Дүйсенбі, 25 Қараша 2024
Қырдағы әңгіме 12070 0 пікір 27 Қараша, 2014 сағат 23:39

Ақылбек ШАЯХМЕТ. АЛАСА АЛТЫНСАРИН, АСҚАҚ ПУШКИН...

Қазақтың ұлы ұстазы мен орыстың ұлы ақыны: екеуіне көрсетілген құрмет бірдей ме?

Қостанай облысының бір ауданы Ыбырай Алтынсарин есімін алған. Облыс орталығында Ыбырай Алтынсаринның мемориалдық мұражайы бар. Арқалықтағы педагогика институты ұлы ұстаз есімімен аталады. Қаладағы ағартушы негізін қалаған Ыбырай Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернат шәкірттер тәрбиелеуде. Қостанай қаласындағы осы қазақ мектебі қаншама түлекті тәрбиелеп шығарды. Олардың ішінде министрлер де, академиктер де, ақын-жазушылар да, басқа мамандық иелері де аз емес. Ілияс Омаров, Серке Қожамқұлов, Бейімбет Майлин, Елубай Өмірзақов, Темірбек Дарханбаев секілді көрнекті қайраткерлердің осы мектепті бітіргенін қостанайлықтар орынды мақтан етеді. Мектептің атақты түлектері туралы бір ғана оқу ордасының өзінен тұтас бір том жазып шығуға болар еді.

Алайда, осы мектеп жанындағы Ыбырай ескерткіші көпшілік көңілін көншітпейді. Төмен қарап тұрған ағартушының шоқша сақалының ұшы сынып түскен. Ағартушы отырған тұғыр да өте аласа. Қостанайда ұлы ағартушының еңселі ескерткіші бой көтеруі керек деген пікірлер көптен айтылып келе жатса да, билікке дауыстары жетпей жатыр.

Қазақтың ұлы ағартушысының бейіті де жападан жалғыз жетімсіреп тұр. Жапандағы жалғыз мола не жол тосқан қарақшының, не жынын қаққан бақсының моласы болуы мүмкін. Абайдың: «моласындай бақсының жалғыз қалдым, тап шыным» деген жолдары бар. Ыбырай мазары да дәл осы кепке ұшырап тұр.

Белгілі ғалым Әнуар Дербісәлин «Ыбырай Алтынсарин» деп аталған еңбегінде: «Ыбырайдың арғы аталары қазақ шежіресі бойынша Қыпшақтың Алтыбас деген арысынан тарайды. Балқожаға байланысты сақталған орыс тіліндегі деректерде Ұзын қыпшақ руы деген атаулар да кездеседі. Бірақ мұның қайсысында да қате жоқ. Ұзын – Алтыбастан арғы буын. Мұның жалпы кестесі мынадай: Қыпшақтан Бұлтың, Ұзын, Торы, Көлдеңен, Қарабалық. Ұзыннан Алтыбас, Алтыс. Алтыбастан Қараман, Қармас. Қараманнан Тіней. Тінейден Жанболды, Құндыз. Құндыздан Көбек. Көбектен Әжіғұл. Әжіғұлдан Жанақ, Шабынтай. Жанақтан Тастемір. Тастемірден Жаңбыршы. Жаңбыршыдан Қанқожа, Балқожа. Балқожадан Алтынсары, Қошан. Алтынсарыдан Ыбырай, Қошаннан Оспан, Омар туады т.б.» (Алматы: «Арда» баспасы, 2005 ж.10 бет),– деп жазады.

Ғалым Балқожа шамамен ХҮІІІ ғасырдың 80-ші жылдарында туған, 1859 жылдың көктемінде, жасы жетпістен асқанда қайтыс болған дейді. Балқожа өлерінде Тобылдың оң жақ бетіндегі қыстауының қасына, сол арадағы шағын төбешікке жерлеуді өсиет етеді. Ә.Дербісәлиннің жазғанына қарағанда, Ыбырай шілде (1859) айының алғашқы күндеріне дейін атасының бейітін салып бітірген. Автор «Ыбырайды Ақтам аталатын Балқожа әулетінің зиратына қазақтың ескі дәстүрі бойынша құрметтеп жерлейді. Бұл жер кейін Ыбырайдың атымен Инспектор көлі аталады» – (214 бет) деп атап көрсетілген. Ыбырай қайтыс болғаннан кейін ол да осы арада жерленеді.

Тайға таңба басқандай ақиқат осы. Ыбырай бейіті орналасқан жерде Балқожа әулетінің басқа да белгілі кісілері жерленген. Алайда, кешегі тың игеру жылдарында қазақ зираты тоналған, құлпытастары жоғалған, ата-баба бейіті жым-жылас тегістеліп, үстінен соқа жүріп, егін егілген. Өкінішке қарай зиратқа дейін асфальт жол салынып, тіпті қабірдің дәл жанына асфальт жол төселген, сондықтан бұл жерге көліктермен сырттан келушілер көп.Олар жүрген жерлерін былғап кетеді. Ал мазардың сырты қоршалмаған.

«Қазіргі ұрпақтың парызы осы бейіт жанына арнайы белгі тас орнатып, оған Балқожа бидің, оның үрім-бұтақтарының аты-жөндері тасқа қашалып жазылуы керек. Сонда келген кісілер дұға оқып тұрса да үлкен сауап болар еді» - дейді Қазақстанның еңбек сіңірген мектеп мұғалімі, Алтынсарин медалінің иегері Беген Көпешев.

«Бұл – ұлы ұстаздың әруағын қорлау, Ыбырай мектебі тұрған жердің дәл қасынан жер жетпегендей прокуратура ғимаратын, тіпті кез келген ғимаратты салу ақылға симайды», – деген тұрғындар пікірі елеусіз қалды. Кейінгі кезде қала орталығы тарылды. Көрінген жерде ғимарат салатын ауру пайда болды. Оны тіпті асқынып кеткен дерт деуге болады. Қала маңайында бос орын толып жатыр. Ыбырай мектебі жанына гүлзар орнатса немесе субұрқақ орнатса жарасар еді. Прокуратура қызметкерлері үшін салынатын қызметтік ғимараттың орталықта салынғаны мүлдем түсініксіз.

Қостанай қаласының орталығындағы Ыбырай Алтынсариннің ескерткіші бір күнде тұғырдан түсірілді. Оның орны ауыстырылып, Алтынсарин көшесі бойындағы мектептің қарсы алдына орналастырылды. Ескерткіштің орны неге өзгергені туралы жұртшылық тарапынан туындаған сауалдарға жауабында қала басшылығы ескерткіштің тұғыры жарылып, мүсіннің де сақалы сынып қалғанын алға тартқан.  Бірақ, қала басшылары оны жөндейміз деген желеумен басқа мақсатты көздегенін халыққа жария қылған жоқ. Өйткені, ескерткіш тұрған орын тез арада қоршалып, құрылыс жұмыстары басталды. Көп ұзамай облыстық прокуратураның еңселі ғимараты бой көтерді. Оның жобасы ескерткішті орнынан алардан бұрын алдын ала жасалған екен.

Ыбырай ескерткіші осылай жетімсіреп тұрған кезде Қостанай өңірінде орыстың ұлы ақыны Александр Пушкиннің тағы бір ескерткіші орнатылды. Оны Ресейдің жазушылар одағы қалаға сыйға беріпті. Ақынға еңселі ескерткіш осыдан бірер жыл бұрын облыстағы Лисаков қаласында тұрғызылған еді.Қоладан құйылған жаңа ескерткіштің биіктігі екі метр, салмағы 260 келі. Ескерткіштің граниттен жасалған тұғырын орнатуды Қостанай қаласының әкімдігі өз мойнына алыпты. Ресей жазушылар одағы басқармасының төрағасы Валерий Ганичев Қостанай облысының сол кездегі әкімі Сергей Кулагинге жазған хатында ақын ескерткішін орнатуға қол ұшын беруді өтінген. Наурыз айында жазылған хатта айтылған сол мәселе жарты жылдың ішінде шешілгенге ұқсайды.

Пушкин ескерткіші қала орталығына, Пушкин атындағы көшенің қалалық әкімдік ғимараты орналасқан тұсына орнатылды. Ескерткіш орнатылған тұғырдың бір жақ бетіне «А.С.Пушкин» деп жазылған. Тұғырдың артқы жағына және бір бүйіріне ақынның «Я памятник воздвиг себе нерукотворный, К нему не зарастет народная тропа...» және «Нет, весь я не умру – душа в заветной лире, Мой прах переживет, и тления убежит...» деген жыр жолдары қашап жазылған болатын. Осы өлең жолдары қазақ тілінде «Ескерткіш тұрғыздым мен асқақ шынар, Шөп баспас ел соқпағын бастап шығар...» және «Өлмеймін, мәңгі тірі жаным менің, Іріп те шірімейді тәнім менің...» деп жазылып еді. Бұған дейін қазақ тілді оқырманға кезінде ақын Ғали Орманов аударған: «Ескерткіш орнаттым мен қолдан келмес, Ел ізі оған салған суый білмес» деген өлең жолдары таныс еді. Ал мына ескерткіштегі жазба қай аудармашыныкі екенін біле алмадық. Осы туралы «Азаттық» радиосы арқылы берілген хабарымыздан кейін (10.09.2010 ж.) аталған жолдар қырылып тасталды. Бірақ, ескерткіш орнында қалды.

Ескерткіштер – ел тарихы. Қостанайда осы өңірде туып-өскен қазақтың біртуар тұлғаларынан Ахмет Байтұрсынов пен Бейімбет Майлинге ғана ескерткіш орнатылған. Ал қала орталығында Наполеон, Чарли Чаплин және Жанна д'Арктің мүсіндері қойылған. Облыс әкімдігі бұл мәселені Қазақстан жазушылар одағымен, Қостанай облысындағы жазушылар одағының филиалымен, жергілікті қаламгерлермен ақылдаспастан жеке-дара шешкені де құпия емес. Бұған дейін, Шоқан Уәлихановтың 175 жылдық мерейтойы қарсаңында, Қостанай қаласында оған ескерткіш орнату туралы сол тұстағы облыс әкімі Сергей Кулагиннің арнайы шешімі аяқсыз қалған еді.

Қостанайда орнатылған Пушкин ескерткішінің авторы Мәскеудің белгілі мүсіншісі Николай Кузнецов екен, оның Пушкинді бейнелеген мүсіндері бұған дейін Словенияда, Болгарияда және Сербияда қойылған.

Қайраткерлердің есімдерін есте қалдыру туралы Қазақстан үкіметі бекіткен тұжырымдамада олардың есімдерін оқу орындары мен мекемелерге республика бойынша үштен артық беруге болмайды деп тайға таңба басқандай етіп анық жазылған. Әйтсе де Александр Пушкинге қойылған ескерткіштерді Алматы, Астана, Қарағанды, Петропавл, Степногорск қалаларынан кезіктіруге болады. Орал қаласында ақынның бір емес, екі бірдей ескерткіші тұр екен. Қостанай облысындағы Лисаков қаласында Александр Пушкинге қала орталығында орнатылған еңселі (биіктігі 2 метр 20 сантиметр) ескерткішті «Арай» компаниясы қалаға сыйға тартыпты.

Бір сөзбен айтқанда, орыстың ұлы ақыны атаусыз қалған жоқ. Қостанай қаласындағы орталық көшелердің бірі оның есімін иеленген. Қалалық балалар кітапханасы да Пушкин атында. Осы кітапханада ақын мұражайы жұмыс істейді. Қамысты ауданындағы Жайылма қоңысында ақынның қола бюсті орнатылған.

Қаншама мемлекет және қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар мен өнерпаздар шыққан Қостанай топырағында ескерткіштер аз емес. Олардың біразы тың игеру жылдарына, біразы төрт түлікке, біразы азамат соғысы мен екінші дүниежүзілік соғыста қаза тапқандарға арналған. Қостанай ғана емес, кейінгі кезде еліміздің басқа қалаларында да қаптап кеткен ескеркіштерді көргенде  мына жыр жолдарын жазған едім:

         Ескерткішті аз екен деп ойлама,

         Ескерткіштер мүсін емес жай ғана.

         Ескерткіш бар кейбір елде ешкіге,

         Ескерткіш бар сиыр менен қойға да.

 

         Тракторлар тұрушы еді кеше де,

         Тас-тұғырда еңселері өсе ме?

         Зеңбіректер, зымырандар, танкілер

         Енді бүгін қойылыпты көшеге.

 

         Қалай ғана адам орнын басты олар?

         Көрген кезде екі көзге жас толар.

         Қаруларды әспеттесек, кезінде

         Адам қанын судай қылып шашты олар.

 

         Қырылған көп қасақана аштықта,

         Қырылған көп қанды қолды қастықта.

         Ескерткіштер жоқтың қасы соларға,

         Ескерткіш бар ел басқарған бастыққа.

 

         Кісілер көп қорлық көрген, аһ ұрған,

         Ал соларға тырнақтарын батырған

         Ескерткіш бар қарақшы мен жендетке,

         Кісі қанын қара судай сапырған.

 

         Көл қылса да көздің жасын сорлы ана,

         Еске алынбай қамалғандар  торға да,

         Есірген жұрт, кім біледі, бір күні

         Ескерткішті қояр ма екен бомбаға?!

Бұл мақаланы жазудағы мақсатымыз, қазақтың ұлы ұстазы мен орыстың ұлы ақынын салыстыру емес. Туған еліміз үшін солардың қайсысы маңызды екеніне билік басындағылардың  назарын аудару ғана.

 

Абай.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1515
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3285
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5845