«ҰРЫСАТЫН АДАМЫҢ ЖОҒЫ ҚАНДАЙ ЖАМАН?»
Қалмұқан Исабай ағамыз дүниеден озыпты. Иманы саламат болғай!
...«Ана тілі» газетінде жұмыс істеп жүрген кезім. Бір күні Шерағаңның зайыбы қайтыс болып, редакциядағылар түгел соның садақасына кетті. Нөмірге тапсыратын материалым болып, бара алмадым. Жанығып, мақала жазып отырмын. Кенет:
— Ай, Бауыржан, неге жалғыз отырсың? Редакция түгел көшіп кеткен бе? — деген дауыс жалт қаратты. Қалмұқан ағамыз екен.
— Шерағаңның әйелі қайтыс болып, соған көңіл айтуға кетті, — дедім. Естімеген екен. Сәл бас шайқап тұрды да:
— Өмір бойы ұрысып-керісіп келген адамыңнан бір күнде айрылып қалған қандай жаман, ә? Мысалы Шерхан ертең ұйқысынан тұрғанда ұрсатын адамы жоқ. Қиын, қиын... Осылай деді де бұрылып кете барды. Аң-таң боп мен қалдым. «Мына кісі не деп кетті? Сонда әйел деген тек ұрысу үшін керек пе-ей?»
...Ерінің жайын әйелінен артық білетін ешкім жоқ. Іші тоңғақ еркек байғұстың қит етсе, ашуын әйелінен алатыны рас қой. Ал ол соның бәрін көтере біледі. Ағайын-туыс, дос-жаран, тіпті бала-шағамен арада алтын көпір болады. Ал енді сондай адам кенеттен өліп қалғанда...
Қалағаңның меңзегені сол екен ғой...
Бауыржан Бабажанұлы
Facebook-тегі парақшасынан