Сенбі, 23 Қараша 2024
Мәйекті 8799 5 пікір 19 Ақпан, 2016 сағат 11:40

ҚАЗАҚ ҰЛТЫ НҰҺ ПАЙҒАМБАРДЫҢ ЯФАС (Жаппас) АТТЫ ҰЛЫНАН ТАРАЙДЫ

немесе қазақ халқының жауынгерлік рухы һәм батырлар жыры 

Адамзат тарихының беталысы уақыт пен кеңістік аясында орын алған алуан түрлі үрдістерге орай сан құбылып отырады. Кейде өміршең бір идеяның төңірегінде алып империялар құрылса, кейде діни һәм әлеуметтік қажеттіліктен немесе жіктелістен мононормалар ортаға шығады. Тіпті, ұлттық құндылықтар ұлықталып, этатистік саяси құрылымдардың пайда болуын да уақыт талабының жемісі деп айта аламыз.  

Мысалы, кезінде жаһанның жартысын бағындырған Рим империясы, Түрік қағанаты, Алтын Орда және Осман патшалықтары ыдыраған соң ұлттық сипаттағы жоғары саяси ұйымдар тарих сахнасына шықты. Ұйысу үрдісінің бұлай жалпыдан жалқыға ойысуына, әлбетте, сол кезеңдегі тарихи қажеттіліктердің ықпал еткені анық. Тұма-бастауы ғұн мен түркіден тарайтын қазақ халқы да Алтын Орда империясының ыдырау кезеңінде, яғни ХV ғасырдың екінші жартысында ұлт болып ұйысқан саяси белсенділігінің арқасында Орталық Азия кеңістігінде Қазақ хандығы деген атпен тұңғыш ұлттық мемлекеттің қазығын қақты.

Әсілі, бір ұлтты басқа ұлттан ерекшелейтін өлшем ретінде оның тарихы, генеологиясы мен географиясы, мәдениеті мен дүниетанымы, тілі мен ділі, діні мен дәстүрі, тұрмыс-тіршілігі және т.б. құндылықтарын айтамыз. Қазақ этносын құраған түркі тайпаларының ұлт болып ұйысуына һәм жоғары саяси ұйым құрып, тұтастануына ортақ саяси ұстанымдар әсер етті. Яғни, ұлттың ерекшелігін танытатын құндылықтарды этносты ұйыстырушы фактор десек қателеспейміз. Сондай-ақ, әрбір ұлт өзіне тән ерекше қасиеттерімен өмір сүретіндіктен, этностық құндылықтарды сол ұлттың бүгіні мен ертеңгі тыныс-тіршілігін айқындап беретін парадигмасы деп бағалауға толық негіз бар.   

Қазақ халқының генеологиясы мен тарихы ондаған ғасырларды қамтитын бірнеше мыңжылдықтардан тұрады. Адамзат шежіресі бойынша қазақ халқы – Нұһ пайғамбардың Яфас (Жаппас) атты ұлынан тарайды. Арғы тегі – Ішпақай, Мәди, Анақарыс, Тоқсары, Ширақ, Томирис, Зарина және т.б. бекзадалар мен патшайымдар билік құрған сақтардан, Тұман, Ұлы Мөде, Лаушаң Қызай, Елжау би, Баужиаң, Шөже т.б. тәңірқұтылар билік құрған ғұндардан, сондай-ақ, Бумын, Мұқан, Естеми, Елтеріс, Қапаған, Білге, Күлтегін, Мойыншор қағандар салтанат құрған Ер-Түріктен бастау алады. Ұлтымыздың одан бергі тарихын қарлұқ, қарақан, оғыз, қимақ, қыпшақ, Алтын Орда және Ақ Орда хандықтары жалғастырады. ХV ғасырдың орта шенінде Керей мен Жәнібек хандар негізін қалаған қазақ хандығы Еуразия кеңістігінде төрт ғасырға жуық өмір сүрді. Керей мен Жәнібек хандардан кейін Қазақ хандығының шежіресі Бұрындық, Қасым, Мамаш, Тоғым, Таһир, Хақназар, Шығай, Тәуекел, Шахмұхаммед, Тұрсын, Есім, Салқам Жәңгір, Әз-Тәуке, Қайып, Болат, Әбілқайыр, Абылай, Кенесары және т.б. хандар мен сұлтандар билік жүргізді. ХІХ ғасырдың басында ішкі алауыздықтың ушығу салдарынан шашыраған көшпенділер әуелі Ресей патшалығына, кейін Кеңес Одағына бодан болды. Әйткенмен, ХХ ғасырдың аяғында дербес мемлекет болып өмір сүруге әлеуеті жеткілікті қазақ елі тәуелсіз субекті ретінде әлем картасында қайтадан бой көрсетті.

Қайсібір ұлт болмасын оның төл тарихы басты құндылықтарының бірі саналады. Ұлтымыздың басынан өткерген талайлы тағдырында біздің күллі бітім-болмысымыз бейнеленген. Мысалы, қазақтың ат құлағында ойнаған һәм толғамалы төрт қару асынған батыр халық екендігі тарихымызда айқын көрініс тапқан. Сонау б.з.д өмір сүрген сақ бабаларымыз Кир мен Дарий бастаған парсы сарбаздарын және Ескендір Зұлқарнайынның жеңіліс көрмеген әскерін тас-талқан етіп жеңді. Б.з.д Сарыжазық пен Ордосты жайлаған жауынгер халық ғұн әскерінен қытайлардың қорыққаны соншалықты әлемнің жеті кереметінің бірі – Ұлы Қытай қорғанын тұрғызуға мәжбүр болды. Мөде тәңірқұтының жауынгер әскері ғұн қағанатына көршілес алыс-жақын 36 мемлекетті жаулап алды. Ал, IV ғасырда Батыс ғұндардың билеушісі Атилла патша Римді талқандап, әлемдегі құл иеленуші соңғы империяның жаназасын шығарды. Сөйтіп, Еуропадағы ұлттық мемлекеттердің бас көтеруіне мүмкіндік тудырды.

VI ғасырдың орта шенінде тарих сахнасына шыққан Түрік қағанаты да Қиыр Шығыстан Еділ өзеніне дейінгі ұлан-ғайыр аймақты бауырына басып, сол дәуірдің басты сауда транзиті «Жібек жолына» иелік етті. 751 жылы түркештерден соң Орталық Азияда ықпалды күшке айналған қарлұқтардың Омаядтармен біріккен әскері Атлах шайқасында Таң әскерін тас-талқан етіп жеңіп, Қытай экспанциясының біржолата жолын кесті.

Х ғасырдан бастап қыпшақ бірлестігін құраған көшпелілер Еуразия төсінде ат ойнатып, Шығыс Еуропадағы Русь князьдықтары, Византия империясы, Грузия патшалығы, Хорезм шаһ, Мысыр мемлекеттеріне өз әскери ықпалын жүргізді. Ал, ХІІІ ғасырда ғаламға ұлы өзгеріс әкелген Шыңғысхан құрған ұлы державадан енші алып шыққан Жошы ұлысының әскери құрамы қазақ тайпаларынан құралды. Шыңғыс ұрпақтары Шығыс Еуропаны жаулап алғаннан кейін Жошы ұлысы Алтын Орда империясы болып құрылды. Бату (1242-1256), Берке (1259-1266), Тоқтай (1293-1312), Өзбек (1312-1341), Жәнібек (1341-1357) хандар билік жүргізген дәуірлерде Алтын Орда мемлекеті әлемдегі саяси-экономикалық һәм әскери тұрғыдан ең қуатты империяға айналды. 

Осы тұрғыдан ел қорғаған айбынды батырлардың қазақ елінің жүздері мен руларына ұран болуының астарында жауынгерлік рухты қадір тұтушылық жатыр. Тумысынан жауынгер қазақ халқы хандық дәуірдегі қан-майданда да ешкімге дес берген емес. Басқасын айтпағанда, 1643 жылғы «Орбұлақ» соғысында Салқам Жәңгір хан бастаған қазақтың 600 жауынгері жоңғардың 50 000 шерігін соғыс майданында кері шегіндіруі бұрын-соңды тарихта орын алмаған оқиға болатын. Одан өзге «Аягөз», «Бұланты», «Аңырақай», «Қалмақ-Толағай», «Шаңды жорық», «Жайыл қырғыны» соғыстарында қазақ жауынгерлері өзінен әлдеқайда саны басым дұшпан әскерінің ту-талақайын шығарып, жеңіске жетті. Әсіресе, жоңғар шапқыншылығына қарсы Абылай хан бастаған қазақ батырлары ерліктің қас үлгісіне айналды. Бұл туралы Ш.Уәлиханов: «Абылай дәуірі қазақтардың ерлігі мен серілігінің ғасыры», – деп, баға берген болатын. Абылай ханнан кейінгі кезеңде Ресей патшалығы қазақ даласына отаршылдық саясатын жүргізген тұста да Кенесары хан, Жоламан, Исатай мен Махамбет, Есет, Жанқожа, Досан батырлар халық үшін қан төкті. Тіпті, кешегі Кеңес үкіметіне бодан болған кездегі Екінші дүниежүзілік соғыста да Бауыржан Момышұлы, Қасым Қайсенов, Рақымжан Қошқарбаев, Нүркен Әбдіров сынды батыр бабаларымыз қазақ халқының жауынгер халық екенін әлемге әйгіледі. Яғни, қазақ халқының мұқалмайтын жауынгерлік рухы – сөзбен айтып жеткізе алмайтын ұлтымыздың рухани құндылығы десек асыра айтқандық емес.

Халқымыздың жауынгерлік рухта тәрбиеленіп өсуіне қазақтың қаһармандық эпостары ерекше ықпал еткені белгілі. «Батырлар жырында» кейіпкер таңғажайып кейіпте туылып, бала күнінен ерлік жасауға, елі үшін етінен ет кесіп беруге құмбыл тұлға ретінде суреттеледі. Ол жастайынан жауынгерлік өнерді жан-жақты игеріп, алпыс айла меңгерген алып-ерен тұлға болып ер жетеді. Өсе келе кейіпкер қара басынан қалың бұқараның қамын жоғары қоятын қаһарманға айналады, алмағайып заман туғанда халқына қорған болып, елі үшін басын бәйгеге тігеді. Халық батырдың маңайына топтасып, дұшпанын тас-талқан етіп жеңіп шығады. Қазақтың «Батырлар жырындағы» осы тақылетті оқиғалар желісін «Қарымның қырық батыры», «Қобыланды», «Алпамыс», «Қамбар батыр», «Қарабек», «Ер Тарғын», «Едіге», «Батыр Бекет», «Ер Сайын», «Қабанбай», «Батыр Баян», «Өтеген», «Арқалық батыр», «Кенесары-Наурызбай», «Еспенбет», «Нарқыз» және т.б. жырлардан көре аламыз. Яғни, бала күнінен «Батырлар жырымен» сусындап өскен жас өскін есейгенде қиялындағы сол қаһарман кейіпкер болуға талпынып, ерліктің қас үлгісін көрсетеді. Демек, қазақ халқының жауынгерлік рухының мәйегі – «Батырлар жыры» деген сөз.

 Түйін: Ұлттың ұлылығын паш ететін құндылықтар төл тарихпен яки болмаса халық қаһармандарының тұлғасымен шектелмейтіні белгілі.  Мәдениет, генеология, тіл, дін, діл және т.б. ұлттық ерекшеліктер аксиологияны құрайды. Яғни, ұлттың әрбір құндылығы хақында таңды-таңға ұрып айтуымызға болады. Десек те, ел тағдыры таразыға түскен тарихтың қиын-қыстау сәттерінде ұлтымыздың жауынгерлік өр рухы жауының мысын басып, жерімізді таптатпағанын мойындаған жөн. Қазақ халқы өзінің туа бітті осы қасиетін жоғалтпаса, қазіргі жаһандануға жұтылып кетпей, ел тәуелсіздігін баянды ете алмақ. Оған сеніміміз кәміл!

Мұхан Исахан, ҚР МСМ ДІК Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығы, Исламды зерттеу бөлімінің басшысы

Abai.kz

5 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1470
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3246
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5415