ҰЛЫ ЖІБЕК ЖОЛЫНЫҢ ЖАҢАША ЖАҢҒЫРУЫ
Мыңдаған жылдарды қамтитын тарихы бар Ұлы Жібек жолының қазақ жеріндегі көне сүрлеуі біздің дәуірімізде жаңаша түр-сипатпен жаңғыруда. Ол ең әуелі халықаралық қарым-қатынасқа кең жол ашуымен ерекшеленіп, ежелден батыс пен шығысты жалғастырған бұл соқпақтың бойы бүгінде ғасыр құрылысы дерлік ірі-ірі индустриялдық-инновациялық жобаларды жүзеге асыру алаңына айналды. Сонымен қатар, Ұлы Жібек жолының жаңаша жаңғыруын дүниежүзі халықтарына насихаттау Қазақстан – ҚХР мемлекеттері арасындағы саяси, мәдени байланыстар мен іс-шаралардың арқауына айналды деп жазады "Жетісу" газетінің Панфилов ауданындағы меншікті тілшісі Мырзағали Нұрсейіт.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жақында ҚХР-ға сапарлап, Қытай – Жапон соғысы жеңісінің 70 жылдық мерекесіне құрметті қонақ ретінде қатысуымен қатар, осы елде бірнеше мемлекет басшыларымен және ҚХР Үкіметімен келіссөздер жүргізді. Осы басқосуларда Ұлы Жібек жолын жаңаша жаңғырту мен оның Азия және Еуропа мемлекеттеріне саяси, экономикалық және әлеуметтік тигізер пайдасы негізгі әңгіме арқауына айналды десек те болады.
Ұлы Жібек жолы бойындағы осыдан жүздеген жылдар бұрынғы елдер арасындағы сауда қарым-қатынасын сипаттайтын түйелі керуеннің 4 қыркүйек күні «Қорғас» кеденінен салтанатты түрде Қазақстанға өтуі де сол көрші елдегі тиімді келіссөздерге көрсетілген ілтипат іспетті.
Елді елеңдеткен қызықты халықаралық оқиғаны өз көзімізбен көру үшін Қорғас қақпасында тұрмыз. Тағатты тауысқан керуеннің ақ атаны бастап сәскеде кеденнен өтіп, Қорғас ауылындағы қонақтарды қарсы алуға жиналған қалың нөпірге беттеді. Көрші елден келген керуенді қонақтарды облыс әкімінің орынбасары Бақтияр Өнербаев, Панфилов ауданының әкімі Бердәулет Абдулдаев бастаған ел азаматтары күтіп алды.
Айнала киіз үйлер тігілген, алтыбақан орнатылып, жиын алаңы жасақталған жайда, алдымен дүбірлеген үлкен тойдағы қызыл- жасыл киінген қыз-жігіттер думанын Д. Рақышев атындағы халық театрының әртістері бейнелеп, керуенді күтіп алған қазақ ауылының көрінісін қонақтар мен аудан тұрғындарына тамашалатты. Ұлтымыздың салтымен ұлы іске ауыл ақсақаланың ақ батасы беріліп, жаркенттік Тоқан ақын қонақтарға арнап жырдан шашу шашты.
Қазақ хандығының 550 жылдық тойына арналып, «Достық және ынтымақтастық» деп аталған Қытай – Қазақстан керуенін күтіп алудың салтанаты осылай басталып, халықаралық оқиға куәгерлерін құттықтау рәсіміне ұласты.
Төрге орнаған сахнадағы алғашқы құттықтау сөзді алған облыс әкімінің орынбасары Бақтияр Өнербаев екі ел арасындағы ынтымақтастық пен достықтың, саяси, экономикалық қарым-қатынастың жыл өткен сайын маңызы артып, оның елге көптеген игіліктер әкеліп отырғанын тілге тиек етіп тұрып, Қазақ хандығының 550 жылдығы мен Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдық тойының құрметіне көршілес ҚХР елінде ұйымдастырылған бұл керуен бір ай мерзімде Жетісу жерін басып өтіп, Тараз қаласында өтетін Ұлы тойға аспан асты елінің сәлемін жеткізетінін баяндады.
Келесі кезекте сөз сөйлеген осы керуеннің жетекшісі, қытай еліндегі шай компаниясының президенті Мо Хенгуанг негізінде Ұлы Жібек жолының біздің дәуірімізде қайта жаңғыруын насихаттайтын бұл бастаманың өткен жылдың қыркүйек айында Шэньси провинсиясында жасақталып, жолға шыққанын айтып Қазақ хандығының 550 жылдығына орай Жаркент – Алматы – Қордай – Тараз бағытымен сапарға шыққанын жеткізді. Қуанышпен қарсы алған қонақжай елге риясыз алғыс сезімін білдірді.
Жиында «Халықаралық мәдениет және ынтымақтастық – жаңа Жібек жолы академиясының» ресми өкілі Ақтам Байтұрсынұлы да сөз сөйлеп, жаңа дәуірде Ұлы Жібек жолын насихаттаудың мәнін түсіндірді. Халықаралық интеграциядағы оның маңызына тоқталды.
Салтанаты жиыннан соң Жаркент өңірінің өнерпаз өрендері үлкен мерекелік концерт көрсетіп, соңынан қонақтар киіз үйлерде қазақтың қонақжай дастарқанынан дәм татты. Қазақ жеріне жұмада жеткен керуен сейсенбіге дейін Жаркент өңірінен өтіп, жол-жөнекей жергілікті халықпен кездесулер ұйымдастырмақшы. Жетекшісі шай компаниясының президенті болғандықтан, өз сусындарын жарнамалау да ойларында бар.
Алматы облысы.
Abai.kz