Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Әдебиет 7556 0 пікір 1 Қазан, 2015 сағат 12:03

БІР ТҮРЛІ ӨЛЕҢ

Тамшыбұлақ

Тамшыбұлақ дегенде Тамшыбұлақ,

Мәніңді ұға алама ма жан сығалап.

Ыңыршақты ырдуан бұ фәниге,

Әй,  тамшы, сіз де  қонақ, біз де қонақ.

 

Төгіліп тамшы үстіне тамшы құлар,

Бұралған биші бұлар, әнші бұлар.

Дүрегей дүниеңіз дөңгеленген,

 Әжедей құртқа толы  жаншығы ұнар.

 

«Қараша шыдамаса  екпінге кей,

Қайырыл қойқаңдамай бекпін демей».

Тәмсіл айтып тұрғандай тамшы біткен,

Тасымай өрекпімей, екпіндемей.

 

Ұғатын шіркін соны құлық болса,

Мақтанға, пәс паңдыққа құлып болса.

Тіршілік  ырғағынан жаңылмас еді,

Пенде біткен тамшыдай тұнық болса.

 

Тамшыбұлақ , айналдым айылыңнан,

Қанағат, ынсап пенен қайырыңнан.

Замана зарын айтып тұрғандайсыз,

Зәбір көрген жандай боп бай ұлынан.

 

Тамшыбұлақ дегенде Тамшыбұлақ.

Дейміз гой әр нәрсенің мәнісі болад.

Көзі құрғақ болғанмен бұл қоғамның,

Жатыр ғой көкірегіне тамшы құлап.

Тамшыбұлақ....

 

****

Аузымыз ба, құтты бір тойған балық,

Мыңық етпейміз жатсақ та ойрандалып.

Қар астында қып-қызыл астық қалып,

Фас-футты алып біз жейміз жайраң қағып.

Санамызда секталар құйған қалып,

Олай-бұлай тартады бұйдамды алып.

Жапырағын жел жұлған күзгі талдай,

Күннен күнге барамын сидамдалып.

 

ЗЫМЫРАНДАР

Барады қаным кеуіп, жаным ісіп,

Жаза басқан тағдыр-ай жаңылысып.

Зулайды төбемізден зымырандар,

Арлы-берлі ажалды алып ұшып.

 

Дөңгелейді қаңбақтай құмыра-құт,

Зымырандар ұшқанда ыңыранып.

Жер-ананың жүрегі дір етеді,

Қабағымен жататын мұны бағып.

 

Ібілістің іркілдеп іріңді іші,

Келеді тағдырыңа үңілгісі.

Жұлыны жидіп кеткен мына қоғам,

Жұмақтан қуылғанның жұғындысы.

 

Демесіңе осылай шара бар ма?

Тұлымы желкілдеген дала бар ма?

Бақидың бақырауық әнін айтып,

Жардан жарға ұшады ала қарға.

 

Кеселді ой көңілімді кілкітеді,

Жүйкемнен талшық етіп жүн түтеді.

Аспан жаққа асыққан түрпі біткен,

Пері боп періштені үркітеді.

 

Қан жылаймын қайтадан жуып бетті,

Мейірім жүректегі суып кетті.

Байқоңырдан от алған бір зымыран,

Періштенің соңынан қуып кетті.

 

 БІР ТҮРЛІ ӨЛЕҢ

Бір түрлі өлең жаза салам отырып,

Қиялымда қиқу салса сөз-тізбек.

Рухы азып кеткен қазақ шоқынып,

Алдап-арбап сөзін маған өткізбек.

Заман өзі не боп кетті, ей, тегі,

Айналаңыз нанымдардың көрмесі.

Туу қиянға қашып кетсем қайтеді,

Қылеуеттің бұйырар бір бөлмесі.

 

ӘЖЕМ МЕНІҢ...

Қырдан асып қыркүйек келіпті,

Сонау сәби сәттерімді жетелеп.

Самарқаулау көңіл, шіркін, желікті,

Сары әжемнің елесіне еркелеп.

 

Осы айда мен ырыс-құты тасыған,

Жар сала енген мынау жарық жалғанға.

Бәрін қайта бастайыншы басынан,

Қанат байлап сол балауса арманға.

 

Балалығым базыналы мазасыз,

Сары әжемнің етегіне оралған.

Жүрегімнің төрін де ғана Сіз,

Еркелеткен жалын алған от алған.

 

Сары әжемді сағындым-ау сары күзде,

Құс ұшырмай төбемізден өсірген.

Еркелік те, тентектік те бар бізде,

Түк жұрнақ жоқ кесепаты кесірден.

 

Дағды ма әлде қалыптасқан баяғы,

Қыркүйекті сағынышпен күтем мен.

17-сі әжем маған ұмытпай,

Жаңа кәстөм әперетін дүкеннен.

 

Бірге соққан болашақпен жүрегі,

Бұлдыр қағып сағым күндер өтті алдан.

«Бастық болғын» дейтін және тілегі,

Бастықтардан, сірә, көңілі көп қалған.

 

Зырыл қағып, күнді күнге жықтырған,

Кім тоқтатқан бастығы жоқ уақытты.

Кәстөм емес, қазір ойлап отырсам,

Әжем маған сыйлайды екен бақытты.

 

Келіп қапты қыркүйек те қыр асып,

Абыр-сабыр дүрбелеңге түспедім.

Сандықтағы кимешекті алдым да,

Сағынышпен ұзақ-ұзақ иіскедім.

 

 ҰШУ

Ұшайын айға қарай айдан ары,

Сонда да жанымның жоқ жай табары.

Келген-кеткен дүние келген-кеткен,

Сол баяғы әуенін қайталады.

 

«Бәрі -дағы құдайдың бұйырғаны»,

Солай дейді әже сөзі миымдағы.

Адам біткен барады ашкөзденіп,

Ақша болып құдайдай сыйынғаны.

 

Ысырылып кейінге ел тілегі,

Қобыз болып қоңыр мұң шертіледі.

Ұлт дейтін жүректегі ұйыған қан,

Көбесінен сөгіліп кертіледі.

 

Бөлек бабам мінетін Бөртем қайда,

Қазақылық дейтұғын көркем қайда?

Ибалығы мөп-мөлдір келін қайда?

Сондай келін болатын еркем қайда?

Қылтасынан қиылған көк бөрідей,

Делбең-делбең тартамын дертемді айға.

 

ҚАСІРЕТ

Құпиясын білерміз мұның-дағы,

Қасірет қоюланды қанымдағы.

Ақтөбеде қырылды ақбөкендер,

Өзегінен үзіліп шыбын жаны.

 

Көзінде мөлдіреген дала жатты,

Демі бөлек далаға нала жатты.

Ақ-қарасын анықтар сарапшылар,

«Қауіп жоқ» деп ешқандай бара жатты.

 

Әлдеқайдан жөңкіліп тұман келген,

Тұманменен у-ы көп құрам келген.

Тосын тажал талмаудан жалмап қойды,

Тағдырды асыр салған бұраң белден.

 

Даламның көркі де еркі де еді,

Қыршынынан қиылып жер тіреді.

Адамнан көргені аздай бұл даланың,

Келімсек тұманы да «жем» тіледі.

 

Бұл да бір сыр дейміз ғой ғайып, керім,

Уақыт өзі жазалар айыпкерін.

Үкімет көме салған Ақбөкеннің,

Жүрегіме жерлеймін мәйіттерін.

 

СЫБАЙЛАСТЫҚ

Өз тамырын қиятын қайшы-кескін,

Еліңнен нәр алмасаң қайтып өстің.

Енді келіп халқыңды менсінбейсің,

Елітіп арманына байшыкештің.

 

Билігіңнің бақ көріп пәрмен-күшін,

Ақыл емес, алдымен әлденді ішің.

Биіктердің алдында тал қармайсың,

Аласаның алдында дәрмендісің.

 

Байлығын өкіметтің былай басып,

Халыққа ұсынасың жылай қасық.

Қашып кеткім келеді көз көрмеске,

Қасап-қоғам кеткесін сыбайласып.

 

Уақыт өзі айтады төрелігін,

Уысыңнан қашқанда мәре күнің.

Ұлт мұратын табанға салып тұрып,

Ұртын майлар ұждансыз төре бүгін.

 

Сырбаз, сері атанса сұғанақтар,

Үнсіз еріп ағады жылап ақ қар.

Сенімсіз қып жіберді әкімдерге,

Аққа қара жағатын құмалақтар.

 

Абыройын жіберген айран қылып,

Қызметші көрсетер маймаң қылық.

Жаншығыңнан «жарнасын» дәметеді,

Жөн ісіңді жөнсізге айналдырып.

 

Сүзгілерден өтсе де сұрыпталып,

Берген анты табанда ұмыт қалып.

Жар астынан бір жемқор бүр жарады,

Жатсадағы күн сайын құрықталып.

 

Ар мен ынсап дегенді ұмытқасын,

Тағы несін айтамыз, құрып қасын.

Бозторғай да бұл күні бұрынғыдай,

Қой үстіне салмайды жұмыртқасын.

 

ТЕҢБІЛ КҮН

Тепеңдеп барады теңбіл күн,

Екен деп жеңісім, жеңдірдім.

Тобықтан қажаған тағдыр ғой,

Оны енді сен білдің, мен білдім.

 

Аспанға жазатын арманын,

Құс-тілек лақтырды қармағын.

Нәпсіге қол беріп жүріптік,

Шығарып барады бармағын.

 

Опалап жасырған бет-жүзін,

Беу, дүние текті де тексізім.

Қулана қарап тұр мысқылдап,

Көзіне түсіріп кепкісін.

 

Тастаяқ добындай домалап,

Барады тәтті өмір обал-ақ.

Шатырын жел жұлған күндердің,

Қисынын келтірсем жобалап,

Жөн еді, құрсыншы. . .

Тұрсыншы. . .

Төбемнен таң нұры сорғалап.

 

СУИЦИД

Жүрсің бе беймаза күй кешіп,

Жүр бері менімен биге шық.

Налыма, бауырым бекерге,

Беремін бақыттан бұйда есіп.

 

Не керек? Айт кәні жаныңа?

Жолықтым мен сенің бағыңа.

Шарап па? Оны да іш өкіртіп,

Керек пе? Ал, міне, тағы да.

 

Байлық па? Бағзы бір арманың,

Сенікі ала ғой бар малым.

Алтыннан құйылған сарай бар,

Барғасын көресің қалғанын.

 

Мансап па? Оған да жетесің,

Бәріне иелік етесің.

Аруды құшу ма ниетің,

Мыңын ал қидырмай некесін.

 

Еңбексіз күн кешсем дейсің бе?

Уайымсыз не ішем, жейсің не?

Шет елге шығу ма арманың,

Барасың Үндіге, Бейжіңге. . .

 

Ойлама иманды, ұятты,

Тартынба тақуа сияқты.

Келіссең осыған кекілдім,

Бар мәнің болады миятты.

 

Бір ғана шарты бар болғаны,

Аз және қысымы, толғағы.

Ел сезбес әсерлеу күй кешіп,

Өзіңді өлтірсең болғаны.

 

Тобырға тәлім қыл үлгілі іс,

Жасама ендеше кідіріс.

Мен болам ең ізгі нұсқаушың,

Есімім: Имансыз Ібіліс.

Мекенжайым:

Жігерсіздің жүрегі.

Телефоным:

Оны бәрі біледі.

 

 ҮМІТ ДӘНІ

Ізгі ойдың еміп емшегін,

Бойыма жиям қуат-күш.

Кер кеуделері кеңсенің,

Үміттің дәнін уатқыш.

 

Көгендеп қойып көзіңді,

Телміртетіні о бастан.

Тонайды келіп төзімді,

Қарақшылардай жол тосқан.

 

Күтесің сағат бір, екі, үш. . .

Кеңсенің заңы ерек-ті.

Ар-намыс жайлы кодекс,

Тұмары болса керек-ті.

 

Білмейді емес, біледі,

Зиялы қауым бұл деген.

Шыға алмай жүрміз алайда,

Жемқорлық деген түрмеден.

 

Тірліктің бұл бір түрмесі,

Жаныңа сондай жайлы енді.

Дүр жібек болса бүлдесі,

Шаппай да алар бәйгеңді.

 

Қоңыраулатып күймені,

Желдіріп жүрер уақ күш.

Билік үлкен диірмені,

Үміттің дәнін уатқыш.

 

АРМАН

Әжемнің ұршығындай шыр айналған,

Сен менің суатымсың дүрия-ай арман.

Сүзетін сезімімді секпілденген,

Тұнытар тұнығымды лайланған.

 

Жетелер үмітімді баяулаған,

Секілді дем беретін аяулы анам.

Өзіңсің өлең отын өршітетін,

Кезімде тасырқаған, қаяулаған.

 

Арманым, қыран құстай қалықтаған,

Жалыңнан ұстап алып шарықтағам.

Кеудемде көк ала үйрек өзің бар да,

Қапастың түп-түнегі жарық маған.

 

Бұйдалап ап тірліктің тепірешін,

Лақтай тастан тасқа секіресің.

Ақ қанатты арманым шарықтай бер,

Шегендеп ап уақыттың ақыл-есін.

***

ҚАНСАМ ДЕДІМ ПЕРІШТЕ ПЕЙІЛІҢЕ

Дүние тұрған кезде бетін беріп,

Мен сенің жансам дедім отыңда еріп.

Қансам дедім періште пейіліңе,

Шөліркеген қарағаш секілденіп.

 

Тағынан түскен кезде тайып тағат,

Алып құстай алдыңда жайып қанат.

Құйындай орап сені алсам дедім,

Қалсам дедім сол күйден айықпай-ақ.

 

Әй, керім қыз сен оны сездің бе екен,

Жалаң аяқ арманды кездім бөтен.

Толқынында тулатып ап барады,

Жастық дәурен- желқайық, желбір-жекен.

 

Самайына ақ кірді жастығымның,

Ұлпа қанат сезімге бастырылдым.

Шеңгелінен елік қашып бара жатыр,

Айбалтадай айбатты қасқыр ұлдың.

Қолын бұлғап көп үміт қап барады,

Тасасында уақыт тасқынының.

 

ҚЫЗҒАНЫШ

Сені өзгеден қызғанып,

Жүргендігім тәп-тәтті.

Кеудемдегі мың жарық.

Басам қалай аптапты.

Күлгенің де сиқырлы,

Қарағаның қиылып.

Тұзақтардан мың түрлі,

Пешенеме бұйырып.

Масатыдай манаурап,

Қалғаныңды айтамын.

Лап-лап етіп алаулап,

Жанғанымды айтамын.

Жарқыраймын шоқ болып,

Дүниенің көзінде.

Атыламын оқ болып,

Дәті берік төзімге.

Кетсем мейлі жоқ болып,

Дәл осы бір кезімде.

***

АУЫЛЫҢА КЕЛМЕЙДІ БАРА БЕРГІМ

Ауылыңа келмейді бара бергім,

Барған сайын ауыр мұң ала келдім!. .

Мың құлагер кеудемнен шауып өтті,

Дауыл өтті – мөлдіреп қарап едің!. .

Исін алып серілеу сезікті ұлдың,

Иттері ұран салды сезіп қырдың.

Мергеннен мезі болған секілдісің,

Қылт еттің де, бұлт еттің елік-құрбым.

Ауылыңның сыртына келіп тұрмын,

Ақ қардай алақанда еріп тұрмын.

Даңғаза дүниенің ішінде де,

Дәрумен бар екенін сен ұқтырдың.

Солай... солай сұлу қыз ғаламдағы,

Суық ойлар сейілді санамдағы.

Махаббат от дейді ғой білетіндер,

Өртенер шақ келген бе маған-дағы.

 

ЖҮРЕГІМЕН СҮРТІП ЖҮР...

Айта бергін арсыз деп, құдайсыз деп,

Иманыңды жүремін құдайша іздеп.

Құданың құдіреті бір періште,

Хат жазыпты. . «Сіз маған ұнайсыз деп».

Жүргенде күн өткізіп бос дәмемен,

Агентпен, SMS-пен, поштаменен.

Дүдәмал дүниеде құмдай пошым,

Мұндай тосын сыйлықты тоспаған ем.

Сезім, сенің алдыңда мың айыбым,

Жалғаны кім білмеймін шынайы кім.

Жұмысыма келіп тұр қардың қызы,

Шын жалғызы. . .

Сұлулық құдайының.

Жаза басқан жері жоқ жаңылысқан,

Әлі жапа көрмеген жазымыштан.

Қақпанын құрып оған құмарлық жүр,

Көңілдің көңіндегі кәрі-мыстан.

Үйренбеген қулықтың ережесін,

Кеңге жайған көркемдік керегесін.

Жүрегімен сүртіп жүр дір-дір етіп,

Шытынаған жанымның терезесін.

Ешбір қылау қонбаған келбетіне,

Ән салады мөлдірлік тербетіле.

Ой- хой деймін, нәпсіге қой-қой деймін,

Бір періште жүрсін деп жер бетінде.

Ал, ол болса жұмысыма келіп тұр. . .

***

Қарасулар жиегін күмістеген,

Сіздің ауыл мекені ырысты өлең.

Тым сабырлы болғанмен, хан емеспін,

Жан емеспін қапталған құрышпенен.

Шаршы топта шалдығып іркілмеген,

Жүрегімде маза жоқ үлпілдеген.

Шынжырын шыр айналып, аласұрды-ай,

Қарасудай бүйрегі бүлкілдеген.

Көкпар тартып көңілде күдік, үміт,

Сағыныш жүр сабылып зыр жүгіріп.

Тасасынан аса алмай иықтардың,

Түйіп қалдым тәп-тәтті сырды бүгіп.

Сезімнің сеңгірінен ән асырған,

Жаралған жарығым-ай жарасымнан.

Маған деген пейілді аңғардым мен,

Заңғар мүлдем…

Мөп-мөлдір қарасыңнан.

Қалған күннен сол белгі енді бізге,

Сендіңіз бе. . .

Соққысын сезімдердің жеңдіңіз бе?

Ток күшін пар көрмейтін Сағынышпын,

Қанып іштім. .

Ризамын пейіліңізге.

 

Ерғазы Манапұлы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2059