Сәрсенбі, 25 Желтоқсан 2024
Күбіртке 10146 0 пікір 13 Қазан, 2014 сағат 14:14

ҚОЛЖЕТІМДІ БАСПАНА ЖӘНЕ ҚАЗАҚ

Кейде күллі түркі жұрты күркесіз күн кешпеген өткен ғасырларды аңсайсың. Байы байлығын үйінің қанатымен өлшеп, жарлысы лашығының жыртығынан жасып қарап тұратын сол заманның өзінде диуанадан басқаның бәрі баспаналы болған деседі. Ал кейінгі ептеп отырықшылыққа бой ұсынған көшпенді қазақтың сиқына қарасаң – қынжыла түгейсің. Әгәрәки, осынау Алматы сияқты әйдік шаһардың көшесінде тұрып, үш тас атсаң – екеуі баспанасыз қазаққа тиетіні баршаға баян. Бұл қасірет тіпті кешегі дауылпаз ақын Қасым Аманжоловтың отты жырына да арқау болған. Ақынның сол бір өлеңінде: «Берсең бер, бермесең қой баспанаңды, сонда да тастамаймын астанамды...» деп шамырқана үн қатуы – соның айқын дәлелі іспетті.

Асылында, пәтер жалдаған пақыр кейпіңді ескермей, «Жетім бұрыш» сағалаған үйсіз-күйсіз қазақтың жәутең тағдырына жаның ашып, жүрегің сыздап жүретіні ақиқат. Осындайда «жығылған үстіне – жұдырық» болып, жұртыңның жұқана тірлігі көкірек тұсыңды айғыздай түссе, қалай шыдамақ керек?! Бірер күн бұрын ғана отандық телеарналардың біреуінен: «Ақтөбеде ең жас батыр ана мал қорада тұрып жатыр» дегенді жазған құлағымыз естіп қалғаны бар-тұғын (http://www.ktk.kz/kz/news/video/2014/10/07/21300). «Бұл не деген масқара?» деп жағамызды ұстадық. Бақсақ, 32 жастағы Айсәуле Сатыбалдиева 8 құрсақ көтеріп, қазір тоғызыншы сәбиін жарық дүниеге әкелер алдында да үйсіз-күйсіз жүр екен. Осынша тарғалаң ғұмырды баспанасыз күйде басынан өткерген Ардақты анаға іштей сүйінесің, сүйіне отырып күйінесің! Өкініштісі сол – өсер елдің баласы... «мал қорада» ержетуде.

Бұрынырақта он бір құрсақ көтерген Мейрамкүл Айдарованың (Оңтүстік Қазақстан облысы Қазығұрт ауданының Сабыр Рақымов ауылдық округіне қарасты Қызыл ата елді мекенінің тұрғыны) баспанасыз екенінен де хабардар болған едік. Сол кездегі алтын құрсақты ананың бар уәжі: «...Үкіметке өкпем бар. Қанша жерден балаларға көмектесеміз деп айтқанымен, сол сөздерінің орындалып жатқан біреуін көрмедім. Баламның үлкені мектепті енді бітірді. Оны оқыту үшін қаржы керек. Ауылда жұмыс тағы жоқ. Күйеуім көлік апатына ұшырап, жұмысқа жарамсыз болып қалған. Қазір бір үйде 13 адам ай сайын балаларға берілетін 11 мың теңге жәрдемақыны талғажау етіп отырмыз», – деумен шектелген.

Ал мұндай өзекті мәселелерге бей-жай қарай алмайтын бір жан болса, оның да сол аналар қатарынан табылатыны айтпаса да белгілі. Бұған мәжіліс депутаты Оразгүл Асанғазының бір сұхбатында: «Баспасөзден көп балалы аналардың қайдағы бір «үйшікте» тұрып жатқандығы туралы жиі оқимыз. Елімізде демография мәселесін жолға қою үшін, көп балалы аналарға жасалатын қамқорлықты барынша күшейту – құптарлық іс болар еді», – деп айтқанын мысалға келтіруге болады (http://www.aikyn.kz/articles/view/52518 ).

Бұл не сонда? Биліктің әлеуметтік жағдайы жақсарып, қағанағы қарқ, сағанағы сарқ болды дескен қарапайым халқының сықпыты осы болғаны ма? Құрқылтайдың ұясындай қожыраға зар болған қазақтың мұң-мұқтажын осыдан-ақ білуге болмас па еді?! Әсіресе қазақ қоғамында өзгеден сыйы алабөтен бір жан болса, ол – ана екені айдай шындық. Ал сол қасиеті мен сыйы артқан анаға, оның ішінде алтын құрсақты аналарға қазір біздің елдің құрметі осыншалық болып тұрғанда, өзге азаматтардың «баспаналап» байбалам салуының өзі әзірге әбестік болатын түрі бар. Осыдан соң үкіметтің «қалжасына» қарайлап көріңіз!

Енді сөзімізге тұздық үшін қашан да қос өкпеде тұратын қос қала Астана мен Алматы қалаларындағы тұрғындардың баспанамен қамтылу жағдайына зер салып көрсек. Әуелі мына бір көрсеткіштерден аттап кете алмаймыз. Нақты ақпарат көздерінде: «Астанада 900 мыңнан астам халық тұрып, олардың     60 %-ы пәтер жалдап күн көруде» делінсе, ал «Алматы шаһарында 7 мың көпқабатты тұрғын үй мен 115 мыңнан астам жеке сектор тіркелген екен. Бірақ құзырлы орындар соның жартысынан астамында жалға пәтер алушылар қоныс тепкенін анықтаған» (http://www.turkystan.kz/kz/ articles/view/48756). Мұнда Алатау етегіндегі алып мегаполистың бойына жасырған бір шындығын ашпай кету – қиянат!

Естуімізше, 1979 жылдары қазіргі Алматы қаласына қазақтарды тіркеуге тұрғызуға тыйым салынған деседі. Соның салдарынан алмалы шаһардың көпқабатты үйлері келімсектердің уысында кеткен көрінеді. Оны мына деректен-ақ байқауға болатындай. «Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, 90-жылдардан бүгінге дейін ауылдан қалаға 2,5 млн халық көшіп келген. Оның бір миллионы тек Алматы қаласына қоныс аударған» (http://www.kazakzaman.kz/kz/newsDetail_getNewsById.action?newsId=56264). Демек, осынша көп мөлшердегі қазақ жаңағы біз жария етіп отырған «солақай тыйымның» сойқанын көргені анық! «Тас – түскен жеріне ауыр» екенін ескерсек, сол келімсек-тастардың кесірінен көп қазақтың баспанасыз жүргені тағы шындық! Масқарасы сол – маған осы қалада әлгі бір сұрқия тыйым әлі «әлімжеттік» істейтіндей көрінеді. Қайда барсаң, пора-порасы шығып, тіркелуге орын таппай жүрген қазақ!

Осылай бола тұра, «үмітсіз – шайтан ісі» дегенді ұмытпайтын қазақ ертеңінен үміт үзген емес. Оның бер жағында судыраған тәтті өтіріктерге кім алданбаған?! Алғашында «2005–2007 жылдарға арналған Мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы», одан кейінгі жылдары да жалғасын тауып «2008–2010 жылдарға арналған Мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы» болып, кәрі қыздың тойындай ұзара түскен. Кейіннен «Қолжетімді баспана-2020» Мемлекеттік бағдарламасы да халықты тұрғын үймен қамтамасыз етеміз деп дақпырттата жар салды. Жыл құрсағында толғатып жүріп өмірге келген бұл жоба ел президентінің 2012 жылғы халыққа арнаған Жолдауының негізінде жүзеге асты деседі білгіштер. Осыған орай үкімет 2012 жылы «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасын бекіткен. Бағдарлама аясында 2012–2020 жылдары 69 млн шаршы метр тұрғын үйді қолданысқа беру көзделеді. «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасына қатысудың негізгі шарты — «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде» жеке шотыңыздың болуы және де кемінде үш жарым жыл бойы тұрақты түрде ақша аударып отырған болуыңыз керек.

Мұнымен қоймай, сіз осы уақыт аралығында үй құнының шамамен елу пайызын жинап үлгеруіңіз шарт. Бір бөлмелі үйді шамамен 60 мың АҚШ долларына тең деп алсақ, оның елу пайызы 4,5 млн теңге болмақ. Бұл соманы бес жыл жинау үшін, ай сайын банк шотына тура жетпіс бес мың теңгеден салып отыруың керек.

Енді ойлап көріңіз, Қазақстан халқы тұрмысы жағынан негізінен екі тапқа бөлінеді. Мұны соңғы кездері экономистер де айтып жүр. Олар жоғары тап пен төменгі тап (экономиканың тұрақты болуы үшін, орта таптың көп болғаны маңызды дейді сарапшылар – Қ.Қ.). Енді сол төменгі таптың орташа айлық көрсеткішін құлағынан сүйресеңіз де, бес жыл бойы салып отыратын бақандай 75 мың теңгеден аса қоймасы шындық. Сонда былайғы кезекте кептеліп, бықыған жұртқа қандай тиімділік көріп отырсыз?

Әупірімдеп салым салушылар да табылар. Осы аралықта баспана кезегінде тұрған үміткерлердің саны күн санап артып келе жатқанын биліктің сусыны қанып айтатыны тағы бар. Бір ретте ҚР өңірлік даму министрі Болат Жәмішев: «2011 жылдан 2014 жылға дейін тұрғын үй кезегі екі есе көбейді. Баспана ұсыну мүмкіндіктерінің кеңеюі тұрғын үйге деген сұранысты арттырды. Сондықтан үш жыл ішінде тұрғын үй бағдарламасына көзқарасты қайта бағалау керекпіз», – деген болатын. (http://kaz.tengrinews.kz/kazakhstan_news). Ал сол кезектің қағазбастылық пен кезекке тұру үшін шаш етек қиыншылыққа ұрынған, билікке өкпесі қара қазандай халықтың сорына айналғанын білмейді-ау бұл шенеунік?!

Мәселен, Айзат Рақышева есімді мұғалім бір интернет- сайтта: «№156 жалпы білім беретін мектептің бір бастауыш сыныбында оқитын 25 қазақ оқушының тек үшеуінің ата-анасында ғана жеке меншік үйі бар екен... Ал қалада тұрғын үй кезегіне тұру үшін, қолыңызда 12 құжат болуы шарт. Егер құжаттың біреуін рәсімдей алмасаңыз, тұрғын үй кезегінен үміттенбеген жөн. Ал бұл құжаттарды жинау қиынның қиыны», – дейді.

Ал осы бағдарламаға қатысушы Бауыржан Карипов: «Бүгінге дейін Мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасына 2 рет қатыстым... 2011 жылдан бастап тіркелдім. «Астана қаласының тұрғын үй басқармасы» мемлекеттік мекемесінің қолыма берген анықтамасына сүйенсек, 25.01.2011 жылы 8766-шы адам болып кезекке тұрыппын. 2012 жылы 1 қазанда кезегім 8642-і орынға жылжыған. Қарап отырсаңыз, кезегім 1 жылдың ішінде 124 адамға қысқарған екен. Әрине, бұның өзіне де қуаныштымыз», – деген екен (http://www.kazakzaman.kz/kz/newsDetail_getNewsById.action?newsId=56264).

Әрине, бұл тарыққанда талғажау еткен «қуанышының» сиқы деуден басқа амал бізде жоқ. Бастауыш мектепте оқып жүрген қарындасыма ермек табылды деп біліп, есептетіп кеп жіберсем: жалпы кезектегі 8766 адамды жылына қысқарған 124 адамға оп-оңай бөліп бере салар еді. Әрі қияпор мінезіне басып: «Адамды адамға бөліп не көрінді сізге?» – деп, «70» деген ойда жоқ санды уыстата салар еді. Бәрекелді, жаңағы азаматтың тұрғын үй кезегі 70 жылда «жетіп» келмек! Бәлки, аспандағы қаз етінен осы дәметкені – дәметкен!

Аталмыш жобаның аяқ алысына шендіден өкпелеген бір адам болса, бұрынғы үкімет басшысы Серік Ахметов болатын. Ол үкімет тізгінін ұстаған аралықта әйелдер қауымының демалысқа шығу жасын ұзартқанымен қатар, баспана ісіне шүйлігуімен де ерекшеленген еді. Алайда өңірлік даму министрі Болат Жәмішевтің шімірікпей: «Жалға берілетін баспананың құрылысы бойынша жылдық жоспарды барлық әкімдіктер түгел дерлік орындады», – деп есеп бергені де өткеннің еншісі болып қалуда. 2020 жылы бағдарламаға сай 75 мың пәтердің пайдалануға берілетінін көңілге тоқ санаса керек шенеунік атаулы. Ал ол санаттағы қазағының да жыртығын жамай алмасы анық!

P.S. Жер көлемі бойынша әлемнің тоғыздығынан көрінген Қазақстанға бес Францияның сыйып кететінін де естігенбіз. Астына алтын төсеп жатуды ғана аңсайтын жылан ғұмырлы биліктің шын мәнінде баспана мен басқаңа да бас қатырар жәйі болмаса керек. Әйтпегенде Ұлттық банктің мәліметі өтірікке шығар ма еді, кім білсін?! Банк басшылығының айтқанына сенсек, елімізде 2007 және 2014 жылдар аралығында «ипотекаға» байланған 200 мың адамның 30 мыңы несие төлеуге қауқарсыз көрінеді. Енді оған үкіметтің кезекті бір отырысында «бағдарлама аясында салынатын баспананың құны әр шаршы метрге 5 және 10 мың теңгеге өсетіндігі» айтылғанын еселей беріңіз. «Қолжетімді баспанаға» қолыңыз жете ме екен?..

Қозыбай ҚҰРМАН,

«D»

«Общественная позиция»

(проект «DAT» № 36 (260) 09 қазан 2014 жыл 

 

Тақырып өзгертіліп алынды. Түпнұсқадағы тақырып: Қолжетімді баспанаға

қазақтың қолы неше жылда жетеді?

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2026