Сенбі, 23 Қараша 2024
Билік 5400 0 пікір 22 Қазан, 2015 сағат 02:00

ӘКІМНІҢ МІНДЕТІ — ХАЛЫҚПЕН КЕЗДЕСУ, ЕЛДІҢ ЖАЙЫН БІЛУ

Үлгілі ауыл

Аптаның басында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев облысымыздың оңтүстік-шығыс бөлігінде орналасқан Шалқар ауданында болып, жер көлемі жөнінен облыстағы ірі аудандардың бірі саналатын аумақтың тұрмыс-тіршілігімен танысты.
Шалқар ауданы Кішіқұм ауылдық округінің орталығы Шілікті ауылының тұрғындары негізінен атакәсіп — мал бағумен айналысады. Ауыл теміржол бойында орналасқан. Ауылда күрделі жөндеуден өткізілген мәдениет үйі мен 40 кісіге арналған дәрігерлік амбулатория жұмыс жасап тұр. Пайдалануға берілгеніне екі-үш жыл болған 2 қабатты жаңа мектепте 220 бала білім алады.
— Ауылдық округтің орталығында — 1017 адам, ал барлық округ бойынша 2080 адам тұрады. Мемлекеттік «Сыбаға», «Алтын асық», «Құлан» бағдарламалары бойынша мал сатып алып жатқан тұрғындарымыз бар, — деді облыс басшысына ауылдың тіршілігі туралы есеп берген Кішіқұм ауылдық округінің әкімі Құрышбек Қазыбеков.
Ауыл басшысының етінің тірлігі болар, ауылдағы қай ғимарат болса да айналасының жинақылығы һәм тазалығымен көзге түседі. Мәдениет үйінің алдындағы шағын су бұрқағы мен балалардың жазда футбол, қыста хоккей ойнаулары үшін салынған корт алаңы көп ауылдан кездесе бермейді. Мәдениет үйі ғимаратында Шалқар аудандық В.Цеханович атындағы №1 Шалқар БЖСМ-ның филиалы ретінде ашылған қазақ күресі секциясын да ауыл әкімінің жеке бастамасымен орындалған игі істерінің бірі ретінде атап өтуге болады. «Басқа облыстан шақыртылып, баспанамен қамтамасыз етілген қазақ күресі жаттықтырушысының тәлімгерлері қазір көптеген жарыстардан жүлдемен оралып жүр» — дейді шіліктіліктер мақтанышпен.
Облыс басшысы бұдан кейін аралаған Тоғыз, Жылтыр, Аққайтым, Қайдауыл және Мөңке би ауылдарында да негізінен білім беру ошағы — мектептер мен амбулатория ғимараттарын аралап, мұғалімдер және дәрігерлермен сұхбаттасты, жай-күйлерін сұрады. Оқушылардың оқулықпен қамтамасыз етілуі және тұрмысы төмен отбасы балаларының тамақтандырылуы жағдайымен танысты. Ауданда ескі ғимаратта орналасқан мектептер де бар. Мәселен, Тоғыз ауылының мектебі өте ескі. Облыс басшысы сондай-ақ, Жылтыр ауылындағы Төлтай Шанов атындағы орта мектептің жөндеу жұмыстарын жүргізуді қажет етіп отырған спорт залына байланысты ескерту жасады.
Осы Жылтыр ауылының әкімдігі ғимаратының алдына жиналып тұрған ауылдықтарды көрген Бердібек Сапарбаев автокөлігінен түсіп, әрбіреуімен қол беріп амандасқаннан соң әкімдік үйіне шақырды.
— Міне, сіздердің ауылдарыңызға келіп қалдық. Әрі сәлем берейік, әрі хал-жағдайларыңызды білейік деп сіздерді шақырдым. Ауылдың жағдайы қалай өзі? — деп бастады облыс басшысы жылтырлықтармен болған әңгімесін.
— Ауылдың жағдайы өте жақсы, — деді бірауыздан ауыл ақсақалдары.
— Мал ұстайсыздар ма? Мысалы, сіздің үйде қанша мал бар? — деді облыс әкімі қасына отырған ауыл тұрғыны әйелге.
— Шүкір, бала да, мал да бар. Өз басымызға жетеді. Барлық қажетті заттар өзімізден. Газ бар келіп тұрған, су да үйге кіргізілген. Жағдайымыз қаладағыдай, — деп жауап берді ол.
— Ауылда тұрғаннан кейін мал ұстап еңбектену керек. Нанды үйден пісіріп, сары май дайындау қажет. Қазір, ауылда тұрса да, сол майды, айранды, құрт-ірімшікті өзі дайындамай, сатып алатындардың бар екені барлығымызға белгілі. Бұлай болмайды. Ауылда тұрғаннан кейін барлығы өзіміздікі болуы керек, — деді Бердібек Сапарбаев ауылдықтарды еңбек етуге шақырып.
Облыс басшысы сонымен қатар, ауылдықтарды қора-қопсыларын жинақы ұстап, шарбақтарын бояп, көше тазалығын ретке келтіруге шақырды.
«Енді-енді дұрысталып келе жатырмыз ғой» деген ауыл тұрғынына:
— Енді-енді деп жүргенде өміріміз өтіп кетеді. Еліміздің егемендік алғанына 24 жыл болды. Уақыт тез өтеді. Еңбектенудің, тұрған мекенжайымызды таза ұстаудың келешек ұрпақ үшін үлкен тәрбиелік мәні бар. Оларды тазалыққа, тәртіпке, мәдениетке үйрету үшін өзіміз үлгі болуымыз қажет, — деді облыс әкімі.

Болашағы бар кәсіпорын

Аудан орталығында облыс басшысы тепловоздар жөндейтін сервис орталығы «Қамқор локомотив» ЖШС-ның нысандарын аралады. Бас кеңсесі Ақтөбе қаласында орналасқан бұл кәсіпорында 370 шамасында адам еңбек етеді.
— Жалақы уақытында, әр айдың 10-на дейін беріліп болады. Орташа жалақы мөлшері — өткен 9 айдың көрсеткіштері бойынша, 140 мың теңге шамасында. Ең бастысы — бізде бүгін жұмысшыларды қысқарту, яғни жұмыстан шығару мәселесі туындап отырған жоқ, — деді «Қамқор локомотив» ЖШС-ның директоры Нұржан Жұбатов.
Кәсіпорын тепловоздарды жөндеу жөніндегі барлық сервистік қызметтерді атқарады. Ақтөбеден басқа Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстары мен Қызылорда облысының Шиелі стансасынан тепловоздар әкелінеді. Кәсіпорын цехтарында тепловоздардың доңғалақтары, қозғалтқыштары секілді бөлшектері бұзылып, жөндеуден өткізіліп, қайта жиналады. Жұмыс жасайтын мамандар —Шалқар қаласының жергілікті тұрғындары, қажет кезінде арнайы білім алу курстарына да жіберіліп тұратын көрінеді.
— Болашақта кәсіпорнымыз тепловоздарды толық күрделі жөндеуден өткізу жұмыстарын игеруді жоспарлап отыр. Сонымен қатар, «Шалқар-Бейнеу» арасындағы теміржолдың іске қосылуының пайдасын көріп отырмыз. Маңғыстау облысындағы темір жол мекемелері тепловоздарын Атырау облысының Мақат стансасынан гөрі бізге жібергенді тиімді санайды. Сондықтан жұмыс ауқымы көбеюде, — деді облысы басшысына кәсіпорны туралы ақпарат берген Нұржан Жұбатов.
Шалқар қаласының аграрлық-техникалық колледжінде теміржол саласы бойынша вагон қараушы, тепловоз машинисі көмекшісі, теміржол бригадирі, сонымен қатар, дәнекерлеуші, аспаздық және тракторшы мамандықтары бойынша білім беріледі. Колледж оқушыларына 13 мың теңге мөлшерінде стипендия тағайындалған. Ауылдардан келгендер үшін жатақхана мен тегін тамақтандыру қарастырылған.
— Биыл осы колледжді аяқтаған 57 баланың 80 пайызы жұмысқа тұрды, — дейді колледждің директоры Жеткерген Елемес.
Облыс басшысы колледждің сыныптары мен шеберхана ғимаратын аралап көрді.

«Ауданға арнайы комиссия жібереміз»

Шалқар қаласында облыс әкімінің қатысуымен өткен актив жиналысына көп халық жиналды. Аудан орталығындағы мәдениет үйінің залында ине шаншар орын болмады. Бәрі де облыс басшысымен жүздесіп, мұң-мұқтаждарын айтып қалғысы келеді.
Ауылдарды аралауына байланысты жиналыстың белгіленген уақыттан кеш басталғаны үшін алдымен жиналған халықтан кешірім сұраған Бердібек Сапарбаев:
— «Облысымыздағы аудандардың тұрмыс-тіршілігімен танысайын, халықпен жүздесейін» деп біраз ауданды араладым. Шалқарға келгендегі мақсатым да сол, — деп бастады өз сөзін.
Дүниежүзіндегі және еліміздегі экономикалық жағдайға қысқаша шолу жасап өткен облысы басшысы ең бастысы — Мемлекет басшысы тарапынан қойылған міндеттерді орындап, қандай жағдай болса да, экономиканың даму қарқынын төмендетпей, сол арқылы халықтың тұрмысын, әл-ауқатын жақсарту керектігін атап өтті.
Облысымыз аумағында жердің де, судың да жеткілікті екені мәлім. Сондықтан сол жерлерді дұрыс пайдалану керек.
— Жылына 200 мың гектарға жуық жерге дәнді дақылдар егіп, гектарынан 3,5 центнердей өнім алуды қою қажет, — деді Бердібек Машбекұлы.
Мал шаруашылығын дамытуға аса мән беріп, суармалы жерлердің аумағын ұлғайту керектігіне тоқталды.
Актив жиынында Шалқар ауданының әкімі Ербол Данағұлов 9 айдың қорытындысы бойынша ауданда атқарылған жұмыстар туралы есеп берді.
Аудан әкімінің есебінен кейін талап, тілектерін айту үшін тұрғындарға сөз берілді. Шалқарлықтардың көңілдерінде жүрген түйткілді мәселелер аз емес екен. Тұрғындарды, әсіресе, Шалқар көлінің жағдайы қатты толғандырады. Одан басқа, қала көшелерінің жарықтандырылуы, жолдарға асфальт төселуі секілді жалпыға ортақ мәселелер де айтылды. Қала халқы санының күннен-күнге артуы себепті ауызсу мәселесін алдын ала шешіп алу керектігі сөз болды. Әрине, ең басты мәселе — халықты жұмыспен қамту. Осыған байланысты бір тұрғын облыс басшысынан ауданнан бір кәсіпорын ашып беруді сұрады. «Мұндай кәсіпорын ашылса, халықты жұмысқа орналастыру мәселесі біраз жеңілдер еді» дейді ол. Тұрғындар арасында аудан әкімінің үстінен шағымданғандар да болды. Олар «Аудан әкімінің қабылдауына кіру тіпті мүмкін емес. Жұмысқа орналастыруда тамыр-таныстық етек жайған. Мектепке қарапайым еден жуушы болып орналасудың өзі үшін аудан әкімінің рұқсаты қажет» дейді. Халықтың шағымын тыңдағаннан соң облыс басшысы жұртшылық алдында тиісті аудандық бөлім басшылары мен аудан әкімі Ербол Данағұловтың жауабын тыңдады.
— Ауданда ең бірінші мәселе — жұмыссыздық. Аудандағы жұмыссыздық туралы мен жаңа өз есебімде де айттым. 500-ге жуық адам қазір жұмыссыз жүр. Оның басым көпшілігі — әйел адамдар. 20-ның үстінде аз қамтылған отбасылардың әйелдерін балабақша, мектептерге орналастырдық. Соның 17-18-і жұмыстан өздері шығып кетті. Айтатын сылтаулары: үй жұмысына уақыт таба алмайды, балалары кішкентай. 8 сағаттың жалақысын алғысы келеді, бірақ жұмыста тек 4 сағат болғысы келеді. Бұл қалай сонда? — деп ақталды ол облыс басшысы алдында. Ол сондай-ақ, Шалқар қаласындағы жолдардың жөнделуі мәселесі туралы да түсінік берді. «Қалада қаншама жолға асфальт төселді. Бұл жолдардың бұрынғы күйлерін тез ұмытып кеттік», — деді Ербол Данағұлов. Ал халықтың әкімнің қабылдауына кіре алмайтындары туралы шағымға байланысты айына екеуі аудан әкімі ретінде, біреуі аудандағы «Нұр Отан» партиясының төрағасы ретінде барлығы үш рет қабылдау күндерінің бар екендігін айтты.
— Айтылған мәселелердің барлығы орынды. Соның ішінде халықты жұмыспен қамтамасыз ету — атқарушы биліктің, яғни біздің міндетіміз, Мемлекет басшысының бізге берген тапсырмасы. Міне, менің алдыма көп арыз келіп түсті. Жаңа айтылған жұмыспен қамту, әкімнің қабылдауына кіре алмау мәселелері бойынша мен Ақтөбе қаласына барғасын жағдайды тексеру үшін Шалқар ауданына арнайы комиссия жіберемін. Әкімнің міндеті — халықпен кездесу, мұңын тыңдау. Өзінің құзыреті аясында сол мәселелерді шешу үшін шаралар қабылдау. Ал енді аудан әкімін ауыстыру туралы ұсыныстарыңызды қабылдамаймын. Басшының жиі ауыстырылуы еш нәтиже бермейді. Әкімнің нәтижелі еңбек етуі халықтың қолдауына байланысты, — деді жиналысты қорытындылаған облыс басшысы.
Ол сондай-ақ, көпұлтты елімізде тұрақтылықтың тек қана ауызбіршіліктің арқасында ғана болатынын атап өтіп, халықты бірлікке, ұйымшылдыққа шақырды.

Қуат АҚМЫРЗАҰЛЫ.
Ақтөбе-Шалқар-Ақтөбе.
 

Abai.kz

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3244
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5397