Сенбі, 23 Қараша 2024
Билік 4612 0 пікір 23 Қазан, 2015 сағат 10:14

ЖІГЕРЛІ ЖЕТЕР МҰРАТҚА...

 

(Сыр-сұхбат)

Кездейсоқ кездесу...

 

Сандуғашпен кездейсоқ таныстым. Қалалық кәсіпкерлер палатасының шақыртуы бойынша, күнделікті гәзет тапсырмасымен «Жұмбақтас» қонақүйінде өтетін Астана қалалық кәсіпкерлер палатасы жанынан құрылған Аймақтық іскер әйелдер кеңесінің отырысына келгем... 

Жиынға қатысушылар жүз пайыз «өзіміз» болсақ та, отырыс әдеттегідей орыс тілінде жүрді.

«...Тағы да құр қол қайтатын болдым-ау!.. Жарайды, тым болмаса қысқаша ақпарат берермін» деп ойланып отырғанымда, қалалық кәсіпкерлер палатасының баспасөз хатшысы шеткерірек жайғасқан кәсіпкер келіншекке жақындап, әлдене сұрады. Қарындасымның қазақша жауап бергенін естіп, ішім жылып қалды. «Несін жасырайын, шағын мәлімет жазуға осы да жетер. Отырыстың аяқталуын күтпей-ақ қайта берсем қайтеді?» деп, екі ойлы болып тұрғанда, қуанып қалдым.

Іскер қарындасым өзін «Сандуғаш Әбдіманапқызы – «International Gold Group» компаниясының бас директорымын» деп таныстырды...

 

Сөз басы... 

- Кәсіпкерлікті қалай бастадыңыз?

- Қажеттіліктен басталды... Аумалы-төкпелі 90-шы жылдарды өзіңіз білесіз. Ол кезде мен мединститутта оқып жүргем, 18-19 жастамын. 93-94-ші жылдар... Еліміздегі барлық кәсіпкерлер сияқты сауда-саттықтан бастадым. Біреулерге, мүмкін, күлкілі шығар... азық-түлік саттым. Алғашқы кезде ұялатынмын. «Бірге оқып жүрген құрбыларым мені көрсе не деп айтады? Бұнысы не деп ойлайтын шығар» деп қатты қысылдым.

Тауарды сатып беру үшін бір кісілерден алатынмын... Ауылға да талай апардым.

Толғаныс деп айтсақ та болар, бір-екі рет өзімді-өзім іштей жегеннен кейін, ойландым... «Мен неге қысылып-қымтырыламын? Теріс нәрсе жасап жүрген жоқпын. Қайта өз бауырларымды жұмыспен қамтып, папама да  көмектесіп жүрмін!..».

Осы ой өзімді жігерлендіріп, алға жетеледі. Соның арқасында, ақыры шағын кәсіпкерлікті кеңейте келе, әуелгі кезде бір кісілерге жалданып жұмыс істесек, яғни сауда нүктелерін жалға алсақ, қазір өз сауда орындарымыз бар. Осының бәрін өз басым біріншіден, біздің елімізде кәсіпкерлікке деген жағдайдың жасалуы деп түсінемін. Ал соның бәрі – тікелей біздің Елбасымыздың арқасы!..

Екіншіден, адамның ішкі жігері... Мысалы, мен осыны істей аламын, бастаған ісімнен нәтиже шығарамын деген жігерінің болуы. Өз басым осы екі нәрсе кәсіпкерліктің әрі қарай дамуына мүмкіндік береді деп ойлаймын.

- Қандай қиындықтар болды? Қиналған кездеріңізде жөн сілтеп, жәрдем берген адамдар болды ма?..

- Әрине, қиыншылықтар болды!.. 90-шы жылдары білесіз ғой, қазіргідей несие алатын дамыған банктік институттар мен жүйелер болған жоқ. Екі мыңыншы жылдардан кейінгі уақытта біз солармен жұмыс істей бастадық. Оған дейін бізде де қаражат жағы тапшы еді. Қаржыны жеке адамдардан алдық немесе өзіміздің сауда-саттықтан түскен пайдамызды қайтадан айналымға салып, тынымсыз еңбек ету арқылы көтерілдік.

Бірнеше бағытты қамтыдық деуге болады. Мысалы, осы сауда-саттықтың арқасында адамдарды жұмысқа алғаннан кейін «Осыны неге үлкейтпеске, әрі қарай дамытпасқа?!» деген ой туындады.

Сөйтіп, ақыры бұл саланы да меңгердік... Құрылыс негізі қиын сала ғой! Күрделі кез... Оның үстіне, тікелей мемлекеттік органдармен жұмыс істеуге тура келеді. Қазір қарап отырсақ, 3-4 сауда үйін өзіміз салыппыз!.. Міне, осылай құрылыс саласын да қамтуға тура келді!..

Ал қазіргі кезде кәсіпкерлік тірлікке инновациялық технологияларды енгізу жағын қарастырып жатқан жағдайымыз бар. Себебі, қай саланы алсақ та, осы ХХІ ғасырда бастаған ісіңді жандандырып, тірлік-тынысыңа дем беретін дамытушы күш – инновация. Яғни, жаңа технологиялар. Сол жаңа технологияларды қолданып, тиімді жаңалықтарды кәдеге жарату немесе үздік ғылыми жұмыстарды өндіріске тартта білу.

- Өзіңіз айтқан жаңа технологияларды өз ісіңізде қалай қолданасыз? Неге? Қай салада?..

- Мәселен, нақты айтар болсам, қазіргі таңда бір жобамыз бар. Ол – ұлттық бұйымдарды жаңа технологиямен шығару.

Бұл технология бұрынғы Кеңес елдері көлемінде Ресейде ғана бар. Қазақстанда бұл – бірінші рет қолға алынып отырған алғашқы өндірістік бірлестік.

Қазіргі күні ешкімді таңқалдыру мүмкін емес... Біз «негізгі нүкте» дейміз ғой, яғни, алшақтау нүктесі ретінде (өзіндік қолтаңбамызды қалыптастыру үшін) ұлттық зергерлік бұйымдар жасауды таңдадық.

- Демек, сіздердің ұлттық зергерлік бұйымдар шығаратын кәсіпорындарыңыз бар ғой?

- Иә, Астана қаласында ұлттық зергерлік бұйымдар шығаратын тұңғыш бірлескен кәсіпорын аштық. Онда 100-ге жуық шебер жұмыс істейді. Алғашқы «Қазақстандық тауарымыз», бұйырса, осы алдағы айда шығады...

- Қандай бұйымдар? Әшекейлік бұйымдар ма, әлде...

- Әшекейлік бұйымдар... Оның ішінде – сырға, сақина, білезік. Мәселен, бізде ұмыт бола бастаған ұлттық дәстүрден келе жатқан «құда сақина» деген жүзіктер бар. Оны да осы өзіміздің ұлттық нақышқа сәйкестендіріп, жаңа технологиямен жасауды қолға алдық.

Бұған қоса, Теңге сарайымен бірлесе отырып жүзеге асырсақ деген тағы бір жобамыз бар. Тиындарда ұлттық салт-дәстүрлерімізді бейнелеп, елімізге қонаққа келген шетелдік азаматтарға күмістен, асыл металдардан жасалған кәдесый ретінде ұсынсақ деп ойладық. Бұл тілегіміз де жүзеге асып, жақында алғашқы өнімдеріміз шықты. Алдымызда «ЭКСПО» көрмесі тұр...

Тағы бір тақырып – космос тақырыбы. Өзіңіз білесіз, ең бірінші ғарышты бағындырған адам Қазақ жерінен ұшқан... Осыны неге жария етпеске?! Оның үстіне, қазақ халқы күмісті қасиетті санаған ғой? Тиындарды сол  күмістен, сондай-ақ әлемде сирек кездесетін металл түрі – танталдан құямыз. Аталмыш металды өңдеу Қазақстандағы Теңге сарайында бірінші рет қолға алынып отыр. Ал дүние жүзі бойынша бұл металды әлі өңдей алмайды екен. Саяхаттап келген шетелдік азаматтар үшін бұл да қызықты кәдесый болар еді!..

- Ғарыш тақырыбын сөз еткенде, көз алдымызға әдетте Гагариннің бейнесі келеді. Ал сіздер ұлттық бедерлерімізді қалай бермексіздер?..

- Бірінші бетінде Жер шарының кескіні, ұшқан ракета, ал екінші бетінде, өзіңіз айтыңызшы, қалай ойлайсыз?..

- Қазақтың...

- ...иә, қазақ таңбалары!.. Ежелден келе жатқан қазақи таңбалар, табиғат көріністері. Бір беті ғарыш болса, екінші беті – Қазақстан!..

- Бизнесте жүргеніңізге біраз уақыт болыпты... Сіздің осы кәсіппен айналысқаныңызға отбасыңыз қалай қарайды? Қолдай ма?..

- Әрине, қолдайды!.. Осындай жетістіктерге қол жеткізуімнің өзі соның арқасы деп ойлаймын. Құдайға шүкір, өзім – көп балалы анамын. Үш ұл, бір қызым бар. Күйеуім де – кәсіпкер. Бизнесті бірге бастап, бірге жұмыс істедік. Кейде, мысалы, «Әйел адам тек қана отбасына қарау керек» дейді ғой?.. Бұл – бізде қалыптасып қалған менталитет. Ал бұған өз өмірімнен, өткен жылдар тұрғысынан қарайтын болсам, ойлаймын, егер әйел адам өзіне іштей «осы істі істесем, жасасам» деген мақсат қойса – бәріне үлгереді, барлығын да істей алады. Біздің қазақ қыздары оған лайықты!..

Бағана бір сөзіңізде «Қиналған кезіңізде жөн сілтеп, жәрдем берген адамдар болды ма?» дедіңіз ғой?..

Жалпы, қандай іс болса да бөгетсіз, кедергісіз болмайды!.. Әсіресе, кәсіпкерлікті бастауда... Бизнес үздіксіз ізденуді, төзімділік пен табандылықты талап етеді... Және, істің көзін таба білуді.

Есесіне, ойлаған арманыңыз орындалып, нәтижеге қол жеткенде – бәрі ұмытылады!..

Бір қызығы, осы уақыт аралығында өз тәжірибемнен көз жетіп, көңілге түйген нәрсем – жамандық тез ұмытылып, жақсылық жадыңда қалады екен!..

Кәсіппен айналысу оңай емес, кедергі-қиындықтар аз кездеспейді. Сондықтан қай істе болмасын сабыр, қайрат керек. Ең бастысы, алға қойған мақсатқа жетсем деген құлшыныс болсын!..

 

«...Жақсылық ұмытылмайды...» немесе түйін.

- Сөз басында «Қазіргі жағдай мүлде басқаша» дедіңіз. Енді сол мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан көмектер мен жағдайлар жайында тоқтала кетсеңіз!..

- Жалпы, осы кәсіпкерлікті қолдау мақсатында мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан көмекті айтар болсам, жағдай – 90-ыншы жылдармен салыстырғанда – жер мен көктей!.. Соңғы он жыл ішінде кәсіпкерлікке ерекше көңіл бөлініп, бетбұрыс жасалды. Кез келген дамыған өркениетті елде жалпы ішкі өнімнің басым бөлігін шағын және орта бизнес құрайды. Өйткені, бұл – тұрақтылық кепілі...

Мемлекет тарапынан осындай жан-жақты қолдауға ие болып жатқанымыз, әрине, өте қуанышты!.. Мысалы, соның бір көрінісі ретінде осы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының құрылуын айтуға болады. Сондай-ақ, екінші сатымыз – Ұлттық палата жанынан іскер әйелдердің Аймақтық кеңесінің құрылуы. Бұл да үлкен қуанарлық жағдай. Себебі, кәсіпкерлікте жүрген қыз-келіншектер ішкі проблемаларды қалай өзгерту керек деген мәселеге ер-азаматтарға қарағанда сәл басқаша қарайды. Ер-азаматтар, негізінен ірі бизнесте ғой! Ал әйел азаматтар көбінесе шағын және орта бизнесте. Сол тұрғыдан алғанда бүгінгі жиын өте уақтылы әрі қажетті деп есептеймін!..

...Кейіпкерімнің жақсылық пен жамандық туралы айтқан ойы көңіл пернесін дөп басқандай болды!.. Кейде кедергілерге тап болып, ұсақ-түйек қиындықтарға кездессек тірліктен түңіліп, бәрінен баз кешкендей боламыз. Олай емес!..

Жақсылар аз емес, арамызда жүр! Жақсылық та солай... Әйтпесе, бұл дүние бұлай тұрмас еді!..

Тұрмағанбет КЕНЖЕБАЕВ

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371