ЫБЫРАЙДЫҢ КЕТПЕНІ
Керімбек ақсақал қаладан жаңа жер үй алған. Айналасы кісі бойындай өскен шөптен көрінбейді. Базардан шалғы, орақ, кетпен сатып алды. Бір сағаттың ішінде әлгі құрал-сайманның бәрі де жарамсыз болып, Ресейдікі деп алған сайман қытайдікі болып шықты. Орақтың да, шалғының да, кетпеннің де жүзі майырылып, майысты да қалды.
– Ыбырайдың кетпеніндей қайдан болсын, – деп ақсақал күйініп сөйлеп отыра кетті.
– Ыбырай деген кім, ата? – деді немересі.
– Ыбырай дейсің бе? Ән патшасы – Шәмші болса, дән патшасы – Ыбырай Жақаев деген екі мәрте Еңбек Ері атаң болған. «Жұрттың Ыбырайы Ыбырай да, біздің Ыбырай «сұмырай» болған заман ғой қазір. Қатты айтсам, рухың кешсін, әулием!
Керімбек қарияның қапалы көңілін немере неме қайдан ұқсын, «ал кетпеннің қатысы не бұл жерге?» – деп қойып қалды.
Бүгінгінің баласына жауап беру керек.
– Ыбырай атаң күріш өсірген дихан болған. Күндіз-түні қолынан мына тәрізді кетпені түспеген. Ол кетпен мен бұл кетпеннің арасы жер мен көктей. Сол кетпенмен өсірген атаңның күріші Қазақстанды бір күнге асырауға жеткен. Ал бүгінгілер бір бастарын асырай алмай жүр. Ыбырайды, Жазылбекті, Шығанақты білмеген бала еңбектің қадірін қайдан білсін. Оны айтатын мұғалім қайда?
Қарияның сөзін немересі ұқты ма, жоқ па, кім білсін, білгенін айту міндет болған соң, айтты.
Р.S. Әрине, ол кетпенді біз де көрген жоқпыз. Журналистік әуестікпен интернетті ақтардық. Әншейінде іздегеніңді табатын ғаламторда атамыздың кетпені жоқ. Ілгеріде мұражайдан Қаныш Сәтбаевтың етігін көріп, әкеміздің көзін көргендей көңіліміз босап еді. Бұл жолы да сондай күйді бастан кешерміз деп ойлағанбыз. Өкінішке орай, көкеміздің көзі жоқ болып шықты. Өзгенің мықтыларының мысығына дейін өріп жүр.
Қали Сәрсенбай
Facebook-тегі парақшасынан