Бердібек Сапарбаев: «Семейдің халқы бұл қыста бүрсеңдемейді»
- Биылғы жылу беру маусымына Шығыс Қазақстан облысындағы 751 жылу қазандықтарының 90 пайызы толық дайын,- деп мәлімдеді Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаев. Ол жылда қысты күні өз үйлерінде отырып бүрсең қағатын семейліктердің биыл жылуға бастарын қатырмайтынын айтып, уәде берді. Өйткені, Үкімет Семей қаласының материалдық-техникалық базасын нығайту туралы арнайы бағдарлама қабылдап, жыл сайын осы мақсатқа 7 млрд. теңгеге жуық ақша бөлу жөнінде шешім шығарған. Өңір басшысы журналистермен жүздесуде қарапайым халықты алаңдатқан бірқатар мәселелерге ашық жауап қайырды.
Атап айтарлығы, өзінің ісін жетік білетін әкім ешқандай сауалдан жалтармай, мәселенің мәнісін тәптіштеп түсіндірді. Мәселен, Бердібек Мәшбекұлының айтуынша, жылу жүйелерінің жиі жарылатыны тек Семейге, Өскеменге ғана емес, еліміздегі барлық қалаларға тән құбылыс. «Мұның нақты себебі, жылу беретін орталықтарымыз 30-40 жылдан бері жөндеу көрмеген. Мысалы, Семейдің бу қазандықтары 1934, 1948 және 1950 жылдары салынған. Ал, олардың нормативтік жұмысы 30-40 жылдан аспауы керек. Жер астындағы жылуды жеткізетін тұрбалар да дәл сондай. Семей қаласындағы жылу жүйелерінің 80 пайызы әбден тозған. Мұны бір күнде жөндеу мүмкін емес. Сондықтан, Елбасының тапсырмасы және Үкіметтің қолдауы арқасында Қазақстанда тұңғыш рет Семей қаласында 2 су жылытатын қазандығы бар ТЭЦ салынды. Осы орталық өндіретін 400-ге жуық гкалл жылу қаланың сол жағалауын толықтай жылытуға жетеді»,- деп түсіндірді ол. Әбден тозығы жеткен жылу құбырларының бір жері жөнделсе, екінші жері жарылатыны түсінікті жағдай. Осыған орай: «Ешқандай жылу апаты болмайды деп өтірік уәде бере алмаймын» деп кішігірім апаттардың болатынын да жоққа шығармады. Абзалы, сөздің шынын айту.
«Жол азабын жүрген біледі» дегендей, шығысқазақстандықтардың мұң-зарын жеткізбек болған журналистер Тарбағатай, Бесқарағай аудандары мен Курчатов қаласында тас жолдарды жөндеуге 1 тыйын да бөлінбегенін айтып, әкімді сөзден сүріндірмек болды. Ақпар жалған екен. Қазақстандағы ең жолы көп (11,5 мың шақырым) облыс тас жолдарды жөндеуге де аз ақша бөлмеген. Таратып айтар болсақ, республикалық жолдарды жөндеуге – 10 млрд., облыстық жолдарға – 5 млрд. теңге бөлініпті. Оған қоса, тірек ауылдар бағдарламасы аясында жол картасы арқылы ауылдардың жолын, көшесін, әлеуметтік нысандарын жөндеуге облыс бюджетінен 4 млрд. теңге бөлінген. Әрине «30-40 жыл бойына ешқандай жөндеу көрмеген» (Б. Сапарбаевтың өз сөзі) жолдарды бірден ретке келтіру мүмкін емес. Бірақ өңір басшысы өзінің «жөндеп жатырмыз» деген сөзіне сенбеген әріптестерімізді Тарбағатай, Бесқарағай, Ақсуатқа барып, істелген істі көзімен көруге шақырды. Сонымен қатар, ол Алматы-Өскемен, Алматы-Семей, Семей-Өскемен, Омбы-Майқапшағай бағытындағы үлкен тас жолдардың сапалы жөнделіп жатқанын айтты.
Екі тілде бірдей еркін сөйлейтін шенеунікке әкімдердің рейтингіне қатысты да сауал қойылды. Б. Сапарбаевтың пайымдауынша, басшылардың жұмысын талдағанда негізінен нақты үш критерийге сүйену керек. Ол – статистикалық мәліметтер, сол өңірдегі саяси-қоғамдық ахуал және халықтың тұрмыс деңгейі. Яғни, осы аталғандар бір жерге жинақталса, ондай рейтингке сенуге болады. Жалпы алғанда, үлкен облыстың басшысы рейтингтің пайдасы азамат ретінде намысыңды қамшылауға әсер ететінін, сондай-ақ жұмыс істеуге шабыт беретінін жасырған жоқ.
Айтпақшы, брифинг барысында әріптестеріміз әкімнен «Тарбағатай Мұнай» біріккен кәсіпорнындағы жұмыссыз қалған 100 адамның тағдыры туралы сұрап-білді. Жайшылықта басқа әкімдер мұндай сауалдан екіұшты, сырғытпа жауаппен құтылатынын көріп жүрміз. Бердібек Мәшбекұлы олай етпеді. Керісінше, мәселенің туындауына не себеп болғанын, болашақта қалай шешілетінін және қазіргі қалыптасқан ахуалды егжей-тегжейлі түсіндіріп берді. Оның айтуынша, 100 адамның жұмыссыз қалуына негізгі себеп – «Тарбағатай Мұнай» ЖШС-інің акционерлерінің бірі – қытай тарабының өндіріске салған қаржысын кемітуі. «Қазір біз Энергетика министрлігімен бірлесіп, қытай жағымен инвестиция көлемін азайтпауға қатысты келіссөз жүргізіп жатырмыз. Онымен біздің арнайы жұмыс тобымыз айналысуда. Қысқаруға ұшыраған жұмысшыларға үш айлық жәрдемақша төленді. 100 адамның 65-і – шығысқазақстандықтар. Олардың 9-ы жұмысқа орналасты. Біздің ойымызша, үш айда осы мәселені түпкілікті шешеміз. Егер қытайлармен келісе алмайтын болсақ, онда жұмысшыларға басқа жұмыс тауып береміз. Өйткені, қазір Зайсан ауданында жұмысқа орналасуда ешқандай қиындық жоқ»,- деп сөзін түйіндеді әкім.
Әмірлан Әлімжан.
Abai.kz