неге, неліктен тез-тез кірлетіп алады екен,а? Сол мөп-мөлдір қалпында сақтап қалуға құдіреті жетпегені ме адамдардың!...»

Осындайда ойға түседі, жалпы біз, қазақтар, өз жері мен Отанын сүюдің үздік үлгісін әлі де көрсете алмай келек жатқан елміз! Дәлел ме? Айтайын.

Қазақтың қаншама терең тарихы бар, бірақ оны түбегейлі зерттеп, жүйелеп, жолға қоюға, керауыздарға тосқауыл болуға келгенде тым самарқаумыз.

Қазақтың нешелеген ғаламат салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы бар, осыны да өз орнымен пайдаланып, әуелете көтеріп жатқан кісі жоқ, тағы да селқостық.

Айтпақшы, біздің киіз үйіміз бен күйлеріміз ЮНЕСКО-ның тізіміне енген екен. Қуанарлық жаңалық. Ал, бірақ, біз неге қазақтың 100-томдық дастан - жырларын да сол тізімге ұсынбадық екен деп тағы ойға қалдық.

Қазақтың көркем де кестелі тілі бар, алайда сол тілді өзіміз кұрметтемей, аяқ асты етіп келеміз, басқаларға  не деп ақыл айтуға болады?

Егер қазақтың кеудесінде ұлтқа деген, өз халқына деген іңкәр сезім болса, дәл осыншалық төмендемес едік қой.

Сезімсіздік – ұлттың хас жауы.

Ұлттың түбіне жетіп тынатын үлкен кесел де – осы!

Осындайда ойға еріксіз оралатыны мыналар:

- Іргелі ел болғымыз келсе, алдымен туған халқымыздың ата тарихына аса сақ болып, оның қадір-қасиетіне жете білейік;

- Әр қазақ бір-біріне құрметпен қарап, жеткен жетістігіне  шын қуана алатын жағдайға жетпейінше, ұлт болып ұйысу жоқ;

- Ең бастысы – елге деген, жерге деген, Отанға деген, тіпті өз отбасың мен бала-шағаңа деген іңкәр сезім, ыстық ықылас суымасын.

                                         ***

 ХХІ ғасырдың қазіргі кескін – келбетіне қарап, өзім де таң – тамашамын. Шетелдік басылымдарға көз салсаң, төбе шашың тік тұратын сұмдық. Еркек пен еркек, әйел мен әйел – отбасы. Әке мен бала бір-бірін сыйламайды. Қыз шешесінің бетінен алып түседі. Қым-қиғаш тартыс. Ұрыс-керіс. Айқай-ұйқай.

Ал, өздері бұны «демократия-я» деп ауыз толтыра айтады. «Кісінің бас еркіндігі» деп ұғындырады. «Әр адам өзінше тірлік кешіп, өмір сүруге құқылы» деп тепсінеді.

Біз бәрін да заманға жауып жатамыз. Заман ба? Уақыт па? Әй, қайдам.

Негізі – кісінің өзіне тән кісілік бейнесін сақтап қалуы, оның ішкі жан-дүниесіндегі ұлы байлыққа байланысты болса керек. Айналада болып жатқан құбылысқа өте жүрдім – бардым қарап, салмақтап, ой елегінен өткізбесек, бұл түптің түбінде жақсылыққа әкеле қоймас. Ойсыздықтың барар жері белгілі. Ойсыз болу – топастанудың басы.

Жер бетіне жұмыр басты пенде болып келген соң, ең алдымен Адам боп қалу мәселесін алдыңғы кезекке жылжыту керек болар! Өйтпейінше, біз өз бейнемізді өзіміз мүлде жоғалтып тынамыз. Ал, оның арғы жағы айтпасақ та түсінікті жағдай.

Демек, Адамдық қалыптың баға жетпес алтын қазығы – Сенім мен Сезім жойылмасын десек, осы бастан мықтап ойланайық, ағайын! Сол екі ұғым ғана адам баласын Сыйластық атты ақсарайға бастай бермекші!

Сыйластық сарайының қос перзенті – Сенім мен Сезім туралы тәтті ойлар санамыздан ешқашан шықпағаны абзал.

 ***

 Бәрі де қабырғалы қазақ елінің күмбірлей төгілетін, әруағыңды қоздырып ала жөнелетін қасиеттері Күйлері мен кең жайлауда арқаны кеңге салып, емен-жарқын демалып, әңгімені әріден қозғап айтуға аса ыңғайлы да жайлы қазақтың Киіз үйінің ЮНЕСКО көлемінде есепке алынуынан басталып кеткен жоқ па!

Күй – тарих! Күй – қазына! Күй – халқымның қуанышы мен мұңы!

Киіз үй – жылылық! Киіз үй – мейірімділік ұясы! Киіз үй – қазағымның бет-бейнесі мен айбары!

Ендеше халқымның баға жетпес қасиетті қазыналары қай заман, қай уақытта да құрметке бөлене берсінші деп тілейік!

Жолтай Жұмат, жазушы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3238
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5377