СІЗ КІМСІЗ, АРМАН МЫРЗА?
Cуретте: Арман Әлен
«Көшпенділер тарихы ол - менің тарихым»
Өнерде шекара болмайды. Өнер кімнің бойына дарыса, сонымен бірге көшіп жүреді. Сол адамның кеудесінде бүрлейді. Бүрлейді де айналасына, өзі өмір сүрген ортасына, қоғамына өнердің ізгілігін шашады. Ал, егер ол өнер иесі көшпенді болса, өзін тамырында көшпендінің қаны ойнаған ұрпағы санаса, онда ол қазіргі заман өнеріне, оны жаратушылар тарапынан әркез үлкен қызығушылық тудырып, әр өнер иесі ат шалдырмақ болып армандайтын құпиясы мен сыры мол көшпенділер әлемінің жаңа есігін ашатын өнерпаз.
Көшпенділер әлеміндей үлкен тарихи кеңістікті өнер тұрығысынан игеруге бел буған адамның жасаған ісі, жинаған тәжірбиесі, бойындағы қарым-қабілеті де көшпенделірдердің күрделі де қызықты тарихи кеңістігіне толық ене алатындай әрі ел күткен өнерді тудыра алатындай болуы шарт қой. Ал, біздің кейіпкеріміз «Көшпенділер тарихы - ол менің тарихым, Сіз, көшпенділер тарихын білесіз бе, деп сұраса, ол мені мазақтағаны. Ол менің ата тарихым, менің туа біткен қаным» деп кесіп айтқан режиссер Арман Ален жоғарыда айтылған көшпенділер кеңістігіне енуге, оның тарихын киноленталарда таспалауға бек сенімді екенін толық аңғартады. Ендеше, Арман Ален кім?
«Ана көңілінен» басталған жол
Арман Моңғолия астанасы – Улаанбатаарды мекендеген қазақ отбасында дүниеге келген. Қазір де өзі сол қалада еңбек етіп, өмір кешеді. Моңғол ортасында тарихи танымы терең, жаңашылдығы зор, қоғамдық бастамалардың басында жүретін, кино, әдебиет саласында өзіндік қолтаңбасын салып, халықаралық дәрежедегі таңдаулы маманға айналған тұлға.
Арман бала кезінен тарихты қызықтап, қалың тарихтың қойнауына қарымы жеткенше қанып өскен. Мектеп қабырғасында, 5 сыныпта оқып жүрген кезінде барлық сыныптар оқушылары арасында тарихтан білгірлік таныту жарысы өтеді. Міне, осы жарыста қарашадай қазақ баласы суырылып алға шығады. Арман өзінің саясаттанушы мамандығымен қоса, тарих факультетінде бітіріп шыққаны, кино өнерінде соның ішінде көшпенділер әлемін әсерлі таспалауға үлкен әсер еткенін жасырмайды. Осылайша, бала кезінен тарих пен өнерге ынтыққан Арман әдебиетте де бағын сынап көреді. Сөйтіп, 1991 жылы Ресейде өткен "Green Peace-2" байқауында «Ана көңілі», «Маймылдар» атты әңгімелері жеңіс туын желбіретіп еліне оралады. Осы байқау Арманның өнердегі жолын ашқандай. Бұдан кейінгі жерде ол өзі ынтық болған өнер түрлерімен бел шешіп араласады. Мұнымен қоса, қоғам өміріне де белсене атсалысады. Моңғолияның мерзімді баспасөзінде дүмпу жасаған жұмыссыздарды қолдау мақсатында шығарылған «Жұмысқа қабылдаймын!» газеті, аталған елдің ең ірі радиоарналарында жүрген «Келешектен келген малшы» көп бөлімді қойылымы, телевизия саласына жаңа бетбұрыс жасаған «Сіз кімсіз?», «Ашық есік» ток-шоулары айта берсек, атан түйеге ауыр жүк болатын еңбектері оны ел алдындағы абырой бөлеп, өзінің ең үлкен арманы кино әлеміне алып келді.
«Кіші хандар дәуірі» және Арман
Арман ең әуелі телепьесалар жазып, оны Моңғолиядағы телеарналар арқылы халыққа ұсынып, көрермен ықылысына бөленген соң барып, киноға қадам басты. Оның 2005-2006 жылдары түсіріп, эфирге шығарған «Шетсіз, шексіз шырмауық» атты 26 сериялы киносы халықаралық «Mercy Cor» ұйымы жүргізген зерттеу бойынша 400 мың адам көрген. Бұл қазақ киносы үшін әзірге арман ғана. Бұдан соң, режиссер әрі продюсер Арман Аленнің «Махаббат салоны» комедиялық /12 сериялы/ және «Жеңімпаз» /22 сериялы/ фильмдерін жарыққа шығарды. Бәрі де табысты болды. Табысты болғанының бір дәлелі, Қытай мен Жапониядан ұсыныстар түсіп, Арманның қолынан шыққан тарихи фильмді көрсек депті. Кино десе, Ресейді ғана білетін, арасында Голливудтың актерлерын іс-шараға ғана шақыратын біздің елдің кино саласы үшін Қытай мен Жапониядан ұсыныс алу дегеніңіз, түске кірмеген дүние. Арманға құда түскен қытайдың «Шыңғыс хан» көп сериялы фильмін барша қазақ бас алмай көргені кеше ғана. Сондай ел қызығушылығын оятқан фильмді шығарған Қытай киноиндустриясының мамандары Арманды айналдырып жатса, демек, көшпенділер кеңістігін көре білетін режиссерді танып отырғаны сөзсіз. Ал, Арман бұл ұсыныстар туралы былай дейді: «Әр жасалған ұсынысқа қуанып, әр жіптің басын ұстасаң, өнім шикі болып шығу мүмкін. Мен үшін әр фильмнің шикі әрі шала болып шығу кешірілмес дүние. Өзіме талабым сондай».
Режиссерлік һәм продесерлік бабына келген Арман 2013-2014 жылдары көшпенділер әлеміне алғашқы киноқадамын жасады. Фильм «Кіші хандар дәуірі» деп аталады. 20 сериядан тұрады. Аталған кино моңғол тарихына негізделген. Фильмі экранға жол тартқан бойда халық қызығушылық туғызып, үздік фильмдер қатарына қосылды. Бұл фильм жайлы Арманы бір сөзінде бүй дейді: «Көп сериялы фильмдерді халық көп қызықтайтын болған. Біз кино сериял арқылы халыққа тарихын, мәдениетін, өнерін, дәстүрін көрсетуіміз керек болды. 2006 жылы еліміз Ұлы Моңғол империясының орнағанына 800 жыл мерей тойын атап өткен кезде «Біз Шыңғыс ханның орнатқан Ұлы Моңғол елінің тойын атап өтудеміз, ендеше, неге әлемнің жартысын жаулаған Моңғол елі қазір осындай кішкентай, әлсіз күй кешуде?» деген сұрақ туындады. Міне, осы сұрақтың тарихи жауабын біз жастарға түсіндіруміз керек болды. Осылай ғана тарихтағы қателікті түсініп, алдағы уақытта ел дамуына үлесін қосар деген оймен жасадық. Сөйтіп, «Кіші хандар дәуірі» фильмі дүниеге келді. Өте үлкен шығын болған жоқ. Мәнді-мағыналы қарапайым фильм осындай бастамамен жарық көрді. Өз мүмкіндігімізбен ай мерзімде жасадық». Қараңыз, 20 сериялы фильмді екі ай мерзімде жасаған!!! Ал, біз қазақ хандығының 550 жылдығына арналған көп сериялы фильмді түсіреміз дегенімізге жылдан асты. Әлі езіп жүрміз. Тіпті түсіру жұмыстары күні кеше ғана басталады деп хабарлады. Ал, той болса, басталып кетті. Ал, Арман және оның ұжымы ешқандай мемлекеттік тапсырыс алмай, өз қаражаттарына 20 сериялы тарихи фильм түсіріп, елге тарту еткен. Әр жағын өзіңіз ойлай беріңіз! Мұны біреуді мұқату үшін емес, сөзі реті келген соң, айтып отырмыз. Ал, «Кіші хандар дәуірі» фильмінің тез уақытты түсірілуінің өзіндік себебі бар. Себеп – Моңғолия табиғаты және жергілікті халықтың тұрмыс-тіршілігінің көшпенді қалыпта сақталғандығы. Яғни, натура іздеп қиналмайсыз, тарихи фильмдерге қажетті бұйымдар, киіз үй, ат-тұрман, мыңғырған мал, ат құлағында ойнайтын каскадер, мың қол әскерді бейнелейтін топ-топ адам іздеп арамтер болмайсыз. Мал шаруашылығын кәсіп етіп, күні бүгінге дейін көшіп-қонып, көшпенді өмір салтын ұстанып, осы арқылы әлем туристерінің ағылып баратын жеріне айналған Моңғолия халқының дені тарихи кино түсіруге дайын тұрған алаң. Ең бастысы, мұнда фильмнің негізгі түсіріліміне қаржы бізбен салыстырғанда өте аз жұмсалады. Себебі, ешнәрсе құрастырып, жасатып, шақыртып, әкелтпейсіз. Оның үстіне мұндай тарихи фильмді 1000-ға жуық телеарна жарнамаларын, роликтер жасаған, 50-60 Моңғолиялық және шетелдік әншілердің концерттерін, 200-ден астам бейнеклиптер, деректі филмдер, бағдарламалар мен көркем филмдерді өз күшімен, өз техникамызбен түсірген әрі АҚШ пен Оңтүстік Корея елдерінің киноалпауыттарымен тығыз қарым-қатынастағы «Ес Ти» секілді киностудия түсірсе, тарихи фильмнің екі айда аяқталмасына амалы жоқтай.
Міне, осындай мүмкіндік, ораймен өмірге келген «Кіші хандар дәуірі» фильмінің өзі-ақ, режиссер Арман Әленнің халықаралық кинода өзінің көздеген биігіне жету жолында нық тұрғанын анық аңғартады.
Abai.kz