Сәрсенбі, 30 Қазан 2024
Билік 4323 0 пікір 21 Қазан, 2015 сағат 02:00

ЕҢБЕК КОДЕКСІ — ЕҢБЕК ҚАТЫНАСТАРЫН РЕТТЕЙТІН ЖОЛ

Еліміздің дамыған мемлекеттердің отыздығына кіру жолындағы Елбасының «100 нақты қадам» атты бастауымен жүргізіліп жатырған реформалар шеңберінде еңбек қатынастарын ырықтандыру шаралары алынуда.

Осы бағытта Еңбек кодексінің жаңа жобасы дайындалып, қазіргі кезде Парламент Мәжілісінде негізінен қолдау тауып, Сенаттың қарауына жолданды.
Осыған орай, Кәсіподақтар Федерациясы, оның аумақтық бірлестіктері, салалық кәсіподақтардың орталық және өңірлердегі құрылымдары Кодекс жобасы жарияланған күннен бастап кәсіподақ ұйымдарында жоғарғы дәрежелі құқық саласының мамандары, танымал ғалымдар, қоғамдық ұйым өкілдері қатысқан кеңес-жиындар, тренингтер ұйымдастырып, заң жобасының әрбір тарау, баптарын талқылау жұмыстарын жүргізді.
Нәтижесінде, талқылаудың алғашқы кезеңінің өзінде кәсіподақтар тарапынан жобаны дайындаушы жұмысшы тобына 117 түрлі ұсыныстар енгізілді. Халықаралық Еңбек Ұйымының қағидаттарын, басқа да шетелдік тәжірибелерді, еңбек және әлеуметтік мәселелерге қатысты тұжырымдамаларын басшылыққа ала отырып жолданған көптеген ұсыныстар мақұлданды.
Жобада негізінен, жұмыс берушілер мен жұмыскерлер арасындағы еңбек қатынастарына мемлекеттің араласуын азайтып, белгіленген еңбек стандарттары мен кепілдіктердің сақталуына қатаң бақылауды жүзеге асыру қаралған.
Нарық жағдайында жұмысшылардың әлеуметтік-экономикалық кепілдіктерін және еңбек етудің ауыр, зиянды түрлеріне арналған жеңілдіктерді жүзеге асыру жолдары жыл сайын Қазақстан Үкіметі, жұмыс берушілер өкілдері мен Кәсіподақтар Федерациясы арасында жасалатын үшжақты Бас келісімде көрсетіледі. Еңбек ұжымдарындағы еңбек-әлеуметтік қарым-қатынастар жұмыс берушілер мен жұмысшылардың заңды өкілдері болып танылған кәсіподақ ұйымдары жасақтайтын ұжымдық шарттармен, ал жекелеген жұмыскердің еңбектік қарым-қатынастары екіжақты келісіммен, яғни еңбек шарттарымен реттеледі. Бұл шарттар Еңбек кодексімен, әрбір кезеңдерге арналған Бас және салалық, өңірлік келісімдермен қаралған жұмыскерлердің еңбек қатынастарына қатысты жағдайларын нашарлатпауға тиіс. Мұндай ережелер заңға сәйкес жарамсыз деп танылады және қолдануға жатпайды.
Қорыта айтқанда, меншіктің түрлері көбейген уақытта орталықтандырылған әдіспен еңбек жағдайын реттеу қысқарады да, кәсіпорындардың, басқа да шаруашылық жүргізуші құрылымдардың экономикалық жағдайына жергілікті жердің өз бетімен еңбектік қарым-қатынастарды реттеуі көбейе бастайды. Яғни еңбек әдістері меншік иесі мен жалға алған жұмыскерлердің, еңбек ұжымдарының ортақ мүддесін тең қарастыруға бейімделеді, кәсіпкерлер мен кәсіподақтар тек қана ұжымдық шарттың қатысушы жақтары болып қалмай, өз еркімен іс-әрекет жасайтын әлеуметтік әріптестер де болып саналады.
Еңбек кодексінде еңбек-әлеуметтік қатынастары негізінен ұжымдық шартпен реттелуге жатқызылған. Шартпен реттелмейінше жұмыс берушілердің заңмен қаралған кейбір еңбек жағдайларын сақтау міндеттілігі туындамауы мүмкін. Көп жағдайда жұмыс берушілер өз мүдделерінің, еңбек және өндірістік тәртіптердің, жауапкершіліктің ұжымдық шартпен қаралғанын қалайды.
Демек, жаңа заңнамалық қағидаттарды жүзеге асыру мақсатында кәсіподақ белсенділерінің қатарын мейілінше лайықты жұмыскерлер өкілдерімен, жан-жақты тәжірибелі мамандармен нығайту қажеттілігі бұрынғыдан гөрі өзекті мәселе болмақ. Себебі, шарттарды қалыптастыру барысында келіссөз жүргізу, талаптар қою үшін жұмыскерлер өкілдері кәсіби, экономикалық және құқықтық білімді болғаны абзал.

Селбай ҚОЖЫҚОВ,
Кәсіподақтар орталығының бас маманы. 

Abai.kz

 

0 пікір