Украинада соғысып жүрген – ОРЫС ӘСКЕРІ
Қазір әлем жұртшылығы Донбасс пен Луганскідегі сайлаудың заңды, әлде заңсыз екенін халықаралық деңгейде талқылап, пікір таластырып жатқанда, екі ел арасындағы атыс саябырситын емес. Украина Ресей тарапынан басқыншылық соғыс жағдайын бастан кешіруде.
Ресей ұшқышсыз басқарылатын ұшу аппараттарымен Украина шекарасының бойын үнемі бақылауда. Сөйтіп, барлау-диверсиялық әрекеттер күшейіп тұр. Артиллерия, танк пен минометтен атылған оқ – АТО (антитеррористік операция – Ред.) бекінісіне, Донецкінің солтүстік-батыс аймағына және украин әскерінің бақылауында тұрған әуежайға, аталмыш екі облыстағы елді мекендерге көзделіп атылуда.
Мұның бәріне қоса, украин әскерлері күні бүгінге дейін өз территориясында, болмаса шекарада заңсыз қаруланған топтардың өкілдерін қолға түсіруде. Жалпы, Ресей әскерінің жауынгерлерін қолға түсіру – әлдеқашан орын алған жай. Ал Ресей болса, өз әскерилерінің Украина территориясынан, болмаса шекарадан табылуын әр кез адамның ақылына сыймайтын сылтау айтып, ақтап алуға қысылар емес. Мәселен, олардың мәлімдеуінше, ұсталып жатқандар Ресей әскерилері емес, олар әншейін өз мүддесін көздеп келген шетелдіктер немесе Ростовтағы оқу-жаттығу барысында адасып, абайсызда өзге территорияға өтіп кеткен жауынгерлер, т.с.с. Ресейге сенсек, тіпті кезекті демалысын алып, Украинаға демалу үшін (!) кеткен әскерилер де бар көрінеді! Бір сөзбен айтқанда, «ополченец» атанғандардан Ресей әскерінен Украина шекарасынан әрі асқан ешкім жоқ, бәрі әншейін «келіп-кетіп» жатқан бөгде адамдар...
Бірақ мұндай мәлімдеулер сенімсіз. Себебі бүгін тәуелсіз басылымдар мен түрлі қоғамдық ұйымдар жүргізген зерттеулер бойынша Ресей өз тарапынан күн сайын мысықтабандап, жымысқы түрде жасырын соғыс жүргізіп келгенін анықтауда.
Сонымен, Украина жерінде Ресей әскерінің қанша жауынгері соғысып, қаза болған және жараланған?
Зерттеу ісі анықтағандай, Украинадағы соғысқа Ресейдің бейбітшілік корпусының көп бөлігі қатыстырылған. Бұл корпусқа әуе десанты әскерінің бес бірдей бөлімі кіреді. Ал бұл үлкен күш.
...11 қыркүйек күні Мәскеудегі Воробьев қыратындағы шіркеуден шыққан бетте: «...Мен бүгін Жаңаресейді қорғап, сол үшін қаза болғандарды еске алып, шырақ жақтым», – деген болатын Путин. Бірақ, президент баспасөз хатшысының түсіндіруі бойынша, Путин бұл жерде мүлде Ресей әскерилері туралы айтпаған. «Себебі Ресей әскерилері онда (Украинада) болған жоқ», – дейді хатшы.
Сонда Украинадан тірі оралған немесе оралмаған офицерлер мен солдаттар кімдер болған? «Хабарсыз кетті» деген жауынгерлер қай елдің әскеріне жатады?
Ресми ақпарат бойынша, осы бөлімдерден қаза болған десантшы жауынгерлер Ростов облысындағы әскери оқу-жаттығу кезінде қаза болған, болмаса Украинаның оңтүстік-шығысына еріктілер ретінде аттанғандар. Бірақ бұл ақпараттың дұрысынан бұрысы басым екені күн өткен сайын анықталуда.
Тәуелсіз басылымдардың зерттеулеріне сүйене отырып, таратып айтар болсақ, қарулы қақтығысқа қатысқандардың бірі – Ульяновскіде орын тепкен Ресей әуе десанты әскерлерінің 31-дербес десантты-шабуылдаушы бригада. Оған дәлел – 28 тамыз күні Украинаның «Экспрессо-ТВ» телеарнасының тілшісі Егор Воробьев осы бригаданың тұтқынға түскен екі бірдей жауынгері Руслан Ахметов пен Арсений Ильмитов туралы ақпарат берген. Ақпарат кезінде көрсетілген бейнежазбадан белгілі болғандай, олар алғаш Ростов облысына әскери оқу-жаттығу үшін келген. Ал келген күннің ертеңіне-ақ Украинадан бір-ақ шыққан. Ахметов сұхбат барысында «оқ-дәрі шекарада таратылды» дейді. Ол бірінші атыстан соң-ақ айналада әскери жаттығу емес, нағыз соғыс жүріп жатқанын түсінгенін айтады. Ақпараттың нақтылығы үшін зерттеу жүргізгендер бейнежазбадағы жауынгерлердің Украина ІІМ жанынан құрылған еріктілер батальондары («Днепр-1», «Донбасс») қоршауда қалған Многополье қалашығында түсірілгенін мәлім еткен. Бұл елді мекен Донецкінің оңтүстік-шығысында жатыр...
Осы бейнежазбада журналист өз сөздерін: «Біз қазір жедел түрде ауруханаға айналған жергілікті мектепте тұрмыз. Мұнда жараланған Ресей әскерінің жауынгері емделуде», – деп аяқтайды... Ең өкініштісі – бұл бейнежазбаны эфирге дайындаған журналист арада екі күн өткенде із-түзсіз жоғалып кеткен. Оның жұбайы күйеуінің үйге оралмағанын хабарлаған. Сондай-ақ Ахметов пен Ильмитовтің де аман-есен оралғаны туралы мәлімет жоқ. Олардың, шынында да, сол 31-десантшылар бригадасынан екенін оның қызметтестері әлеуметтік желіде жазады.
Украинаның ІІМ орынбасары Антон Геращенко «десантшылар украина әскері колоннасына қарсы атыс орын алған кезде қаза болуы мүмкін» дегенді айтады. Оның сөзін «Днепр-1» еріктілер батальонының командирі Юрий Береза да растайды. Ол қолға түскен жауынгерлердің командирлеріне «Клен» атауымен байланысқа шыққан... «Мен келіссөз барысында егер біздің қоршаудан шығуымызға мүмкіндік жасалатын болса, тұтқындарды босататыным туралы офицерлік сөзімді айтып, уәде бердім. Әр әскери машинада бір-бірден тұтқын орыс жауынгері отырған болатын», – дейді батальон командирі. Бірақ 29 тамыз күні Новокатериновка селосының жанында Украинаның әскери колоннасы атыс астында қалғаны белгілі. «Мен Ильмитов пен Ахметов отырған әскери техникаға оқ жаудырылғанын өз көзіммен көрдім», – дейді тағы да командир. Оның көрсетуі бойынша, қолға түскен орыс жауынгерлерінің саны 20-дан асады. Рас, тұтқынға түскендердің Ресей әскерінен екені туралы нақты құжат жоқ болса да, тұтқындардың өздері мұны жоққа шығармаған. Ал жауап алуға қатысты құжаттар батальон қоршаудан шығар кезіндегі қақтығыс кезінде жоғалып кеткен... Ал ресми түрде сұрау салынған кезде десантшылар қызмет еткен әскери бөлімдердің қай-қайсысы болсын, жауынгерлерінің Украинадағы қарулы қақтығысқа қатысы бар-жоғын айтудан үзілді-кесілді бас тартқан.
- 31-гвардиялық десантты-шабуылшы бригадасы Ульяновскіде орналасқан, бір кезде конституциялық тәртіп енгізу мақсатында Шешенстанда соғысқан болатын. 2005 жылдан бастап оның құрамы тек келісім-шарт бойынша қызмет ететін жауынгерлерден тұрады.
«Башинформ» Башкирия әскери комиссариаты берген ақпарат бойынша, дәл осы 31-дербес бригаданың қатардағы келісім-шарт қызметінің жауынгері 28 жасар Ильнур Килчимбаевтың қаза болғаны анықталса, тағы бір жауынгер Александр Белозеров туралы Ульяновск облыстық телеарнасы қысқаша сюжет түсіріп, таратқан. Екі жауынгердің екеуі де тамыз айының соңында Ростов облысына әскери жаттығуға кеткеннен оралмаған. Туысқандарының қолында бар ақпарат бойынша, олардың екеуі де 25 тамыз күні қаза болған. Ильнур туралы ресми мәліметте: «Біздің жерлесіміз Украинаның бейбітшілігі үшін ерлікпен қаза тапты» делінсе, Белозеров оқыған мектепте стенд қойылып, ол туралы: «Әскери міндетін орындау кезінде қаза болды» деп жазылған. Екі жауынгердің де әлеуметтік желідегі аккаунттары алынып тасталған...
Десантшылар бригадасы Ресейдің Кострома қаласында да орналасқан. Украинаның қауіпсіздік қызметі (УҚК) 25 тамыз күні осы бригада құрамындағы батальон десантшыларынан жауап алған бейнежазбаны таратты. Олар Амвросиевский ауданы, Зеркальное селосының жанында 24 тамыз күні ұсталған. Зеркальное – Ресей шекарасынан батысқа қарай 36 шақырым жерде, ал Многопольеден оңтүстікке қарай 10 шақырым жерде тұр. Ал Многопольеде Ульяновскінің десантшылары қолға түскен болатын. Демек, олар бір майданда соғысқан деген сөз. Қолға түскендердің киімдерінде ешқандай да әскери айырма белгі не шен жоқ. Олар экраннан соғысқа қалай тап болғандарын баяндайды. Десантшылар Ростов облысына батальон деңгейінде өтетін әскери оқу-жаттығуға келген-мыс. Сөйтіп, Матвеев Курган қалашығының жанында әскери қалашық құрған. Аз уақыттан соң олар техника мен колоннаны қорғауға тапсырма алады. Шекарадан өткен күні тұтқынға алынған...
Бұл бейнежазба Киев тарапынан: «Ресей әскерінің қақтығысқа қатысы бар» деуіне дәлел үшін түсіріліп, көрсетілгені өз-өзінен түсінікті. Ал Ресей мұндай нақты жағдайға не деп жауап берді деп ойлайсыз? Ресей тарапы «десантшылар оқу-жаттығу кезінде адасып, аңдамай Украина жеріне еніп кеткен» деп салды. 31 тамыз күні, Минскідегі екі ел президентінің өзара келіссөзінен соң, әскерилер Мәскеуге қайтарылды.
...4 қыркүйек күні 1-арнадан Украинада қаза тапқан костромалық десантшы Анатолий Травкинді жерлеу рәсімі көрсетілген.
Хабар барысында диктор: «Ол мұнан бір ай бұрын туыстарына айтпастан, Донбассқа кеткен. Бөлім басшылығы: «Анатолий соғыс жүріп жатқан аймаққа демалыс алып кеткен» дегенді айтады», – деп хабарлайды.
Бұл жерде сюжеттің өзінен бұрын, диктордың сөзі көп сұрақ туындатады. Айталық, Костромадағы ӘӘК 331-полкынан Украинада қаза болғандар бар. Сондай-ақ осы полктан өз еркімен Украинаға кеткендер бар да, жаттығу кезінде «адасып» Ураинадан бір-ақ шыққан жауынгерлер және бар. Енді бір сарбаз демалыс алып, соғыс жүріп жатқан аймаққа өз бетінше «демалуға» кетеді! Бірақ «адасып кеткен» жауынгер неден жараланып, «демалысқа кеткен» жауынгер неге еліне табытпен оралған?
Бүгін өзін президент деп есептейтін Захарченко Ресейдің телеарналарына берген сұхбатында беті бүлк етпестен: «Олар теңіз емес, өз арамызда демалғысы келгендер», – деді.
«Азамат. Әскер. Құқық» атты құқық қорғау тобының директоры Сергей Кривенко «демалыс кезінде әскерилердің соғыс ісіне қатысуы мүмкін емес. Кез келген әскери адам демалыста қайда болатыны туралы командирге нақты мәлімдейді. Ал бірақ соғыс жүріп жатқан өзге елдің территориясына бару – қылмыс болып есептеледі» дейді.
Құқық қорғаушының айтуы бойынша, командирді «алдап кеткен» десантшы барлық әлеуметтік кепілдіктерден құралақан қалады және жараланған немесе қаза болған жағдайда оған ешқандай да құрмет көрсетілмейді.
Бірақ қайтыс болғандардың туғандары мен тірі оралғандардың айтуы бойынша, олар қаза болған жағдайда, болмаса жараланып елге оралған кезде тиесілі төлемақыларын алып отырған...
Қаза болғандардың тағы бірі – келісім-шарт қызметінің жауынгері Сергей Селезнев. Ол Владимирде жерленген.
- 98-гвардиялық әуе десантшыларының дивизиясы Кострома, Иваново облыстарында орналасқан. Дивизия құрамына кіретін 331-полк кезінде Закавказье, Приднестровье, Югославия және Солтүстік Осетияда орын алған ұлтаралық қақтығыстарды реттеу үшін атсалысқан болатын. Кострома десантшылары 2008 жылғы грузин-осетин қақтығысына қатысқан.
Жергілікті «ProГород» басылымының сұрау салуына әскери комиссиариат: «Селезнев Ростов облысындағы әскери жаттығу кезінде қайтыс болды» деп жауап берген. Ал Кострома облысының тумасы, екінші десант Андрей Пилинчуктің қазасы сол күйі белгісіз қалуда. Оның қазасы туралы Андрейдің достары мен туыстары әлеуметтік желі бетінде ақпарат таратқанымен, ол тез арада өшіріліп тасталған.
«Костроманың басты порталының» редакторы Кирилл Рубанковқа Пилинчуктің туыстары оның қазасы мен жерленгені туралы мәліметті жеткізген. Мұның бәріне қоса, Кострома қаласының жерлеу рәсімін өткізетін әкімшілік басқа жер емес, Украинада қаза болған үш әскеридің жерленгенін жасырмайды. Расында да, қақтығысты аймақтарда қаза болғандарды жерлейтін «Ауған аллеясында» қатарынан үш жаңа қабір пайда болғанын жасыру еш мүмкін емес! Қабірлердің басына қойылған белгі бойынша, 26 жасар Сергей Герасимов, 32 жастағы Алексей Касьянов, 27 жастағы Евгений Каменев 24, 25 тамызда және 3 қыркүйек күндері қаза болған. О баста Герасимовпен бірге кеткен тағы бір жауынгердің әйелі күйеуінің 331-полкта барлаушылар взводында екенін айтады. «Олар Украинада болған...» деген әйел өзінің есімін атамауды өтінген. Оның айтуынша, взвод 3 қыркүйек күні Украинадан Ростов облысына оралған. Сол кезде ғана олар отбасыларымен хабарласуға мүмкіндік алған. «Олардың ешқайсысы онда қалғылары келмейді», – дейді әлгі әйел.
Әскерилердің туғандарының айтуы бойынша, Костромадан Ростовқа аттанған адамдардың саны бір батальоннан (400–500 жауынгер) кем емес.
Ресей десантшылары Псков пен Новороссийск және Рязань қалаларында да бар. Оларды еске алып отырғанымыз, бұлардың да қарулы қақтығысқа қатысқаны туралы нақты болжамдар жарияланған. Сондай ақпараттың бірі – 20 тамыз күні Псков түбіндегі 76-гвардиялық әуе десантына қатысы бар БМД-2 техникасын украин әскері қоршауға алғаны туралы. «Интер» телеарнасының тілшісі Роман Бочкала Facebook бетінде мұны дәлелдейтін сурет жариялаған. Әскери техниканың ішінен табылған құжаттар псковтық Николай Крыгин мен саратовтық Илья Максимовқа қатысты болған. Бұған дейін Максимовтың анасы өз ұлының қайда екенін әскерилердің айтпай отырғаны туралы арнайы баспасөз мәслихатын өткізеді. Соңынан ол ұлының Псковтан табылғанын мәлім етеді. Бірақ «әскери жаттығуда қаза болған» ұлының құжаттары Украинадағы әскери қақтығыс кезінде өртенген БМД-да қайдан пайда болғаны түсініксіз. Құжаттармен қоса, десантшылар тізімі жазылған журнал да украиндықтардың қолына түскен. Осы нақты деректерге қарамастан, Ресей Қорғаныс министрлігінің өкілі Игорь Конашенков: «Украина Қауіпсіздік қызметінің кезекті ерлігі» деп әзілдеген болды. Бірақ Конашенков мырза осы тұста Псков қаласында 25 тамыз күні десантшылар Леонид Кичаткин және Александр Осиповтың жерленгенін білмеген бе? Кичаткин де, Осипов та БМД-дан табылған журналдағы тізімде бар. Және қабір басына қойылған белгі бойынша, екі десантшы 19 және 20 тамызда қаза болған.
Псковтағы 76-дивизия десантшыларының Украинада қаза болғанын жергілікті депутат Лев Шлосберг және «Псковская губерния» журналистері бірлесіп зерттеу жүргізу арқылы анықтаған.
- 76-гвардиялық десантты-шабуылдаушы дивизия Псков қаласында орналасқан. Бұл құрама Армения, Әзірбайжан, Грузия, Қырғызстан, Балтық жағалауы елдері, Приднестровье, Солтүстік және Оңтүстік Осетиядағы ұлтаралық қақтығыстарды реттеуге атсалысқан. 1994-95 жылдары құрама Шешенстандағы қарулы қақтығысқа араласқан. 2008 жылы бұл құраманың жауынгерлері грузиндер мен осетиндер арасындағы қырғи қабақ жағдайды реттеуге қатыстырылған. 2014 жылы Ресей қорғаныс министрі гвардия жауынгерлеріне Қырым операциясы үшін алғыс білдірді.
Сондай-ақ Воронеж бен Орынбордағы БАҚ-тары әскери комиссариаттар мен жауынгерлердің туыстары берген ақпаратқа сүйене отырып, Антон Короленко, Дмитрий Ганин, Максим Мезенцевтің Украинамен екі арадағы қарулы қақтығыс кезінде қаза болғанын анықтаған. Олардың бәрі Псков дивизиясының құрамында қызмет еткен. Зерттеу жүргізген Шлосберг басылымдарға берген сұхбатында қаза болғандардың ата-аналары тіпті құпия түрде болса да ақпарат беруге жүрексінеді. Олар қаза болған ұлдарынан біржола айырылғандарын түсіне отырып, әскер шенділерінің қысымына қарсы тұра алмайды, әлеуметтік жәрдемақының ықпалына түседі.
Депутаттың есебі бойынша, Украинаның шекарасына 76-дивизиядан 2 мыңнан аса жауынгер аттанған.
Бұл аз ба, әлде көп пе?
Аталған Псков, Кострома, Ульяновск, Новороссийск, Рязань десантшыларынан өзге Украинаның шығысындағы әскери қақтығыс кезінде басқа әскери бөлім жауынгерлері де белгісіз жағдайда қаза болған.
«Чита.Ру» басылымы жергілікті әскери комиссариаттың мәліметіне сүйене отырып, читалық жауынгер Николай Шарабориннің Ростовтағы әскери жаттығу кезінде қаза болғаны туралы жазды. Іле-шала Чита қаласының ВГТРК редакциясының жаңалықтарында Шарабориннің ерікті ретінде халықтық көтерілісшілер қатарында болғаны, сөйтіп «..ол Ростов емес, Донецк облысында қаза болды» деген түзету енгізілді. Николай Шараборин Новороссийскінің Әскери Әуе Күштерінде қызмет еткен болып шықты... Украинаға аттанғандардың арасында Максутов деген жауынгердің болғанын «Каспий.инфо» басылымы жария етіп отыр. Онымен қызметтес болғандар Максутовты әлеуметтік желідегі «Украинаға аттанайық!» статусы бойынша жарияланған «ВКонтактіде» таныған.
7-гвардиялық десантты-шабуылдаушы (таулы жерлерде) ӘӘК дивизиясы Краснодар аймағында, оның ішінде Новороссийск, Ставрополь, Анапа қаларында орналасқан. Құраманың жеке құрамы Абхазияда бейбіт мақсаттағы өз міндетін орындап, Солтүстік Кавказдағы террорға қарсы операцияларға белсенді түрде қатысқан. Ал 106-гвардиялық әуе десантшылары дивизиясы Рязань облысында орын тепкен. Дивизия Әзірбайжандағы армяндарға қарсы ұйымдастырылған толқуды реттеуге, сондай-ақ Солтүстік Кавказда террорға қарсы операцияларға атсалысқан.
...27 тамыз күні Украинаның Қауіпсіздік қызметі Петр Хохлов есімді 19 жасар Ресей жауынгерінің қолға түскенін хабарлайды. Қауіпсіздік қызметі көрсеткен бейнежазбада Хохлов Нижний Новгородта орналасқан 9-дербес мотоатқыштар бригадасының қатардағы жауынгері екенін айтады.
Ол – Саратов облысы, Новоузенскіде туған. Онымен қызметтес болған Роман Шубцов Петрді таныған және оның айтқандарын растаған. Романның сөзіне қарағанда, Петр балалар үйінде тәрбиеленген, оның ата-анасы ерте қайтыс болған. Хохловтың өзі мерзімді әскери қызметке 2013 жылдың 22 мамыры күні шақырылып, 9 айдан соң келісім-шарт бойынша қызмет етіп жүрген. Арада екі ай өткенде ол қызмет ететін батальон әскери дабыл бойынша сапқа тұрып, Ростов облысынан бір-ақ шыққан. Оның айтуы бойынша, бөлім орман арасына орналасады. Арада бір ай өткенде командир оларға «БМП»-ларды айдап шығаруға, техниканың реттік нөмірін өшіріп тастауға бұйрық берген. Кейінірек мұндай нөмірі өшірілген 14 жауынгерлік машина Донецкіге жақын Ресей қалаларының біріндегі әлдебір «шешендерге» берілген.
Хохлов мұнан әрі халықтық көтерілісшілер қандай сыйақы алатынын білген соң, 8 тамыз күні қызметтесі Руслан Гарафиевпен бірге бөлімді тастап шығып, Луганск облысына келген. Сол жерде Новосветловка ауылына жақын жерде украиндықтардың қолына түседі.
«Әскери комиссариатта «ол бөлімді өз бетімен тастап кетті» дейді. Біз бұл сөзге де және оның бейнежазбада айтқан сөздеріне де сенбейміз. Ол Ростовтағы әскери жаттығуға кеткен. Егер ол қандай да бір өзге шешім жасағысы келсе, міндетті түрде маған хабарласқан болар еді», – дейді Петрге іздеу салған ағасы Сергей Хохлов.
Қалай болғанда да, «Петр өз еркімен Украинаға өтіп кетті» деген сөз шындыққа аса жанаспайды. Мәселен, «Комсомольская правда» газеті дәл сол 9-бригадада келісім-шарт бойынша қызмет еткен Армен Давоян, Александр Вороновтардың Ростов облысындағы Украина шекарасында қаза болғаны туралы жазады. Газет: «Олар босқындарға оқ атылған кезде оларды қорғап қаламыз деп оққа ұшты» дегенді айтады. 14 шілде күні қаза болған жауынгерлер туралы мақала, неге екені белгісіз, газет сайтынан алынып тасталады.
Белгілі болған ақпараттарды салыстыра келгенде, «Ростов облысындағы әскери оқу-жаттығуға» десантшылар ғана емес, өзге түрлі әскери бөлімдер де қатысқаны белгілі болуда.
- 21-жеке мотоатқыштар бригадасы Орынбор облысының Тоц ауданында орналасқан. Тоц бригадасының жауынгерлері Приднестровье мен Абхазиядағы бейбітшілік мақсаттағы операцияларға атсалысып, Шешенстанда орын алған оқиғаларға қатысқан.
Тамыз айының соңында Иркутск, Астрахань, Башқұрт басылымдары әскери комиссариат және жауынгерлердің туыстарының ақпаратына сүйене отырып, Вадим Ларионовтың қазасы жайында, Константин Кузьмин, Марсель Араптанов есімді жауынгерлердің жерленгені туралы жазған. Олар Шешенстанда орналасқан 17 және 18-дербес мотоатқыштар бригадасының жауынгерлері. Ресми ақпарат бойынша, олардың үшеуі де Ростов облысындағы жаттығу кезінде «өз міндеттерін атқару кезінде» қаза болған.
Дайындаған –
Гүлмира ТОЙБОЛДИНА,
«D»
«Общественная позиция»
(проект «DAT» № 40 (264) от 06 ноября 2014 г.
(Жалғасы келесі санда)