Сенбі, 23 Қараша 2024
Қоғам 7292 0 пікір 2 Шілде, 2015 сағат 10:28

ШЫНДЫҚ АЙТЫЛМАҒАН ҚОҒАМ – ШІРІККЕ АЙНАЛАДЫ

 

...Жұрт “журналистер мейрамын” тойлап мәз, ал мені көңілсіздік басты...

...Павлодар облысы әкімінің рези­ден­циясында аймақ басшысы Қанат БОЗЫМБАЕВтың ұлы қыз зорлаған ба (әлде, зорлағысы келген бе) немесе біреулер әдейі жала жапқан ба - анық-қанығы белгісіз, әйтеуір, сайып келгенде, білдей облыс әкімі жергілікті газет редакторы тарапынан ақша бопсалау ісі бойынша жәбірленуші деп танылды.

“Әкімнің ұлының қыз зорлауы” бойынша журналистік тексеру жүр­гізген «Версия» газетінің редакторы Ярослав ГОЛЫШКИНді ҰҚК-нің арнайы жасағы «облыс әкімінен аса ірі көлемде ақша бопсалаған» (500 мың АҚШ доллары көлемінде) деген айыппен тұтқындап, бір айдан бері қамауда отыр. Егер Ярослав Голышкиннің аса ауыр қылмысы дәлелденсе, 7 жылдан 15 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін...

...Ал, Алматы қаласының Ме­деу аудандық соты Nakanune.kz сайтында 2014 жылдың 15 қаза­нын­да жарияланған«Новые па в марлезонском балете «Казко­ма»» атты мақалаға наразы болған «Қазкоммерцбанктің» талап-арыз­ын қанағаттандырып, сайт иесі Гузяль БАЙДАЛИНОВАға 20 миллион теңге (107 мың АҚШ доллары­нан астам) айыппұл салды.

Аталған мақалада «Самрұқ-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры мен Алматы қаласы әкімдігі арасында 2009 жылдың 11 қарашасында бекі­тілген ынтымақтастық мемо­ран­думына сәйкес, құрылыс­ын аяқтауға мемлекеттік бюджет­тен 75 миллиард теңге бөлу қарас­ты­рыл­ған «Сайран» көпфункциялы тұрғын үй кешені үлестік құрылыс нысандарына қатысты «заң бұзу­шылықтар» мен құрылыс нормалары мен ережелерінің өрескіл бұзылғаны сөз болған.

«Қазкоммерцбанк»-тің өкілі Әлми­ра Әлінбаева аталған мақала­ның банк­тің іскерлік беделіне үлкен нұқ­сан келтіргенін айтып, сайттан 25 миллион теңге (шамамен, 134 мың АҚШ доллары) өндіруді талап еткен.

Жауапкердің өкілі Сергей УТ­КИН“Мақалада «банк пен Алматы әкімдігінде жемқорлыққа жол берілген» деп тура айтылмаған, тек құқық қорғау органдары назарына ілігуі мүмкін болжамдар ғана айтылған” - деген дәлелді уәжбен мақалаға филологиялық сараптама жүргізуді өтінген еді, сот орындаудан бас тартты.

Мұны кем көрсеңіз, сот ақпарат құралынан «Қазкоммерцбанктің» пайдасына 20 миллион теңге өндірумен бірге, мақаланы сайттан алып тастауды да міндеттеді.

Төл мерекесінің тұсындағы сұм­дық жағдайға менің әріптестерім “сөз еркіндігін шектеу” деп шулады...

Ал мен айтар едім: қазіргі қа­зақ қоғамы - журналистерді жер қылатын кесапат қоғамға айнал­ды. Ұры-қарының кеше ғана қыл­мыскер немесе құл-құтан болған ата-бабасы мен әке-шешесін болмашы тиын-тебенге мақтатып қойған елдің келешегі өте күңгірт.

Шындық айтылмаған қоғам – шірікке айналады...

Қажымұқан ҒАБДОЛЛА

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1470
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3246
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5413