Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Өлең 10192 1 пікір 10 Қазан, 2014 сағат 16:33

Бауыржан Қарағызұлы. ЖЕТІ НҮКТЕ

 

A. Нүктесі

– "Бармын..." деп ойымды ойға сендіремін...
– ...Дүния-ай, неге сонша мөлдіредің?!
– Жасаурап қос жанарым Жаным ұлып,
Бейуақыт күнбатысқа телміремін...
– "Күнбатысқа күдіксіз қарасаңыз..."
– Батыстан Күн шыққанша адасамыз...
– Уақыт баяулайды, Жын асығып,
Жарассақ жүрекпенен жарасамыз.
– Өзімнен-өзім қорқам сенесіз бе?!
– Тағдырдың салғанына көнесіз де...
– Ол Бізді мойындайды, (кесірді айтам)
Өшікті неге маған, неге Сізге?!
– Расында ол да көркем, мен де көркем,
Құдайға сен бе бөтен, мен бе бөтен?!
– Жал-құйрықсыз жалғаннан, оқтай зулап,
Жарқ етіп, Сіз сияқты мен де кетем.
X. нүктесіне...

B. Нүктесі

– Жер ауырлап барады...
– Ауырласын.
– Ой да ауыр...
– Иманың ауырмасын.
Жүрегін ауыртпашы адамдардың,
Әр адам – тағдырласың, бауырласың.
– Мен талай айғай салдым "сүйемін" деп,
...алдайды.., содан кейін күйемін кеп...
– Айғай мен ақыл қатар жүре ме екен?
– Білмедім... Сабырымды тірек етем...
– Сені сөзбен сипаған алдамшылар,
Өзінің алданғанын біле ме екен?!
– Біздегі уақыттың өлшемінде,
Зіл басып көтертпейді еңсем мүлде...
– Ой таза да – Жан таза, Өлім сұлу,
Шер толқыр көңіліңнің кемсеңінде!
– Жер ауырлап барады, ұрыспағын...
– Айттым ғой, барлық адам – туыстарың.
– Нені іздеймін білмеймін нені аңсаймын???
– Көздеріңнен сүйейін, дұрыс бәрі...  

С. Нүктесі

– Мына Жолды...
– Еріктен тыс тағдырменен жазғасын,
Нені ойласын тәуекелшіл әз басың.
– Уақыт пен кеңістікке тәуелді
Ой деген не?! 
– Менің қоңыр күрсінісім - көз жасым.
– Ақ дұғадан жаралдым,
Бәлкім, мәңгі дұға болып қалармын...
– Құпиясы, кілті мына ғаламның,
Күлкісінде, жүрегінде анаңның...
– Күлкі???
– және Көз жасы ғой...
– Кім үшін?
– Ана деген – жүрек үшін... Нұр үшін.
Оқылады мейірімен анаңның
Жүрек деген – Кітап қой ол дұрысы.
– Ештеңені түсінбедім, құрысын!
– О дүние мен Бұ дүнияның арасы –
Сабырыңның тобасы.
– Мына Жолды...
– F. Нүктесін қарашы...

D. Нүктесі

– Құдай Қалам сілтегенде жаралдың...
– Уақыт пен кеңістікте жоғалдым.
– Ұмытшақсың...
– Сен есіңе түсірші.
– Сөзге айналған жүректегі жанардын,
мөлдірімін...
– Қайдан келдің, қайда кетіп барасың?!
– Тағдырыммен таба алмадым жарасым.
– Рухыңмен жалғамақшы боласың,
Екі дүние арасын.
– Ғұмырыммен ғарыш жаққа ұмтылдым...
– Бекер бәрі...
– Жан ішінде жұлқындым.
– Таңдау еркің қақ маңдайдан үсіген,
Қоршауында құмарменен құлқынның.
– Дүниені өзгертпекші болғанмын,
– О, ендеше тағы, тағы алдандың.
– Мен - ғарышпын...
– Ия, оған дауым жоқ...
Неге сонша жалғыз қалсаң қорландың?!
– Әуел бастан Аңсар едім – себебі...
– Ой ішінде ойлар сөніп, өледі.
– Парақташы жүрегіңнің кітабын,
Ғайып өзі Сәлем алып келеді.

Е. Нүктесі

– Күбірлеп өз-өзіне бұлданатын,
Адам емес, есімім - мұң болатын.
– Терезеңнің алдында жылап тұрған,
Сен емессің, сезімтал түн болатын...
– Қалайша, қалай енді жай табамын,
Жалғыз қалсам Ол болды айтар əнім..
– Жек көресің өзіңді, іштей үгіп,
«Сүймеймін» деп неше рет қайталадың?!
– Дəл бұлайша сүйгем жоқ жан баласын,
Күлесің ғой, білемін, таңданасың.
– «Досым» дейсің, сездірмей ештеңені,
Өз сөзіңе өтірік алданасың...
– Тағдыр-ай, кірпіктерде бұлдыраған,
Жан əлемі... Жалғыздық тұнжыраған.
– Бүгін айдың нешесі?
– Жүрек күні,
Мен емес, терезеде түн жылаған...

F. Нүктесі

– Қасиетті Рухпен қуаттанған,
Ар іздедім сөзінен шуақ тамған.
Не табамын өмірді күлдіргеннен?!
– Не табасың өмірді жылатқаннан?!
– Қойшы өмірді... Дәл қазір жан жылаған,
Жолын іздеп кімдер бар қаңғымаған?
– Күбір-сыбыр, күңкілдек, айғай-шудан,
жазғы түн-ай, жалыққан, қалжыраған...
– Тым белсенді, тіл тапқыш, ұшып-қонған,
Шаршап жүрген шығарсың пысықтардан?!
– Балаларды аяймын суық сөздің
жалынына меселі үсіп қалған...
– Жол іздеймін бір ғажап...
– Не қыласың?!
– Жалғыздықтан бір күні жарыласың...
Топыраққа жүрегің оралады,
Жаратқанның алдынан табыласың...

X. Нүктесі

–Қайда?!

– Өмірдің босағасын аттағанда,
Жатырқап жылап кірдім жат ғаламға.
Өлімге секунд сайын жақындаймын, 
Білмеймін, сор табам ба, бақ табам ба?!

Мәңгілік жарығыма ұмтыламын... 
Жалықтым тыңдай-тыңдай құлқын әнін.
Торында қутыңдаған қу тірліктің,
Балықтай жанұшырып бұлқынамын.

Рухым асқақ еді, білгір еді,
Құтқарса сол құтқарар, кім біледі?
Ішімде Құдайды аңсап Жан жылайды
Сыртымда сайтанға еріп Жын күледі.

Ғажабын ғақылымның ұғынғанша,
Япыр-ай, қалды екен ғұмыр қанша?!
Шіркін-ай, жүрегімнің құпиясын,
Сезем бе қос жанарым жұмылғанша?!

Ғайыпқа жетелесе ой торабы,
Көкейім жалғыз Сөзді қайталады.
Тағдырым түнгі аспанға телміргенде,
Неліктен қайран көңіл жай табады?!

Өлімнің босағасын аттағанда,
Білмеймін, сор табам ба, бақ табам ба?!
Білерім, боз жусандай көктеп шығам,
Біздегі жасыл уақыт тоқтағанда...

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2052