Сәрсенбі, 25 Желтоқсан 2024
Жаңалықтар 10879 0 пікір 30 Қыркүйек, 2015 сағат 22:43

МҰХТАР МҰРАСЫ ҰЛЫҚТАЛДЫ

2015 жылдың 30 қыркүйегінде Абай қорық-мұражайында «Мұхтар мұрасы - адамзат байлығы» атты аймақтық білім сайысы өтті.

Төртінші рет ұйымдастырылып отырған сайысты өткізудегі басты мақсат – классик жазушы, ғалым Мұхтар Әуезовтің өмірі мен шығармашылық әлемін келешек жас буынның санасына сіңіріп, әр қырын терең білуге ынталандыру және кеңінен насихаттау. Байқауға жас ізденушілер, колледж студенттері және мектеп оқушылары шақырылды.

Байқауға қатысушыларға төменде көрсетілген тақырыптар ұсынылды: 

- М.О.Әуезов өмірбаяны;

- Абай, М.О.Әуезов шығармаларының шығу тарихы;

- М.О.Әуезовтің қоғамдағы қызметі;

- М.О.Әуезовтің әдеби мұрасы;

- М.О.Әуезовтің ғылыми еңбектері;

- М.О.Әуезов бейнелеу өнерінде.

Байқау Абай қорық-мұражайының директоры, ф.ғ.к., доцент Ж.Әубәкірдің алғы сөзімен ашылды. Қалалық Мәдениет сарайының әншісі Ж.Шарипов Абайдың әндерінен попурри орындап, Ә.Қашаубаев атындағы филармония күйшісі Р.Азаматова күйден шашу шашты. №5 Облыстық дарынды балаларға арналған гимназияның 1 сынып оқушысы И.Мақсатқызы Абайдың 31 қара сөзін оқыды.

Мәнерлеп оқу сайысы бойынша: М.Алепарова – Абай атындағы драма театрдың және М.Төлебаев атындағы музыкалық колледждің сахна тілі пәні мұғалімі, Н.Өмірбекова –  Абай мұражайының жетекші ғылыми қызметкері, «Асыл қазына» газетінің жауапты редакторы, Г.Құдайбергенова - Абай мұражайының ғылыми қызметкері, мұражайда ашылған мәнерлеп оку мектебінің жетекшісі; Ақындар мүшәйрасы бойынша: И.Бауыржан - ақын, «Дариға-ай» жастар театрының әдебиет бөлімінің меңгерушісі, С.Мұқатаева - Абай мұражайының ғылыми хатшысы; Қолөнер байқауы бойынша: С.Қасымханов – Семей қаласының суретшілер одағының төрағасы, Ж.Нұрсатин - ҚР Суретшілер Одағының мүшесі, А.Баркенов - Абай мұражайының бас безендіруші-суретшісі әділ қазылық жасады.

Байқауға үш номинация бойынша 62 үміткер қатысты.

Байқау нәтижесі бойынша:

І. Мәнерлеп оқудан (Мұхтар Әуезовтің шығармаларынан үзінді)

І орынды - № 13 орта мектеп оқушысы Б.Қамзанова, ІІ орынды – № 47 мектеп оқушысы А.Оңдабаева, ІІІ орынды № 38 мектептің оқушысы М.Өмірғалиева иеленді.

ІІ. Ақындар мүшәйрасы бойынша (М.Әуезов шығармаларындағы елді мекендер мен кейіпкерлеріне байланысты шығармалар) І орынды - № 39 орта мектеп оқушысы М.Үмбетова, ІІ орынды – М.О.Әуезов атындағы педагогикалық колледж студенті Қ.Еркінұлы, ІІІ орынды - № 47 орта мектебінің оқушысы А.Көпенова иеленді.

ІІІ. Қолөнер байқауы бойынша (М.Әуезов шығармашылығы желісімен жасалған қолөнер туындылары) І орынды №39 мектеп оқушысы З.Турсинбекова, ІІ орынды М.О.Әуезов атындағы педагогикалық колледж студенті М.Секенова, ІІІ орынды № 15 мектеп оқушысы Б.Оралбеков иеленді. Жүлделі орын алған қатысушалар бағалы сыйлықтармен және алғыс хаттармен марапатталып, қалған қатысушыларға сыйлықтар берілді.

Байқауға барлық оқушылар, студенттер жіті дайындықпен келген. Оқушылар мен студенттерді дайындаған мектеп мұғалімдері мен жетекшілеріне алғыс білдіреміз!

Р.Елекенова, Абайдың қорық-мұражайының ғылыми қызметкері

Абай-ақпарат

 

 

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2036