Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Қауіп еткеннен айтамын 6486 0 пікір 12 Қазан, 2015 сағат 11:56

АЙЫҚПАС ДЕРТТІҢ БІРІ – ШОВИНИЗМ

Дәл солай! Өйткені, бұл Ресейдің небір көзі ашық деген адамдарының да қанына әртүрлі жолмен әбден сіңген кесел, дерт. Тіпті, жазушылар Э. Лимонов, А.Солженицын, академик Лихачевтерден бастап кейбір жәй мемлекеттік қызметкерлер мен «Россия только для русских», «что за бредовое слово россияне, есть лишь русские» - деп Кремльдің қарсы алдында Қызыл алаңды шуылдатып жүрген орыс қыз-жігіттеріне шейін осы дертке шалдыққандар деуге толық негіз бар. Әнебір жылдары Сібір өзендерін тартылып бара жатқан Арал теңізіне бұру жөнінде әлемнің белгілі-белгілі ғалымдары мен қоғам қайраткерлері ұсыныс жасағанда, В.Распутин бастаған орыс жазушылары мен толып жатқан өнер қайраткерлері бұған өре түрегеліп қарсы шықты. Ақыры Кремль солардың айтқанына көніп, әлемде мөлдірлігі жөнінен 2-ші орын алатын көгілдір сұлу айдын Аралдың тоз-тоз болуына, сол арқыл оның жағалауын жайлаған қалың қазақтың басы ауған жаққа жөңкіле көшуіне, көшпегендерінің адам естімеген ауру-сырқауға душар болуына жол ашып берді.

Шындығына келгенде Сібір де, Сібір өзендері де ешқашан орыстың жер-суы болған емес. Өзі қанды қырғынмен басып алған жердің бәрін беті бүлк етпестен Ресейдікі деп атайтын ауру – патшалы Ресей басшыларының да, кешегі кеңестік Ресей мен бүгінгі Ресей басшыларының да қанына сіңген кесел. Еуразия аймағындағы тәуелсіз республикалардан неосоветтік (жаңа кеңестік) империя –жаңа КСРО құру ниетін ашық аңғартып отырған бүгінгі Ресей де бұл кеселден арылмақ түгіл ауруы асқынып бара жатқан сияқты. Мысалы, Ресей басшысы Путин жоғарыда біз айтқан «Россия только для русских» деп ұрандатып жүрген шуылдақтарды көрмей-білмей отырған жоқ. Мұндайлардың бірде-бірі, тіпті, Ресейде оқып жүрген қазақ, өзбек, қырғыз сияқты түркітектес жастарды ұрып-соғып, өлтіріп тастағандардың ешбірі сотталған да емес. Бұлардың Кремльде немесе өзге де жоғарғы орындарда, құпия қызметтерде қолдаушылары, арқасүйерлері бар ма деген күдік те жоқ емес ел ішінде.

Бір таңғаларлығы ресейлік белгілі шовинистерге тигізіп баспасөзде де, интернет сайттарында да ескерту, сын пікір аз айтылып жатпағанын біле тұра солардың бірде-бірі: «Жоқ, біз «ұлы орысшыл» емеспіз, «колонизаторлық пиғылдағы» немесе «шовинист» емеспіз», -  деп ақталмайды да. Соған қарағанда олар өздерінің осы кеселін «нағызорыстық» деп мақтан тұтатын да сияқты. Солардың бірі еуразияшылдық қозғалыстың көшбасшысы, яғни, неоевразияшылдықтың негізін салушы Александр Дугин деген. Өзін орыстың, Ресейдің қамын ойлаушы ретінде қанша жерден айқай-ұйқаймен дәлелдеуге жанын салып жүрсе де В. Жириновский өзінің еврей екенін жасырмайды. Ал, Дугин өзін орыспын дейді, бірақ шын ұлты кім екені туралы әртүрлі әңгіме бар. Онда тұрған ешнәрсе жоқ та шығар, бірақ бүкіл Еуразияның көпшілігін орыстың, яғни, Ресейдің жері деп еліруіне қарағанда оның да шовинизм кеселіне ұшырағанын және бұл кесел оның ағзасында өршіп тұрғанын бұдан біраз бұрын телеарна журналисіне берген сұхбатынан, сұхбат дегеннен гөрі шовинистік невроз деуге келіңкірейтін  мына сөздерінен аңғаруға болатын шығар деп ойлаймыз. Ал қараңыз:

В.Познер: ... Ал сіз Қырымды Ресейге қосып алуды орыс жерлерін жинай бастаудың, қайтадан үлкен Ресейді қалпына келтірудің бастамасы дейсіз. Сұрақ мынадай: Өз басым жан-жағындағы қалашықтарды қоса есептегенде үлкен Мәскеу немесе үлкен Лондон деп аталатындардан хабардармын. Ал үлкен Ресей дегенге түсінбеймін. Бұл Ресей және қосылған (плюс) не деп түсінеміз?

А.Дугин: Үлкен Ресей дегеніміз бұл – орыс әлемі, орыс өркениеті. Менің пайымдауымша үлкен Ресей аумағы қосылғыштары мен азайтқыштары аралас бұрынғы Ресей империясының территориясымен, Кеңестер Одағының территориясымен шамалас деуге болады. Бұлар әубаста великоросс жерлері, великоросс территориясы деп аталмаған, бірақ осы кеңістікте тұратын бүкіл этностар ғасырлар бойы сол великоросс териториясын жасаған.

В.Познер: Мынадай сұрақ қойсам бола ма? Сонда ол территорияға Закавказье де кіреді ме? Мысалы Грузия, Армения, Әзірбайжан бәрі великоросс па?

А.Дугин: Сөзсіз! Әрине солай. Олардың бәрі үлкен Ресейдің бір бөлшегі ғана. Бірақ солай екен деп...

В.Познер: Ал, Орта Азия ше? Ол да великоросс па?

А.Дугин: Сөзсіз! Әрине, сөзсіз солай?

В.Познер: Прибалтика ше?

А.Дугин: Меніңше Прибалтика да, Батыс Украина да мүмкін... Иә, әлдебір негіздерге сүйенсек... Олар да аздап болса да...

Бұл көшеде тәлтіректеп аузынан самогон мен махорка исі бұрқырап, үш әріп пен бес әріптен тұратын былапыт сөзін айтып тұрған мас орыстың емес, ғалым, саясаткер деген әжептәуір атағы бар Дугин, яғни Доғаұлының ойланып, әр ойын таразыға тартып тұрып-ақ айтқан сөздері. Ол осының алдында ғана бүкіл Қазақстанды Ресейдің бір бөлшегі деп атаған. Сондықтан В. Познер оған Қазақстан туралы ойың айтпасаң да белгілі ғой деп Қазақстанға қатысты сауал қойған жоқ. Осы күні біз еуразияшыл болуымыз керек, тіпті қазақ деген жартылай  еуропалық, яғни, еуразиялық ұлт дейтіндер қазақтар да баршылық. Соларды тыңдап отырып, Құдай сақтасын, ел басына әлдеқалай күн туса, мұндайлар Дугин–Доғаұлы сияқтылардың көктен іздеп, жерден тапқан олжасына айналып, өзімізге қарсы шығып жүрсе қайттік, деген үрей билейді екен денеңді.

Мырзан  КЕНЖЕБАЙ

Abai.kz

 

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2052