Сенбі, 23 Қараша 2024
Қоғам 6360 0 пікір 12 Қараша, 2014 сағат 17:06

СЫНДАРЛЫ САЯСАТҚА САБОТАЖ

Сергей Кулагин деген кісі бар. Қазір Ақмола облысының әкімі. Бұрын да әкім болған: осы Ақмола облысында (1998 ж), содан соң Қостанай облысында 2004-тен 2012 жылға дейін. Бұ кісі Қостанай облысын ұзақ жыл басқарған кезінде әкімнен «әулиеге» айналып кете жаздады. «Иса пайғамбардың Ерусалимге келуі» атты әйгілі картинадағы Құдай ұлының соңынан ерген хауарилардың қатарына Секең де селтиіп барып «тұра қалыпты». Қостанай жақта, көшенің тілімен айтқанда, «жынды» бір суретші бар. Сергей Витальевичтен «әулие» жасап жүрген сол. Облыстың қазіргі әкімі Нұралы Сәдуақасовты да «қуыршақ» қылып қойған әлгі қу (http://abai.kz/post/view?id=1700). Нұралы өзінің «қуыршақ» екендігін бек мойындаса керек, үнсіз жүр, ал, Сергей «әулие» облыс әкімдігінен секіріп сенат депутаттығына тағайындалған (бізде сенат депутаттары сайланбайды, тағайындалады!). Содан Ауылшаруашылығы жерлерін дамыту мен табиғи ортаны пайдалану дейтін бе, бір түсніксіз комитетті басқарып жүріп ақырында Ақмола облысы әкімдігіне қайтып оралған-ды.

Сергей... созсаң қолың жетпейтін бұлттан әрмен биіктегі лауазымды қызметтерді ерттеп мініп алған бұл кім өзі? Ешкімде емес. Совет өкіметінің қара нанын жеп өскен сары бала. Еңбек жолын да сүйікті партиясының талабына сай қара жұмысшылықтан бастаған. Таусып оқығаны – бұрынғы Целиноград облысындағы Ауылшаруашылығы институты. Сол оқу орынын бітірген соң жігітіміз ауылына қайтып барады. Инженер болады. Жорғалап жүріп Алматыдан Жоғары партия мектебін бітіріп алады. Торғай облысында депутаттыққа сайланады. Сөйтіп жүргенде Тәуелсіздіктің таңы атады. Кулагиндердің таңы. Қазақстанды билеп-төстейтін жаңа алпауыт күштердің таңы. 1992 жылы Торғай облысы әкімдігінің аппаратын басқарған Кулагин 1993 жылы ҚР Пермьер-министрінің орынбасралығына бір-ақ қарғиды. Жаңа,жарық күн, арайлап атқан таң осындай болмағанда қандай болады енді? Аттап басқан қадамыңды аңдып отыратын бұрынғы билік, саққұлақ коммунистер жоқ, қалай ырғын өмір сүремін десең де еркің. Қысқасы, Кулагиндерге қазақ Тәуелсіздігі балкүлше ұстатты да, байлық пен билікке кенелтті. Қазір соның өзі Сергей мырзаның тақиясына тар келіп жүргенге ұқсайды. Оның кейбір жымысқы әрекеттері соны білдіреді. Соны білдіреді деп отырғанымыз: өткендегі Қоянды оқиғасы. Қоянды ауылында жұрт (аталған ауыл округі Ақмола облысының Целиноград ауданына қарайды) 2007 жылдан бастап жер алып, баспана тұрғыза бастаған. Ың да жоқ, шың да жоқ. Керісінше, «Қоянды ауылында алыстан келген ағайынға арналып жер беріліп жатыр екен. Бауырларымыз үй салып, өздерінше бір ауыл бола бастапты» деген жылы хабар жететін құлағымызға. Енді міне, сол Қояндының іргесі шайқала жаздады... және Елбасымыз өзі бастап көш мәселесіне еңсеріле көңіл бөлген кезде. Бұл нені білдіреді? Бұл Кулагиннің қулығын білдіреді. Президент Назарабаев Астана қаласын туған перзентіндей сүйетіні бесенеден белгілі. Сондықтан абат шахардың айналасы тап-тұйнақтай болып тұрғанын да қалайды. Осыны жақсы білетін Ақмола облысының билігі Қояндыдағы үйлердің қайсыбірін сүріп тастайтын болып жінігіп шыға келді. Ал, баспана үшін қазақ отқа да, суға да түсуге дайын. Оны Алматыдағы «Шаңырақ оқиғасы» әйгілеген-ді. Ақмола билігі Қояндыдан сол Шаңырақ шатағын дәметті. Бірақ, «өкінішке» қарай, өрт өрши қоймады. Назарбаевтың өзі көшіп келуін қалап отырған ағайынның Атажұрттағы шоғырына өзгелердің де осы жолы тісі батпады. Солай. Әйтпесе...

Әйтпесе, Қоянды жыры қазақ көшін тағы бірер жылға кері серпіп тастағанға жетіп қалар еді. Мысалы, Жаңаөзен оқиғасы сияқты. Есімізде шығар, Жаңаөзен оқиғасы барысында Қазақстанда қазақтың молая бастаған қарасын көргісі келмейтіндер «бәріне оралмандар кінәлі» деп бет бақтырмаған-ды. Сол кезде біз қазақ көші Назарбаевтың стратегиялық саясаттарының бірегейін қамтитынын айтып таусылған едік. «Егеменнің» тілімен айтқанда, «Елбасымыздың сындарлы саясатының» бірі – көш мәселесі. Елбасымыздың сындарлы саясатына білдірмей саботаж жасап жүргеннің бірі – Сергей Кулагин дейтін кісі. Біз соны, сындарлы саясатқа іші қарсы адам туралы, әзірше сыпайылап айтқанды ғана жөн көрдік.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5352