Сенбі, 23 Қараша 2024
Алашорда 9459 0 пікір 10 Тамыз, 2015 сағат 16:12

БІРТҰТАС ҚАЗАҚСТАН ЖӘНЕ ТӘШЕНЕВ

«Егер қазақ біреудің алдында борыштар болса, ол алдымен Ж.А.Тәшеневтің алдында борыштар»

Қазақ КСР КПОК-нің бұрынғы 1-ші хатшысы И.Юсупов

Бүгінгі еліміздің ұн экспорттаудан бірінші, ал астық экспорттаудан алдыңғы бестіктің қатарына кіруіне негіз болған, жарты ғасырдан артық тарихы бар «Тың және тыңайған жерлерді игеру» жобасының 1954-жылы басталғаны белгілі. Қазақ жерінің құнарлы топырағынан астық өндіру патша өқіметінің кезінде-ақ жоспарланған. Осы мәсәлеге қызыл үкіметті құрушы В.И. Ленин де қатты қызығушылық танытқандықтан, біздің жерімізден тың игеру Ұлы Отан соғысының алдында – ақ күн тәртібіне қойылды. Астық өндірумен бірге, Қазақстанды одан сайын отарлау үшін мұжықтарды жаппай қоныстандырудың төте жолыда болғандықтан, КСРО-ның стратег басшылары осы жобаға қаржыны аямай салды.

Осынау өте үлкен, ауқымды жобаны іске асыру үшін «антипартиялық топтың» қарсылығына қарамай өкімет басшысы Н.С.Хрущев «халықты азық-түлік тапшылығынан құтқарамыз» деп, КСРО-ның соғыстан кейінгі жинаған бар байлығын тың өлкесіне (6 облысқа) үсті-үстіне төкті. Бұған дейін ауыл-шаруашылық техникалары жетіспегендіктен, егіске мал күшін пайдаланып келген қазақ жеріне, оның ішінде жаңадан құрылған мыңдаған совхоздардың әрқайсысына элеваторлар, МТМ-дар, т.б. салынып, жүздеген мың жүк және жеңіл машиналар, тракторлар мен комбайндар , миллиондаған техника құралдары әкелінді. Бұдан басқа шығындары өз алдына бір төбе. Тың игеру барысында көптеген қалалар бой көтерді. Өнеркәсіп орындары көптеп салынды. Бүкіл ауыл-аудандарды байланыстырған тас жолдардың ұзындығы 14 еседен асты, теміржолдардың ұзындығы 2,5 мың шақырымға өсті.

Тың игеру Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық жағдайының артуына ықпал жасады. Игілігімен қатар ТЖТЖИ-дің зардаптары мен көлеңкелі жақтарының да аз болмағаны шындық. Тың игеру жылдары бүкіл КСРО-да 42- млн. га тың жер жыртылса, оның ішінде Қазақстанда 27 млн.га жер жыртылды. 1954 ж – ақпандағы съезде тың игеруге қарсы болған Ж. Шаяхметовты орнынан алу үшін орынсыз сынаған КПСС ОК-нің өкілдеріне жалғыз қарсы шыққан Ақтөбе облысының партия комитетінің экономист жас бірінші хатшысы Жұмабек Тәшенев 1953 ж – күзде Мәскеуде өткен Одақтық партиялық кеңесте тың игерудің әлеуметтік-экономикалық жағынан маңыздылығына ерекше тоқталып, қуаттаған еді.

Сондықтан да Н.Хрущев 1954 ж – күзде тың игерушілердің тұңғыш жиынында: «ТЖТЖ-дің көш басшысы, инициаторы-Ж.А.Тәшенев» деп құрметтеп, араға біраз ай салып, басқа да үздік жетістіктерін бағалап, ҚР Жоғарғы Кеңесінің Төралқа Төрағалығына Тәшеневті ұсынып, сайлатты. «Күн көсемдер» бұл ретте айтқандарынан шықпайтын, қолшоқпар, әрі іскер кадрлар тәрбиелегісі келді. Бірақ, қазақ жеріне осыншама Атымтай жомарттық танытқан Н.С.Хрущевтің саясатының зымияндығы да күннен-күнге айқындала берді. Астықты аймақты Ресейге біржолата қосып алу үшін орталық-теріскей алты облыспен (Торғай, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Көкшетау, Ақмола, Павлодар) бірге Қарағандының солтүстік бөлігін біріктіріп, мемлекет ішіндегі мемлекет «Тың өлкесін» құрды. Астанасы – Ақмола қаласы болған тың өлкесінің өз алдына партия комитеті мен атқару комитеті, тікелей Мәскеу тағайындаған 1-ші, 2-ші хатшылары, төрағалары және өз алдына бюджеті болды. Тың өлкесіндегі осы облыстарда қазақ тіліндегі барлық облыстық, аудандық газеттер жабылып, олардың орнына бір ғана «Тың өлкесі» газеті пайда болды ( Ақиқат № 8,2010). Казақ КСР – індегі қазақ мектептерінің көптеп жабыла бастағанын айтпағанда, орыс мектептеріндегі қазақ тілі пәні керексіз деп қысқартылды.

Ең сұрқиясы – Республика басшыларына бағынбауы үшін жергілікті билікті уысына ұстаған совхоз директорларын тікелей Кремль таңдап, жасақтап жіберіп отырды. Олардың көбі – азулы генералдар мен полковниктер, зауыттар мен фабрикалар басшылары еді. КСРО-ның ауыл шаруашылық министрі В.В.Мацкевичті тың өлкесінің атқару комитетінің төрағасы ғып тағайындады. ­Өкімет басшысы Никита Сергей ұлының:- Мен патшалық Ресей 200 жылда істей алмағанды екі-ақ жылда істей алдым»,- деуі тегін емес. Көкшетау облысындағы Горкий атындағы совхоздың директоры Н.Ф.Козинец совхоз құрылғаны жөніндегі актіге «Мен, Көкшетау облысындағы №5-совхоз директоры Козинец, СССР совхоздар министрлігінің №260-шы бұйрығына сәйкес жерді және ондағы бір шоқ қайыңды қабылдап алдым», деп жер тәңірісі сияқтанса, Хрущевта екі сөзінің бірінде «бұл ұлан-ғайыр – дихан қолы тимеген жер. Адам баласы баспаған ұшы-қиыры жок дала» ,-деп астамсыды.

Арқаны ата қонысым деп еркін жайлаған қазақтың бұл жерлері өте ежелден-ақ өнер-мәдениеті дамыған, бай тарихы бар өлке болатын. Ол туралы ғұлама ғалым Әлкей Марғұлан еңбегінде: «Есіл, Нұраның арасындағы үлкен айдын – Тоғаныстың тоқсан екі көлі ноғайлы, қазақтардың жойқын егін салған жерлері. Қызылмола, Ақмола, Сұлутам, Сырлытам, Хан сүйегі – солардың жәдігерлері. Қорғалжын өзені территориясына келгенде ежелгі және орта замандық суару каналдарына көңіл аудардық. Бұл аудан жер игерушілердің орталығы болды.», – деп тарихи деректермен түйіндеген. Сәулетті қалаларымен, өнер – мәдениетімен, жерінің асты – үсті байлығымен және мыс т.б. металдарды өңдеген, әлемдегі тұңғыш металлургияның отаны болумен бірге қол өнерімен, саудасымен аты шыққан Арқа жеріне 13 – ғасырдан-ақ орыстар тұрмақ, еуропа елдері сұғанақ көздерін қадай бастаған. Сондықтан олар стратегиялық маңызды аймақтарымызға қатты қызығып, саяхатшы – зерттеуші, тыңшыларын жіберіп отырды. 5-7 – ғасырларда Ақмола аймағы түркілердің көп жылқысымен даңқы шықса, қазіргі археологтар Қызылжар мен Көкшетау өңірінде қоныстанғандар осыдан 5 мың жыл бұрын жылқының сүйегінен коньки де жасап, алғаш жылқыны қолға үйретіп, үзеңгі мен ауыздықты ойлап тауып, өркениетке үлкен үлес қосканын дәлелдеді. Ал, бұларды Шығыс Түркістаннан Каспий теңізіне дейінгі аралықта шеңбердей дөңгелек молалары каптап жатқан бұрынғы өткен Мықтар ма деп айтуға толық негіз бар.

Тың игерушілердің алғашқы жиынындағы Ж. Тәшеневтің баяндамасында «Мықты» сөзі бірнеше рет қолданылса, Әнұранымызда да «мықты ғой!» сөзі қайта – қайта қайталанады. Осыларды сөз сабақтастығы, ұрпақ жалғастығы демей не дейміз?! Әулие Мәшһүр Жүсіп – Ертеде Арқада Мық деген жұрт өмір сүргенін айтып, зерттеу еңбектерінде жазып кеткен. Совхоз директоры болған Козинецтің сөзінен қазақ өкіметінің бүйрығы да, үкімі де жоқ екені көрініп тұр. Бір жылда 1954- 55- жылдары тың өлкесінде 337 жаңа астық совхозы құрылса, келесі жылы Қостанай облысында ғана 200-ге жуық осындай совхоздар құрылды. Тың игеруді желеу етіп, 1954-1960-жылдары 2млн-нан астам славян тектілер қазақ жеріне көшіріп әкелінді. Олардың көбі сотталғандар мен шовинстер еді. Оларға материалдық көмек көрсетілді.Тыңға келгендер көп ақша алып күйленіп, үйленгісі келгенде Хрущев ВЛКСМ-ға тапсырма беріп, оларға 25 мың қыз жіберген. Осы келімсектердің кесірінен өз жерінде қазақтардың үлесі 30 пайызға да жетпей қалса, солтүстік облыстарда өз ұлтымыз 10 пайыз шамасында ғана болса, кей аудандарда бұл көрсеткіш 1 пайызға да жетпейтін еді.

Тың игеру науқанына өз еліміздің жастары мен жас механизаторлары да ерекше серпін берді. Алматы қаласының өзінен ғана 2,5 мың жас тың игеруге аттанды. «Қазақстан энциклопедиясы» (8-том, Алматы 2006ж.) : «Тың өлкелік партия комитетінің 1-ші хатшысы Соколов 1960 ж – Ақмоланың атын Хрущевград деп өзгертіп, тың өлкесін Қазақстаннан бөліп алып, тікелей Одаққа қарайтын өлке ету туралы ұсыныс жасады. Ж.А.Тәшенев Республиканың саяси-экономикалық дамуына басшылық жасаған жылдары қазақ мемлекетінің аумақтық тұтастығының сақталуына көп еңбек сіңірді. Манғыстауды Түркіменстанға қосу жөніндегі ұсыныстарға тойтарыс берді. Тың өлкесіне біріктірілген солтүстік облыстарды Ресейге, Оңтүстік Қазақстанның мақта егетін аудандарын Өзбекстанға беруге қарсы шықты», деп сол кездегі шындықтан қысқа ғана дерек берсе, осы оқиғалардың бел ортасында жүрген Әди Шәріпов – «Хрущев тың өлкесін Ресейге бағындырудың амалын іздеп, Саяси Бюроға қайта-қайта ұсыныс жасады. Республика басшылары бәрі дерлік тың өлкесін Ресейге беруге де, Орталыққа бағындыруға да қарсы болмады.

Қарсы болған жалғыз адам – Ж.А.Тәшенев. Халқымыздың тамаша, шұрайлы жерін бір қатерден аман сақтап қалғанының куәсі болғанбыз», – деп жазды естелігінде. Ал, Қазақ КСР КПОК- нің сол уақыттағы 1- хатшысы Д.Қонаев: «Әрбір нақты жағдайға әмір Мәскеуден түсетін. Онда қандай да бір аумақты басқа аймаққа қосу жөнінде үзілді – кесілді айтылып, ол өңірлерді ауылдардан, деревнялардан жылан жалағандай тазартудың мерзімі көрсетілетін. Бұл әмірлер сөзге келместен атқарылатын. Ол кезде Мәскеуге қарсы шығу мүмкін емес еді. Күйіп кететінсің. Өспейтін едің,» -деп заман шындығын жасырмай айтқан. Мұхтар Шаханов ширек ғасыр Қазақстанды басқарған Д. Қонаевтан: «Тың өлкесін Ресейге қосудан аман алып қалған Ж. А. Тәшенев, дейді. Сол распа? – деп сұрағанда Димекең: Ия. Ол кезде Ж. А. Тәшенев Қазақ КСР-ы үкіметінің төрағасы болатын, – деп (Жалын. 2008ж.№2) қысқа ғана жауап береді. Бұл кісінің сараң жауап берген себебі – Республика басшысы Д. Қонаевқа тың өлкесінің билеушілері сол жылдарда бағынбай кеткенін академик – бұрынғы сенатор Ғ. Есімов («Жалын» №11. 2009- ж) толық айтқан.

Алмағайып сол тұста тың өлкесіндегі совхоз директорлары тұрмақ, өлке билеушілері Т.Соколов, В.В.Мацкевич, Козловтарды, тіпті Кремльдіктерді де Тәшенев үнемі айтқанына көндіріп,дегенін істетіп,мемлекет иесі, жер иесі қазақтар екенін сөзімен де, ісімен де ұқтырып, аяқтарын қия бастырмады. Бұған қарап бұл кісіні орыс халқына қарсы болды деуге болмайды. Тың игерушілерге қолынан келген бар көмегін беріп, қайрат-күшін аямай жұмсады. Теміртауда болса да, тың игерілген ауылдарда жүрсе де сол жерлерден телефон арқылы Одақтас Республика басшыларының да осы істерге назарын аударып, сөзін өткізіп, қажетті кұрал-жабдықтарды алдырып отырды. Ворошиловты демалысы кездерінде ауыстырып, үш рет КСРО Жоғарғы Кеңесінің Төралқа Төрағасының міндетін атқарған Тәшеневтің таңғажайып қабілетін Одақ тұрмақ, шет ел де мойындаған шақ еді. 1959ж.Қытайға КСРО делегациясымен бірге барғанында миллиярд халқын жусатып, өргізіп, жеке басына табындырып отырған Маоның зілді сұрақтарына Н. Хрущьев, Ю. Андроповар жауап бере алмай, тығырыққа тірелгенде адуында, айбатты Жұмабек: Біз сендерге емтихан тапсыруға келген жоқпыз. Саяси келіссөз жүргізуге келдік! – деп ханьзу басшылығының арынын бірақ басқан. Ханьзуларды 200 жыл билеп, басқарып мемлекетік атауын (қидан, қытан – қытай болып аталып кеткені әлемге мәлім) қалыптастырған қазақ халқының алғашқы құрамасының бірі түрік текті қидандардың тарихын жақсы білген Ж. Тәшеневтің ханьзуларға өктем сөйлейтін табиғида, тарихида құқы бар еді.Жұмекең даланың үстірт жоталарын жөнсіз жыртқызбай, мал шаруашылығын да тиісінше дамытты. Еліміздегі барлық өндірістерді, сан салалы шаруашылықтарды барынша өркендетіп, түскен табысты ел игілігіне аямай жұмсап отырды. «Қазақстан магниткасының» іске қосылуына өлшеусіз үлес қосты.

1959 – жылғы осы Теміртау көтерілісін басуда шабан – жай қимылдады деп Кремль көсемдері тарапынан айыпталып, жазаға ұшырағалы тұрған қазақтан шыққан тұңғыш ішкі істер министрі Шырақбек Қабылбаевты өз үйінен Мәскеуге бір қоңырау соғып қорғап қалғанда, «Жазалаудың тағылық түрін қолданды» деп жұмысшыларға жан тартып, отаршыл өкіметтің бет пердесін ашып бергенде – Жұмекең еді! 1960 – жылы 26-шы қаңтарда Үкімет басшысы болған бетте бір жетінің ішінде он екі қазақ жігітін үкіметтің жоғарғы жауапты қызыметтеріне тағайындады. Елімізді басқарып, одан КСРО-ның жоғарғы басшылығына қол жеткізген Л.И. Брежнев Қазақ ҚСР-інің КП ОК-іне бұрынғы өз орнына І-және ІІ-хатшылыққа екі орысты Мәскеуден алып келгенін айтқанда басқалар үнсіз қалғанда, тағыда Ж. Тәшенев: І- ІІ- хатшылыққа қазақтарды жолатпау заңдылыққа айналды, бұл қазақтарды көзге ілмегендік, сенімсіздік таныту,- деп Орталықтың кадр саясатына наразылығын ашық айтып, Брежневтің өз сөзімен айтқанда оның «жүрегін жарып жібере жаздайды». Тәшеневтің бұл сөзі кейін өз басына оқ боп тисе де, осыдан кейін көп ұзамай Орталық кадр саясатын өзгертіп аудан, облыстардың, тіпті Республика тізгінін өз ұлтымызға бере бастады. Үкімет қызметкерлеріне арнап Алматының қақ ортасынан жаңа техналогиямен салынған үлкен, жаңа 121 пәтерлік үйді түгелімен тоталитарлық тар заманда ұлттық партияның рөлін атқарған қазақтың ақын – жазушыларына Алаш Орда үкіметінің бар міндетін қайыспас қара нардай жалғыз көтерген Жұмекең таратып берді.

Мемлекеттік Қауіпсіздік Комитетінің қызметкері, полковник Уәлихан Мұханов естелігінде : Жұмабек Тәшенев үкімет басқарып тұрғанда ешкімнен қорықпайда, қаймықпай «халық жауы» жаласынан арылмаған Мағжан Жұмабаевтың зайыбы Зылихаға Алматыдан салынған үйден баспана берді», деп сүйсіне жазды. Зиялы қауымға барынша қамқор боп өткен тау тұлға – Тәшенев қай уақытта да, қай қызметте отырса да қаулылар қабылдап, шешімдер шығарғанда ұлт мүддесін бірінші кезекке қойған! Кең қолтық қазекеңдер «Құр-аға» атаған Хрущевтің ақылға қонымсыз, «өзім білермендік» теріс әрекеттері өте көп болған ғой. Сол кезде әскери-экономикалық ерекше маңызы бар Ресей жері бүкіл Қырымды Хрущев Украйнаға қосқанда «ұлы орыстардың» шендісі де, шекпендісі де үн шығара алмаған. Тек, Қырым облыстық ПК І-ші хатшысы Д.Поленскийдің Қырымды Украйнаға берудің дұрыстығына күмән келтіргенін естіген Хрущев оны бірден жұмыстан босатқан. «Сталиннің түбіне жеткен Хрущев комунист деген сөздің мән-мағынасын толық түсінбейтін адам болатын. Ол – «партияға берілген», соның арқасында атақ-дәрежеге қол жеткізген мансапқор және нағыз тоғышар болатын.

Бірақ, ешнәрседен қорықпайтын көзсіз ерлігі мен батылдығы да бар еді»,- деп Ю.Мухин оны сипаттап берді.(«Жалын» №5 2008ж.) 1950 – жылдардың ортасында Арал теңізінің құрғап, тартылуының басы болған әрі мақта егістіктерін сорға айналдырған, мақтаны «шаршылап ұялау әдісімен» өсіріп, жаңбырлатып суаруға қарсы болғаны үшін кезіндегі КСРО министрі болған Осман Юсупов өзбек КПОК-нің бірінші хатшылығынан Хрущевтің пәрменімен алыс аймақтағы жаңадан ұйымдастырылған совхозға директор болып құлдилап – қудаланғанын, оны қолдағандардың көпшілігін құраған қазақтың ғалым агрономдарының тоз-тозын шығарғанын(«Жас Қазақ» 01.04.2011.Абай Тұрсынұлы «Арал апаты») Тәшенев көріп-біліп отырды.

Қазақ жерін бөлшектеуді жүйелі жүргізген Хрущев бастаған КСРО Саяси Бюросындағылар ұлтымыздың тілін, салт-дәстүрін аяқ асты етіп, қазақтардың ұлттық рухын жаншып, орыстың озбырлығын мойындатып барып, халықтың келісімін алмай-ақ, Тың өлкесін 1960ж – Ресейге «Алтай өлкесі» дәрежесінде қосып алмақшы болды. Кремльдің осы жымысқы саясатын қалт жібермей, қадағалап отырған ержүрек Ж.Тәшенев осы 1960 -жылдың аяғында Ақмолада болатын жиналысқа Хрущевтан бұрын ұшып келді. «Тың өлкесінің» басшыларынан: «Келер жылдың бюджетін неге өткізбей отырсыңдар?» – деп сұраса «Тың өлкесінің» бюджеті енді Қазақ үкіметіне емес, РКФСР үкіметіне жолданады» – деген Соколовқа Тәшенев: «Егер, Қазақ үкіметіне бағынғың келмесе, 24 сағаттың ішінде табаныңды жалтырат, құры! Тың өлкесі Ресейге берілмейді. Айтар жеріңе айта бар,» – деп бірден қатты тыйып тастайды. Тың өлкесі үшін Хрущевпен айқасқанда – «Солтүстік облыстарды Ресейге қоса салу қазақты қорлау! Намысын жер ету. Қалыптасқан шаруашылық – экономикалық қарым – қатынастарды біржолата құрту деген сөз. Халықтың тамырына балта шабумен бірдей. Мен Тың өлкесін Ресейге бермек тұрмақ, бұл мәселенің күн тәртібіне қойылуына үзілді-кесілді қарсымын!» -деп отты сөздермен бет қаратпағанда Хрущевтің беті қызарып, көзі аларып, тілі тұтығып жолбарыс киесі бар Жұмабекке жалтақ-жалтақ қарап тұрып қалыпты. Алты облыстың жері үшін болған осындай көп айқастардың бірінде, екеу ара қалғанда Қонаев: -Жұмеке-ай, жүрек жұтқан, көзсіз батырсың-ау!-депті. Сонда Тәшенев: «Елімнің мүддесі үшін қияметке де дайынмын!» деп кейінгілерге ерліктің асқан үлгісі болатын осы қанатты сөзін қалдырды.

Отаны үшін отқа түскен Тәшеневтің осы жан қиярлық ерлігін басқа ұлт өкілдері де жоғары бағалап, қолдап отырды. Айлалы Кремль басшылары Тәшеневке көп сый-құрметтер көрсетеді, ақыры жер шарының жартысын алып жатқан Кеңестер Одағының Жоғарғы Кеңесінің Төралқасының алтын Тағына отыр деп те шырғалайды. Мансаптанда да елі мен жерінің ертеңін ойлаған есіл ер бас айналдырар билікке де, байлыққа да рухын жықпай, саяси саудаға бармай: «Мен елімнің жерін таққа айырбастамаймын!»,- деп жер дауына нүкте қойды. Солтүстік 6 облыстың жері уыстан шығып бара жатқан осы 1960- жылы түрлі репрессиялар мен қуғын – сүргіндерден қорқып қалған үлкендерден үміт аз екендігін білген Жұмекең Қаз Му- дің студенттерімен ресми кездесуінде жер мәселесіде көтеріліп, жастар қызу қандылық танытқанда, бұндайды аңдып жүретін МҚК – нің тыңшылары жиналысты тоқтату үшін «үкімет басшысы шаршады, сұрақты тоқтатыңдар» дегенде Жұмабек Ахметұлы: Мен халықтың қызметшісімін, сұрақтарын толық қойсын,- деп жастармен асықпай, ашық әңгімелескен. Отаршылдардың Ж.А.Тәшеневпен санасқан себебі – еліміздегі бүкіл халық, әсіресе өз ұлты Жұмекеңе бір кісідей толық сенетін. Халықтың шынайы сенімінен артық күш-қуат та, бақыт та жоқ емес пе?! Ж. Тәшеневтің қоғамдық-мемлекеттік қызметтері, КСРО-ның осындай оспадар саясаттарына ашық қарсы шығуы Одақ элитасындағы ерекше тосын құбылыс, тіпті аңыз еді. Осыған мысалдар келтіре кетейік. 1958 – жылғы Мәскеуде өткен ұлтымыздың әдебиеті мен мәдениетінің күндерінде КСРО – ның қаһарлы басшылары Н. Хрущьев пен К. Ворошиловтардың алдында Жұмекең өзі бастап барған Қазақ делегациясымен өз ана тілінде қаймықпай сөйлескенін композитор әрі дирижер Ш. Қажығалиев өз көзімен көрген. «Ж. Тәшенев әрқашан және әркезде өз ойын айтудан тайсалмайтын. Қолында билігі бар қайраткерлермен қарым – қатынасымды бұзып аламын деп уайымдамайтын. Ең бастысы ұлт пен мемлекет қамын жеп, қазақ елі үшін жанкештілікке баратын.», деп Мемлекет қайраткері Сұлтан Жиенбаев және тағы басқалар Жұмекеңнің сол заманның шеңберіне сыймайын феномен тұлға болғанын айтса, Жарасбай Нұрқанов т.б. ақындар:

«Сарыарқа сағым ойнап құба белі,

Тағдыры қыл үстінде тұрған еді.

Бір өзі кеудесімен қорғап қалған,

Қазақтың жүрек жұтқан Жұмабегі!

Жігіттер, өлеңмен айт, әуезбен айт,

Алайда есте болсын мына бір жайт.

Қазақтың ең бір өжет батыры деп,

Әспеттеп айтар болсаң Тәшеневті айт!» деп қоғамдық санада оны көкке көтеріп жіберген еді. 1960 – жылғы қыстың қаттылығынан жем-шөп жетіспей, елімізде малдар қырыла бастайды. Үкімет тізгінін енді қолына алған Тәшенев бар жауапкершілікті өз мойнына алып, мемлекеттік бөлінбес қордағы астықты аудан, облыстарға таратып берген. Жұттың беті қайтып, көктем шыға осы ісі үшін жауапқа тартпақ болып Қазақ КСР – інің үкімет басшысын Кремль көсемдері шақыртады. Ленинград тұрғындары аштан қырылып жатқанда С.М. Киров «мемлекеттік бөлінбес қорды» жұмысшыларға карточкамен таратқан. Осы үшін оның басы кеткен. КСРО тарихында «Мемлекеттік бөлінбес қорды» таратқан осы екеуі ғана. Сов Мин-нің Президиум залына кірген бетте Хрущевтің қасында отырған оның І-орынбасары Р.Ф. Козлов: – Одақтық қордағы астықты неге таратасың, Тәшенев? Рұқсатты кім берді саған?!- деп столды тоқпақтап, дүрсе қоя береді. Қызба мінезді Тәшенев те қайтпай, мінберге жетіп барып, Қазақ КСР- ы Одақтың ішіндегі өз құқығы бар ел екендігін, өз байлығын қалай жұмсауды сол елдің үкіметі шешетіндігін айтып, ауыздарын жабады. Осы оқиғаның куәсі болған Белоруссияның пос преді Қазақ КСР-інің пос преді И.Шәріповтың қолын алып тұрып.: Бұрын – соңды мынандай отты премьерді көрмеп едім. Өзі жас екен. Бұл жігіт не аспанға шығады, не көп ұзамай орнынан түсіреді,-десе, дәл осы күні Мәскеу қонақ үйіндегі Одақтас елдердің осындай қызметкерлері арасында осы жиынға қатысқан тағы біреуі:- Кеңес өкіметі құрылғалы мынандай үлкен жиында бірінші рет өз елінің дербестігін айтқан сөз естілді. Енді көп ұзамай Одақ та тарайды!-деп басқалардан сүйінші сұрағандай айтыпты. Бұлар айтса айтқандай еді. Себебі, Жұмекең үкімет басқарып тұрған жылы ұлтымызды басқаларға таныстыру үшін «Қазақстан КСРО халықтарының отбасында» атты 20000 таралыммен әдейі орыс тілінде жазған зерттеу кітабының басқа тарауларын айтпағанда, «бүкіл КСРО бір елміз, ұлттар арасындағы шекара жойылады» деген сол заманда, соңғы тарауын «Республиканың егемендігін нығайту» деп атауының өзі-ақ КСРО-ны талқандағандай әсер береді. Кейін Тәшеневтің өзі де: Мен ешқашан Қазақстанның байлығын игеруге қарсы болған емеспін. Тек, елімнің дербестігі үшін Орталықпен қатты айқастарға барып жүрдім, – депті. Академик Манаш Қозыбев «Дерек-тарихи дәлел» еңбегінде: М. Ә. Сужиков пен Ж.А.Тәшенев Қазақстан аумағындағы ядролық жарылыстарға қарсы шығып, озбырлықтың құрбаны болды, – дейді .

Қисапсыз қаржы жұмсаған тың өлкесін Ресейге қоса алмағанына іші удай ашыған Хрущев Қонаевтың қолымен от көсеп, 1961- жылғы 3- қаңтарда Тәшеневті Үкімет басшысы қызметінен алып, бар игілігінен айырып, жарты жыл жұмыссыз ұстап, Шымкент облыстық атқару комитетінің қатардағы орынбасарлығына шегелеп тұрып төмендетіп жіберді. Тарихтың кереғарлығы сонда – 1955 жылы Д.А.Қонаевты үкімет басшысына тағайындаған қаулы Ж.А.Тәшеневтің қол қоюымен бекісе, ал Қонаевтың қол қоюымен Тәшенев үкімет басшысы қызметінен кетірілді. Осы жоғарғы қызметінен түскенде мәрт Жұмабек – Маған керегі лауазым емес, Қазақ халқының бірлігі мен жерінің тұтастығы. Ол арманыма жеттім! Елім, жерім орнында, – деп еш өкінбеген. Озбыр өкіметтің бар қырғаны – 1961 ж. 24 сәуірде Тың өлкесінің орталығы болған облыс пен қаланың атын Ақмоладан Целиноградқа ауыстырды. Қызметі кетсе де қадірі кетпеген есіл ердің еңсесі түспейді. Киелі оңтүстіктің текті елі Жұмекеңді өмірінің соңына дейін әулиедей ардақтап, пайғамбардай құрметтеді. Бұнда да бұрынғы жоғарғы қызметтерін еш көксеместен, қарқынынан танбай елі мен жеріне қызмет ете берді. «Жер болса ел болады, ел болса ер болады» деген Президентіміз 5 жыл бұрын күзде дихандарға алғыс хат жолдағанда: «Биыл республика бойынша 21 млн.тонна астық жиналса, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Ақмола облыстары 16 млн. тонна шамасында астық жинады» дегенін бәріміз білеміз. Әлемнің егістік алқабының 90-95 пайызын жұмсақ бидай сорттары алып жатыр. Кеңес өкіметі кезінде алып державаны астықпен асыраған біздің еліміздің бидайының негізгі ерекшелігі – қазақ астығы қосылмаса нан пісіруге жарамайтын Ресей астығындай емес, ақ уызы жоғары, қамырлылығы да (клейковина), протейіні де көп, өте сапалы қатты бидай.

Тың игеруді әлеуметтік – экономикалық, саяси шындықтың негізінде алып қарастырсақ, оның рөлі республика экономикасы үшін өте зор. Бұл жоба дүние жүзіне жоғары технологиялық астық сату үшін алғы шарт болды. Қыры-мал, ойы- өнім егіс, асты толған кен, қазба байлық, 20 – Бельгия мемлекеті сиятын ата қоныс Арқаны, бәрінен бұрын қазақтың небір марғасқаларын тудырған тектік қорын бір оқ атқызбай, жалғыз өзі қорғап қалған Жұмабек Тәшеневтің өршіл рухы мен жарқын бейнесі көзін көргендердің жүректерінен терең орын алса да, ресми түрде тарихи – саяси бағасы күні бүгін берілген жоқ . Жат елдің ежелгі құлдар көтерілісінің көсемі Спартакты он күн оқытатын біздің тарих мемлекеттік – патриоттық идеологияның жоқтығынан Ж. Тәшеневтің атында жазбағандықтан, небір оқымыстылар мен жоғарғы биліктегі шенеуніктеріміздің көпшілігі ұлт қаһарманының теңдессіз ерліктері тұрмақ, оның кім екенін де біле бермейді. Кешіктірмей мектеп оқулықтарының, жоғары оқу орындарының бағдарламаларына өмірі мен қызметін толық кіргізіп, мемлекеттік басқару академиясындағы болашақ шенеуніктерге «Тәшенев тағылымы» міндетті түрде оқытылуы керек. Осылай етсек ала-құлалыққа бет бұрған жастарымызда елінің, жерінің өткенін сезініп, ерлікке, өрлікке толы тарихынан нәр алып патриоттық, отаншылдық рухта тәрбиеленері хақ.

Шымкент еліндегі Тәшеневпен қызметтес болған жазушы Әбжаппар Жылқышиев «Шындық пен сұмдық» кітабында Жұмекеңе естелігімен – ақ мәңгілік, ғажайып ескерткіш соғыпты: «Жұмекең ғұлама адам еді. Ел тарихы, өнер мен мәдениет, саясат пен экономика, мәдени құрылыс – осылардың бәрі туралы ең кем дегенде әр саланың ғылым кандидаттарындай мағлұматы болатын. Денесі тұтас еді. Сырт бейнесі батырларға ұқсайтын, қырғи қабақ кісі болатын. Қой көздері тікелей қарағанда кімді болса да жасқандырып тастайтын. Сөйлеген сөзінің анықтығы мен нық айтылуынан бойында қажымас қайрат, жасымас жігер бары айқын сезіліп тұрушы еді. Содан да оған қарсы сөз айтуға көп ешкімнің батылы жетпейтін. Жұмекеңнің елге, жерге сіңірген еңбектері туралы айтыла қалса: – Уақыт деген алып бар, тарих деген шежіре бар. Осы екеуі әркімді өз орын-орнына қояды,- деп өзі туралы айтуды ұнатпайтын. Мақтаншақтар мен татымсыздарды жаратпай, ондайлардан іргесін аулақ салатын». Ұлт көсемі Әлихан Бөкейхан: «Өзінің тарихын жоғалтқан жұрт келешекте басына қандай күн туатындығында білмейді», – тегіннен -тегін айпаған.

Сондықтан, әрбір ісі аңыздар мен дастандарға бергісіз асыл еріміздің тарихи – саяси бағасын бергізіп, Тәшеневтің ерлікке толы асқақ рухын жастарымыздың жүректеріне сіңіріп, «болмаса да ұқсап бағуға» баулу ұлт тарихын зерттеуші зиялыларымыздың қасиетті борышы һәм міндеті болмақ. Жаман айтпай жақсы жоқ. Халық даналығында тарих қайталанады деген сөз бар. 1989-жылы М.С. Горбачев солтүстік облыстарды «өндірістік аймақ құрамыз» деп Ресейге қосуға қаулы дайындаса, су ішкен құдығына түкірген Жириновский сияқты жындылар осындай арам пиғылдарын қазір ашық айтып жүр. Шындығында баяғы Ресей империялық пиғылынан бас тартпай,оның «Кеден одағы», «ЕАЭО» сияқты зымиян саясаттарын айтпағанда, астықты аймағымызға қатерлі көзін әлі де тігіп отырғаны жасырын емес. Алаш арысы Мағжан Жұмабаев – Арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты, қырандай күшті қанатты – Жұмабектей інілеріне көрегендікпен сенім артса, біздер де бүгінгі жалын жүрек жастарымыздың Жұмекеңе ұқсап бағатындарына толық сенеміз!


Ертіс НҰРҚАСЫМ,

Тарихи-саяси зерттеуші

ШҚО. Аягөз ауданы.

ult.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1470
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3245
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5407