ӨРТЕГІН, ҚАЗАҚ, АЛДЫМЕН, САНАДА ЖАТҚАН ҚҰЛДЫҚТЫ
Апасы қалды құлындап,
Жалындап өту – сол кегің!
Шындықты іздеп шырылдап
Өзіңді өрте! Өртегін!
Көңілім бүгін бек күпті,
Өлімге бастар жол - тегін!
Таба алмай әділ-еттікті
Өзіңді өрте! Өртегін!
Жаным хақ менің, Арым – хақ!
От болып жанды өркенім!
Өмірден өткін жалындап -
Өзіңді өрте! Өртегін!
Данкодай өткін – сол кейпің,
Данкодай мықты – сол теңің!
Өмірдің шынын көрмейтін
Көзіңді өрте! Өртегін!
Шындыққа жету – мұратың,
Шындық ол – кие, көркемім!
Билікке құлдық ұратын
Сөзіңді өрте! Өртегін!
Көп көрген жаным азды ұқты,
Көре ме маңдай шаттықты?
Өртегін жағымпаздықты!
Өртегін жандайшаптықты!
Кешіргін! Жатыр қалғып ел,
Көрсе де мынау сұмдықты.
Өртегін, қазақ, алдымен
Санада жатқан құлдықты!
Ашылмай кеткен сандық ең,
Сойғанда қойды ірейді!
Өртегін, қазақ, алдымен
Жүректе жатқан үрейді!
Әділдік табу -ырысың,
Күтпегін оны, күт мейлі.
Мынадай елде бір ісің
От болып жанбай, бітпейді!
Әміржан Қосанов
Facebook-тегі парақшасынан