Сенбі, 12 Қазан 2024
Билік 4832 0 пікір 28 Қыркүйек, 2015 сағат 02:00

ОҚО: ДЕНСАУЛЫҚ БАСҚАРМАСЫ БАСПАСӨЗ ТУРЫН ӨТКІЗДІ

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы аудан орталықтары мен елдi мекендердегi ауруханалар мен емханалардың тыныс-тiршiлiгiмен танысу мақсатында баспасөз турын ұйымдастырды, - деп хабарлайды "Оңтүстік Қазақстан" газеті.

БАҚ өкiлдерiнен құралған топ Ленгiр қалалық ауруханасы мен Ленгiр қалалық емханасы, Түлкiбас аудандық орталық ауруханасында болып, денсаулық сақтау мекемелерiнiң жұмысына қанықты.

Ұлт саулығы – ұлы мақсат. Саламатты Қазақстанда салауатты қоғам қалыптастыру үшiн мемлекет медициналық қызмет көрсету сапасын жақсартпаққа қыруар қаржы бөлiп отыр. Соның бiрi – «100 мектеп, 100 аурухана» мемлекеттiк бағдарламасы бойынша салынған Ленгiрдегi 180 орынды аурухана мен бiр ауысымда 200 адамды қабылдайтын емхана.

– Бұған дейiн қаладағы 35 мыңнан астам тұрғын тар бөлмелерде ем қабылдап келген едi. 2012 жылы құрылысы басталған нысанға республикалық қазынадан 4 млрд. теңге жұмсалып, жаңа ғимарат заманауи соңғы үлгiдегi қондырғылармен жабдықталды. Өткен жылдың ақпан айында ел игiлiгiне берiлген қалалық емханада қазiргi таңда 36 мыңға жуық тұрғын тiркелген. Жаңа әлеуметтiк нысанның бой көтеруi қалың елге қуаныш сыйлады. Қазiр мұнда бұрын-соңды болмаған медициналық құрал-жабдықтар, маммография бөлiмшесi, клиникалық диагностикалық лабораториямыз бар, – дейдi Ленгiр қалалық ауруханасының бас дәрiгерi Жандар Нышанов.

Сонымен, Ленгiр қалалық ауруханасы науқастарды соңғы технологиямен емдеп келедi. Аумағы 10 мың шаршы метрге жуық емханаға оттегi автоматы орнатылып, ол арнайы ыдыстарға сорып алынған ауа тасымалдаушы жүйенiң көмегiмен әр бөлмеге жеткiзiледi. Өңiрде ғана емес, республикада кездесе бермейтiн құрылғы бүкiл ауруханаға оттегiнi қажетiнше жiберiп отыр. Дәрiгерлер бұл тек науқастарға ғана пайдалы емес, сондай-ақ операция кезiнде жұмыс iстеуге өте ыңғайлы дейдi. 7 бөлiмше жұмыс iстейтiн ауруханада науқастар сарылып кезек күтiп тұрмайды.

Соңғы уақытта аталмыш емхана мен ауруханада бала өлiмi екi есеге азайып, ана өлiмi мүлде тiркелмеген. Дәрiгерлер бұл бiлiктi мамандар мен жаңа технологиялардың нәтижесi екенiн айтады. Құралдардың көбiсi Оңтүстiк Кореядан, Германиядан, Жапониядан алынған. Қажеттi медициналық құрылғымен қамтуға 1 млрд. теңгеден астам қаражат жұмсалыпты. «Жаңа құралдармен ота жасау үшiн дәрiгерлер қайта даярлаудан өткен» дейдi басшылық. Жаңа ауруханада 300-ден астам қызметкер халыққа қызмет етедi.

Түлкiбас ауданы орталық ауруханасында да тындырымды жұмыс көп. Оған өткен жылмен салыстырғанда емделiп шыққан науқастардың саны 6,9 пайызға артқандығы дәлел. Жоспарлы түрде портал арқылы емделу жүйесi де дұрыс жолға қойылған. Нәтижесiнде, емделiп шыққан науқастардың саны 39,3 пайызды құрады. Тiптi, жол ұзақтығын ескерген аудандық аурухана ауылдық бөлiмшелерiнiң де қызметiн жүйелей бiлiптi. Жаңадан ашылған Мичурин ауылдық ауруханасындағы оңалту бөлiмшесi ауыл тұрғындарына толығымен медициналық қызмет көрсетуде.

– Қан айналымы жүйесiнiң бұзылуынан қайтыс болатын науқастардың саны 4 пайызға төмендеген. Ол бiз үшiн үлкен көрсеткiш болып табылады. Мұндай көрсеткiшке жетуiмiздiң сыры бөлiмшелерде науқастар үшiн арнайы денсаулық сабақтары жүргiзiлуде. Соның нәтижесiнде артериалды гипертониямен ауыратындар саны едәуiр төмендеген. Демек, бұл науқастардың өз ауруларына немқұрайлы қарамайтындығын, скринингтен дер кезiнде өтiп, алдын алу шараларын тұрақты орындайтынын көрсетедi. Жiтi қан айналымы жүйесi, соның iшiнде жүрек талмасы, тұрақсыз стенокардия диагнозы бойынша Шымкент қаласындағы облыстық кардиология орталығымен тығыз жұмыс iстеудемiз, – дейдi Түлкiбас аудандық орталық ауруханасының бас дәрiгерi Махамбет Бейсеуов.

Аталмыш емдеу мекемесiнiң бiр артықшылығы – мұнда инфарктың алдын алудың тәсiлдерi белсендi түрде қолданылуда. Нәтижесiнде ауданда өлiм-жiтiм көрсеткiшi азайған. Тiптi, жағдайы ауыр науқастарды уақыт шығындап, қалаға жөнелтiп жатпай-ақ, тiкелей телекөпiр арқылы республиканың iрi емдеу орталықтарынан кеңес алып емдеуде.

– Жұмыстың бәрi компьютерлендiрiлген. Басты мiндет – өлiм-жiтiм деңгейiн, бiрiншi кезекте нәрестелер өлiмiн азайту. Сол үшiн дәрiгерлер мен мейiрбикелер кәсiптiк бiлiм деңгейiн үздiксiз жоғарылатып келедi, – дейдi сала мамандары.

Нұршат ТӨКЕН

Abai.kz

0 пікір