Сенбі, 23 Қараша 2024
Қоғам 9268 0 пікір 9 Қыркүйек, 2015 сағат 20:24

ХАЛЫҚ ШЫН БАҚЫТТЫ БОЛҒАН ЖАЗ...

...Тағы да реніш. Халық реніші. Ал сол халықтың қуанышын, шын қуанышын кім біледі? Кім есіне түсіре алады? Ел боп қуанған сәтті, күнді, жылды? Нағыз елдік, халықтық қуанышты... Әрине, тұтас ел болған соң, тұтасқан қоғам болған соң, сол қоғамға біріккен қалың ел болған соң ренішпен бірге қуаныш аталуының ел аралап жүретіні заңды: біреудің шаңырағында нәресте дүниеге келеді, біреу үйленеді, біреу оқу бітіреді, енді біреу марапат алады, тұтас ауыл төл мен егінге кенеледі, бір аудан үздік атанады, облыс көш бастайды. Бұлар да қуаныш. Әйтсе де олар жеке, немесе топ жанның қуанышы. Ал бүкіл Қазақстан халқы ел болып, мемлекет болып қуанған кезін кім көрді? Ел болып қуанған, мемлекет болып мерейленген, бүкіл Қазақстан халқының шын бақытты болған сәтін білесіз бе, Оқырман?!

Мен білемін! Және сол Бақытты күндердің шежірешісі болып, оттай ыстық Оқиғаның қақ ортасында жүрдім! Енді сол бір бүкіл Ел шын бақытты болған 16 күн жайлы айқайлап айтайын! Бұл – ұлу жылы, яғни 2012-нің шілде-тамыз айларының қол ұстасқан тұсы еді.

Бұл кезеңде мен сыпырылып түсіп қалған атама қайта мініп, спорт атты шексіз әлемге еркін тізгін қақан сәтім болатын. Ол оқиғаның да бұл үлкен ойға үкідей үлесі бар. Жазықсыз жазаланып, жеті жылдай теріс қарап жатып алған мені спорт министрлігінің басшыларының бірі ауыл спорты Қоғамын құрып, соны басқаруға Астанға шақырды. Өкпе тарамаса да, өлмеген соң амал жоқ, жаңа қалаға аттандым. Астанаға аттандым. Қоғам құру қандай қиын – «мойным ырғайдай, битім торғайдай» боп азып-тозып жүргенде, таяуда ғана министр болған Талғат Ермегияевке кездейсоқ кіріп қалдым. Кірген бетте Талғат Амангелдіұлы маған қолқа салды. Шаруа жағдайымен, әрине. «Аға, «Спорт» газеттерін жеке қолдан министрлікке қайта алып жатырмыз. Спорт секілді ел мерейін, ел намысын қорғайтын салаға өз ведомствалық газеті керек деп ойлаймын! Газеттердің жағдайы тым төмендеп кеткен екен. Қазақша газетіміз мүлдем жоқ, шықпай қалыпты... Сол газеттерді Сіз қолға алып, қайта түлетпесеңіз болмайды!» деді сөзді де, істі де бұлтақтатпай, мәселенің маңыздылығын сездіріп. Жылап жібердім! Кеше жоғалтқаным бүгін иығыма келіп қайта қонғаннан ғана емес. Ол да бар болар, бәлкім. Қадырымды білгеніне ризалығым да қосылған болар. Ең бастысы бұл екі себеп те емес. 1991 жылдың қаңтар айында осы республикалық газеттерге бас редактор боп келген екенмін. Содан бері он спорт министрмен қызметтес болыппын. Жүрекжарды шындығымды айтайын, солардың ішінде газетке мемлекеттік маңызы бар сала деп қараған басшы аз болды. Мінез-әрекетінде кедір-бұдыр көп болғанымен газеттің рөлін марқұм Аманша Ақбаев терең түсініп бағалады. Одаң соң газетке, журналистерге ақылмен, парасатпен бағалай қараған жандар – Қаратай Тұрысов пен Қырымбек Көшербаев. Өзгелердің газетті ат-шанасы, ал журналистерді соған жеккен аттары санағанына осы 23 жылда қөргенім мен естігенім куә. Содан да болар, Талғат Ермегияев газетке осынша мән беріп, мәселе етіп көтергенде өлгенім тірілгендей болғаным рас.

...Газетті қайтарып алдық, Астанаға көшірдік, қазақшасын қайта аштық. Жеті жыл іште бұғып жатқан жігер мен құштарлық бөтелкеден сыртқа сытылған жындай, дүркіреген өмірге араластым да кеттім.

Әні-міне дегенше Лондондағы ХХХ жазғы Олимпиадалық ойындар жақындап келе жатты. Талғат Амангелдіұлы мені жиі қабалдып, көп нәрсе жайлы сырласатын болып алды. Бірақ, ешқашан «мынау жайлы жаз, жазба!» деп кесімді нұсқау берген емес. Әңгімелейді, пікірімді біледі, шәй береді, кері қайтарады... Бұрын газет шаруасымен жүгіріп жүргенде министр аталуының қабылдау бөлмесінің табалдырығын тоздырсам да ішке аттауым сирек болған басым қара жерден Ай планетасына көшкендей, қарық болдым да қалдым. Оның үстіне өзге бас редакторлардай «мұны қызметкерлерім жазсын» деп шіреніп жүру маған жат, кездескен жерде Олимпиадаға қатысы бар сұрақтарды қардай боратып, министрмен жүздесу секілді журналист жазғанға жылына бір тиетін бақытқа ай сайын шомылдым да қалдым. Енді сол сырласулардың қадау-қадау деген бір екеуін ортаға салайын. Әңгіме өзегін оқыған кезде сезінерсіз...

Олимпиада тым таяп келген кез. Кезекті кездесу. Мұндайда журналистің ауызына тыным болама? «Дайындық қалай, Талғатжан?» деймін сынай қарап. «Аға, мен бапкер емеспін, сондықтан әр спортшының даярлық дәрежесін дөп басып айта алмаймын. Мен бүгінде негізінен ұлттық құрамының стратегиялық шаруасымен шұғылданудамын. Олимпиадашыларды қаржыландыру толыққанды болды, олардың оқу-жаттығу жиындарын, ірі-ірі, аса маңызды Олипиада қарсаңындағы жарыстарға қатыстыру мәселелерін түгел шештік, оларға киім-кешек, құрал-жабдық, дәрі-дәрмек, фармакалогиялық қажеттіктер толық сатып алынды. Төрешілермен жеребе тастау мәселелері бойынша рұқсат етілген дәрежеде жұмыс жүргізілді. Мен спорт мекемесінің басшысы ретінде өзімнің бар міндетімді орындадым. Енді дәл солай спортшыларымыз өз міндеттемелерін орындасын!

– Талғатжан, әйтседе қанша алтын медаль ала алатынымызды анықтап айтшы. Ресми түрде «үш алтын медаль аламыз» дегеніңді естідік.

– Мен таяуда Қазақстан президентінің қабалдауында болдым. Нұрсұлтан Әбішұлы мені өте жылы қабылдап, кең отырып әңгімелесті. Журналистермен болған кездесуде үш алтын медаль аламыз дегеніммен мен президентке Лонданнан бес алтын медаль әкелуге уәде бердім.

– Қалай?!. Бес алтын медаль?! Ол қайдан келеді, жаным-ау?! Бұл жайлы Президентке уәде беру...

– Саспаңыз, ағасы, саспаңыз. Мен бұның бәрін ойдан шығарып отырған жоқпын ғой. Біз бапкерлермен бірігіп, әр спортшының мүмкіндігін қарадық, талдадық, ақыры осындай қортындыға келдік...

– Жоқ, Талғат Амангелдіұлы, бұныңыз бекер болған! Оның үстіне президентке айту... Ойбай-ау, бес алтын медаль қайдан келеді? Кім әпереді оны бізге?

– Аға, тек қана ауыр атлеттеріміз алты алтын медаль ала алады!

– Алуын ала алады ғой, бірақ соны бере ме?

– Сондықтан да ауыр атлеттерге аманат – 4 алтын медаль.

– Алла сақтасын!

– Аға, бұл менің президентке берген уәдем ғана. Ал, жоспарда қанша алтын медаль тұрғанын айтуға қорықтым...

– Президентке Олимпиададан бес алтын медаль әкелеміз деп уәде беру – нағыз жүрек жұтқандық! Біз, Қазақстан олипиадашылары, ең атқа мінген жылдары Олипиададан үш алтыннан көп алған емеспіз.

– Онда мен сізге айтайын, ағасы, біз Лондоннан жеті алтын медаль әкелеміз!

– Не? Не дедің? Валидол! Карвалол! Нитроглицерин!..

– Бұлардың ешқайсын жұтудың қажеті жоқ сізге. Талдау – терең, жоспар – нақты. Мұнан көп болуы мүмкін, аз болмайды!

– Талғат Амангелдіұлы, мына прогнозыңыздан мен қорқайын дедім. Құдай үшін, бұл жайлы ешкімге айтпашы.

– Сіз де ешкімге айтпаңыз.

– Жарайды, келістік. Тек Олимпиададан кейін осылай болып жатса және кітап жазсам – айтамын.

Министрдің кеңсесінен теңселіп шықтым. Мені теңселткен Талғат Амангелдіұлының батыл жоспарлары: елге айтқан 3 алтын медалі былай тұрсын, президентке уәде берген 5 алтын жүлдесі. Мықты деген белдің өзін қайыстырып қана қоймай, үзіп жіберетін міндеттеме?! Өзіне дейінгі дүниенің бәрін біледі деген Аманша Ақбаев, төрт құбыланың тізгіні қолында деген Темірхан Досмұханбетов, ұлы спортшы Дәулет Тұрлыхановтар жете алмаған жетістікке қалай жетпек?! Бұл не деген феномен өзі? Ақылы орнында ма осы жігіттің?!

...Лондонға ертең-бүрсүгіні аттанамыз деп отырған күндері спорт министрі журналистермен брифинг өткізді. Талғат Амангелдіұлы дәл осы күнге дейін белгілі болған ақпараттарды қысқаша баяндап берді:

– Әзірге 115 спортшымыз лицензия алды. Олимпиада қортысында 13 медаль жеңіп алуды жоспарлар отырмыз. Оның 3-і алтын!

Сөз тиген бетте менің әріптестерім көл шайқайтын сұрақтарды қарша боратты дерсіз:

– Сіз бір жерлерде үш, бір жерлерде бес алтын әкелеміз депсіз. Жеті алтын уәде берді дегенде сыбыс бар. Олай болмаса қызметтен кетем депсіз, сол рас па?

– Тағы да қайталаймын: біз он үш медаль жеңіп алуды жоспарладық, оның 3-еуі – алтын.

– Жақсы, алтын жүлдеден үміткерлер кімдер?

– Сегіз ауыр атлеттің бесеуі алтыннан үміткер. Дайындықтары өте жақсы, психологиялық кедергіден өте алғаны алтын алады!

– Дегенмен... Егер айтқан жоспарыңыз орындалмай қалса қызметтен кетесіз бе?

– Келіңіздер, былай келісейік. Егер Лондонда үш алтыны бар он үш медаль ала алмасақ, осы сұрақты маған сол кезде қойыңыздар. Жауапты да сол кезде аласыздар! Ал, қазір бәріңізге рахмет, осымен брифинг аяқталды!

Кездесуден риза болып шықтым. Әшейінде езуінен қүлкі кетпейтін, жұмсақ мінезді Талғат Ермегияев бұл жерде тастай сенім, өзі жоспарлары, жұртқа хабарлаған ақпаратының тағдыры үшін басын беруге бар басшы ретінде танылды.

Аттандық Лондонға! Олимпиада салтанатты түрде ашылды. Қазақстан спортшылары бұл ашылу кезінде әдемі көрінді. Салтанатқа мемлекет басшысы Н.Назарбаев та қатысып отырды. Содан кейінгі бақытты күндер өң емес, түсіміздей, бір-бірін қуалап, жетіп жатты Туған жерге...

Бірінші бақыт. Ертеңіне тас жолға велобәйгешілер шықты. Әлемдегі теңдесі жоқ абыройлы жеңіс саналатын бұл велобәйгені өзіміздің қарт Қызылжардың түлегі Александр Винокуров ұтып алды! Кешкісін «Қазақ ауылында» жиналдық. Тойға жиналған мың адам арасында риясыз қуаныштан жүзі бал-бұл жанып, спорттық формамен шауып жүрген Талғат Ермегиявты жолықтырдым. Екі езеуі екі құлағында, кеудесі шалқақ, сөзі тастай: «Қазақстан халқы біздің бұл Олимпиадаға қалай дайындалғанымыздан хабардар. Міне, соның алғашқы жемісі. Ешкім Винокуровтың жеңісін кездейсоқ деп ойламасын!».

Талғат Амангелдіұлының шешендігіне қайран қалдым. Сұраққа да, жауапқа да қиналмайтынын білетінмін. Дегенмен, Олимпиаданың беташар күні айда аспанға шығарып тұрған елдің спорт министрі не дер екен деген ереше қызығу жер қайысқан жанның бәрінде болды. Соларға жауабы қандай сәтті болды, спортшыларша киінген бала басшының. Әсіресе, бұл Жеңістің ел еңсесін көтеруге, халық қуанышын еселеуге, Отанымыздың әр жанын бақытты етуге берер әсерін тап басып айта білді сабазың.

Екінші бақыт. Ертеңіне темір қөтеруден Зульфия Чиншанло чемпион болды. «Қазақ ауылында» той жалғасты. Айтылған мың сөздің тобықтай түйінін Талғат Ермегияевтан естідім: «Достар! Бүгін мемлекет басшысының және республика Парламентінен құттықтау жеделқатын алдық. Телефон, телефакс арқылы құттықтап жатқан жандар қаншама?! Халқымыз қуаныштан теңселіп тұр, достар!»

Үшінші бақыт. Зіл көтерудің екіші күнінде де Қазақстан туын ең биікке көтерген Майя Манезаны «Қазақ ауылында» қарсы алғандар  қарасында есеп жоқ. Құшақтаулар, шөп-шөп сүйісулер, өрттей ыстық дем, жеделхаттарды оқулар таң атқанша созылады дегенбіз.

Сол кештен құлақта қалған қымбат сөз мынау болды. Т.Ермегияев: «Майя жеңген бүгінгі күн – биік белеске шыққан күн. Бүгін біз елге, президентке берген уәдемізді орындадық. Яғни, үш алтын медальды жеңіп алдық!». ...Жиналғандардың жанарындағы тамшы жастар жарқ-жұрқ еткен шамға шағылысты. Шын қуаныштан шын жас шығады екен. О, Жаратқан, береріңді тауыспа!

Төртінші бақыт. Ауыр атлетика помостында зілтемірге қоса кешегі командалас құрбылары Заболотная мен Евстюхиналарды бір-ақ «көтерген» Светлана Подобедованың жеңісі Лондонды төнкеріп кете жаздады. Бұл кеште Т.Ермегияев ғажап төрт ауыз сөз айтты: «Қымбатты, Светлана! Сен бүгінгі чемпиондығыңмен қоса ел рекордшысы атағын да алдың. Егемен Қазақстан тарихында бір Олимпиададан төртінші алтын алған рекордшы сенсің. Құттықтаймын және Алғыс айтамын! Достар! Зілтеміршілердің құрама командасының бапкерлері Алексей Ни мен Энвер Түрклериге ерекше құрмет қөрсетемін. Бүгін помостта нағыз бапкерлердің Олимпиадалық шайқасы өтті. Қандай тактикалық «ойын» болды десеңізші?! Сол шайқаста Сіздер жеңіп шықтыңыздар. Сіздерге рахмет және бас иемін! ...Біз ауыр атлетикадан ғана үш алтын медаль алдық. Бұл да жеңістің соңы емес. Мұның бәрі жоспарланған жеңіс. «Өтірікшінің куәсі жанында» деуші ме еді?! Міне, менің куәм Алексей Ни. Біз күніне екі рет кездесіп, бар жағдайды талқылап жүрміз. Бұйыртса, ертең тағы жиналамыз осы «Қазақ ауылында», достар! Бәріңізге рахмет! Жаратқанның мені Отаным мен Халқымның Бақытты болған күніне куә қылғанына тәубә етемін!»

Талғат Ермегияев көпшілік алдында жылап жіберді.

Бесінші бақыт. Илья Ильиннің Олимпиададағы бұл жеңісі тура бір Айды көлегейлеп, Күнді ұялтқандай құдіретті болды. Бұл күні Лондондағы бүкіл Олимпиада тоқтай тұрып, Ильяның ғажап жеңісіне тамсанғандай, қол соққандай әсерде болдық. «Қазақ ауылдағы» той кешінен екі-ақ сәтті су бетіне шығарамын. Т.Ермегияев: «Илья, қымбаттым! Құттықтаймын! Сен бір мемлекет – Қазақстан тарихындағы екі дүркін Олимпиада чемпионы атанған тұңғыш әрі жалғыз атлетсің! Сен – дарасың! Саған бұл жеңіс оңай келген жоқ. Бұл Олимпиада тұғырына сенің қандай тар жол, тайғақ кешумен келгенің менің көз алдымда. Сен жеңдің! Әуелі өзіңді жеңдің! Содан соң әлемнің бар мықтысын тізерлеттің! Сен ғажап атлетсің, ғажап адамсың, ғажап спортшысың!»

Илья Ильин: «Талғат Амангелдіұлы! Сізге елден ерекше рахмет! Осы Олимпиадаға даярлық кезеңінде мен Сіздің арқаңызда ешқашан ештеңеге алаңдамай жаттықтым. Білесіздер ме, достар, мен Талғат Амангелдіұлымен былтырдан бастап тізе қосып жұмыс жасай бастадым. Ол – уәденің адамы! Айтты ма, орындады дей беріңіз. Нағыз басшы! Қарапайым, мейірімді, қамқорлығы мол, кез-келген сәтте жолығып, сені тыңдайтын әрі іс шешімін дөп табатын министр! Көрдіңіздер ме, бүгін біз Талғат Амангелдіұлы екеуміздің Отанымызға қандай Жеңіс сыйлағанымызды?!!»

...Лондан төріндегі бұл кешті мен жүргізіп отырғанмын. Министр мен спортшының бір-біріне деген қылаусыз сыйы, құрметі жүректі ерекше дірілдітіп, келесі кейіпкерге сөз беретін кезде дауысым жарықшақтанып, тұла бойды баураған ризалық сезім денені балқытты.

Алтыншы бақыт. Үш қарғып барып Олимпиаданың алтын медалін қағып түскен Ольга Рыпакова «Қазақ ауылына» келіп кездесу өткізгенше Қазақстанда таң сарғайып қалған еді. Бірақ Лондондағы бірде-бір адамның қалта телефоны тыным алған жоқ. Бүкіл Қазақстан аяғынан тік тұрып, чемпиондарға қол шапалақтап тұрғандай әсерде жүрміз. Бір таяп қалғанда министрдің құлағана сыбырладым: «Талғатжан, Қазақстан мол бақыт құшағанда! Енді не арманың бар?!». «Аға, білесіз ғой ендігі арманымды, кеше де айттым, бүгін де қайталаймын... Соған жетсек!». «Білемін, білемін, Талғатжан! Сенің еңбегіне халықтың осы ниетіне құдай береді тілекті. Әмин де, айналайын!». «Әмин, аға!».

Рыпаковаға арналған кештегі Талғат Амангелдіұлының бал-бұл жанған жүзін әлі ұмытпаймын: ол бүгін министр ретінде бақытты еді; бүгін ол Қазақстан Азаматы ретінде бақытты еді; бүгін ол шын бақыттыдан да бақытты еді!

– Ольга! Қайталанбас Ольга! – деді Т.Ермегияев сөз алғанда. – Сенің бүгінгі жеңісіңнің арқасында Қазақстан ұлттық құрамасы өзінің алтыншы медалін жеңіп алды. Әрі оның алтауы да алтын! Бұл табыстар бүкіл әлемге Қазақстанның қаншалықты экономиқалық, әлеуметтік қарыштап дамып отырғанын дәлелдейді!

Жетінші бақыт. Жетінші бақыт! Қандай керемет! Қандай тәтті! Қандай көп боп күткен бақыт! Бұл күні бүкіл Қазақстан халқымен бірге біздің де – менің де, Талғаттың да, Сіздің де армандарыңыз орындалды.

Серік Сәпиев «Қазақ ауылына» келген бетте бұл Лондондағы Олимпиаданың соңғы жүздесуі болды. Кездесуді жүргізу бақыты тағы маған бұйырды. Қуаныш пен бақыттан есіміз кіресілі-шығасылы боп жүрсек те, той кешін қатқан заңға сәйкес Талғат Ермегияевке сөз беруден бастадым. Талғат Амангелдіұлы сөзін салмақты оймен аяктады: «...Бүгін мен Қазақстандық спортшыларды Лондондағы ғаламат жеңісімен құттықтай отырып, бәріне зор алғыс білдіргім келеді! Бұл жеңіс ел президенті мен үкіметінің зор қамқорлығына қоса біздің спортшылардың жанкешті ерлігі, спорт түрлері бойынша федерациялардың министрлікпен тонның ішкі бауындай тығыз, бірлескен жұмысының арқасында келді. Енді біз Пекиндегі жалпыкомандалық 29-орыннан 12-орынға бір-ақ секірдік. Біздің бұл табысымызға әлемдегі төрт миллиардтан аса жан куә болды: туымыз 13 рет желбіреп, Әнұранымыз жеті рет шырқалды. Қазақстан спорты үшін жаңа меже – жалпыкомандалық 12-орын дүниеге келді. Халық арманы, Президент тапсырмасы орындалды! Ендігі міндет – осы биіктен төмендемеу!»

...Олимпиада аяқталды. Жеңіс буын ұшақ етіп мінген бәріміз елге қарай қанат байлап ұштық. Ортамызда Отанға сол жеңістерді сыйлаған оғланлар, жеңіс жоспарын құрған бапкерлер мен басшы-бағландар бар. Ал, алдымызда осы Олимпиада Жеңістерінен осы ұлу жылының жайдары жазында шын бақытты болған Қазақстан халқы күтіп отыр еді!

Содан бері үш жыл өтіпті. Рио-де-Жанейродағы кезекті жазғы Олимпиада да есік қағып, терезеден сығалап тұр. Спортшыларымыз сол бір биік нәтежеден төмен түспеу үшін жанын салып даярланып жатыр. Халық та, бір сәт, осы жылдары көрген киындық атаулыларынан серпіліп, сол Олимпиада кезінде ел болып қуанамыз деп алақандарын ысқылап отыр. Тек, ұлттық құрамының аты аңызға айналған тізгін тартушысы Талғат Ермегияев болмайды бұл жолы іс басында... Осы Олимпиада қорытындысына орай жазған «Золотой Олимпийский маршрут» атты кітабымда ел спортына «Жеңімпаздық ілім» әкелген, «Жеңімпаздық мектеп» қалыптастырған қайраткер» деп ат қойған Азамат бастамайды команданы... Осыдан үш жыл бұрынғы Олимпиадада Жеңістен алтын жауын жаудырған іскер ұлды сағындым мен де. Спортшылар да алаңдаулы секілді. Халық та бөркін аспанға атуды аңсап отыр. Халқына қуаныш, бақыт сыйлағаннан асқан абырой бар ма екен Азаматқа?! Сондай Азаматын дүбәрә дауға бермес болсашы! Сондай Азаматтың алтын басын қор етпеші, Жаратқан! Сондай Азаматын бағалай алар болсашы, Қазақ қоғамы! Бәрінен бұрын Құдайдың көзі түзу болсашы!

Әмин!

 

Несіп ЖҮНІСБАЙҰЛЫ, Лондон Олимпиадасының шежіресішісі,

журналист-жазушы.

Астана қаласы.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1470
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3245
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5407