Сенбі, 30 Мамыр 2026
129 0 пікір 30 Мамыр, 2026 сағат 19:21

Қобызшы Молықбай Байсақұлы

Сурет: aksuoniri.kz сайтынан алынды.

31 мамыр – саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні!

Талдықорғандық өлкетанушы, жазушы Жемісбек Толымбеков – Жетісу өңірінің өткені мен бүгінін түгендеп, елге белгілі тұлғалардың есімдерін жаңғыртып, жұрт жадына қайта оралту жолында жалықпастан еңбек етіп жүрген жанкешті жандардың бірі.  Дәл қазіргі кезде өлкенің тарихы, тұлғалары жайлы жақсы білетіндігіне шүбә келтіре алмайсың. Сонымен бірге күні бүгінге дейін ел ішін аралап, бұрындары беймлім болып келген құнды деректерді тізбектеп, шамасы жеткенше жариялап жүр. Көшінің басында Қорқыт ата тұрған қазақ қобызшылары шеруінде өзіндік орны бар, ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың алғашқы ширегінде қазақ даласындағы, оның ішінде Жетісу өңірінде аты шыққан Молықбай Байсақұлының ғұмыры мен шығармашылығын зерделеп, зерттеп жүретін Жемісбек Толымбеков қобызшы Молықбайдың нақыл сөздері мен өткен ғасырдың отызыншы жылдары ел басына түскен нәубетті болжап айтқан,  бұрын жарық көрмеген «Жойқын жұт» деген туындысын назарларыңызға ұсынып отырмыз.

Қобызшы Байсақұлы Молықбай

(1857-1930 ж.ж.)

Нақыл сөздері

Ептілік болар өмірден,
Емшілік келер Тәңірден.
Жүрекке толған шерменен,
Күй төгілер көңілден.

***

Сәуегей қарт—абыз болар,
Абыз құралы—қобыз болар,
Қобыздан төгілген зарлы күй ,
Жалпақ елге аңыз болар.

***

Қанатты самғар көгіне,
Текті тартар тегіне.
Пасықтан туған арамза,
Тартады құлқын жеміне.

***

Қанатты мақұлықтың ұшуы бар,
Қотырдың бір қанатын қышуы бар.
Ашкөздік, арамзалық дертпенен тең,
Жеудің де құсуы мен тышуы бар.

***

Өлген артынан өлмек жоқ,
Азапсыз өмір көрмек жоқ.
Жалалы басқа бір өлім,
Тірідей өлмек елде жоқ.

***

Бөрі келерін—ит білер,
Жау шабарын—ат білер.
Ағайынның аразын,
Жақын емес жат білер.

***

Алалық ағайынды араздастырады,
Арамзалық алыстатады.
Жан қысылса, жақынын табар деген,
Жаугершілік жан үшін жақындастырады.

***

Іс түссе ку басыңа, болмақ бекем,
Азаптан көз ашпассың, болсаң секем,
Қос дүниеде арылмас—бір азап бар,
Жаны үшін жақынының етін жеген.

***

Еркек жортса құт келер,
Қатын қыдырса жұт енер.
Екеуі бірдей қаңғырса,
Қазаннан қақпақ кетер,
Қыздан—қылық, ұлдан—намыс,
Елден береке кетер.
Елден береке кетсе, той мен мереке кетер.

***

Жаңбыр жауарын—жел білер,
Молшылық боларын—төккен тер білер.
Болашақ өмірді ұлық емес—заман білер,
Ашаршылық боларын адам емес—хайуан білер.

Үш Матайда мына елдерден қорық:

Көлдейдің  өтімділігінен қорық,
Төртсарының ептілігінен қорық,
Құлшанның айбатынан қорық,
Қыдыралының қайратынан қорық,
Қаржаудың өжеттігі мен батылдығынан қорық,
Бөртенің көзсіз батырлығынан қорық,
Әйтектің жол табар айласынан қорық,
Төртқараның төсі мен балғасынан қорық,
Қайнардың сөзінің жүйесінен қорық,
Сақайдың бақсылық киесінен қорық.

Сөзімді әрмен жалғайын,  тоқ етерін айтайын:

Көлдей— өтімді өп,
Төртсары—жылпыңдық пен еп,
Құлшан—елге айбат,
Қыдыралы—жауға қайрат,
Қаржау—өжет, батыл,
Бөрте—көзсіз батыр,
Әйтек—жершіл, жүргінші,
Төртқара—ұста-темірші,
Қайнар—сөзге бейім ақын,
Сақай—бақсылық киесімен Тәңірге жақын.

***

Шоқпармен қоңсы болма,
Бікенмен жұрттас болма,
Садырмен сырлас болма.
Шоқпар—қыршыл,
Бікен—міншіл,
Садыр—күншіл.

Жойқын жұт

(Молықбай Байсақұлы. Мизам (қыркүйек) 1929 жыл)

Өзі де қуғын-сүргін құрбаны болған Байсақұлы Молықбай «Жойқын жұт» атаулы туындысын 1929 жылы қыркүйек айында шығарып, қобызын тарта әуезбен өзі орындап, үш Матай мен Қазақ еліне 25 жылдық үлкен нәубәт (көтеріліс – 1930 ж, ашаршылық - 1931+1932 ж.ж., қуғын-сүргін – 1933+1938 ж.ж., соғыс – 1941+1945 ж.ж.) келе жатқанын алдын-ала ескертіпті. Ол туындыны қобызшы Молықбайдың орындауынан Ілияс Жансүгіров жазып алған деседі.

Қобызшы Молықбайдың «Жойқын жұт» туындысы ұлағатты ұстаз Жақыпбеков Айдын Оразалыұлының жеке мұрағат қолжазба қоры сақтауынан алынды.

1. Бәйшешек басын жармай, қурап солар,

Сай-сала, бүкіл дала қанға толар,

Қазақты бас-басына тентіретер,

Жиырма бес жыл жойқын қырғын болар.

2. Жарқын жұрт бірлікте боп, қылмас сабыр,

Ол дүмпу қалың елге салар дабыр.

Алғашқы ол қырғынның нақ белгісі,

Жауады зеңгір көктен қарлы жаңбыр.

3. Мал-жанды тып-типыл қып қырып атар,

Ағайын бірін-бірі шұқып сатар,

Келеді ел көрмеген ашаршылық,

Тезге сап Үш Матайды тұралатар.

4. Үш Матай - сөзіме бақ, құлақ түргін,

Алдыңда ашаршылық, қуғын-сүргін.

Ол жұттан аман шыққан тұқымыңды,

Алқымнан алар соғыс бес жыл қырғын.

5. Ерлерді бас көтерер матап, тұсап,

Жөнелтер абақтыға аулап ұстап.

Қанжар, сапы, қорамсақ, қайқы қылыш,

Қалдырмайды ешбірін қинап, қысап.

6. Батыр болмас балалар солғын болар,

Жеткіншек әке көрмес оқты жонар.

Темірші- шеберлерді жаппай атып,

Елімде ұста қалмас қару соғар.

7. Балшебек болғанымен заты—орыс,

Қазаққа жақын емес қоңсы-қоныс.

Ұлы жұттың болады үш зауалы,

Аштықтың арты—қуғын, соңы—соғыс.

8. Тұрғызып ен жапанға салып қала,

Қарауыл ит жетектеп, тиісер қара.

Қолдан істеп жан төзбес абақтыны,

Тығылар сол түрмеге не бір дана.

9. Ол жұттан жол табылмас, шығар сара,

Ел ішінде бұт артар қалмас қара.

Маңдайына сор біткен Матай елдің,

Қаптатар денесіне қанды жара.

10. Келешек—бұлдыр болар сағымданған,

Арызқой ерлер болар шағымданған.

Үш Матай айырылып төл мінезден,

Ұрпағы ұсақталар азғынданған.

11. Жалғасар ызбар заман азғындатқан,

Үш Матай түгел елін зар жылатқан.

Тұқымы жәндіктей боп уақталып,

Ер тумас Мүсәпірдей Байтулақтан.

12. Батыр боп қан майданда қарпылмаған,

Дана боп жұрт алдында талпынбаған.

Тірлігі – елді күндеу, жұртты сату,

Сатқындық, жағымпаздық алқымдаған.

13. Ерлерді арандатып әз жолынан,

Қызылға олжа сыйлап өз қолынан.

Сұрқиялық жайлаған сол заманда,

Сатқынның туар күні, айы оңынан.

14. Оңалар ол зұлматтан қазақ біткен,

Қадалар жанды жерге сөзім тікен.

«Қызыл жендет жаппай жарылқайды» деп,

Қорғалап, жалтақтайды Шоқпар, Бікен.

15. Емелелі—момын ел малын баққан,

Несібе ырыздығын содан тапқан.

Ақтасты мен Қопалдың аралығы,

Жерлері  сан-салалы жалпақ жатқан.

16. Тәңірі өздеріне берген нығмет,

Болмақты бұрын болжау—болған сүннет.

Көріпкел бақсылықпен кие қонған,

Топ жұрттан дараланған Сақай, Тақет.

17. Ерлігі жұрттан асып шыққан ерте,

Жау келсе, елден бұрын қонған ерге.

Кәсібі—аң қуалап, жау қашыру,

Намысын жібермеген Қаржау, Бөрте.

18. Матайда Қаптағайдан шыққан дара,

Мекені—қара дүкен, ұстахана.

Соққаны—семсер, сапы, қылыш, қанжар,

Темірмен көзін ашқан ол — Төртқара.

19. Талаурап азып-тозған күйің болар,

Тегінде ұсталыққа тыйым болар.

Қырғынға зор ұшырап Төртқаралар,

«Төртқарамын» деулері қиын болар.

20. Орнатар қызыл жендет қанды қасап,

Зорлықтап, зор зұлматты қолдан жасап.

Сескенбес Төртқараның балтасынан,

Қаруланған кәпірлер қалың жасақ.

21. Айдалар ел ішінен қажы-молда,

Ілінер жан алқымнан қанды қолға.

«Дін—пәңгі» деген жалаң сылтауменен,

Тәркілер Құран кітап болса қолда.

22. Арада бір жыл өтіп, бүлік болар,

Үш Матайдың ұлдары атқа қонар.

Жасқантып қызыл жендет балшебекті,

Ұлық өліп, қоймасын бұзып тонар.

23. Ерлерді қазақ қалмас жаны жақтар,

Болмаса арашалап, сөзбен ақтар.

Жала жауып, нақақпен әділетсіз,

Үштігі үкім жасап, атар, соттар.

24. Жалаңдап балшебектің жендеттері,

Шолақ етек белсенді, тентектері.

Ежелден бақсылық пен өлең қонған,

Қуғындар Сақай менен Тақеттерді.

25. Даланы қанға бояп қызыл жауыз,

Аранын қанмен ашқан қанды қауыз.

Ежелден  көзі ашық қарықты ел,

Қайнарларға шүйлігіп салар ауыз.

26. Елімді аштық жайлап, қанын сорар,

Бар қазаққа күн туар қырсық сонар.

Тұқымын түгел құртса жақсылардың,

Ешкім де айта алмас әне сол бар.

27. Туады бастарыңа қилы заман,

Ағайын ала болар, аңнан жаман.

Малынан айырылса қазақ елі,

Тартады қасіретті, күні қараң.

28. Еш үйде азық болар бір дән қоймас,

Әр күнің болып елес, өзек толмас.

Ен жапанда шашылған көп өлікті,

Көметін Құран оқып пенде болмас.

29. Сөзіме байыппенен сеніп қара,

Ағайын басын күйттеп болар ала.

Қуғын, жала, нақақпен қамалғанда,

Ел-жұртың, ешбір жақын болмас пана.

30. Қазақты қырып-жойған орыс жолар,

«Ортақ қазан» деп бірге қоныстанар.

Некелі әйеліңнен туған ұлдар,

Орыстан қатын алса орыстанар.

31. Әкеден асып түсер ұлдар тумас,

Аттанып тәуекелге белді бумас.

Мың жерден оқу оқып, көз ашса да,

Жолыңды ешбір ұлың сендей қумас.

32. Жаныңда қалмас ешкім жәрдем берер,

Жақының «жау» деп сенен әрмен безер.

Сақайдан қасиетті бір ұл туып,

Қондырсын дарынымды соған кемер.

33. Орнайды қайта келіп елге құт, ар,

Қызыл құрып, түбінде қазақ тұтар.

«Бүлікші» деп қаралап, кәрі шалды,

Көрдей боп, тар абақты мені жұтар.

Жемісбек Толымбеков, өлкетанушы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Әдебиет

Өлген кітаптар

Тұрдыхан Айдарханұлы 3383
Әне, көрдің бе?

Американың қаржылық жүйесін кімдер ұстап тұр?

Бейсенғазы Ұлықбек 2487