Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Жаңалықтар 4196 0 пікір 13 Қазан, 2014 сағат 18:11

ЖАМБЫЛ: ОБЛЫСТЫҚ «ТЕАТР KZ» ФЕСТИВАЛІ ӨТУДЕ

Жамбыл облысының 75 жылдығына арналған

облыстық «Театр kz» фестивалі өтуде

Аудандардағы театр өнері қандай халде? Дәлірек айтсақ, халық театрларының  хал-ахуалы, жалпы жағдайы қалай? Осы сауалдарымыздың жауабын кешеден бері Жамбыл облысының тоғыз ауданынан келген өнер ұжымдары өз қал-қадірлерінше тарқатуға тырысып жатыр. Жамбыл облысының 75 жылдығына орай өткізіліп отырған өнер додасының өтуіне облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы мен Халық шығармашылық орталығы атсалысып отыр.

Негізінен уақыт талабына сай елеулі оқиғаларға құрылған шығармаларды сахналауды мақсат еткен фестиваль халық театрлардың бір-бірлерімен тәжірибе алмасуларына мүмкіндік бермек. Ұйымдастырушылардың айтуынша, фестивальге барлық аудандар белсенді түрде атсалысуда. Облыс аудандарынан және Тараз қаласынан қатысып отырған 12 ұжым елімізге есімдері таныс, сондай-ақ, жергілікті драматургтердің де шығармаларын сахналамақ. Олардың арасында Дулат Исабековтың «Әпке», Баққожа Мұқайдың «Заманақыр», Сұлтанәлі Балғабаевтың «Қыз жиырмаға толғанда», Маар Баджиевтің «Құдалар» пьесалары да бар.

Фестивальдің алғашқы күні сахнаға «Меркі» халық театры Әлдихан Қалдыбаевтың «Сәлім-Сәлима» драмасымен шықса, Жуалы аудандық «Мыңбұлақ» халық театрының ұжымы Жолтай Әлмашұлының «Тірі жан» пьесасын сахналады. Қуаныштысы сол, бұл фестиваль өңірде театр өнерінің алға басқанын аңғартты. Театр әртістерінің киімі, жүріс-тұрысы, сахнада өздерін еркін ұстауы, рөлдерді сомдаудағы шеберлігі көпшіліктің ризашылығын туғызды. Бұл туралы бізге өнер ұжымдарының шығармашылық деңгейлерін анықтап, шеберлігін сараптаушы маманның бірі, облыстық қазақ драма театрының көркемдік жетекшісі Қуандық Қасымов өз пікірін білдірген еді. «Бұл екі қойылымнан қазіргі уақыттың болмысындағы дүниелерді көрдік. Дегенмен декорацияның жұтаңдығы көзге көрініп тұрады. Енді бұл мәселе аудандағы халық театрларына ортақ мәселе болып отыр ғой. Оларда суретші жоқ, мамандар жетіспейді. Дегенмен бұл бағыттағы жұмысты жетілдіруге, әрі қарай жұмыс жасауға болады. Мені жас мамандардың аудандарға барып жұмыс жасай бастағандығы қуантады. Бүгін біз соның нәтижесін көріп тұрмыз. Жастар жағы керемет ойнап шықты. Әсіресе, қоғамның ащы шындығын көрсеткен «Тірі жан» қойылымынан актерлердің бойындағы кәсіби шеберлікті де көріп үлгердік» дейді ол.

Театр сүйер қауымды қуантқан өнер додасы үш күнге созылмақ.

Абай-ақпарат

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2053