Сенбі, 23 Қараша 2024
Билік 6739 0 пікір 25 Қыркүйек, 2015 сағат 02:00

ҚАНДАСТАРҒА ҚҰШАҒЫМЫЗ АШЫҚ

ҚАНДАСТАРҒА ҚҰШАҒЫМЫЗ АШЫҚ

 

Тарихи Отанына оралуға ниет етіп жүрген қандастарымыз үшін барлық жағдай жасалған деп айтудан аулақпыз. Бірақ көптеген шаралардың жүзеге асып жатқандығын да білуіміз керек. Жақында қаралған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халықтың көші-қоны және жұмыспен қамтылуы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасында біраз жайттардың ескерілуі соның бір дәлелі болса керек. Біз осы заң жобасынан туындайтын кейбір тұстарға тоқтала кеткенді де жөн көріп, Мәжіліс депутаты Құттықожа ЫДЫРЫСОВПЕН әңгімелескен болатынбыз, - деп жазады "Егемен Қазақстан" газеті. 

– Жақында қаралған халықтың көші-қонына қатысты заңдық құжатта көп­теген оң өзгерістердің бар екендігі бай­қалды. Осы жағын тарқатып айта кетсеңіз.

– Заң жобасында оралмандарға қатысты көптеген мәселелер өз шешімін тапты десек, артық айтқандық емес. Соның ішінде оралмандарға Қазақстан Республикасының азаматтығын беру мерзімін тұрақты тұру ықтиярхатын алғаннан кейін бір жыл ішінде шешу көзделгендігі үлкен жетістік. Бізде ең қиыны осы тіркелу болатын. Енді бір жылға дейін уақытша тіркелу орындары құрылады. Бұған дейін әркімнің үйіне бір тіркелу үшін өтінішпен шығып жүретін. Бұл мәселе шешімін тапқаннан кейін ол этностық қазақтардың, яғни қандастарымыздың тарихи Отанына оралуын ынталандыру тетігіне айналады деп сенемін. Ең бастысы, қай ел болмасын ішкі саяси тұрақтылығы дұрыс болуы шарт. Осы тұрғыдан келгенде Қазақстан айтарлықтай табыстарға қол жеткізіп отыр.

– Заң жобасын талқылау барысында «соттылық» туралы анықтама алу мәсе­лесі өткір қойылғаны белгілі. Сол анық­та­маны алу міндеті не үшін енгізіліп отыр?

– Жұмыс тобының отырыстарында елімізге келіп жатқан қандастарымыздың барлық түйткілді мәселелерін шешу үшін барымызды салдық. Қытай Халық Республикасынан келетін қандастарымыз үшін әлгі анықтаманы алып келуін талап ету нормасы дұрыс емес деген пікірлер де орын алып жатыр. Миллиардтан астам тұрғыны бар елдің тиісті орындары ондай «соттылық» анықтамасын бере ме деген уәждер де айтылды. Бірақ өзге мемлекеттердің осындай анықтама беретіндігін қаперге сала кетсем деймін. Ішкі істер министрлігімен, тіпті қауіпсіздікке жауап беретін орындармен осы мәселені жан-жақты талқыға салып, оның әлемдегі жағдайларға да қатысты екендігін білдік. Әрине, қандастарымыздың қатарында пиғылы жаман жандар бола қоймас және болуы да мүмкін емес. Дей тұрғанмен Қытайдан келген қандастарымыздан сот­тылық туралы анықтаманы алып тастасақ, бізге өзге елдерге де солай жасауға тура келер еді. Сондықтан, министрліктер өздерінің құзыреттері шеңберінде Үкіметпен келісіп, оралмандардың анықтама алуын барынша оңайлату жолдарын қарастыру қажет деген тоқтамға келдік.

– Сол анықтаманы талап ету нормасын заң жобасынан бірден алып тастауға болмас па еді?

– Басқа мемлекеттің барлығы да ондай анықтаманы береді. Қазір әлемдегі қалып­тасып жатқан жағдайдан қай ел де қауіптенуде. Осыны қаперге ала отырып, заң жобасында аталған норманы әдейі қалдырып отырмыз. Ал қалған өзге мәсе­лелердің барлығы да өз шешімін тапты десем артық айтқандық емес. Көптеген азаматтарымыз заңдық құжатта көрініс тапқан біраз жайттарға өздерінің қуаныштарын білдіруде.

– Алып көршіміз Қытай анықтама беру жағына қалай қарап отырғандығын біле алдыңыздар ма?

– Иә, министрліктердің өздері кейде біздің хатымызға жауап бермейді деген реніштерін де білдіріп жатады. Әйтсе де бұл мәселені шешуде өздерінің барлық мүмкіндіктерін қолданатыны туралы Ішкі істер министрлігі уәделерін де берді. Сон­дықтан, қатып қалған қағида жоқ, қандас­тарымыздың елге оралуына барынша жағдай жасауға атсалысатын боламыз. Өзге жерде қысылып келген қандастарымызға кең-байтақ қазақ даласынан орын әрқашан табылады. Елбасы «Мәңгілік Ел» идеясын бекер ұсынып отырған жоқ. Қазақ жерінде тұрып жатқан көптеген этнос өкілдерінің тату-тәтті өмір кешіп, бір-біріне деген дос­тығы мен сый-құрметінің сақталуы осындай өміршең идеяларға бастайтыны белгілі.

– Оралмандарға Үкімет белгілеген өңір­лерге қоныстанған жағдайда ғана жағ­дайлар жасалып, жұмыспен қамту бойын­ша көлік шығындарын өтеу, қы­зметтік баспана немесе жатақханадан бөлме беру сияқты әлеуметтік пакеттер қам­тылады екен. Осы жағын тарқата кетсеңіз.

– Елімізге біржола келген адам әрине, өз мамандығы бойынша жұмыс істеуге тырысуы керек. Ішкі көші-қонға қарасаңыз, солтүстік өңірлердің тұрғындары өздерінің тарихи отанына көшіп кетті. Олай болса, сол өңірлерге неге бармасқа? Адам атажұртына көшіп келгеннен кейін жұмыстың ыңғайына қарай орналасуы қажет. Оңтүстік облыстарда онсыз да халық тығыз орналасқан. Өткенде Солтүстік Қазақстан облысында 246 орын бар деді. Сол үшін баспана да, жұмыс та беріп, қайта даярлықтан өткі­земіз деген де ұсыныс болды. Жалпы, оралмандарға қандай әлеуметтік пакет ұсынылатыны заңдық құжатта көрсетіліп отыр. Дей тұрғанмен, онда барлығының бас-басына үй салып береміз деген сөз жоқ. Қазақстандықтарға жасалып отырған жағдайлар сырттан біржолата келушілерге де бірдей таралатын болады. Біз өзіміздің министрліктерімізге сенуіміз керек, өйткені олар да қандастарымыздың жағдайын ойлап отыр.

– Қазақстан Республикасының аза­мат­­тығын беру мәселесі қаншалықты ше­­шілген дей аласыз?

– Ешқандай да қиын емес. Барлық тиісті қағаздары болса жеткілікті. Бұрын бес жылға созып келдік, содан кейін тіркелетін жерлері де болмайтын. Денсаулық сақтау саласы бойынша айтар болсам, Ақтөбе облысының шекарасындағы елді мекенде тұратындар үшін түрлі жұқпалы аурулар туралы анықтама алу үшін Батыс Қазақстан облысында орналасқан медициналық мекемеге барған оңай. Осылайша, тіпті өздерінің облыс орталығы алыс болып жатса, басқа облыстан анықтама әкелу жайы да қарастырылған. Былайша айтсақ, ат төбеліндей ғана қазақпыз, біз қалайша бір бірімізден бөлінеміз. Қай елде жүрсе де олар біздің қандастарымыз ғой.

– Қабылданған нормалар қоғам тарапынан қызу қолдау тауып жатқан сияқ­ты. Олар­ды ертерек енгізуге болмас па еді?

– Қандай да болмасын заң ел мүддесін ескереді. Мәжілістегі «Нұр Отан» партиясы фракциясының депутаттары өңірлердегі кездесулер кезінде жазып алған әрбір тұрғынның ұсыныс-пікірлерін алып келеді осында. Бұрынғыдай арнайы жинап, кездесу өткізу деген жоқ. Зауыттарға барар болсақ, цехтарды аралап жұмысшылармен тікелей араласып, олардың басындағы жағдайлармен жақын танысамыз. Заң шығарушы орган болғандықтан, біз солардың ой-пікірлері мен ұсыныстарын барлығына тиімді болатындай етіп жасауға мүдделіміз. Солардың ұсыныстары дұрыс болса, онда экономикамыз дамып, әлеуметтік жағдайымыз түзеледі. Бұрын жиналыстардан қашушы еді, қазір тұрғындар депутаттарды өздері іздейтін болды. Өткенде Бақытбек Смағұл әріптесімізбен Қызылорда облысы Жа­лағаш ауданындағы Ақсу деген ауылда болып, кездесу өткіздік. Ақсақалдар кеңесінің төрағасы тұрып, Алматы-Атырау пойызының өз стансаларына тоқтап өтсе деген өтінішін жеткізді. Депутаттық сауал жолдап едік, мәселе оң шешімін тапты. Ауыл ақсақалдары бізге ғана емес, «Нұр Отан» партиясына, тіпті барлық Мәжіліс депутаттарына да рах­меттерін айтып жатыр. Қызметте жүрген азаматтар халықтың арасына бара бермейді, оған уақыттары мен мүмкіндіктері де жоқ. Қарапайым тұрғындардың осындай мәселелерін шешіп отырсақ, Елбасының жүргізіп отырған сара саясатын ертерек түсінуге жол саламыз.

Халықтың қолдауы, әсіресе Елбасының саясатын жүзеге асыруда қолдау көрсетуі үлкен мәселе. Қазақстанның, оны басқарып келе жатқан Елбасының дүниежүзіндегі абыройының артып отырғандығы да хал­қының қолдауының арқасы. Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 70-ші сессиясындағы сөзін қазақ тілінде жеткізуі заңдылық. Әрине, елдің ішінде кейде орыс тілінде баяндама жасайтыны өзге ұлт өкілдері түсінсін деген ниеттен туындағанын білеміз. Үш тілді меңгеруіміз керек деп отырмыз ғой. Өзімнің бір орыс көршім бар. Оның балаларына дейін сәлемдескенде қазақша жеткізеді. Бұл да бетбұрыс.

Егер халқымыз бір-бірін жақсы түсінетін болса, онда арамыздағы сенім мен түсінік те ұлғая түсетіні анық. Елбасының саясаты да осы елдің бірлігі мен біртұтастығын қамтамасыз ету емес пе. Осыншама жерді сақтап қалған ата-бабаларымыздың арманын орындау үшін тек еңбек етуіміз керек. Байды да, кедейді де Жаратқан бірдей етіп өмірге алып келді. Ендігісі тек олардың еңбек етуі мен ізденісіне байланысты болмақ. Дана кісіден біреулер бақыт не деп сұрапты. Қарсы сұрақ қойғанда біріншісі «байлық», ал екіншісі «денсаулық» деп жауап берген екен. Сонда әлгі данышпан «жоқ, бақыт дегеніміз – жарық дүниеге келуің» деп жауап берген көрінеді. Біз басымыздан небір қиындықтарды өткердік, сондықтан алдағы қиындықтардан еш қорқудың қажеті жоқ.

– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ

 

 Сұхбатқа қосымша ретінде төмендегі мақалаларды ұсынамыз

Енді қандастарымыздан «Соттылық» туралы АНЫҚТАМА сұрау артық!

Бүгін Мәжілістен депутат, “Ақ жол” партиясы фракциясының мүшесі  Алмас Тұртаев қоңырау шалып, қуанышты хабар жеткізді. ҚХР-дың еліміздегі Елшілігінен ҚР Сыртқы істер министрлігіне  «Соттылыққа» байланысты жауап хат келіп түсіпті. Шауып барып, көшірмесін алдық! Ал, кеттік...

Естеріңізде болса, Мәжілістегі Жұмыс тобы «Қазақстан Республикасының территориясында ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасағаны үшін сотталғандығы болған;» деп өзгеріс енгізген 49-баптың 9)-тармағы Үкіметтен«ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасағаны үшін алынбаған немесе өтелмеген соттылығы бар;» деген редакциямен қайтып келген болатын. Заң жобасы Үкімет ұсынған осы нұсқамен қолданысқа енсе де, бәрібір, тұрақты тіркеуге тұруда қандастарымыздан «Соттылығының» бар не жоқтығы туралы «АНЫҚТАМА» талап етілер еді. Осы анықтамаға Алдан Смайыл ағамыз бастаған барлық Мәжіліс депутататтары қынжылыс танытқан.. Сосын, Мәжілістегі жұмыс тобының жетекшісі Гүлнәр Сейтмағамбетова апайымыз бұл мәселені келесі отырысқа қалдыратынын, ол отырысқа Ішкі істер министрінің орынбасары Ерлан Тұрғынбаевты шақыратынын айтып, тарасқан...

Келесі отырысқа Ерлан Тұрғынбаев Көші-қон полициясы департаментінің бастығы Серік Сайыновты және Сабыржан Сейтжановты ерте келгенін, делдалдар жасаған жалған анықтаманы көрсетем деп, депутаттардан сын естігенін кезінде жазғанбыз. Сол жолы министрдің орынбасары депутаттарға «ҚР Ішкі істер министрлігі Сыртқы Істер министрлігі арқылы Қазақстандағы Қытай Елшілігінің қабылдауын сұрап, Хат жазамыз. Сол кездесуде Елшіліктен бұл мәселе туралы сұраймыз» – деп, уәде берген. Біз де Қытай Заңын аудармасымен қосып, Ерлан мырзаның қоржынына салып жіберген едік. Е.Тұрғынбаев уәдесінде тұрып, Қытай Халық Республикасының Елшілігіне хат жазыпты. Елшіліктен, міне, жауап та келіп үлгірді. Ерлан Заманбекұлы ер екен! Ұлы Абай айтқан «Сөз бен ісің бір болсын!» деген осы! Жұз жасаңыз, Ерекем!!!

Осы нәтижеге жетуге ықпал еткен Мәжілістегі жұмыс тобының жетекшісі Гүлнәр Сүлейменқызына, жұмыс тобындағы Алдан Зейноллаұлы, Нұртай Салихұлы, Бақытбек Смағұл, Меруерт Айтқажықызы, Алмас Ұзақұлы… бастаған барлық Халық қалаулыларына біз көп рахмет айтуымыз керек, ағайын!

 Жалпы Көші-қон Заңының көп талқылауына басты себептің бірі осы – «Соттылыққа» байланысты АНЫҚТАМАНЫҢ«жыры» болды! Біз де бұл Заң жобасының Қытайдан келетін қазақтар үшін құны көк тиын болғалы тұрғанын, оралмандарды сергелдеңге салатынын айтып, қадалып отырып алдық…

«Ештен кеш жақсы!» деген, ақыры Қытай Елшілігінен жауап алып тындық!

Сонымен, аталған жауап хатында Қытай Елшілігі: «Қытай аумағында әкімшілік және қылмыстық істер бойынша  ортақ дерекқордың жоқ болуына байланысты, азаматтың соттылығы немесе сотталмағаны туралы анықтамаларды өтініш берушінің тұрғылықты жері бойынша ҚХР Қоғамдық қауіпсіздік  министрлігінің  әр  провинциясындағы  немесе  қаладағы аумақтық полиция  бөлімшелер  береді. Бұл анықтамалардың  ортақ  стандарты  немесе үлгісі бекітілмеген» деп жазыпты. Содан кейін: Елшіліктің Консулдық бөлімі Қазақстанға ҚХР азаматтарының көпшілігі Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданынан келетіндіктен, аталған ауданның құзыретті органдары беретін анықтамалардың және оларға лауазымды тұлғалардың қоятын қолы мен мөрлерінің үлгілерін ұсынуы туралы Қытай халық Республикасының Сыртқы істер министрлігіне   сауал жолдағанын және жауап келіп түскен жағдайда қосымша хабарланатындығын жеткізеді.

Осылай дей келіп Қазақстандағы Қытай елшілігі: «Кіру мен шығу мәселелерін реттеу туралы» 2012 жылы 30 маусымдағы ҚХР Заңының 12-бабының 2, 3-тармақтарына сәйкес, егер де Қытай азаматы сотталып, оның мерзімі өтелмеген болса, азаматқа қарсы қылмыстық іс қозғалып не қылмыс жасады деп күдікке ілініп, тергеу үстінде болса, сондай-ақ аяқталмаған азаматтық соттық іс бойынша елдің аумағынан тыс кетуге шектеу қойылған жағдайда, оған шетелге шығуға тыйым салынуы мүмкін.«Паспорттарды беру туралы» 2006 жылы 29 сәуірдегі ҚХР Заңына сәйкес бұл санаттағы Қытай азаматтарына ұлттық паспорттар ресімделмейді (ақпарат қоса тіркелген)»деп анықтап жазыпты.

Демек, «Паспорттарды беру туралы» 2006 жылы 29 сәуірдегі ҚХР Заңына сәйкес, біздің Үкімет ұсынған «ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасағаны үшін алынбаған немесе өтелмеген соттылығы бар;» азаматтарға  Қытай ұлттық паспорт бермейді. Бұл – паспорты жоқ адам шетелге де шыға алмайды деген сөз! Біздің Үкіметке талмай айтып жүрген уәжіміз расталды!!!

Енді Қытайдан келетін қандастарымыздан «Соттылық» туралы АНЫҚТАМА сұрау артық! Осы сергелдең де жетеді!«Ортақ  стандарты  немесе үлгісі бекітілмеген» анықтама кімге керек!? Оған басылатын таңбаның бәрі хансулардың қолында. Қазақтарды телмеңдетіп қою – елдігімізге сын!!

Ең жақсысы бұл мәселені Заң жобасында шешкен дұрыс! Болмаса,  «Шығу парағын» күшінен қалдырған №315 бұйрық секілді ҚР Ішкі істер министрлігі арнайы бұйрық шығару арқылы шешсе де болады!

Айтпақшы, Заң жобасы ертең Мәжілістің екінші оқылымына жолданады.

Арнайы Abai.kz ақпараттық порталы үшін Ауыт Мұқибек

 

Омбыдағы қандастар: тарихы

           

Осы күні Ресей елінде бір миллионға таяу қандастарымыз өмір сүріп жатса, олардың басым бөлігі өздерінің ата-бабалары мекен еткен туған жерінде, ата қоныстарында орналасқан. Омбының қазақ ауылдарындағы ескі зираттарға бірнеше ғасыр болғанын ақсақалдардан көп естідік. Сондықтан ол жақтағы қандастарды диаспора емес, ирредент деп атағанымыз орынды және әділ болмақ. Қазақтар қоныс еткен шұрайлы алқаптар бүгінде басқа мемлекеттің еншісінде. Тағдыр солай шешті. Күн тәртібінде тұрған ендігі мәселе – ормандай орыстың ішінде қалған қазақтың ұлттық болмыс-бітімін сақтап қалу, тілі мен салт-дәстүрін жоғалтпауға жәрдемдесу, түптің-түбінде оларды қазақ сапынан жоғалтып алмау.

Ассимиляциялық үрдістің жүріп жатқаны айдан анық. Оның объективті себептерін көрсетуге болады. Көрші мемлекет соңғы уақытта ұлттық саясат ісін қатты қолға алып, аймақ басшысы атауынан президент деген лауазымды қысқартуды ұйғарды. Ресейдің ұлттық автономиялық аймақтарында жергілікті тұрғындардың көңіл-күйі өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарындай емес. Соңғы жиырма жыл ішінде Омбы қазақтарының да, әсіресе қалалық қазақтардың сана-сезімдерінде біршама өзгеріс байқалады. Қазір Омбының іргелі оқу орындарын бітірген жастардың кейбірі Қазақстанға көшуге асыға қоймайды. Іштерінде Қазақстанның, әсіресе Астананың қарқынды дамып жатқандығын естігендер, көргендер, осы жаққа көшуді ойлайтындары бар. Дегенмен, Қазақстанға келіп алып, тұрақты жұмыс таппай, үйсіз, күйсіз жүріп, Омбыға қайтып оралған таныс қазақтарды да білеміз. Мұндайда тағы да сананы тұрмыс билейді дегеніміз орынды болар.

2009 жылы Омбыда өткен «Казахи России: история и современность» атты халықаралық ғылыми конференцияда ғалымдардың келтірген деректері бізді ойландырып тастады. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері Ресейден Қазақ еліне ресми квотамен көшкен бауырларымыздың саны РСФСР-да тұрған қазақтардың бес-ақ пайызын құрайды дегенін естідік. Оның себебі неде? Ресей қазақтары Қазақстанға неге жаппай көшіп келмеді? Біздіңше, ол жағдайдың бірнеше себебі бар.

Біріншіден, жоғарыда атап өткеніміздей, Ресей қазақтары, соның ішінде Омбыдағы қандастар ата-бабалары мекен еткен ескі жұртта өмір сүріп жатты. Әсіресе, жасы үлкен адамдар ата-бабасының моласын тастап, туған жерден алыс кетуге құлықсыз болды.

Екіншіден, Ресей мен Қазақстан – бұрынғы Кеңес Одағының құрамында болған мемлекеттер. Екі жақтың тұрмыс-тіршілігіндегі, әлеуметтік жағдайындағы, адамдардың қарым-қатынасындағы айырмашылықтың көп еместігі, тілдік тұрғыдан кедергінің болмауы, яғни орыс тілінің екі жақта да еркін қолданыста жүргендігі – Қазақстан мен Ресейдің бір-бірінен айырмашылығының соншалықты көп болмағанын байқатты. Қазақстанда бар дүниені, өмір сүруге қажетті жағдайды Ресейден де табуға болады. Кеңестік заманда Қазақстан телеарнасын көруге, қазақ радиосын тыңдауға құмар омбылық ағайын ол мәселені де тез шешіп алды. Ендігі кезде арнайы қондырғыны сатып алып, жер серігі арқылы қазақтың ән мен күйін тыңдай да, көре де алды. Оның сыртында, интернет жүйесінің дамыған заманында қызықтырған бар мәліметті ғаламтордан табуға мүмкіндіктері бар.

Үшіншіден, Ресейде тұратын қандастар бүгінгі таңда әлеуметтік және материалдық тұрғыдан алғанда, өмір сүру деңгейлері біршама жоғары. Бірі кәсіпкерлікпен айналысса, енді бірі жалақысын, әлеуметтік жәрдемді қанағат тұтып, күндерін көріп отыр. Тіпті, Қазақстанның ауылымен салыстырғанда, Ресей деревнясының жағдайы тәуір секілді. Себебі ауылда тұрып, мектепте жұмыс істейтін болсаңыз, сіздің қыс бойы жағатын отыныңыз да, көміріңіз де үкіметтен тегін беріледі. Ресейдің басқа аймағын білмейміз, өзіміз жиі барып тұратын Омбы жеріндегі жағдай солай. Жаңа туған балаға Ресейде берілетін ірі төлемақы, баланың ата-анасына жасалатын әлеуметтік жеңілдіктер, материалдық көмек, сондай-ақ, зейнет жасының төмендігі, зейнеткерлерге қосымша үстемақылар т.б. жеңілдіктер – қазақстандықтарды қызықтыратыны жасырын емес. Мысалы, Омбы облысында шаңырағында үш-төрт бала сүйген біздің туыстарымыз бар. Олар жаңағы айтылған жеңілдіктерді толық пайдалануда. Тіпті, Омбыдан көшіп келіп, Қазақстанның азаматтығын алған кейбір таныстар 55, 57 жасқа келген кезде азаматтықтарын ауыстырып, Ресейден зейнеткерлікке шығып жатыр. Осындай жағдайдың барлығы бүгінгі таңда қазақтарды Ресейде, соның ішінде Омбыда ұстап отыр.

Алайда бізді алаңдататыны – шетелде қалған қазақтардың ұлттық бет-бейнесінің жойылып бара жатқандығы. Ол жақтағы қазақтар жыл озған сайын тамырынан ажырап, туған салт-дәстүрін, ана тілін жоғалтуда. Әсіресе, қалада туып-өскен қазақ бауырларымыздың бойында барған сайын ұлтымызға тән мінез, қасиет жоғалып барады. Балабақшадан бастап жоғарғы оқу орнына дейін жат тілде білім алып, тәрбие көріп отырған ол ағайындарымызды кінәлауға дәтіміз бармайды. Ащы шындықты мойындай отырып, Қазақ елі тарапынан алда істелетін нақты жұмыстардың жоспары жасалса деген ойдамыз.

Жалпыға мәлім объективті жағдайлар Омбыдағы қандастарға байланысты ұлттық мәселеде белгілі бір қиындықтарды туындатып отыр. Осы орайда Қазақстандағы тиісті органдар мен ведомстволарға ұсыныс, пікірлерімізді жолдасақ деген ойдамыз. Өйткені біріншіден, дәл бүгін шетелден, оның ішінде Ресейден сонша халықты Қазақстанға көшіріп әкеле алмаймыз. Оған қазақтар мекендейтін мемлекет те қарсы, қандастарымыз да түгел ниетті емес. Бұл – үлкен саяси іс. Екіншіден, ондай жүкті көтеруге қазір Қазақстан да қауқарсыз. Сондықтан Қазақ елі еңсесін толық көтерген қуатты мемлекетке айналғанша, азаматтарын жұмыспен толық қамтамасыз етіп, олардың әлеуметтік тұрмысын түзегенше, Ресейдегі, оның ішінде Омбыдағы қазақтардың ұлттық келбетін сақтаудың нақты жолдары, біздің пікірімізше, төмендегідей:

Алайда бізді алаңдататыны – шетелде қалған қазақтардың ұлттық бет-бейнесінің жойылып бара жатқандығы. Ол жақтағы қазақтар жыл озған сайын тамырынан ажырап, туған салт-дәстүрін, ана тілін жоғалтуда. Әсіресе, қалада туып-өскен қазақ бауырларымыздың бойында барған сайын ұлтымызға тән мінез, қасиет жоғалып барады. Балабақшадан бастап жоғарғы оқу орнына дейін жат тілде білім алып, тәрбие көріп отырған ол ағайындарымызды кінәлауға дәтіміз бармайды. Ащы шындықты мойындай отырып, Қазақ елі тарапынан алда істелетін нақты жұмыстардың жоспары жасалса деген ойдамыз.

Жалпыға мәлім объективті жағдайлар Омбыдағы қандастарға байланысты ұлттық мәселеде белгілі бір қиындықтарды туындатып отыр. Осы орайда Қазақстандағы тиісті органдар мен ведомстволарға ұсыныс, пікірлерімізді жолдасақ деген ойдамыз. Өйткені біріншіден, дәл бүгін шетелден, оның ішінде Ресейден сонша халықты Қазақстанға көшіріп әкеле алмаймыз. Оған қазақтар мекендейтін мемлекет те қарсы, қандастарымыз да түгел ниетті емес. Бұл – үлкен саяси іс. Екіншіден, ондай жүкті көтеруге қазір Қазақстан да қауқарсыз. Сондықтан Қазақ елі еңсесін толық көтерген қуатты мемлекетке айналғанша, азаматтарын жұмыспен толық қамтамасыз етіп, олардың әлеуметтік тұрмысын түзегенше, Ресейдегі, оның ішінде Омбыдағы қазақтардың ұлттық келбетін сақтаудың нақты жолдары, біздің пікірімізше, төмендегідей:

Ресей қазақтарында атамекен, атажұрт, үлкен ұғымдағы туған жер, туған ел, Отан секілді қасиетті түсініктер туралы жан-жақты насихат жұмыстарын жүргізу. Ол шараларды мәдени, ағартушылық, гумманитарлық бағыттағы қарым-қатынастар барысында өткізу;

Ғаламтор жүйесі арқылы Қазақ елінің жетістіктері мен табыстарын кең тарату. Осы бағытта арнайы сайттарды көбейту;

Қазақтар қалың қоныстанған аймақтарға қазақстандық телеарналарды таратуды мемлекеттік деңгейде қолдау. Жер серігі арқылы таратылатын телеарна құралдарын Ресей қазақтарына жеңілдікпен жеткізу;

Үкімет тарапынан көп қаржыны Ресейден отбасыларды көшіріп әкелуге жұмсамай, нақты көмекті Қазақстанның жоғарғы оқу орнына түскісі келетін жастарға беру;

Қазақстан үкіметі шеттен келген мектеп бітіруші қандастардан емтихан алғанда оларға қатысты жеңілдік жолдарын қарастыру. Ол көмекті тест жұмыстарының жеңіл формасы немесе арнайы квота т.б. түрінде ойластыру;

Ресейде қазақтар оқитын мектептерде (Омбыдағы ресми билік оларды ұлттық компоненті бар мектеп дейді) факультативтік жолмен «Қазақстан тарихы» пәнін оқыту;

Сыртта тұратын қазақ жастарына, мектеп оқушыларына, студенттерге Қазақстанды кең таныстыру. Оларды маусымдық, сессияаралық демалыс кезінде Қазақстанға тегін шақырып, елдің тарихи, мәдени орындарын көрсету. Мысалы, Бурабайдағы «Балдаурен» демалыс лагеріне еліміздің түкпір-түкпірінен келетін талантты балалармен бірге омбылық қазақтарды да шақыру, Астананы тегін көрсету, Түркістанға саяхат жасау т.б. шаралар ұйымдастыру;

Баспасөз мәселесінің оң шешімін табу. Омбыға Қазақстанның ресми басылымдарын, қазақ тіліндегі газет-журналдарды таратуға рұқсат алу;

Қазақстан азаматтығын алуға ниет білдірген Ресей қазағына мейлінше жеңілдіктер жасау. Осы жауапты істе бюрократиялық кедергілерді жою;

Қазақстаннан Ресейге ұлттық дәстүр мен өнерді насихаттайтын мәдениет, өнер қайраткерлерін, кино жұлдыздарын жиі шақырып, жергілікті қазақтардың ұлттық рухын көтеру. Қалада Қазақстанның белгілі театрларының фестивалін өткізіп отыру;

Ресей қазақтарының әдеби, мәдени, тілдік мұрасын, өнер туындыларын, жалпы тарихын Қазақстан тарапынан кешенді зерттеу. Мысалы, «Омбы қазақтары: библиографиялық анықтамалық», «Омбы өңірі қазақ ақындарының антологиясы» сынды басылымдарды жарыққа шығарамын деген ғалымдар, ізденушілер бар. Соларға жәрдем жасау;

Омбыдағы қазақ ауылдарының орындарына белгі тас қою, атаулы мерейтойларды өткізу, көрнекті тұлғаларға ас беру, танымал қазақ мектептерінің тойын өткізу шараларына Қазақ елі мүмкіндігінше жәрдем көрсету. Ол өтетін шаралардың бір жыл бұрын тізімін белгілеп, соған сай нендей қолдау, көмек көрсету керектігін білдіру;

Омбыда оқыған, қызмет істеген қазақ халқының көрнекті тұлғалары, соның ішінде алаш қайраткерлеріне байланысты Омбы жерінде ескерткіш тақталар орнату, олардың мерейтойларына арналған ғылыми конференцияларды ұйымдастыру, есімдерін ұлықтауға бағытталған шаралардың өтуіне себеп болу;

Омбыда жұмыс істейтін қазақ тілін оқыту, қазақ мәдениетін насихаттау орталықтарына оқулықтарды, оқу-әдістемелік құралдарды тегін беру;

Омбы қаласында және ауылдарында қазақ мәдениетін, салт-дәстүрін, ұлттық өнерін насихаттап, дамытып жүрген жергілікті өнерпаздарға, қайраткерлерге Дүниежүзі қазақтар қауымдастығы тарапынан марапат жасау. Оларды Қазақстанда өтетін мәдени және өзге де шараларға шақырып отыру.

Жалпы, Омбы қазақтары бұл күнде ана тілін түгел ұмытып, ұлттық салт-дәстүрінен, құндылықтарынан мүлде ажырап қалды дей алмаймыз. Әлі күнге дейін ол жақтағы қандастарымыз үлкенді сыйлау, ата-ананы құрметтеу, кішіге ізет көрсету, ағайыншылықты жоғалтпау, кішіпейіл болу сынды ұлтымызға тән асыл қасиеттерді сақтап отыр. Қазақтың ұлттық ойындарын, Наурыз мейрамын, құрбан шалуды, Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) бес парызын өтейтін қандастарымызды Омбыда кездестіре аламыз. Әсіресе, ауылдағы ағайын отбасында балаларымен қазақ тілінде сөйлесіп, ұлтымызға тән салт-дәстүрлерді мүмкіндігінше сақтап отырғанын айтуға тиіспіз. Қазақтар мекен ететін үлкен ауылдардың көбінде мешіттер жұмыс істеп, шариғат жолымен неке қию, өлген адамды жерлеу рәсімдерін бұрынғыша жүргізуде. Қыс болса, соғым сойып, оның біраз бөлігін ағайын-туысқа, құда-жекжатқа таттыру, қонақ келіп жатса, қорадағы қойын сойып тастау – ол жақтағы қазақтардың баяғы қонақжайлылығын, көңілінің дархандығын байқатады. Басқа ұлт өкілдеріне үйлену немесе қыз алу жағдайы сирек кездеседі, ал жеті атаға дейін қыз алыспау салтына қандастарымыз мейлінше берік. Қазақтың домбырасы ұлттық мерекелерде, жиын-тойларда күмбірлеп, ұлттық әндеріміз шырқалып жатады.

Омбыны мекен ететін қалың қазақтың тағдыр-талайы Қазақстандағы ағайынды алаңдатады. Бір заманда Омбы қаласы дала қазағына білім беріп, Омбы жері Қазақстандағы ашаршылықтан босқан қандастарымызға пана болғанын тарихтан білеміз. Сегіз сері, Шоқан Уәлиханов, Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Айдархан Тұрлыбайұлы, Ережеп Итбайұлы, Жақып Ақпайұлы, Отыншы Әлжанұлы, Мұқан Айтпенұлы, Райымжан Марсекұлы, Мағжан Жұмабайұлы, Сәкен Сейфоллаұлы, Нығмет Нұрмақұлы, Бекмұхаммед Серкебайұлы, Асылбек Сейітұлы, Қошке Кемеңгерұлы, Шайбай Айманұлы, Дінше Әділұлы, Смағұл Садуақасұлы, Мұхтар Саматұлы, Бірмұхаммед Айбасұлы, Жұмабай Шаяхметов, Шапық Шокин, және өзге де көптеген қазақ халқының біртуар мемлекет және қоғам қайраткерлерінің, көрнекті ғалым азаматтарының есімі Омбымен тағдырлас. Олардың біразы Омбы жерінде туып-өссе, көбі сонда білім алып, қызмет істеді. Сондықтан Қазақ елі тәуелсіз мемлекет болып, дүниежүзіне танылып жатқан заманда ол жақта өмір сүріп жатқан қандастарымызды қазақ қатарынан жоғалтып алмаудың, олардың ұлттық бет-бейнесін сақтаудың кешенді бағдарламасын мемлекеттік деңгейде бекіткені орынды әрі әділетті болмақ деп есептейміз.

Қайырбек КЕМЕҢГЕР.

Abai.kz

СОҢЫ.

 

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1464
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3231
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5339