Сенбі, 23 Қараша 2024
Бетбұрыс 5629 1 пікір 18 Қыркүйек, 2015 сағат 11:17

ЕСКІ ТАРИХШЫЛАР ЖАҢА БУЫНҒА ОРЫН БЕРСІН!

 

Құрметті Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы!!!
 

Барша Ұлы дала мұрагерлері!!!

Сіздерді «Қазақ хандығының 550 жылдығына» арналған ұлағатты да, ұлан асыр жалпыхалықтық тоймен шын жүректен құттықтаймын! Еліміз егемендігінің асқары мен болашағына қарай қадам басып келе жатқан қазіргі кезеңде осындай елдің рухын көтеріп, әрбір азаматымыздың санасына жауапкершілік пен елдік міндет жүктейтін жиындар әрдайым қайырлы болмақ. Бұл тойдың ішкі және сыртқы саяси, аксиологиялық, психологиялық танымдық орны бар, мемлекеттілік тарихымыздың да кешегі «әділетсіздік қабаттардың» да, жоғын жоқтайтын, «келелі күлтөбе кеңесінің» орнын басты десем артық айтқандық емес. 

Бірақ ширек ғасырлық егемендік тарихымызда, тарихшыларымыздың «жаңа тарих, жаңа көзқарас, жаңа тарихи таным» бағдарын қалыптастыра алмағандығына бүгін тағы куә болдым. Кешегі кеңестік тарихшылық пен танымда сүрең салып, ғылым жасаған қазақ тарихының ақсақалдарына бұдан былай тағы ширек ғасыр тарих туралы сөйлетіп қойғанменен нәтиже өзгермесіне көз жетті. Бүгін «Назарбаев университетінде» «Мәңгілік ел» халықаралық ғылыми практикалық конференциясы болып өтті. Қазақ хандығының тарихы сол баяғы кеңестік маркстік диалектикалық историцизм салып берген «сара даңғылмен» тағы қайта түсіндіріліп жатты. Қазақ хандығының тарих сахнасына шығуындағы өркениеттік, мәдени тұғыр туралы сөз қозғау былай тұрсын, Керей мен Жәнібек құрған мемлекеттің тарихи мәні советтік шаблондармен қайта тұжырымдалды. Жалпы кез келген танымның бірінші әрі басты функциясы түсіндіру екені мәлім. Бүгінгі тарихи таным қазақ хандығының мәнін кешегі кеңестік шаблондармен түсіндіруді жалғастырып отырса, онда бүгінгі егемендік, елдік пен ұлттық құндылықтарды негіздеп, «Мәңгілік ел» мұратына бағдар болатын басты ғылыми танымдық қабат тарих ғылымы саласы сол қалпы сіресіп тұрса, посткеңестік идеологиялық бағдарлардан қалай айығамыз?
Құрметті Елбасы!!! Бұл - теориялық танымдық проблема, еліміздің Білім және ғылым министрлігі шеңберінде қазақ тарихына, мәдениетіне, өркениетіне деген құндылықтық бағдар әлі айқын емес деген сөз. Әлем өзгеріп жатыр, жахандық қысым еселеп артып келеді, елдің ертеңі мен баяндылығы оның құндылықтық негіздеріне байланысты. Ал біздегі тарихи таным сол констант күйінде, кешегі кеңестік сананың жәдігері (тірі экспонаты) іспетті әлі дәріптеліп келеді. Бұл ең алдымен мына мемлекеттілігіміздің құрушысы қазақ ұлтына деген жауапсыздық, бүгінгі еліміздің ертеңіне деген немқұрайлылық. Олай болса, бүгінгі қазақ тарихшыларының ұстанымы кешегі кеңестік орыс тарихшылдығына деген адалдығын көрсетеді деген сөз.

Құрметті Елбасы!!!

Елдіктің құндылықтық қабаттарына қатысты салалардағы, соның ішінде тарих бағдарына қатысты кешегі кеңестік жүйеден бері келе жатқан ескі тарихшыларымызға алғыс айта отырып, жетекшілік орындарын қазақтың жас тарихшы мамандарына босатып беруіне ықпал етуіңізді сұраймын. Себебі жоғарыда айтқанымдай, ескі тарихшыларымыз, бұдан былай да тағы ширек ғасыр отырса да, тарихи таным мен сананы өзгертуге дәрменсіз. Жаңа тарих түсіндірушілері қазақта бар, өсіп келеді, соларға жол берілсін! Ал ескі тарихшыларымыз, ақсақалдық «бата беру» орындарына жайғассын!
Бізде тарих бар, тарихи сана бар, тарихи тәжірибе бар!! Өзіңіз айтпақшы, «қазақ тарихында қазақ ұялатын ештеңе жоқ». Тек қана тарихи таным жағы қозғалар емес. Бұл ұсынысты айтуға құқым бар, себебі тарих философиясымен, салыстырмалы тарих методологиясымен айналысамын. 

Құрметпен,

Халықаралық «Рухани мұра» қоғамдық қорының төрағасы, 

философия және теология ғылымдарының докторы, профессор - 
Кенжетай Досай Тұрсынбайұлы.

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1475
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3249
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5454