ҚАДЫР АҚЫНМЕН МҰҢДАСУ
Қазақтың біртуар ақыны Қадыр Мырза Әлиге Батыс Қазақстан облысында екі ескерткіш ашылды. Сол күні облыс әкімі Нұрлан Ноғаев біраз журналістерге алғыс хат таратты.
«Ақындық шығар айыпты,
Әлі білмен себебін.
Өлеңге айтып қойыппын,
Өмірдің айтпа дегенін...»
Толағайлармен теңдестің,
Білместікпенен белдестің.
Өзгерер емес дүние,
Күйіңді, аға, мен кештім...
Күйіңді кешіп, түсіндім,
Жүрегім жара, ішім мұң.
Жараланып ақиқат,
Әділетсіздік тұшындым...
«Қай жерде де бір өлім,
Қаймықпадым дәуден де.
Бүкіл жұрттың жүрегі,
Мына менің кеудемде»
Дүние шашсыз, таз – басы,
Пейілім, бірақ, азбашы!
Жүрегімнен сорғалар,
Қазағымның көз жасы...
Намысым нардай жұлқынды,
Сабырмен күткен мың күнді.
Тілімді кесіп алса да,
Сатпаймын туған ұлтымды!
«Дұшпанға мені балама,
Мұқату іздеп сезімнен.
Адам боп туу – анадан,
Айуан боп кету – өзіңнен»
Шексіздік – сағымсудай-ды,
Тексіздік – запыран удай-ды.
Жатқаны бекзат бел болса,
Анадан – надан тумайды!
Сөзіме сенбе – сен мейлі,
Биікке – биік тең дейді
Майменен басын жусаң да,
Әкеге мұңсыз ермейді...
«Жолын қуып жаманның,
Жұқтырмайтын арға шаң.
Арманы үлкен Адамның,
Өзі де үлкен әрқашан!»
Бұ күнде арды тұсап бақ,
Болмысы – бақыт, түсі – әппақ.
Өзіне ұқсап адамның,
Арманы кеткен ұсақтап!
Шақ келмесе де тәніме,
Басып мен ескі әніме...
Жалынан ұстап жармастым,
Арманның дәуі, нәніне!
«О, далам, менің байтағым,
Далам деп өлең айтамын.
Солған Ай болып барам да,
Толған Ай болып қайтамын»
Байтағың, аға, «сүрінді»,
Бола алмай бекзат бір үлгі.
Ауасы аңқып, қан сасып,
Киігі құлап, қырылды.
Себебін Хақтан сұрағын,
Жаратқан білер, шын, ағын...
Обалын ойлап жандының,
Даламмен бірге жыладым!..
************************
...Ескерткішпенен сәтін сап,
Мерекенің бірге келгені...
Әйтсе де, тексіз шенеунік,
Құттықтауын да бермеді...
Шындықты айтсақ шырылдап,
Болады-ау бізге тағы айып...
Жалғаны толған алғыс хат,
Бермей-ақ қойсын, Ноғаев!..
«Өтірік жырдың қайдағы,
Болмайсың жетіп шетіне.
Ақиқат – сөздің қаймағы,
Тұрмайды шықпай бетіне»...
Жүнжімес, бірақ, «жүдеулі» ер,
Адалға Алла – тіреу бер!
Жалғанның – жалған екенін,
Түсінбей өтер біреулер...
...Бағытын аңдап бас-үйдің,
Қайнаған қандай тасимын!
Бишігеш – маған би емес,
Еліме ғана бас идім!
Қажымұқан ҒАБДОЛЛА,
маусым-шілде, 2015 жыл,
Үрімші, Қытай.
Abai.kz