Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Жаңалықтар 3640 0 пікір 27 Қазан, 2015 сағат 11:02

АХМЕТОВ ІСІ: 1 МЛРД-ТАН АСТАМ ТЕҢГЕГЕ АЗАМАТТЫҚ ШАҒЫМ ТҮСІРІЛДІ

«Ахметов ісі» бойынша айыпталушыларға 1 млрд-тан астам теңгеге азаматтық шағым түсірілді.

«Ахметов ісі» бойынша 26 қазандағы сот отырысында Қарағанды қаласының индустриалдық паркіндегі инфрақұрылымдық нысандардың құрылысын салу кезінде бюджет қаражатын ұрлау эпизодын қарау барысында сотталушыларға (С. Ахметов, Ғ. Мұхамбетов, А. Ессе, Ә. Ақмолдаев, О. Айменбетов, Б. Искаков, Д. Нұрбаев) «ММИП» ЖШС-нің директоры В. Ивановтың атынан азаматтық шағым түсті. Шағым иесі «ММИП» ЖШС-не келтірілген мүліктік зиян үшін сотталушылардан 1 млрд. 129 млн. 548 мың теңге өндіріп алуды өтінген.

«2010 жылдың 8 қыркүйегінде тапсырыс беруші «ММИП» ЖШС-і мен бас мердігер «ҚазГерҚұрылыс» ЖШС-нің арасында Қарағанды қаласының индустриалдық паркіндегі инфрақұрылымдық нысандарды салуға құрылыс-монтаж жұмыстарын сатып алу жөнінде келісім-шарт жасалады. Мердігерге тапсырылған жұмыстардың құны 15 млрд. 705 млн. 746 мың теңге көлемінде белгіленген. Келісім-шартта құрылыс жұмыстары 2013 жылдың 5 мамырына дейін аяқталатыны көрсетілген.  2013 жылғы 23 желтоқсандағы Қарағанды облыстық ауданаралық мамандандырылған экономикалық сотының шешіміне сәйкес мердігердің бастамасымен құрылыс мерзімі 2014 жылдың 7 қыркүйегіне дейін ұзартылып, келісім-шарттың құны 16 млрд. 762 млн. 455 мың теңгеге дейін ұлғайтылады»,- деп оқып берді шағымның мәтінін сотта төрағалық етуші судья И. Есенбаев.

Шағым хатта жазылғандай, индустриалдық парк аумағындағы инфрақұрылымдық нысандардың құрылысы «Сәулет» ЖШС-і жасаған жобалық-сметалық құжаттама (қысқаша алғанда - ЖСҚ) бойынша жүзеге асырылды. Бұл ЖСҚ-ға «Мемэкспертиза» РМК-ы оң тұжырым беріп, ол Құрылыс істері және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы агенттігінің бұйрығымен бекітілген. Алайда қылмыстық істің материалдарында көрсетілгендей, 2010-2014 жылдар аралығында шаруашылық-тұрмыстық суағарларды тазалау станциясын салу кезінде мердігерлер мен «Центрстрой-комплект НС» ЖШС-і аталған нысанға қатысты ЖСҚ-ның технологиялық және жобалық шешімдерін негізсіз өзгертеді. Атап айтқанда чехтар жасап шығарған жобалық қондырғыны қазақстандық «Eco treatment systems» ЖШС-нің технологиясына ауыстыру нәтижесінде қондырғының құны өсіп кетеді.

Бұдан әрі шағым хатта: «Сонымен қатар Қарағанды қаласының индустриалдық паркінің канализациялық-тазалау жүйесінің құрылысы «Мемэкспертиза» РМК бекітпеген, түзетілген жобалық-сметалық құжаттама бойынша жүзеге асырылды. Сол себептен тапсырыс беруші – «ММИП» ЖШС-і-нің аталған нысанды пайдалануға қабылдап алуға және оны мемлекет меншігіне беруге құқығы жоқ. Бірақ «Мемэкспертиза» РМК-ның оң тұжырымынсыз салынған құрылысқа «ММИП» ЖШС-і республикалық бюджеттен бөлінген мақсатты қаражат есебінен ақша төледі. Қылмыстық істің материалдарында көрсетілгендей, жоғарыда айтылған қылмыстық топтың мүшелері ол ақшаны банк есеп-шоттарынан алып, тергеу нұсқасы бойынша өзара бөліскен. Сондай-ақ, қылмыстық іс материалдарына сүйене отырып, сотқа дейінгі тергеу амалдары аталған топтың алдын-ала келісіп алған қылмыстық әрекеттерінің нәтижесінде мемлекетке 1 млрд. 129 млн. 548 мың теңге көлемінде зиян келгенін анықтады» делінген.

Шағым беруші жоғарыда аттары аталған тұлғалардың кінәсі дәлелденген жағдайда аталған соманы «ММИП» ЖШС-нің мүліктік зиянын өтеу есебінен өндіруді сұрайды. Сот отырысының соңына қарай шағым хат барлық сотталушыларға таратылып берілді. Айтарлығы, кәсіпкер Думан Нұрбаевтан (ол шағым хатпен жартылай келісетінін айтты) басқалар шағымхатпен келіспейтінін мәлімдеді.

Әмина БӘКІР

Абай-ақпарат   

 

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2048