Жұма, 22 Қараша 2024
Бұ не мазақ? 7065 0 пікір 1 Қыркүйек, 2015 сағат 09:06

ХАЛЫҚТЫ КӘМПИТПЕН АЛДАУ...

Білгіштеріміздің бәрі қателесіп жатыр – қаржы саясатына келгенде. «Мықтының мықтысы» деп әспеттегендеріміздің болжамдары босқа кетті. Жорамалдарының «жолға түсіп», төрт аяғымен тең басып кетіп жатқаны және жоқ.

Өткен шілденің он бесі күні Астананың қақ төрінде баспасөз мәслихатын өткізіп, қаржы саясатын «шемішкеше шаққан» Ұлттық банк төрағасы Қайрат КЕЛІМБЕТОВ: «Дәл қазіргі кезде доллардың теңгеге шаққандағы бағамы 187 теңге болып тұрса, алдағы уақытта да пәлендей өзгерістер бола қоймайды, - деген еді, - өйткені американдық долларға деген сұраныстың күрт жоғарылауына негіз бола қоятындай қандай да бір себеп-салдарды өз басым көріп тұрған жоқпын. Сондықтан да біздің теңгеміз шамамен осындай диапазон мөлшерінде орнығып қалады, ал болашақта бір доллардың 190 теңгеге дейін көтерілуі әлбетте әбден мүмкін, алайда жақын арада, дәлірек айтқанда, алдағы бір-екі тоқсан ішінде мұндай өзгерістер орын алмайды...»

Осылай деп бас банкиріміз ресми түрде мәлімдеме жасағаннан кейін «бір-екі тоқсан» емес, небәрі отыз бес күн өтті ме, өтпеді ме – елімізде теңге мен доллар тайталасы бұрқ ете қалды. Нәтижесінің не болғанын «ақша санай алатын адамдардың» бәрі жақсы біледі. Осылайша бас банкир болжамының күлі көкке ұшты. Мұндай «мағынасы майысып» кеткен мәлімдемелерден кейін өзін кәдімгідей-ақ сыйлай білетін қаржы саласының көзі ашық кез-келген басшысы отставкаға кетсе керек еді, бірақ Келімбетов қыңқ етпеді. ХОШ дейік.

Елімізде жас та болса бас болып, экономиканың да, басқаның да тәп-тәуір дәмін татып үлгерген Ерболат ДОСАЕВ деген мықтымыз бар еді, бұ кісі де «сөзінен жаңылды» – болашаққа болжам жасаймын деп. Еліміздің өткен жылы ғана жаңадан құрылған Ұлттық экономика деп аталатын жап-жаңа министрлігінің жап-жаңа тізгінін министрлік құрыла сала қолына алған Досаев та «көштен қалғысы» келмей, теңгенің тағдырына байланысты өз жорамалдарын жасап тастаған еді. Келімбетовтен қалыспады – былқ-сылқ етпей, әңгіменің ашығын былай деп айтқан болатын: «Ертең немесе бүрсігүні, тіпті жақын болашақта девальвация бола қояды деген ақпарат жоқ, - деді ЕРБОЛАТ мырза дәп бір өзіне біреулер девальвацияның болатынын, я болмайтынын арнайы хабарлап отыратындай ыңғай тынытып, - сондықтан да менің сіздерге айтарым - девальвация  әзірге болмайды. Әзірге. Тіпті жақын болашақта да бола қоймайды...»

Оның және бір айтуына қарағанда, еліміз Үкіметі Ресей Федерациясындағы экономикалық ситуацияларға кірпік қақпай қарап, оған тіпті ара-арасында өзіндік сараптамасын да жасап отырған көрінеді. «Ресей 2014-ші жылы өз экономикасын 0,6 пайызға көтеріледі деп жорамалдап еді, алайда соңғы кездері әртүрлі халықаралық агенттіктер мен түрлі қаржы ұйымдары бұл көсеткіштің бұдан төмен екендігін айтып жатыр.  Осыған орай біздің Ұлттық банкіміз Үкіметімізбен бірге Ресей рублінің қай бағытқа қарай күшейетінін немесе әлсірей бастайтынын дер кезінде түсіне қою үшін барлық қажетті іс-шараларды қазірдің өзінде қолға алуда» - деді Досаев.

Бұл – Ұлттық экономика министрінің осыдан он айдай бұрын, дәлірек айтқанда өткен жылдың оныншы қазаны күні арнайы брифинг өткізіп, қадап-қадап тұрып айтқан әңгімесінің бір үзігі ғана. Әңгімесінің аңысына қарайтын болсақ, министр Досаев сол кездің өзінде-ақ төл теңгеміздің Ресей рубліне «жалтақтап» отырғанын ашып-ашып айтып тастапты. Себеп?

Себебін айта алмады. Өйткені өзі де білмесе керек, біздің байқауымызға қарағанда. Екі мың он үштің ақпанындағы девальвациядан кейін есін әрең-әрең жиған Ұлттық экономика министрі мен Ұлттық банк төрағасының халықты дәл осылайша алдаусырата сөйлеуі рас, «баланы кәмпитпен» алдағандай әсер қалдыратыны жасырын емес. Тіпті сондай әсер қалдырды да. Содан бері де міне, көп уақыт өткен жоқ – девальвация дауылы қайта айналып соқты. Теңгенің тағдыры қыл үстіне байланып, американдық доллардың «мұрты аяқ астынан тікірейіп» шыға келді. «Ақшаларыңызды теңгемен сақтаңыздар» деген Келімбетовтің «келелі» сөздеріне сеніп қалған талай қазақстандықтың ақ тер, көк термен жиған ақшасының салмағы қаңбақ салмағындай «жеп-жеңіл» болды да қалды. «Үкімет пен Ұлттық банк тиісті іс-шаралар жүргізіп жатыр» деген ДОСАЕВ мырза сол іс-шаралардың қандай іс-шаралар екенін аталған әңгімесінде ашып айтқан жоқ еді. Демек, ол да бос сөз деген сөз. Аты аталып, түсі түстелмеген соң бос сөз деп айтуға әбден болады.

Ал енді не болды? Байқауымызша, ештеңе де болмаған сияқты. Сол Келімбетов, сол Досаев. Бірі - осыдан бір ай бұрынғы болжамдарының күлінің көкке ұшқанына қарамай, халықты тағы да «кәмпитпен алдауға» көшсе, екіншісі - сол «кәмпиттердің қағазын орауға» кіріскен сыңайлы.

Бір қызығы - екеуінің де басшылық жасап отырған мекемесі ҰЛТТЫҚ деп аталады: Ұлттық экономика. Ұлттық банк.

Марат МАДАЛИМОВ

Abai.kz

 

 

 

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1460
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3226
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5282