ЖИЫРМА МЫҢ ТЕҢГЕНІҢ АРТЫ НЕГЕ ҚИСЫҚ?
Астапыралла, «арты» дегенге басқаша ойлап қалмаңыз – сіз ойлағандай жері емес, сөз 20 мыңдық теңгеміздің ту сырты жөнінде болып отыр. Қай елде болмасын, купюрдің артын кәсіби тілде «реверс» деп атайды екен. Яғни, бергі бетінің сырты – екінші жағы.
Міне, сол «артына» бірінің үстіне бірін баттастырып, қиқы-жиқы салынған суреттер көлденеңінен түсіпті (суретті қараңыз). Беті – дұп-дұрыс: бір өзінің құрылыс құны Арқалықтың жылдық бюджетіне пара-пар Ақорда, ел ішінде «бочка» аталып кеткен мұнара тектес беймағлұм ғимарат, өсіп тұрған ағаштар, жазу-сызуы – бәрі тігінен түскен. Ал артындағы «Мәңгілік елдің» даладай дарбазасы, мұнда неғып жүргені белгісіз төрт кептер, әнеу бір басына бүркіт қонған, ығы-жығы темір-терсек жапсырылған стелла, тіпті қазақтың көк туы – бәрі-бәрі жантайып жатыр. Қанатты ат ойға ойысқан – қиғаштай періп келеді.
Қысқасы, теңгенің ту сырты неге теріс салынған? Суреттің мұндай графикалық орындалуында қандай саяси астар бар? Долларды алыңыз, рубльге қараңыз, қытай юаньнің астарын аударыңыз – барлық суреттер мен кесіндер тігінен тік тұр. Евро мен тугрикте, риал мен дерхамда барлық кескін-келбет қазақтың 20 мыңдық теңгесіндей емес, жантайып қарауды қажет етпейді.
Бәлкім, бұл біздің ешбір елге ұқсамайтын дамуымыздың, өзімізге ғана тән демократиямыздың белгісі ме екен: қисайып қарамасаң, қоясы қопарылмайтын? Әлде осылайша біз «қырық қатын – бір жақ, қыңыры – бір жақ» сипаттағы қазақтың қисық мінезін көрсетуге тырыстық па? Бәлкім, осы ығы-жығы суреттерді тігінен салсақ, қазекең қызыққан 30 елге ойқастамай тігінен, төтесінен тартар ма едік?
Ермұрат БАПИ
Facebook-тегі парақшасынан