Сенбі, 23 Қараша 2024
Әкім мен халық 6059 0 пікір 2 Желтоқсан, 2014 сағат 11:00

ЕСІМОВТЫҢ ЕЛКАСЫ

Кеше (01.12.2014 ж) Астана уақытымен 18.10-дар шамасында Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов әдеттегідей Алматыдағы мектеп оқушыларын жинап алып жаңа жылдық елканың (шыршаның) шамын жақты.

Біздің мемлекеттік қызметтегі лауазым иелері арнаулы орта білім беретін мекемелердің (мектептердің) көмегінсіз не істей қойсын, тәйірі. Әлдеқандай бір шара ұйымдастыра қалса бітті, мектеп мұғалімдері мен оқушыларын ұлардай шулатып әкеліп ортасында одараңдап жүргенді, осқырынып сөйлегенді ғана біледі. Өзге қалаларда да солай шығар, ал, Алматыда мектеп оқушыларын оқытпаудың түрлі амалдары асқынып барады. Иә, осылай анығын айтуымыз керек, Алматыда оқушыны оқытпаудың, партаға отырғызбаудың түрлері күн санап көбейе түсуде. Неге дейсіз ғой, неге десеңіз, қала әкімі Есімов мырза шоуды аса жақсы көретін адам. Ол бірде Алматыға деген аста-төк махаббатын паш етіп күйсандықпен ән айтса,, бірде велосипед теуіп серуендеуге шығады. Кейде әл-Фараби даңғылының бойындағы президент саябағына барып бой жазып, ескерткіштерге тағзым етіп, гүл қоятыны бар. Соның бәріне алып мегаполистің нөмірі бірінші адамы өзгелерден бұрын оқушыларды шақырады.

 

Міне, кеше Қазақстан халқы тұңғыш президент күнін атап өтіп, тойлап жатқанда Есімов ескі әм кәнігі әдетіне басып мектеп ұжымдарын әбігерге салды. Президент Назарбаевтың «Балалық шағының аспанын» тамашалап үйде отыруға тиіс балақандарды бүрсеңдетіп Республика сарайының алдына әкелдірген әкім ырғалып-жырғалып жылы кеңсесінен кешкі алтыда әрең шықты. Сөйтті  де, бір-екі ауыз қазақшасына былдырлаған орысшасын қосып, әлденелерді айтқан болып, елканың шамын жақты да тайып тұрды.

Алматыда, әрине, Арқадағыдай ақырған аяз жоқ шығар, алайда, ауасы ылғалды. Ылғалды ауаның суығы анау-мынау атпал азаматтың өзін алып түседі. Кеше сағат 15.00-ден Республика алаңында жүріп суыққа ұрынған баланың бүгін қаншасы аурып, мектебіне жете алмай, үйінде жатыр екен, оны әзірге анықтай алмай отырмыз. Алайда, Есімов мырзаның есебі түгел: елкасына барды, Елбасына мәліметін берді. Енді ептеп-септеп 16-желтоқсан дейтін «пәлесі көп күнді» өткізіп алса болды, аржағы мидай жазық...

P.S. 1940 жылдары жаңа жылды атап өтіп, тойлатуды қазаққа Сталин үйреткен екен. Қырып- жойып, атып-шауып отырып. Сол заманның кәугерлерінің айтуына қарағанда, қазақ елі бірінші қаңтарды қалыпты күндердің біріндей қабылдап жүре берген көрінеді. Соны естіген Сталин қаһарына мініп, қазақтарды кезекті рет қырып салып, шыршаның түбінде шырақ жағып, шырқ айналып билеуге көндіріпті.  Содан бері біздің биліктегі шенеуніктер Сталин үйреткен мерекеге үйреніп қалған ба, әлде, әлдекімдерден үрейлене қорқа ма, әйтеуір дайындықты ерте бастап кететінді шығарды. Бұрын, Совет өкіметінің кезінде жаңа жылдың әңгімесі желтоқсанның жирмаларынан былай басталатын еді, қазір Тәуелсіздік күнін ұрып қойып, Дед Мороздың алдынан арсалаңдап шығуды  әдетке айналдырдық.

Сөйтіп, кеше еліміздегі барлық қалалар мен елді-мекендерде жаңа жылдық шыршаның шамдары жарқырады. Шырша жарысы басталды. Алматының елі де Есімовтың елкасын көріп «шаттануда». Тоғышарлар тойғанына мәз...

Abai.kz   

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5354