Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Билік 6958 0 пікір 1 Шілде, 2015 сағат 09:43

ЕЛІМІЗДІҢ ЕҢ ЖАС ҚАРИЫ – «ӘЗІРЕТ СҰЛТАН» МЕШІТІНДЕ


Естеріңізде болса, қасиетті Рамазан айындағы алғашқы тарауих намазы туралы жаңалығымызда «Әзірет Сұлтан» мешітіне Құран Кәрімді хатым етуге еліміздің ең жасы қариы Дулат Болатбекұлы келгенін айтқан болатынбыз. Он төрттен енді асқан бала қари биылғы жылы Алматы қаласында өткен республикалық Құран сайысында бай бәйгені қанжығасына байлаған болатын.

Тараз қаласындағы №9 орта мектептің 9-сыныбында оқитын Дулаттың бұл жеңісі исі мұсылмандар үшін игі жаңалық болған еді. Қаршадай баланың қасиетті Құран Кәрімді толықтай жаттап шығуы еліміздегі дін деңгейінің қаншалықты дәрежеге көтерілгенін көрсетсе керек. Сондықтан да болар, еліміздің жас қариы Дулат Болатбекұлының бұл жеңісі баспасөз беттерінде де кеңінен насихатталған еді.

Қасиетті рамазан айында Дулаттың «Әзірет Сұлтан» мешітінде Құранды хатым етуге қатысатын естіген журналистер қауымы бала қаримен сұхбаттасып, кездесу ұйымдастыруды көптен бері сұрап жүрген болатын. Бүгін ҚМДБ-ның Баспасөз бөлімінің меңгерушісі Ағабек Қонарбайұлының ұйымдастыруымен Дулат Болатбекұлы бірқатар телеарна тілшілеріне сұхбат беріп, өзі жайлы ақпаратпен бөлісті.

Мектепке бармастан бұрын алты жасында арабша хат таныған Дулат Болатбекұлы бала жасынан қари атануды мұрат еткен көрінеді. «Алла Тағаланың нәсіп етуімен қасиетті Құран кәрімді 12 жасымда толықтай жаттап шықтым. Бұл – Алланың маңдайыма жазған бақыты», – дейді бала қари.

Бұдан соң журналистер қауымы «Әзірет Сұлтан» мешітінің Бас имамы Серікбай қажы Сатыбалдыұлымен сұхбат жүргізіп, қасиетті рамазан орай сауалдарына жауап алуға тырысты. Қасиетті айда орындалатын құлшылық түрлері мен қайырымдылық шараларын жасаудың қажеттілігі жайлы сөз қозғаған Серікбай имам Құран оқудың артықшылығы да айтып өтті. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «Құран оқитын мұсылман апельсин сияқты, қош иісті және дәмі тәтті. Құран оқымайтын мұсылман құрма сияқты. Оның иісі жоқ, бірақ дәмі тәтті. Құран оқитын мұнафық райхан гүлі сияқты. Қош иісті, бірақ дәмі ащы. Құран оқымайтын мұнафық ханзала сияқты. Иісі жоқ және дәмі ащы», – деген хадисін айта келіп, қасиетті Құран кәрімді оқып-үйренуге, онымен амал етуге шақырды. 

muslim.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2051