Жұма, 22 Қараша 2024
Жаңалықтар 4622 0 пікір 29 Мамыр, 2009 сағат 05:12

Асыл тұқымды мал алудың тетігін неге меңгере алмай жүрміз?

Нақ қазір біздің Үкіметтің негізгі міндеттерінің бірі – агроөнеркәсіпті, оның ішінде мал шаруашылығы саласын кешенді түрде дамыту болып тұр.
Жалпы, Үкіметтің «Мал шаруашылығын дамытпай, экономикамызды өркендете алмаймыз» деп үн қатуы мұң екен, еліміздегі игі жақсылардың да назары осы салаға ауа бастады. Бүгінде бабын келістіргендердің дені мал басын көбейтуді жөн санап-ақ жүр.

 

Нақ қазір біздің Үкіметтің негізгі міндеттерінің бірі – агроөнеркәсіпті, оның ішінде мал шаруашылығы саласын кешенді түрде дамыту болып тұр.
Жалпы, Үкіметтің «Мал шаруашылығын дамытпай, экономикамызды өркендете алмаймыз» деп үн қатуы мұң екен, еліміздегі игі жақсылардың да назары осы салаға ауа бастады. Бүгінде бабын келістіргендердің дені мал басын көбейтуді жөн санап-ақ жүр.

 

Әлқисса…
Әйтсе де қазір кеңестік кезеңдегідей мал басын жоспарлап көбейтудің ауылы келмеске кеткен. Қазірде сонау 30-жылдардан бері өзіндік құнын төмендетпеген қазақтың еділбай қойы, қылшықты қойы, биязы жүнді қойларының тұқымы ұсақталып, өрісіміз тарылып, асыл тұқымды мал алудың тетігін таба алмай жүргеніміз жасырын емес. Ал Голландия, Германия, Норвегия, Австралия тәрізді елдер мал басын асылдандырып, халықаралық ветеринария ұйымының алдында бедел жинап үлгергелі қашан?! Осындайда «ежелден мал өсіру қанында бар мал баққан қазақтың жоғары межеден көріне алмауына не себеп?» деген сауал еріксіз туындайды.
Рас, біз нарықтық қағидаттарды алғаш көңілге түйе бастаған тұста Австралиядан, Англиядан асыл тұқымды қошқарлар алдырып, асылдандыру арқылы мал басын көбейтпекші болдық. Бірақ ұшақпен алдырып, «ұшпаққа шығарады» деген сол қошқарлар үмітімізді ақтамады. «Ақыр соңында австралиялық қошқарлар қазақы ортаға бейімделе алмады. Оларды қазақы қойлармен будандастырғанда жақсы нәтиже бермеді» деген пікірлер қаулап қоя берді. Сөйтіп, мал басын асылдандыруда жолы болғандардың саны болар-болмашы көрсеткішке ғана жетті.
Не істеу керек?
Ал енді болашақта бұл проблемалар өзіндік шешімін табу үшін нендей шаралар қолданған жөн?
Соңғы уақытта осы мал басын асылдандыруға қатысты еліміздің генетиктері «1999-2000 жылдардағыдай шетелден асыл тұқымды малдың өзін алдырғаннан гөрі олардың мұздатылған эмбриондарын алу арзан әрі өте тиімді» дегенді жиі қаузап жүр. Мамандардың есебінше, өзге елдің асыл тұқымды бір қошқары 3000 долларды құрайды. Ал олардың эмбриондарын сатып алу бұдан әлдеқайда арзан. Сондықтан шетелден қошқар тасып әуре болғанша, олардың қатырылған эмбриондарын әкелу әлдеқайда тиімді.
Бұл ретте Эксперименталды биологиялық ғылыми-зерттеу институтының директоры Мәкен Тойшыбеков былай дейді:
– Логикалық түрде ойлап қарасақ, бұл ұсыныстардың жаны бар. Біз осы әдісті өз институтымызда тәжірибемізде қолданып көрдік. Шүкір, мұздатылған эмбриондарынан тұқым алу үрдісінің нәтижесі оңтайлы болды. Сол асыл тұқымды ағылшын қошқарларының эмбриондарын алып, оларды еділбай қойына салып көрдік. Нәтижесінде қазақы ортаға бейімделген сапалы тұқым алуға мүмкіндік туды. Біз осы әдіс арқылы бүгінде 52 қозы алып отырмыз. Асыл тұқымды малды көбейтуде таптырмайтын әдіс. Сондықтан мал басын асылдандыруда оны тереңдете білгеніміз жөн, – дейді.
Жалпы, мамандар асыл тұқымды қошқарлардың өзін емес, эмбриондарын елге әкелу бірқатар табыс әкелетініне сенімді. Осы ретте еліміздегі Мал шаруашылығы институтының мамандары да былай деп пікір білдірді:
а) Біріншіден, ұшақпен мал басын тасығаннан, эмбриондар әкелген әлдеқайда тиімді және шығыны аз;
ә) Екіншіден, эмбриондарды еділбай қойының жатырына көптеп салу арқылы егіздетіп төл алуға мүмкіндік бар;
в) Егер бұл тәсілді тереңінен жетілдіре алсақ, уақыт өте келе қойды клондау әдісін де меңгеруге мүмкіндік тумақ.
г) Бұл әдіс арқылы ғылымның әлеуетін көтеруге де болады. Егер ғылыми тұрғыда зерттей алсақ, малдың эмбриондарын зерттеу арқылы адам ағзасында болатын ауытқулар мен өзгерістерді де сұрыптап, електен өткізуге болады.
Міне, мамандардың пайымдауынша, елге асыл тұқымды малдардың эмбриондарын әкеліп, істің ебін таба білсек, біршама мәселенің түйіні шешілер еді.
Не кедергі?
Ал енді осы істің оңтайлы бағытқа бет бұруына не кедергі? Бұл жайында Мал шаруашылығы және ветеринария институтының бас маманы Мархабат Батырханов:
– Малды асылдандырудың бірінші сатысы технологиялық жоба арқылы жүреді. Бұл тәжірибемен қатар мінсіз технология да қажет екенін білдірсе керек. Біз былтырдан бері шетелден асыл тұқымды малдардың эмбриондарын әкеліп, оны отандық мал басымен шағылыстыру арқылы мал санын біршама арттырдық. Бұл жетістікке қолымыз жеткенімен, эмбриондардың құрамын анықтауда әлі де болса кібіртіктеп жатқан жайымыз бар. Себебі бізде биотехнологиялық құралдар жағы әлі де болса жетіспеушілік танытуда. Негізінен, асыл тұқымды мал алудың тетігін терең меңгере алмай жатқанының бір себебі – біз осы уақытқа дейін халықаралық ветеринария ұйымына мүше болуға пейіл білдірмедік. Егер біз аталмыш халықаралық ветеринария ұйымына дер кезінде мүшелікке өткенде шетелден асыл тұқымды мал басын алдыруда, асыл тұқымды эмбриондар тасымалдауда, қуатты технологияларға сұраныс берерде біршама жеңілдіктерге қол жеткізер едік. Біздің мал шаруашылығы саласын өркендетудегі бір кемшін тұсымыз – осы. Аталған кедергілер шешілгенде ғана осы саладағы мәселелер шешімін табады, – дейді.
Ойсалар
Қалай десек те, қазақ баласы «малым – жанымның садағасы» деген қағидамен күн кешті. Жаугершілік заманында да өрісін тарылтпауға, өзегін талдырмауға тырысқан қазақ баласы мал қадірін ұғынған халық. Өркениеттілікке бір табан жақындап, дамушы елдердің қатарына қосылуды көксеген ұлтымыз ауыл шаруашылығы, соның ішінде мал шаруашылығы саласының жөні бөлек екендігін ескерусіз қалдырмасы анық. Десек те, біз әлі де болса көршілерімізден ет-сүт өнімдерін «сұраудан» жалықпай келеміз. Тіпті осы осалдығымыздың аңысын баққан қайсыбір көршілеріміз сапалы-сапасыз өнімдерін елімізге тоғытып-ақ жатыр. Ал бұл үрдіс бізге осы салаға деген реттеу мен бақылауды нығайта түсу қажеттігін меңзейтіндей…

 

 

Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ
«Алаш айнасы» газеті 27 мамыр 2009 жыл

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1461
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3228
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5295