Сенбі, 23 Қараша 2024
Жалқы сұрақ 6008 0 пікір 15 Шілде, 2015 сағат 14:02

ЭЛЕКТРОНДЫ ЖЕР КАРТАСЫ БАР. АЛ, КӨЛДЕР ҚАЙДА?

Жер дауы жиі шығып тұратын Алматы облысында электронды жер картасы жасалды. Облыс орталығы – Талдықорған қаласында электронды жер картасын республикалық БАҚ өкілдеріне көрсеткен Жетісу өңірінің басшысы Амандық Баталов жер телімін пайдалануды ретке келтірудің бірнеше факторын айтып өтті. Оның ішіндегі негізгісі ауылшаруашылығы жерлерін нысаналы мақсатқа пайдалануды реттеу.

Жер қатынастары басқармасының мәліметінше, Алматы қаласының маңайында орналасқан Іле, Қарасай, Талғар аудандарында бағалы ауыл шаруашылығы жерінің  3400 гектары тұрғын үй құрылысын жүргізуге, саяжай құрылысы мен коммерциялық мақсаттар үшін өзгертілгені анықталған. Ауылшаруашылығын дамытуға пайдаланатын жер учаскілері ұлтарақтай-ұлтарақтай етіп бөлшектеліп, жаппай заңсыз тұрғын үй салуға берілген. Нақтырақ айтсақ, әлгі жерлер 6-8 сотықтан 11 мыңнан астам ұсақ бөлшектерге бөлініп кеткен.

«Жер телімдеріне қатысты көптеген заң бұзушылықтар орын алды»,- деген Амандық Баталов жер учаскілерін тиімді пайдалану үшін ауқымды шаралар жасалып жатқанын тілге тиек етті.

«Елбасының бізге жүктеген тапсырмаларының бірі – жер телімдерін тиімді пайдалану болатын. Осыған орай, біз Алматы облысындағы жер учаскілерінің электронды картасын жасадық. Ол карта бойынша облыстың кез келген азаматы жер телімдері туралы ақпаратқа қол жеткізе алады. Бұл біздің осы салада жүйелі жұмыс істеуімізге мүмкін береді»,- деді ол.  Сонымен қатар, Амандық Ғаббасұлы жер қатынастарына қатысты ұстанатын ішкі ойларын да ортаға салды. Әкімнің айтуынша, жер өз мақсатына сай пайдаланылып, мемлекет меншігіне қайтарылған жерлер нарықтық айналымға енгізілуі керек.

Бұдан былай, жергілікті әкімшілік органдары азаматтарға жер телімдерін үлестірерде оның орналасқан мекеніне, көздеген мақсатына, өңірдің дамуына тиімді-тиімсіздігіне, елдімекеннің бас жоспарына сәйкес келетініне баса назар аударуы керек. «Мәселен, газ магистральі тартылған аймаққа шаруа қожалығының нысаны (қора-жай, үй) салынған фактілер анықталды. Газ жоғары қысымды құбырмен өтетіндіктен оның маңайында ешқандай нысан болмауы керек»,- деп сөзін дәйектеді өңір басшысы.

Бұл саладағы негізгі мәселе – жерді мақсатқа сай пайдалану. Неше мың гектар жерді меншігіне алып қойып, өзі қалада жүрген кейбір тұлғалармен табанды түрде күресетінін, ауылда малын жаюға, шөбін шабуға жағдайы болмай отырғандарға көмектесетінін, пайдаланылмай жатқан жерлерді қайтарып алу керек екенін қадап айтты әкім. Алайда, жер телімдерін пайдаланудың нысаналы мақсатын өзгертуге де мүмкіндік барын айтады өңір басшысы. Ондай жерлерге жеке меншік мекеменің қаржыландыруындағы немесе инвесторлардың я болмаса несиелік жүйемен салынатын нысандар жатады. Сонымен бірге, сол өңірдің халқына пайдасы тиетін үлкен әлеуметтік нысандар қатар бой көтерсе, нұр үстіне нұр. Мысалы, Алматы қаласының маңында «Асыл Арман» тұрғын үй кешені ірге көтерген. Қазіргі күні онда 27 блоктан тұратын 21 тұрғын үй салынып,  18 мың адам тұрады деп күтілуде. «Асыл Арман» сияқты сәтті жобалар болса, жер телімдерінің нысаналы мақсаты өзгеріп сала береді екен. Бірақ, оны жасайтын тұлғалар өз жобасының халыққа тиімді екенін дәлелдеп беретіндей жоспар құрып, жоба көрсетуі керек.

Әңгіменің басында сөз еткенімздей электронды карта бұдан былай жер телімдерін пайдалануға қатысты олқылықтардың барлығын бір ізге түсіріп, реттеп отырады.

Ол картадан Алматы облысындағы жер алқаптары туралы толық ақпарат алуға болады. Арнайы белгілерді түртіп қалсаңыз, сол жер телімі туралы ақпарат шыға келеді. Мәселен, суармалы жер, шабындық жер, магистральді арналар, су қоймасы, ауылдық округтің жер телімдері, орман қорының учаскілері, көлік жолдары, пайдаланылмай жатқан жерлер, тіпті ол жерлердің қожайыны туралы да ақпараттар, бәрі-бәрі осында топтастырылған. Облыстың жер қорының көлемі 22 миллион 358 мың гектарды құрайды, оның 16 миллион 363 мың гектары ауыл шаруашылығы алқаптары. 16 миллион 363 мың гектар жердің 1 миллион 093 мың гектары егістік болса, 487 мың 700 гектары суармалы егістік, ал қалған 14 миллион 682 мың гектар жайылым жерлер. Облыс бойынша пайдаланылмай жатқан 233 мың 775 гектар ауылшаруашылығы жерлері анықталған. Нәтижесінде, 27 мың 600 гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды, 60 мың 190 гектар жердің иелері жерлерін пайдалануға кірісіпті, 54 мың 883 гектар жер иесіз мүлік ретінде есепке алынып, 37 мың 623 гектар жердің материалдары сот қарауына, 53 мың 475 гектар жердің материалдары жер инспекциясына жолданған. Жер ресурстарын тиімді пайдалану жолында Алматы облысы әкімі арнайы осы салаға жауаптанған «Жер ресурстарын басқару және пайдалану инспекциясын» құрып, бұл төңіректегі барлық түйткілді мәселелермен бел шешіп кірісуге мүмкіндік жасап отыр. Теңдесі жоқ, үлкен істің тұсаукесеріне облыс әкімі республикалық және халықаралық бұқаралық ақпарат құралдарын шақырған. Тиісінше, олардың сұрақтарына да жауап беріп, емен жарқын диалог өрбітті.

Жиын аяқталысымен, журналистерге сұхбат беріп, кешенді карта туралы пікірін білдірді. Ал, Алматы облысындағы үш көлдің сатылымға қойылғаны, оның жанында 20 футбол алаңы сыятындай жер телімі бар екендігі туралы тілші сұрағына облыс әкімі: «Бұл туралы хабарсызбын» деп жауап берді. «Ол туралы естімеппін. Жеке меншікте болуы мүмкін. Мен оны анықтайын, тапсырма беремін» деді Амандық Ғаббасұлы.  Сұрақ та, оған берілген жауап та тосын. Соңғы күндері Распубликалық БАҚ-тың «бас тақырыбына» айналған, стратегиялық маңызы бар үш бірдей көлдің сатылымға қойылғаны не облыс әкімінің, не айтлған электронды жер картасының ішіне енбегені ме?! Әлде, мына карта да шала немесе облысқа қарасты құрғақ жерлерге қатысты ма?!. Жерді жекелешендіру кезінде жердің сызбасы /түрлі географиялық яки геодезиялық картасы/ болмаған ба? Болмаса жерді қалай үлестірген? Бұл сұраққа жақын күндері әкімнің өз аузынан нақты бір жауап еститін шығармыз деп ойлаймын.

Шынаргүл ОҢАШБАЙ

Алматы облысы.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1482
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3254
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5485