Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Әдебиет 6395 0 пікір 28 Қазан, 2015 сағат 11:06

БІР КҮНІ ТАЛАСБЕК КІРІП КЕЛДІ

Қадыр Мырза Әлидің су жаңа  афоризмдері, Қапан Бадыровтың (Ә.Сығайдың ұсынуымен), Асанәлі Әшімұлының күнделігінен кейін Сәбит  Оразбайдың өнер мен өмірдегі сахнадан тыс әңгімелері, Әшірбек Сығайдың жаңа жобасы «Жарық жұлдыздар», Зәкір Асабаевтың өткен-кеткен, бұрынғының адамдары жөніндегі баяндары, Қуандық Түменбайдың «Көзбояуы жоқ көріністері», Әшірбек Амангелдінің терең талдаулары, Нұрғали Ораздың бірнен-бірі өтетін  «қыз мінезді» эсселері «Алматы ақшамында»  бұрқылдап басылып жатқан кез еді. Бұл керуен әлі де жүріп келеді.

Өзекті өртер бір өкініш, Әшірбек аға өмірден озып кетті. «Жарық жұлдыздардың» аясында жарияланған, нұрлы жүрекпен, нұрлы ағыспен жазылған әрбір эссе, очерктер, портреттер бірден оқырман көңілінен шықты. Әшағаң «Жарық жұлдыздарда» тек өзіміздің тұлғалар ғана емес, әлемдік деңгейдегі өнер адамдарының қызық та қиын тағдырын терең толғаныстарға құрып, кең көсіліп еді. Ендігі жерде ел елеңдеп күткен жобаны аяқсыз қалдырмау мақсатында Әшағаңның өзі кітабына алғысөз жазған рухани інісі, танымал журналист Сәкен Сыбанбай әрі қарай жалғастыруға талаптанып отыр.

Міне, осылайша шығармашылық шуағына жылынып жүргенімізде бір күні редакцияға Таласбек кіріп келді. Кәдімгі Таласбек Әсемқұлов. Сыртынан атына қанықпын.  Жазған-сызғанын жібермей  оқуға тырысатынбыз. Бір-екі рет асығыстау кездескеніміз де бар. Сол   баяғы қарапайым, аңқылдаған қалпы.  Иығында сөмкесі,  маңдайы жарқырап тұр.  Тершең екен, қайта-қайта сүртініп отырды. Қысқа сәлемнен соң іле-шала айтқаны.

– «Алматы ақшамын» біраз уақыттан бері қадағалап жүрмін. Руханият мәселесін көп  қозғайды екенсіздер. Жігіттердің  жазғандарын үзбей оқимын. Мен де  бір жағына  шықсам деймін. Жұмыс бар ма?

Дайын тұрған штат жоқ еді. Бірақ, алдыңа телегей теңіздің өзі  келіп тұрса, қуанғаннан басқа жол  бар ма?  Қаламақыға келісім-шартқа отырдық. Содан  Тәкең төпеледі. Күн құрғатпай жазады. Бірді-екілі  идея  айтқан боламыз, Тәкең оны асыра орындайды. Кеме толы  қазынаға  кезіккендейміз. Оқырман олжалы болды да қалды.

Бәрін айт та бірін айт, ең кереметі Асқар Сүлейменов туралы «Кемеңгердің өмірінен бір үзік сыр» атты эссесі еді. Бұл эссе газетіміздің  оннан астам нөмірінде жарық көрді. Пікір, көзқарас ырғын болды. Бірнеше сайттар «Алматы ақшамына»  сілтеме  жасап, көшіріп басты. Ой мен өнердің Асқары  туралы талай дүние  жазылған болар-ау. Ал енді мына дүниенің сыны да, сыры да, сыңғыры да бөлек. «Талантты түсіну үшін де талант керек» демекші,  дарынға дарын қосылып, дара дүние шықты. Басқаларды былай қойғанда, Асағаңды бір кісідей біліп қалар-ау деген жары,  көрнекті сыншы, эстет Әлия Бөпежанова: «Асқар­танудың бірінші кезеңі әлдеқашан басталып кеткен,  Таласбектің ғажайып эссесі асқартанудың екінші кезеңінің басы болар», – деді.

Жалпы, ол бұл дүниеде, тіпті, әдебиетте болып жатқан нәрселердің бәріне эксперимет деп қарайтын, тіпті,  қоғамда дүмпу туғызып, көбіне жақсы  қабылданған Асқар туралы эссесіне де осылай қарады. Енді ойымда жүрген бір-екі адам бар, солар туралы жаза алсам,  көңілім тыншыр еді, дейтін. Олар әлгі атышулы эсседе жиі көрінетін Төлеген Тоқбергенов пен Зейнолла  Серікқалиев еді. Төлеген ағаның үйі әдеби салон бола­тын дейтін. Бірде Ақселеу Сейдімбек туралы тартысты  әңгіме болғаны есімде.  Бір заманда екеуінің арасы суыңқырап кеткені, өзінің әлдекімнің  «әдеби киллері» болғаны да өкінішпен айтылды. Бірақ, Ахаңмен кездесіп, көп мәселенің басы ашылып, көңілі  жайланғанына да шүкіршілік ететін. Әсіресе, Ахаңның Ташкенттің мұрағатынан ұлт үшін  аса құнды дүниелерді тапқаны туралы хикаясы  ерекше есімде. Ендігі жерде ол туралы қалам тербеу де ойында барын жасырмады. Бірақ, сәл кейінірек деп еді. Өкінішке орай, осынау тұлғалардың тағдыры Таласбектің тануында  жазылмай қалды. Басқалар жазар-ау, жазылып та жатыр. Ал, Таласбектің танымы басқаша болар еді, әрине.

Әдебиеттің тағдыры сөз болғанда ол бұрын-соңғы «ақыл үйреткіш… әдеби қарияларға» соқпай кетпейтін. Солардан көрген қорлығын айтқанда (әрине, таланттысы емес), сенер-сенбесіңді білмейтінсің. Әдебиеттегі «дежуршалдардың» (А.Айталы) талай Таласбектерді тапап кеткенін айтқанда да сене қоймадық. Бірақ, дерек-дәйегі, дәлелі нанымды көрінетін.

Таласбек Әсемқұловтың санқырлы талант болғанын көкірегі ояу, көзі ашық оқырман жақсы біледі. Оның жазушылығы да өз зерттеушісін күтіп жатқан бір байтақ. Әңгіме, повесть, киносценарийлерін былай қойғанда, «Талтүс», «Тәттімбет» романдарының қазақ прозасына қосылған зор үлес екенін айту ләзім. Осынау дүниелерді Таласбектің өз деңгейіне жетеқабыл зерттеуші зерделесе деп ойлаймыз.

Таласбек өз мүмкіндігін киносценарийлерімен де өзгеше өрнектей білген қаламгер. Киносценарий дегенде мынадай бір ой келеді. Әлі күнге дейін есімізде. Кезінде «Қыз Жібек» фильмін түсірерде оның сценарийі «Лениншіл жаста» жарияланып, көптің талқысына ұсынылып еді. Бұл үрдіс кейінгі кезде қалып қойды. Әрине, Таласбектің сценарийлері баспасөзде жарияланбаса да сол олқылықтың орнын біршама  толтырғанына күмән жоқ.

«Қыз Жібек», «Менің атым Қожа» фильмдері түсірілуі жағынан ғана емес, тілімен де көркем, шұрайлы еді ғой. Сол секілді оның «Біржан сал», «Құнанбай» фильмдеріне жазған сценарийі де ұлттық кино тілінің құнарын қайта тірілтті.

Киносценарий дегеннен шығады. Қазір «Қазақфильмнің» мұрағатында Таласбектің Тұмар (Томирис) ханым туралы сценарийі жатқан болуы керек. Сондай-ақ, күндіз адам, түнде жезтырнаққа айналатын әйел туралы жазылған «Жезтырнақ» деген ертегіге құрылған киносценарийді әуелде шетелдіктер арнайы тапсырыспен жаздырғанымен, кейіннен оны қабылдаудан бас тартады. Сценарий «Қазақфильмнің» архивінде шаң басып жатады. Әйтсе де, Оңтүстік Корея Орта Азияда экшнфильмдер түсіру үшін сценарийге байқау жариялаған соң, ол «Жезтырнақты» осы бәйгеге ұсынады. Арада 7-8 жыл өткен соң барып, жеңімпаз атанған шығарманы әлгілер бар болғаны 1000 долларға сатып алады.

Тәкеңнің өзі бұл туынды жөнінде «Кореяға кетіп қалғаннан кейін кеткен қыздың артынан жүгірген сияқты шулағандар болды» дегені бар.

«Алматы ақшамында» жарық көрген қайсыбір мақалалары, эссесі болсын, қоғамда дамылсыз пікір туғызып жататын. Редакцияға қоңырау шалып, пікір білдірушілер, телефонын, мекен-жайын сұраушылар да көп болды. Оқырманның осыншалықты шынайы ықыласына ол балаша қуанып, қанаттанып жүретін. Оны Алматының тарихы да қызықтырды. Себебі, Алматының тарихы жөнінде қоғамда болып жататын кейбір ұшқары пікірлерге көңілі толмайтын. «Сол үшін де осы тарихқа кірісемін» дейтін. Сол тарихқа енді түрен салып, «Алматыны енді қолға алмағанда, тарихқа есеміз кеткендей екен. Әлгі бір дәлдүріштердің аузын жабуға әбден болады екен» деп құмбыл кірісіп еді. Өкінішке орай, орта жолда қаламы суып қалды.

60-жылдары әдебиетке келген Ә.Кекілбаев, М.Мағауин, А.Сүлейменов, Ж.Нәжімеденов, т.б. интеллектуалды, танымдық проза мен поэзияның бағын ашты десек, 70-80-жылдардағы буынның ішіндегі оза шапқан ойы озықтардың бірі әрі бірегейі Таласбек Әсемқұлов болды десек, жаңылыса қоймаймыз. Жарайды, әріге бармай-ақ, өмірінің соңғы жылдарында жазған «Тәттімбет» романын оқыған боларсыз. Өнердің ішіне кіріп, табиғатын ашып жазу үлкен эрудиттің ғана қолынан келеді. Бұл бағытта кешегі Жұмекен, Тәкендер бастаған көркем көшті Таласбектің тартымды жалғастырғанына ешкім таласа алмас. Әлімқұлов пен Әсемқұлов тандеміне таңдай қаққандар да аз емес еді. Таласбек аталмыш романында осы ойымыздың биігінен көрінді. Бұған дейін Т.Әлімқұловтың «Саржайлауынан» там-тұмдап білген Тәттімбет тағдыры мына романда жандүниемізді қозғап, айрықша әсерге бөледі. Қаламмен жазылған күй дерсің. Күй болғанда да кілең бір «көкейкесті» күйлер.

Романда Тәттімбеттің кестелі тілмен жасалған көркем бейнесі жөніндегі әңгіме өз алдына (жазушы үшін ең басты критерий тіл екені даусыз), мұнда жұрт бұрын-соңды білмеген ғажайып деректер бар. Ол осы деректер арқылы күйші тұлғасын бұрынғыдан да биіктете түседі. Мәселен, Александр ІІ таққа отырғанда Құнанбай қажылыққа сапаршылайтын себепті орнына Тәттімбетті ұсынады. Ақ патшаның таққа отыру рәсімі Мәскеуде өтеді де, оған қазақ елінен Тәттімбет, Шыңғыс төре, т.б. барады. Жолсапарға пойызбен шыққан бұлар Ресейдің көп жерін аралайды. Алғашында Петерборға дейін апарып, қайта Мәскеуге әкелген. Бұл да болса сұрқия империяның ішіне кісі бойлап бітпейтін әрекеті еді. Қысқасы,  Тәттімбет осы сапардан соң қатты өзгереді. Қазақ жерінде базар ашу ісін ұйымдастыр­ғандардың бірі де осы ұлы күйші. Сол тұста Сібірден кен өндіруге рұқсат алған Тәттімбет 45 жасында өліп кетпегенде, ол қазақтың ірі капиталистерінің бірі болар ма еді деген арманды ой қылаң береді.

Осы Алматыда ертеректе ұлттың рухани сұранысын қанағаттандыратын орындар көп емес еді. Мәселен, Әуезов театры, жастар театры дегендей. Ал енді, бүгінде біреудің есінде бар ия жоқ Әуезов мұражайында Халық университеті болатын. Рахманқұл Бердібаев басқарған университет ұлт ұятының ұясындай еді. Екі жұма сайын елімізге белгілі өнерпаздар, ақын-жазушылар, ғалымдар, қысқасы, ұлттың қаймақтары мен қаспақтары сол аядай жерде бас қосатын. Ұлттың уайымы, мүддесі, мұраты сол жиында там-тұмдап айтылатын. Міне, осы аядай ортада талай таланттардың да тұсауы кесіліп, дуалы ауыздар бата беріп жататын. Алғаш рет Таласбектің де тұсауын кескен осы халық университетінің сахнасы еді. Бұл жолда оны тұңғыш танығандар Рахманқұл Бердібаев пен Жарқын Шәкәрім болатын. Сөйтіп, өнердегі қадамын күйшіліктен бастаған ол кейініректе «Мен жақсы күйші болатын едім, бірақ, абыройды жазушылықтан, әдебиет пен өнер сыншылығынан, киносценарий саласынан таптым» деп жазды.

Есесіне, ол күй табағына терең үңілу арқылы әдебиетке күй тілін алып келді. «Талтүс» атты романында осы ойымызды терең өрнектейтін ол «Тәттімбетте» шырқау биікке шығандап кетеді. Әр кездегі сұхбатында, өз жазуында, ауызекі әңгімесінде Тәттімбеттей күйші жоқ деп жүретін Тәкең кейде бар мүмкіндігін осы романға жұмсағандай көрінеді.

Таласбектің «Алматы ақшамында» «Танылмаған суретші» (21.05.2013ж.) атты мақаласы жарық көрді. Мақалада дарынды суретші Мұхтар Құлмұхамедовтың тағдыры баяндалды. Суретші жоғалып кеткен. Таласбек оның кезінде өзі көрген «Қап, қап, қап» және «Ақын» атты суреттерін талдайды. Шығарманың екеуі де Махамбет туралы. Екі туындыда да ақынның өлер алдындағы сәті бейнеленген. Таласбек осы сұмдықты талдайды. Аса қорқынышты негізге құрылған картинаны кәсіби мамандардан да жетік жетесіздің жетесіне жеткізіп, шымырлатып жазып шығады.

Суретті жер-жебіріне жетіп талдау өз алдына, ол біздің басымызды кесіп алса да селт етпейтін рухани бейғамдығымызды ашынып еске салады. Бұл өнердің бағасын білмейтініміз рас қой, оның себебін өз бойымыздағы рухани кенжеліктен іздеу керек шығар дейді бір ой. Таласбектің бұл бағыттағы ойы талас тудырмайды.

«Біздің көрерменнің ең басты міні неде? Көру қабілетінің жоқтығында. Қарап тұрып көрмейді. Бұл, біріншіден, қазақ сурет өнерінің жастығынан, екіншіден, сурет өнерінің социалистік заманмен бірге келгендігінен. Шектеулі өнер кембағал көрерменді туғызады. Көрерменнің көру қабілетін ояту керек, көзін тәрбиелеу керек. Көрермен ойдың жалқау­лығынан арылу керек. Суретке қарап тұрып, ойланып үйренуі керек. Суретшінің көңіл-күйін тап басып үйренуі керек» дейді ол. Міне, сөйтіп Таласбек туынды мен туындыгердің тағдырын қоса қабат баяндап, екеуіне де араша түседі.

Танымдық мақалаларының өзі әңгімедей оқылатын оның талайдың таным көкжиегін кеңейткені рас. «Танылмаған суретшіде» де сондай сәттер жеткілікті. Ойыңызға ой, пікіріңізге пікір қосады, ұсыныстары ұтқыр, көңілге қонымды. Оқырманның өз ойын кеңейтуіне де жол ашып береді.

Мәселен, біздің қазақтың суретшіге «бояушы» деп қарағаны да жасырын емес қой. Шынын айту керек, бұл ретте суретші қауымының жазушылардай құрметке ие болмағаны туралы шындық сыры да өзінен-өзі ашылады. Көрген-білгеніміз ақын-жазушы болып, ұлт руханиятының өзге саласын танып-білудегі қарапайым халықтың түсінік-пайымы төмендеп кеткенін енді жасыра алмаймыз. Бұл кемшілікті бейнелеу өнерінде әдебиеттегідей сыншылардың жетіспеуінен деп те түсінуге болады. Біздің бейнелеу өнері өкілдерінің шығармашылығын талдауда өз ішімізден гөрі оқуы да, танымы да өзгешелерге көп мүмкіндік жасалды. Ал олар жұртты адастыратын қайдағы бір ағымдар, измдер төңірегінде шиырлап, ұлттық туындылардың ішкі иірімдеріне, нәзік тұстарына, рухтық сипатына бойлауға келгенде саналы түрде аттап баспайтын.

С.Айтбаевтың «Жас қазақтарының» «Молодая гвардия» журналында аяусыз сынға ұшырауы соның бір дәлелі. Салехетдиннің де содан ғой «мен өз деңгейімді өзім жақсы білемін» деп әлгі сыншысымақтарды шеберханасына жолатпайтыны. Міне, қай туындысына болсын тереңдік тән Таласбекті оқыған сайын ойға ой қосылып, ең қиын түйіннің де шідері шешіліп сала беретін.

Таласбектің «Алматы ақшамына» иығына қапшығын салып кіріп келгендегі сәті менің көз алдыма бір заманда студент болып жүріп, бір жыл бойына стипендиясын жиып, демалыста елге бармай алыс қиырларды шарлап, соның бірі Арарат тауын асып, Ереванға тартып кетіп, үш күн бойы есігін күзетіп, атақты Мартирос Сарьянмен кездесетін Пернебай Дүйсенбиннің кезінде «Лениншіл жасты» «бомбылағанын» елестетті. Екеуінің бойындағы физиономиялық ұқсастықтарды айтпағанда, егіз қозыдай ұқсастық – рухани жанкештілік пен білмейтіні жоқты­ғына дейін айнымай қалғаны. Сол Пернекеңнің, сары шұнақ аязда киіз үй тігіп, ішіне қара пеш жағып отыратын менің аяулы ұстазымның курстасы Ақселеу – Ахаң бірде «Шіркін, Пернебай елге кетіп қалды ғой, ол осы ортаға керек еді. Рухани кембағалдықпен күресу үшін» дейтіні есіме түседі кейде.

Міне, сол бір күні редакцияға кіріп келген Таласбек ұлттың көркемдік кеңістігіндегі сол рухани кембағалдықтың орнын толтыру жолында өзін-өзі аямай күндіз отырмай, түнде көз ілмей жұмыс істеп еді. Сол үшін денсаулығын да берді. Өнер үшін өмірін аямады. Оның бәрін, Таласбектің «Алматы ақшамындағы» ашылмаған аралдарын ашып айту келешектің ісі. Әзірге көп ойдың бір ұшқынын жылт еткізумен ғана шектелеміз.

Қали СӘРСЕНБАЙ

Дерек көзі: "Алматы ақшамы" газеті

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2061