Саудаға салынған ғылымнан сауап бола ма?
"Докторлық, кандидаттық, магистрлік диссертациялар жазып беремін. Сапалы жазылуына, келісім-шарт бойынша барлық талаптарға сай жасалуына заңдық кепілдік беріледі". Осындай хабарландыруларды Астананың талай аялдамаларынан кездестіруге болады. Алғаш көргенде көзіміз шарасынан шыға жаздап таңданғанбыз. Кейін көз үйренді ме, етіміз өлді ме, оған тіпті мән бермейтін болыппыз. Негізі бұған немқұрайды қарамауымыз керек еді. Ғылымды саудаға салуға қалай төзуге болады?!
Құзырлы министрліктің ресми мәліметіне жүгінсек, тәуелсіздік жылдарында ғылыми дәрежесі бар 17 000 оқымыстыға "инемен құдық қаздырып", арнайы диплом ұсынған екенбіз. Сан жағынан біршама. Алайда, соңғы бір жылдың дерегіне қарағанда, ғылыми кеңестерде қорғалған 2 666 диссертацияның 199-ы жарамсыз деп танылыпты. Осыны ой сарабына салған шығар, осыдан бірер жыл бұрын Білім және ғылым министрлігі ғылымдағы келеңсіздіктерді жою мақсатымен, "Антиплагиат" атты майдан ашып біраз шулатып еді. Кейін әдеттегі көп науқанның біріне айналды да, аяғы сиырқұмышықтанып кетті. Қазір тіпті үнсіз қалуы - жаңа заңның жобасы Парламентке түскендіктен соны күтуге бел байлағандықтан шығар. Жалпы біз салдармен күресуге бейім тұрамыз. Негізі себептің қыр-сырына бір сәт неге үңіліп көрмеске.
"Докторлық, кандидаттық, магистрлік диссертациялар жазып беремін. Сапалы жазылуына, келісім-шарт бойынша барлық талаптарға сай жасалуына заңдық кепілдік беріледі". Осындай хабарландыруларды Астананың талай аялдамаларынан кездестіруге болады. Алғаш көргенде көзіміз шарасынан шыға жаздап таңданғанбыз. Кейін көз үйренді ме, етіміз өлді ме, оған тіпті мән бермейтін болыппыз. Негізі бұған немқұрайды қарамауымыз керек еді. Ғылымды саудаға салуға қалай төзуге болады?!
Құзырлы министрліктің ресми мәліметіне жүгінсек, тәуелсіздік жылдарында ғылыми дәрежесі бар 17 000 оқымыстыға "инемен құдық қаздырып", арнайы диплом ұсынған екенбіз. Сан жағынан біршама. Алайда, соңғы бір жылдың дерегіне қарағанда, ғылыми кеңестерде қорғалған 2 666 диссертацияның 199-ы жарамсыз деп танылыпты. Осыны ой сарабына салған шығар, осыдан бірер жыл бұрын Білім және ғылым министрлігі ғылымдағы келеңсіздіктерді жою мақсатымен, "Антиплагиат" атты майдан ашып біраз шулатып еді. Кейін әдеттегі көп науқанның біріне айналды да, аяғы сиырқұмышықтанып кетті. Қазір тіпті үнсіз қалуы - жаңа заңның жобасы Парламентке түскендіктен соны күтуге бел байлағандықтан шығар. Жалпы біз салдармен күресуге бейім тұрамыз. Негізі себептің қыр-сырына бір сәт неге үңіліп көрмеске.
Бүгінгі таңда ғылым өз тарихында болмаған ірі жетістікке жеткендігін ешкім жоққа шығара алмайды. Бұдан да биік шыңдарды бағындыратыны тағы шүбәсіз шындық. Алайда, ғылымда шешілмеген жұмбақ сырлар мен жан жетпеген биік асулар әлі де шаш-етектен. Осының өзі кейде ғылымды қолжаулық етуге себеп болатын жайы бар. Түсіндіруге мүлде келмейтін жайлар ғылымда баршылық. Себебі, ол обьективті нысанды ғана жан-жақты зерттемек. Айталық, мораль, этика немесе адамның тууы мен өлуін процесс ретінде қарастырғаны болмаса оның түпкілікті сипаты жайында айтуы мүмкін емес. Мәселенің бұл жағын қарастыру философияның, діннің, өнердің, әдебиеттің еншісінде. Осы бір күрделі де қызықты шектеудің өзі ғылымды қолжаулық етушілерге "әдемі" сылтау болып отыр.
Ғылыми зерттеудің өзіндік негізгі тәсілдері бар, топтастыру, тоқайластыру, болжау, есептеу, эксперимент, модель жасау, қисындамалық тұжырым, т.с.с. Бірақ, оған тағы нақты шек қоя алмайсың, мысалы, мына жерден ана тұсқа дейін ғылым, қалғаны ғылым емес дегендей. Сөйте тұра екеуінің айырмашылығы жер мен көктей. Түрлері көп, зерттеу тәсілдері сан қилы, нақты белгіленген шекара мен шектеудің жоқтығы жалған ғалымсымақтардың, пысықайлардың ғылымды қолжаулық етулеріне есік ашып береді.
Елімізге қазіргі заман ғылымы ХХ ғасырда енген сәтте марксистік идеология қосарланып бірге, біте қайнады. Марксизм ғылымды, соның ішінде гуманитарлық саланы "ашса алақанында, жұмса жұдырығында" ұстады. Тіпті генетика, кибернетика секілді іргелі ғылымдардың өзін идеологияландырып, дегеніне көнбесе жоққа шығарып, тіпті одан зорына да барды. Осылайша, марксизм өзін күні кешеге дейін ғылымның кешені санады. Карл Поппердің өлшемі бойынша ғылым сынақтан өтіп, мойындалады немесе жоққа шығарылады, қалыптасқан жағдайға сәйкестірілмейді, механикалық тәсілмен жөнделмейді, т.с.с.
Марксизм сол тұста билеуші топтың қолшоқпары болып табылғандықтан ғылымды өз мақсатына жаратып келгені бүгінде тарихқа айналып барады. Ең алдымен тарих, философия, социология, экономика, әдебиеттану ғылымы толықтай, педагогика, тіл білімі, психология жартылай идеологияның құрсауында тұншығуы кезінде аталмыш салалардың ғылыми мәнін жойып, шындықтың ауылынан тым алыстатып жіберген болатын. Зерттеу нысанның мазмұны, әдістемесі, тұжырымы алдын ала пайда болып қояды, зерттеушілер жоғарыдан белгілеп берген даяр жауапты ғана ешбір мән-мағынасыз процеске сәйкестіріп түсіндіреді. Осы себептен де аталмыш салалардың шынайы ғылыми мазмұны кеңестік дәуір тұсында біршама бұрмаланды деуге болады. Бүгінге дейін экономистер елдің экономикалық өмірінде көрініс тауып жатқан проблемаларды зерттеп, себеп-салдарын ашудың орнына оның алдына кесе-көлденең тұрып алып, ненің қалай болуы жайында құрғақ уағыз айтып келді. Тілтанушылар адамдардың өзара тілдік қарым-қатынасы қалай дамып отырғанын зерттеуді ысырып қойып, не істеу керектігін алдын ала ескертіп сәуегейсіді. Тарихшылардың жайы белгілі, жоғарыдан нұсқап берілген даяр рецептіні көне заманда ұмыт болған үрдіске сәйкестіріп тықпалаумен титықтады.
Марксизм күйреген соң да шекеміздің қызғаны шамалы. Гуманитарлық ғылым саласында неше түрлі күлкілі жайттар орын алды. Ғалымдардың бұрын ұстанып келген қағидасынан шұғыл түрде айнығандығына немесе мүлде оған қайшы әрекетке барғандығына заман солай болды деп түсіністікпен қарауға болар еді. Ең сорақысы, ғылыми ізденушінің ашқан жаңалығынан гөрі оның жеке басының қасиеті, қарым-қатынасы, қаншалықты "жөн-жосықты" білетіндігі алдыңғы орынға шыға жаздағаны. Жазған диссертация мен ашқан жаңалығы кейбір ғылыми кеңестерді аса қызықтырмайтын да сияқты. Есесіне дисскеңестің төрағасы мен ғалым хатшысына сенің жомарттығың қаншалықты көрініс табады. Бәрі соған келіп тірелетін халге жеткен. Төл мамандығың мал дәрігері ме, зоотехник пе, агроном ба бәрібір. Төраға қаласа болды, әдебиеттен, саясаттанудан докторлық қорғай бересің. Ең бастысы, ақша аяма, ғылым жолында шаш, алса қолына бер, алмаса жолына таста! Бұл жерде сенің университет дәрісханасында әдебиет немесе саясаттану пәнінен сабақ беріп көрмегенінен, базалық білімінің гуманитарлық салаға жанаспайтындығынан гөрі жөн білетіндігің алдыңғы орынға шығады. Мейлі делік. Адам баласында ғылымнан тыс қажеттілік болатын да шығар. Сол қажеттілік идеологияның шырмауынан босаған соң бетімен кетіп, ақиқат пен жалған мидай араласып жүре бере ме? Жазған диссертациясын өзге тұрмақ өзі де түсінбейтіндерге ғылым докторының дипломын бергеннен ол ақылды бола қала ма?!
Ғылымның да өзіндік тарихы мен хикаясы бар. Тірідей өртелген Бруно, азапталған Галилей, ақырында жындыханадан бір-ақ шыққан Лобачевскийді мысалға ала отырып, кейбір ғалымдар бізге түсініксіз, өзіне ғана мәлім сырларын ақтап алғылары келеді. Ұлы ғалымдарды айналасының дер кезінде түсінбеуі, надандықтың салдарынан оларға өз орталарынан орын бермеуі - өткен тарихтың еншісіндегі дүние әрі сонысымен де ол бүгінде аңызға айналып отыр. Ал қазіргі ақпараттың тасқыны дәуірлеп тұрған электрондық ғасырда адам түсінбейтін әңгіме айту данышпандықтың белгісі болмаса керек. Гогольдың "Ревизорында" айтқандай, "Ескендір Зұлқарнайдың ержүрек қолбасшы болғаны шындық. Бірақ, сол үшін орындық сындырудың не қажеті бар?".
Біз қаласақ та, қаламасақ та баршаға мойындалған бүкіл әлемнің өз еңбек бөлісі бар. Айталық, іргелі зерттеулер өте көп ақша, қаражат, технология, техника, тәжірибе мен машықтануды, біліктілікті, күш - жігерді, еңбекті талап етеді. Сөйте тұра экономикалық тиімділігі мен пайдасын тым кеш береді. Осыған байланысты іргелі ғылымға ақша бөлмей, пайданың соңына түсіп отыр деп жоғары дамыған өркениетті елдер Жапонияны жатып келіп сөгетіндері бар. Жалпы, көптеген елдердің тұтыну бағытындағы ғылымдарға ерекше назар аударатындығы кездейсоқтық емес. Компьютерлендіру саласына біз аса көп қаржы шашпасақ та, оны қолдан жасаймыз деп тер төкпесек те мықты тұтынушының деңгейіне жетіп алдық. Экономикада дивергенция деген ұғым барын білеміз. Сол тұрғыдан келгенде, жаңадан пайда болып жатқан технологиялардың стандарттарын түсінетін, оған тез ауыса алатын, пайдалы тұстарын өзіндік етіп бейімдеп ала қоятын қасиет өте қажет. Қазіргі таңда әлемде биотехнология өндірісінің 80 пайызы АҚШ-қа, 10 пайызы Жапонияға, тағы он пайызы Еуропа елдеріне тиесілі көрінеді. Олай болса, ғылымдағы озық жетістіктердің бәрі дерлік алдымен жоғары дамыған елдерге тиесілі екендігі, ал, қалғанымызға мықты тұтынушы, елгезек пайдаланушы болу пешенемізге жазылғанын өкінішпен мойындамасқа лажымыз жоқ.
Ғылымдағы мешеулікті мамандар көбінесе техника, технологияның жеткіліксіздігімен түсіндіріп жатады. Шын мәнінде, мүлде олай емес. Мысалы, хай-тек деген озық техника-технологияның болғаны жақсы. Ал, онымен жұмыс істейтін өте мықты даярланған маман болмаса ше? Онда жаңағы қымбат машинаңыз түкке керексіз қоқысқа айналып шыға келеді. Науқасқа ауруының себеп-салдарын ашып, диагнозын дәл қойып беретін аппаратты толық меңгерген, оның тілін жетік білетін маман болғанда ғана ол пайдалы. Маман шала сауатты немесе біліксіз болса сау адамды науқасқа айналдырып жібермесіне кім кепіл. Сондықтан, мешеулік техникада немесе технологияда емес, адамда болып тұр. Ғылымды бүлдіретін де, оның беделін түсіретін де сол баяғы жазған диссертациясын өзі де түсінбейтін әуесқойлар болып отыр. Қазіргі таңда ғылымның саласы сан қилы әрі мыңдап саналатын жағдайға жетті. Сондықтан белгілі бір жаңалық ашудың өзі жүздеген ғалымдардың ынтымақтасуымен, ұжымдасуымен өмірге келетін ахуал қалыптасты. Олай болса, ендігі жерде Архимедке ұқсап суға шомылып жатып аяқ астынан "Эврика!" деп айғайды салып жүгіруге себеп табыла қоймайды. Ломоносов секілді басты он ғылымның саласы бойынша шұғылданып, бірнеше жаңалық ашатын әмбебаптыққа да мүмкіндік жоқ. Қысқасы, әуесқой ғалымдар үшін кіріп кетуге ыңғайлы иненің көзіндей тесік қалмады. Қазіргі ғылым қыруар ақша, қаражат, технологиялық прогресті, күрделі әдістемені, жоғары біліктілікті талап ететіндігімен ерекшеленеді.
Физика, математика немесе химия саласына қойып кетуге әуесқойлардың жүректері дауалай қоймайды. Сондықтан, гуманитарлық саланы қолайлы көретін секілді. Алайда, қоғамдық өмірдің күрделі тұстары, аса көп қырлары үнемі өзгеріс үстіндегі құбылыстар да оңайлықпен шағыла қоятын жаңғақ емес. Иә, гуманитарлық саланың өз зерттеу нысаны, пәні, әдістемесі, қисындамасы бар ғылым екендігін ешкім жоққа шығара алмайды. Оның нақты ғылымнан да ауыр қиындықтары жетерлік. Алайда, әуесқойлар оны сезіне де, көре де алмайды. Олар тек ғылыми атақ алуды ғана мақсат тұтады. Сол мақсатқа жету үшін еш нәрседен тайынбайтыны тағы белгілі. Міне, ғылымды тұралатып бара жатқан да осы.
Бір қызығы, сол қаптаған ғылым кандидаттары мен докторлары қажет жеріне жетпей қалатын тұстар бар. ЖОО-ға ғылыми дәрежесі барлардың бәрі келе бермейді. Оларға жайлы, жалақысы қомақты орынтақ керек. Осы арада Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бір ресми жиында лауазымды тұлғалар мен әкімдердің аяқ астынан ғылым докторлары мен кандидаттары болып шыға келетіндігіне қатты таңданғаны еріксіз еске түседі. Расында, мемлекеттік қызметтің ауыр жүгін арқалап жүргендер қашан, қалай "инемен құдық қаза" қойды екен?! Ғылымды құтқару дегенмен өз басым толықтай келісемін. Әсіресе, ең алдымен ғылымды жоғары шенді шенеуніктерден, әкімдерден қорғаудың қажеттілігі Қазақстан үшін бүгінде аса маңызды болып тұрғандай сезіледі.
Менің осы салада тағы бір түсінбейтін нәрсем бар. Ғылыми ізденушілер өздері жазған мақалаларын министрлік бекіткен ғылыми журналдар мен хабаршыларға бастыру үшін ақша төлейді. Оның бағасы да әртүрлі. Бір журнал екі-үш мың сұраса, келесі бірі алты-жеті мың теңге әкел дейді. Оған ешкім ешқандай уәж айтпайды, төлей салады. Жарайды, төлейік. Бірақ, ол ақшаның қайда, не үшін жұмсалатыны түсініксіз. Ғылыми басылымдардың барлығын Үкімет қаржыландырып отыр. Мен бірнеше шетелдік ғылыми журналдарда мақалаларымды жариялатқанмын. Бірақ, олардың ешқайсысы ақша сұраған жоқ. Сонда қалай? Әлгі шенеуніктер ақша төлесе, мақалалары жарық көре береді, ал ақшасы аз біреудің ғылымдағы жаңалығы қанша маңызды болғанымен оған ғылыми журналдан орын тимейді. Осы арада біз ғылымды қайда апара жатырмыз деген сұрақ еріксіз туындайды.
Қоғамдық формация алмасып, тәуелсіздік алғанымызға жиырмадай жылдың жүзі болды. Білім-ғылым саласы реформадан көз ашпады. Батыстың үлгілерін қабылдап көрдік, оны қазақыландырып құртып тындық. Сөйте тұра әмбебап адам даярлайтын марксистік жүйеден арыла алмай-ақ қойдық. Жаңа қоғамда ескі тәсілмен жүре алмай жатырмыз. Диплом болса тамақ табылады деген ұғымнан құтылмаған қоғам енді жаппай ғалым (кандидат, доктор, PhD) болуға көшті. Ал, өнім жасайтын, қызмет көрсететін кәсіп иесін өзімізден таппай, шет елден әкелетін жағдайға жеттік. Ғылымды мазақ етуден қысылмау қоғамды жайлап барады. Осының бәріне болмаса да біршама бөлігіне білім беру жүйесі кінәлі. Ғалымсымақтарды плагиатқа апаратын тетік ең алдымен арсыздық болса керек. Ал салалық министрліктің кезінде шулатып қолға "Антиплагиаты" көшірілген диссертацияны ұстап бергенімен, арсыз ғалымға, қалталы шенеунікке тосқауыл бола алмағандықтан бүгінде үні өшіп, басталған ісі аяқсыз қалды.
Қуандық ШАМАХАЙҰЛЫ,
ҚР мәдениет қайраткері,
халықаралық журналист.