Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Билік 6583 0 пікір 19 Қараша, 2014 сағат 13:45

ҚҰҚЫҚТЫҚ МЕМЛЕКЕТ: СЕНІМ ҚАЛАЙ ҚАЛЫПТАСАДЫ?

Ішкі істер органдары дегенде ит көрген ешкікөзденіп, қайтарылмаған кегі, алынбаған ақысы бардай жегені ─ желім, ішкені ─ ірің болатындар көп. Бұл сонау кеңес кезінен құқық қорғау органдарының еркін ой иесін халық жауы ретінде қудалағаннан бергі «мирасқа» қалған ескі үрдіс. Бұның өзі астарында психологиялық аспектілері мол өз алдына жеке әңгімелеуді керек ететін тақырып.

Үріккен үйдегісін, қорыққан қорадағысын алдырғандар ең алдымен соларға барып жүгінеді. Біз бұл жерде полиция қызметкерлеріне мемлекет тарапынан берілген міндеттерден бөлек, осы бір мемлекеттік қызметтің әр кім үшін қажеттілігі туралы айтып отырмыз.  Әйтпесе полицейлердің де соры бес елі. Қазіргі күні олардың оң имиджін қалыптастыруға барынша күш салынып жатыр. Полицейлердің «өзінің іс-әрекеттерімен қоғам тарапынан негізді сынға себепкер болмау, сынағаны үшін қудалауға жол бермеу, оң сын-ескертпелерді, кемшіліктерді жою мен өзінің қызметін жақсарту үшін пайдалануға, адал, әділ, қарапайым да сыпайы болып, жалпы қабылданған моральдық-этикалық нормаларды сақтау» - міне, заңнамада белгіленген олардың қызметтік этикалық өлшемдері. Осыларға сай болу олардың күнделікті міндеті. Десек те жазылатын заң мен оны жүзеге асыру тәжірибесінде алшақтық көп. Бұлар бір заттың екі жағындай болса да, ала-құлалық жетіп артылады. Солардың бір парасына тоқталып өтсек дейміз.

       Біріншіден, жалпы, қылмыс ─ қоғамның барлық саласына тән әлеуметтік құбылыс. Әсіресе биліктің саяси, экономикалық тұрғыдағы «сәтсіз» қабылданған шешімдерінен кейін белең алатын бір заңдылық бар. Бұл әр кез болып тұратын табиғи фактор.

       Өткенді бажайласақ, кеңес мемлекетінің іргесі сөгілгеннен кейін қоғамымызда қылмыс пен ұйымдасқан қылмыс қарқыны күрт өсті. Сол уақыттарда екпіні мен тепкіні қатты қылмыстылықтан да қалып қоймау үшін елімізде соттық-құқықтық реформалар тым асығыс жасалып жүргізілді. Соның салдарынан құқық қорғау органдары мен ұйымдасқан қылмыстың даму қарқыны біркелкі деңгейде болмады, қайта керісінше, қылмыс атаулы «біліктілікпен» мемлекеттік биліктің бүкіл буындарына жегі құрттай дендеп еніп, құқық қорғау органдарының бүкіл күш-құралдарымен, мүмкіндігімен салыстырғанда, көп артықшылығы бар айырмашылықтар тудырды. Бүгінгінің биігінен бағаласақ, құқық қорғау органдары үздіксіз өсу, даму үстіндегі қылмыстылыққа ұзақ уақыт бойына қарсы тұрулары тым әлсіз, мардымсыз болғанын жасырмауымыз қажет. Әлжуаздық танытқаны ─ тарихи факт. Халықтың «ауруын жасырған өледі» деген өткір сөз иірімі осындайда айтылса керек. Қазіргі уақыт нақышына қарай қайта өзгертіліп, толықтырылып жатқан құқық саласындағы заңнамалар соның жарқын айғағы. Осылайша салыстырмалы түрде аз-кем тарихи шегініс жасауымыздың мақсаты қылмысқа қарсы күрес жүргізгер мемлекеттік қызмет ерекше маңыз алса да, оның кейде сәтсіздікке ұшырауы да әбден мүмкін дегенді айғақтау ғана...

Екіншіден, әрбір алқалы бас қосуларда, ғылыми-тәжірибелік конференцияларда, дөңгелек үстелдерде қылмыстылықтың нақты жағдайы мен құқық қорғау қызметінің тиімділігінің шынайы көрінісі ресми құқықтық статистикаларда, ведомстволық көрсеткіштерде бір-біріне сәйкес келмейтіні жиі айтылып жатады. Оны бүркемелеудің қажеті шамалы. Арадағы өткен жиырма жылдан астам уақыт тәжірибесі көрсеткендей, қолданыстағы заңнамалар қылмыстылықтың жай-күйі мен деңгейін түпкілікті өзгерте ала қойған жоқ. Бүгінгі күні қайта қабылданып жатқан әкімшілік, қылмыстық, қылмыстық іс жүргізу (процесс) кодекстері жіберілген осы кемшіліктерді болдырмауға, бүтіндеуге, қазіргі қоғамдық қажеттілікті өтеуге ұмтылыстың көрінісі. Құқық қорғау жүйесі әлі күнге дейін ұйымдастырылу жағынан қиындықтар көріп келеді, ал мұның өзі құқық қорғау қызметіне кері әсерін тигізері айдан анық. Бұған алыстан дәлел іздеудің қажеті жоқ. Мәселен, Елбасының 2014 жылғы 6 тамыздағы «Қазақстан Республикасының мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығымен күшті құрылымдарға қатысты қызметтік функциялар қайта бөліске түсті. Әсілі, қаншама зерттеу институтары мен орталықтары бар министрлік бір қадам болса да алда жүруі керек қой. Қылмыстылықтың алдында тағы да уақыт жағынан ұтыламыз ба деген қауіп те жоқ емес.

Үшіншіден, шынайы өмірдің объективтік шындықтарына жауап берердей құқық қорғау органдары қызметін бағалаудың білгілі бір өлшемдік критерийлердің жоқтығы қоғамымызда құқықтық негилизмді туғызып, ведомстволық мүдде бағытында басымдықтар алуы, адамдар мен азаматтардың құқығын сапалы қорғауға зиянын тигізері де әбден мүмкін. Құқық қорғау, соның ішінде ішкі істер органдарының қылмысқа қарсы күресінің маңызы ерекше дегенді тағы да қайталап айтамыз. Оның оң нәтижелерінің қоғамның хал-ахуалына тікелей әсер бар. Жалпы алғанда бұл нәтижелер азаматтардың заңды мүдделері мен бостандықтарының қорғалу дәрежесінің нақты көрсеткіші десек, артық кетпейміз. Қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алу, болдырмау, жолын кесу секілді т.б. көптеген міндеті бар құқық қорғау органдарының қызметінде адам құқығы басты орынға қойылады. Парадокс осыдан көрінеді. Жалпы құқық қорғау қызметінің сипаты құқықты шектеу болып табылады. Осындай орайда құқық қорғау органдарында ортақ проблемалық мәселе туындайды. Мұны шартты түрде екіге бөлеміз: 1) құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету және 2) адамның құқықтары мен бостандықтарын қалтқысыз сақтау. Әсілі, бұл екі мақсаттың белгілі бір тепе-теңдігі болса да, өзара сәйкестілігі екі ұдай. Өйткені, бір жағынан, мемлекет кез келген жағдайда бекітілген құқықтық режимді қолдауға, заңдылықтың жалпықұқықтық қағидатын қамтамасыз етуге  мәжбүр болса, екінші жағынан, алғашқысында қаншалықты мақсатқа жетсе, адамның демократиялық құқықтары мен бостандықтарын соншалықты шектейтіні белгілі. Осыған байланысты адамды құқықтық тұрғыда шектеу дәрежесін анықтауда қажет ететін бір қатар қағидаттар (принциптер) керек деп білеміз. Мәселен: 1) заң нормалары мен заңдық күші бар құқықтық актілерді қолдануда Конститутцияда белгіленген құқықтық шектеуді қатаң ұстану қағидаты; 2) нақты категорияларға бекітілген шектеу шараларын енгізу; 3) жекеленген құқықтарды шектеу болмаған жағдайда жалпы шектеулер мен құқықтық реттеуді қолдану.

Төртіншіден, заң жасаушылар азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау жөніндегі полицияның міндетіне айрықша назар аударған. Бұл мәселелер құқық қорғау қызметі, ішкі істер органдары туралы, өзге де заңдарының өн-бойында нақты көрініс табады. Әйтсе де әттеген-ай дегізетін ақаулықтар да жоқ емес. Соның бірі – қоғамдық тәртіпті қорғауға ұйымдар мен азаматтардың ерікті қатысуын қамтамасыз етуден көрінеді. «Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге азаматтардың қатысуы туралы» Қазақстан Республикасының Заңы бар. Онда «жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге қатысқан азаматтарға белгіленген үлгідегі куәліктердің және омырау белгілерінің қажетті санын дайындау жөніндегі мәселені шешсін және олардың есепке алынуы мен пайдаланылуын бақылауды қамтамасыз етсін, учаскелік полиция пункттерінің базасында қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге қатысатын азаматтарды құқықтық даярлауды ұйымдастырсын» делінген. Алайда бұл қағаз жүзінде ғана қалып отыр. Біз сауалнама жүргізгендегі респонднттердің көбі бұл заңның жұмыс істемейтінін айтады. Бұрын кеңес кезінде әр түрлі мекеме, жұмыс орындарынан жіберілгендерге өтемі үшін еңбек демалысына қосымша күндер қосылатын. Қазіргі бойынша қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге қатысатын азаматтарды көтермелеу шаралары: алғыс жариялау, грамотамен марапаттау, ақшалай сыйлықақы беру, жергілікті өкілді және атқарушы органдар өз құзыреті шегінде айқындайтын өзге де шаралар белгіленген. Жасыратыны жоқ, әуелгі кезде бұл бастама тым жақсы басталды да аяғы сиырқұйымшақтанып кетті. Бұндағы халықты қызықтыратыны ақшалай сыйақы ғой. Әуелде студенттер қауымы белсенділік танытты да. Дегенмен қабылданған заңдардың жүзеге асуының ұйымдастырылу жағынан көп кемшіліктер бар.

Ойымызды түйіндей кетсек, құқықтық мемлекетте сенім — ықпал етудің басты әдісі. Елімізде заңды құрметтеу дағдысын қалыптастыру — әлі де басты мақсаттардың бірі болып қала бермек. Көн құрысса қалыбына барады дейді. Біздікі қылмыс көпшілікпен ғана ауыздықталатынын тағы да бір еске салу еді.

Елеужан СЕРІМОВ,

полиция полковнигі.  

Қарағанды қаласы.

 

 

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2050