ІШІМІЗДЕ ҮНДІНІҢ ҰРЫҒЫ ӨСІП ЖАТЫР
Әңгімеміздің әлқиссасын әлімсақтан бергі « Әлхамдулилла» мұсылман екенімізден бастасақ. Ата-бабамыздың ардақты жол ретінде ақтық пайғамбар арқылы Алланы танығаны баршаға аян. Дініміздің ең негізгі шарттарының бірі тек Аллаға ғана құлшылық қылып, көпқұдайшылықтан қашу болып табылады. Бұл өзін мұсылман санаған момынның бас міндеті. Абылайға даты өтіп, тауарихтан бүгінгі аты жеткен Бұхар бамыздың: «Бірінші тілек тілеңіз,Бір Аллаға жазбасқа» дейтіні бар емес пе?! Бабасы ұстанған дін баласына мұра болып сан ғасырдың сарабынан өткен дініміз жайлы даналар солай дейді. Ал біз ше? Сол көнекөз қарттарымыз өсиет қылмаған нәрсенің бүгінгі көгілдір экраннан көрініс тапқандығы ойланған адамға ой салары анық. Бұл «Келін» түскеннен кейінгі көңілге кірген күдік еді.
Халқы басқа келіннің, салты да бөтен болады екен. Айтайын дегеніміз үрейлі үнді фильмдері. Үнді кинолары ашықтан-ашық өздерінің дәстүрлерімен қоса «қолдан жасаған» қола пұттарын насихаттауда. Өзге түгілі өзін қорғауға шамасы келмейтін жансыз тас пұтқа қолынан келмейтін құрмет беріп қойған. Жем үшін істеген дүниенің жемісін біз жеп жатырмыз. Көпке топырақ шашпаймыз,үнді елінде де мұсылман бауырларымыз бар. Дегенмен халқының басым көпшілігі біз айтқан бірінші бөліктің құрамында. Сиырға сиынған елде пұтқа табынасың деп кіналауға да болмас. Жә,оған орайында тоқталамыз. Эфирдегі үнділік фильмдердің көрсетілімі нағыз отбасылық отырыстың қызар шағына сәйкес келеді. Тайлы-таяғымен «Келінмен Коляни кемпірдің» кереметіне телміріп отырғаны. Бар жанарды жаулайтындай не құдіреті бар екен? Ол жерде де пұтқа табыну процесі толыққанды жүргізілуде. Көңілі кірлесе де Алланы бірлеуден шаршамаған елдің көк жәшігіне кереғар екі ұғым иелерінің дүниелері қалай ғана сыйысып тұр? Тәрбиесін тал бесіктен телевизия берген балғындар бал-бал тас жағалап кетпесе не қылсын? Сақтансақ сақтанатынымыз ақиқат. Телевизия – жастармен,жас сәбилердің де санасының қалыптасуына ықпал ететін идеологиялық құрал. Сәби санасына сақталған суреттер оңайлықпен өше қоймайды. Оған мысал өзімнің куә болған жағдайларым. Ұлттық арнадан көрсетілер Корей сериалдары көптеген жүгермектердің тіліне шешендік берген. Тіпті бүлдіршіндердің еркелесе де ерінсе де сүйкей салар сөздері сол сериалдағы сөздік қордан енген «кірме сөздер». «Ұлы мәртебелім, сарайға пәленшекең келіп тұр! Оңбаған не айтып тұрсың? Басын алыңдар! Өлтіре көрмеші хан ием, құлың болайын!». Тіпті сол Корей киноларынан кейін садақ асынып,өзін батыр санаған талай балғынды көрдік. Жә,қазақтың батырымын десе жөн, Жумоң екем деп жүр ғой… Бұл сәбидің көрген дүниесін қаншалықты есте сақтап, қолданысқа енгізетініне дәлел бола алады. Көргенін қайталауды қызық көрер сәби ертең өзінің ойыншығына табына бастап, бөгет болғанымызды Жумоң едім деп садақтап жүрсе бұл ендігі көрмеген «құқайымыз» ғой. Үндінің «31 арнадан» берілетін «Уәде беремін» сериалы кейде, осы қазақтарға пұтымызды насихаттауға «уәде беремін» дегені сияқты көрінеді.
Хайуанға табынған елде қолдан жасалып қоладан құйылған пұт абыройлы көрінетін шығар, бірақ бұл адасудың ең сұмпайы түрі. Сол фильмде енесі екі келініне сыйлық жасайды. Сонда өзіне ұнайтын келініне күмістен жасаған «құдайларын» берсе, екінші келініне қоладан жасалғанын сыйға тартады. Былайша қарасаң «Құдайларын» қолдарында ұстап , категорияға бөліп қойған! Сорақысы әр нәрсеге осылай еге беріп, Жамандық пен Жақсылықтыда бөлек пұт ретінде қарастырады. Сол сериалдар қаншама уақытқа созылады. Біз көрген үнді киноларында пұтты насихаттамағаны шамалы. Кезіндегі Митхун Шакроботи киноларында да тұнып тұрған жаңағы жағдай. Тіпті Кришна деп ән салатын фильмі де бар. Үнділер бұттарын көрсетпесе де пұттарын көрсетуден шаршамайды. Алла сақтасын! Қасиетті Құранымызда Алла Тағала былай дейді: «Мен адамдар мен жындарды тек Өзіме құлшылық қылулары үшін жараттым» (әз-Зарият 51:56).[1]. Осыдан көріп отырмыз мұсылман адамның тек Аллаға ғана құлшылық қылу керектігін.
Әріректе бір кішкене бүлдіршіннің өзінің қуыршағына мұңын шаға, сенен басқа ешкімім жоқ деп жылауы жағаңды ұстатады. Міне осының бәрі көрсетіп-баққанымыздың жемісі. Батыстың фильмдерінде атыс-шабыс өз алдына ұятсыз көріністердің көптеп көрсетілуінен, үнді фильміне таңдау түссе, онда… Ал енді өзіміздің киноөндірісімізге келсек, не үшін өзге елдің өніміне мойын созатынымызға түсіністікпен қарайсың. Сан рет Ұлттық арнада тұсауы кесілген сериалдарымыздан тек «Ағайындылар» ғана тәй-тәй басып кетті. Құйрығымен жорғалап жүргендер қаншама? «Астана махаббатым менің» махаббатымызға айнала алмай-ақ қойды. «Туған үйдің түтіні», «Сырғалым»…Құлақтарына алтын сырға! Жекелеген режиссерлік жұмыстар да жоқ емес. Бірақ «бірақтың» астында қалып қойып жатыр. Телеарна тәрбиеші құрал. Бүгінгі баланың ертеңіне бағыт бағдар сілтейтін ата-анадан кейінгі ұстаз! Дінімізді ұлықтайтын, тілімізді ұмытпайтын қазақы кинолар көбейе берсін. Тәрбиенің туралығын қаласақ телеарнамызды түзейік! Айтпақшы біздің де «Келін»…
Орхан Бақытбеков.