Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Алаң 14263 0 пікір 29 Қазан, 2015 сағат 15:36

ЖӘУТІКОВТІҢ ЖАЗЫҒЫ НЕ?

Алматыдағы академик, белгілі математик Орынбек Ахметбекұлы Жәутіков атындағы республикалық мамандандырылған дарынды балаларға арналған мектеп-интернатының атауы жаңа оқу жылының басынан бастап өзгерді. Жаңа  атау  «Коммерциялық емес акционерлік қоғам республикалық физика-математика мектебі» деп аталады. 

Демек, оқу орнының атауы өзгеріп, О.Жәутіков есімі алынып тасталған.
Жарты ғасырлық тарихы бар мектепке Жәутіковтің аты тектен-тек беріле салмаған. Ол бұл мектептің ашылуына мол еңбек сіңірді.
Математикалық мектеп ашуды армандаған және сол мақсатқа табандылықпен жеткен бірден-бір адам – ол Жәутіков.
Мектептің тарихына тоқтала кетейін. 1968 жылы шілдеде Алматыда республикалық физика-математика профильді орта жалпы білім беретін мектеп-интернат ашылды. Жаңадан ашылған мектепке қабылданған ауыл балалары үш жылдай уақыт Алматыдағы №3 қалалық мектеп-интернатқа орналасып, №56 қалалық мектепке қала балаларымен бірге оқыды. Кейін мектеп ұжымы жеке шаңырақ көтеріп, 1972 жылы күзде ғимараты салынып біткен үш жүз орындық мектеп-интернатқа көшірілді. Мектептің аты «Республикалық физика-математикалық мектебі» болып өзгертіледі.
Жас ұрпақ қамын, ел болашағын ойлап, ауылдан шыққан талантты қазақ балаларына арнап жеке математикалық мектеп ашуға ниеттеніп, жоғарыдағы басшыларды көндіріп, Алматының қақ ортасынан мектеп-интернат ғимаратын салдырған, сол құрылыстың басы-қасында жүрген Орынбек Жәутіков еді.
Есепке жүйрік балаларға кон­курстық есеп құ­растырып, оны газет бетінде жариялап, зерек балаларды жинады. Ол мектеп ашылған соң мұғалім құрамын іріктеуге, бала­ның қалауынша орыс, қазақ бөлім­дерінде оқуына, сапалы білім алуына ерекше мән берді.
Академикті есте қалдыру мақсатында 1990 жылы өзі ашқан мектебіне оның есімі берілді.
Ғалымның ғылыми еңбектерін әлем математиктері біледі. Есімі әлемге танылған ғалым Қаныш Сәтбаев, Әлкей Марғұланмен замандас Жәутіковтің ғылымға сіңірген еңбегі мен халқы алдындағы абырой-беделі туралы айтылар сөз өз алдына бір бөлек әңгіме. Оның еңбектері қозғалыстың орнықтылық теориясына, математика, физика теңеулеріне, диф­ференциалдық теңдеулердің шексіз жүйелеріне, теориялық және қолданбалы механикаға, математика тарихы мен оның методологиясына арналған. Ол Кеңес Одағы мен шетелдерде өткен математика мен механика проблемаларына арналған көптеген съездерге, конгрестер мен конференцияларға, симпозиумдарға қатысты. Мемлекет алдындағы қажырлы еңбегі үшін ордендермен, медалдармен марапатталды. Оның ісі бүгінгі жас ұрпақ үшін үлгі-өнеге.
Біздің бүгінгі көтеріп отырған мәселеміз басқа. Біздің талабымыз физика-математика мектебі бұрынғысынша Жәутіков атымен аталуы тиіс. Еліне елеулі еңбек сіңірген танымал ғалым, аяулы азамат есімі ардақталуы керек.
Мен О.Жәутіковтің шәкірті әрі осы мектепте ширек ғасыр ұстаздық еткен мұғалім ретінде атақты ғалымға жасалған әділетсіздікке шыдай алмай, «Ана тілі» арқылы өз ойымды қалың жұртшылыққа жеткізуді жөн көрдім. Сіз қалай ойлайсыз, ағайын!

Шолпан ҚАНДИ

"Ана тілі" газеті

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2048