Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Саясат 10731 0 пікір 30 Қыркүйек, 2014 сағат 17:28

Аймақаралық форум: ЕКІ ЕЛ АЭС САЛУҒА КЕЛІСТІ

Атырауда Қазақстан мен Ресей арасындағы 11-нші аймақаралық форум өтіп жатыр. Форумның биылғы тақырыбы: «Көмірсутегі иновациялары».

Форум барысында екі ел президенттері кездесіп, Қазақстан мен Ресей арасындағы сауда-экономикалық қарым-қатынастың одан әрі даму барысы және 10-ншы қазанда Минскіде кедендік одақ аясында өтетін жан-жақты іс-шараларға дайындық жайын талқылады.

Мемлекет басшыларының кездесуінен бөлек аймақ басшыларының өзара кездесулері де өтуде.

Форум соңында Қазақстан мен Ресей бірнеше келісім-шартқа қол қоймақ. Оның ішінде қазба байлықтарды бірлесе игеру, бірлесіп Атом электр стансасын салу туралы келісім де бар.

Аймақаралық форум қарсаңында Атырау қаласында қауырт дайындық болып еді. Сол дайындықтар барысы туралы біздің тілшіміз былай деп хабарлайды:

Шаһарға сән берген салтанат сарайы

Атырауда Қазақстан мен Ресей елдері басшыларының қатысуымен өтетін ХІ өңіраралық ынтымақтастық форумына дайындық қызу жүрген еді.  Мұнайлы астана аз ғана уақытта көркейіп, гүлденіп, сәніне сән қосты.

Қаламызға ерекше сән берген сәулет өнері туындысының бірі – Салтанат сарайы. Қазақстан мен Ресейдің ХІ өңіраралық ынтымақтастық форумы өтетін ғимарат құрылысы аз уақытта толықтай аяқталды. Сыртқы әсемдеу, жарықтандыру, көгалдандыру жұмыстары барынша жедел түрде жүзеге асты.

- Биылғы жылдың қаңтарында нысанның құжаттары жасақталып, 17 ақпан  күні нақты құрылысы басталған еді. Жұмыстар жеті ай бойы тоқтаусыз жүргізілді. 350-ге жуық жұмысшы тартылды. Ішкі жұмыстар бойынша құрылыс материалдары Алматы, Ақтөбе, Орал, Тараз қалаларынан әкелінді. Жобалаушы – Орал қаласының «Қазжобалау» компаниясы. Ішкі жұмыстарды алматылық фирма жасады. Ғимараттың ішкі көрінісін қазіргі заманға сай талаптарға негіздеуге тырыстық, - дейді мердігер компания директорының құрылыс өндірісі бойынша орынбасары Жалғас Әпенов.

Сарайдың жалпы аумағы – 6 мың шаршы метр. Онда 300 орындық мейрамхана жұмыс істейді. Форум өткеннен кейін ғимарат «Неке сарайы» ретінде халық игілігіне берілмек.  Заманауи және сапалы құрылыс материалдары пайдаланған, жаңадан бой көтерген бұл нысан қала көркін одан әрі аша түсетіні анық.

Ұйымдастырушылардың мәліметіне сүйенсек, ХІ аймақаралық ынтымақтастық форумына дайындық жұмыстары үшін облыс қазынасынан едәуір көлемде қаржы бөлінген. Қонақтарды тасымалдау үшін жаңа  14 көлік сатып алыныпты.

Аса маңызды саяси, экономикалық мәселелерді талқылайтын бұл форумға облыс орталығына келетін екі мыңдай мәртебелі мейман  қаламызда үш күн болады. Соған байланысты шаһардағы қонақ үйлердің  дайындығы да ерекше назарда.

 

Көрме залындағы кереметтер

Атырауда өзінің архитектуралық сәнімен салынған әсем де әдемі ғимараттар аз емес. Солардың бірі - биік те жарық көрме залы. Ол бүгін өзінің алғашқы меймандарын қабылдады. Ал, қонақтар - Қазақстан-Ресей ХІ өңіраралық ынтымақтастық форумының аса құрметті қатысушылары.

Қазіргі заманғы аудио-видео аппаратуралармен, дыбыс күшейткіш құралдармен жабдықталып, түрлі түсті баннерлер ілінген зәулім залда екі елдің белгілі өндірістік компанияларының атаулары, эмблемалары мен олар туралы анықтама материалдар ілінген. Олардың қатарында «ҚазМұнайГаз», «TATNEFT», «Консорциум EURASIA», «Алстрон», «SONOGRAM», «ВНИПИ газдобыча», «Самарские горизонты» ЖАҚ, «Российские инновационные технологии защиты трубопроводов», «ЭНГО Инжиниринг» ААҚ, «MAERSK OIL», «Мир масел» ЖШС, «Рауан Налко» ЖШС, «Челябинский завод технологической оснастки» ЖАҚ, «Газовые сети» Свердловской области» және басқалары бар.

Халықаралық кездесулер мен экономикалық іскерлік байланыс орнайтын ірі жүздесулердің басы-қасында жүретін астаналық «Success» («Сакцесс») медиа агенттігінің қызметкері Ләззат Ноғайдың айтуынша, Көрме залына Ресей мен Қазақстан елдерінің ең таңдаулы деген мұнай-газ компаниялары туралы ақпараттар беріледі. Олар жайында VIP-стенділер дайындалып, технологиялық құрал-жабдықтар қойылады. Ал, ортадағы «Шоу-рум» алаңында тақырыптық сессиялар өтеді.

Өз тілшіміз.

Атырау

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2036