Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Билік 6489 1 пікір 19 Ақпан, 2016 сағат 10:21

CАРЫШАҒАН. РЕСЕЙ ҚАШАНҒЫ БІЛГЕНІН ІСТЕЙДІ?

Кеше сенаттағы халық қалаулылары әйгілі сынақ алаңы  Сарышаған үшін Мәскеудің тиын-тебен төлеп отырғанына тағы да күйініп, мәселе көтерді. Жоғарғы палатадағы текетірес мұнымен тоқтаған жоқ. Өйткені, Қорғаныс министрлігінің Қырғызстанға миллиондаған оқ пен гранатаны тегін беруі депутаттардың кәдімгідей түсінбестігін туғызды. Бұл жайында КТК арнасы хабарлады.


Қош! Сарышаған – шағын екі Еуропа мемлекеті сыйып кететіндей үлкен аумақты алып жатқан полигон. Ресейге жалға берілген еліміздегі ең үлкен полигондардың бірі. 4 облыстың аумағын, яғни 8 миллион гектар жерді алып жатқан жабық сынақ алаңы үшін Мәскеу гектарына 400 теңге төлеп келеді. Және бұл сомаға Приозерск қаласының  шығынын  да кіргізіп қойған. Мұны тиын-тебенге теңеп ашуға мінген депутаттар араға апта салып Сенатқа қайта келген Қорғаныс министрінің орынбасары Оқас Сапаровқа шүйлікті. 

Жаңа зымырандарын сынап, қалдықтары тасталатын Сарышаған үшін төленетін өтемақыны Ресей азайтпақ ниетте. Себебі олар полигонның 1 миллион гектарын Қазақстанның меншігіне қайтарып беретін болды. Мәскеу енді қалған 7 миллион гектар үшін жылына 5 жарым миллиард теңге төлеуі тиіс. Бүгін Қорғаныс вице-министріне шүйліккен Қуаныш Айтахановтың арынын тек Нұртай Әбіқаев басты. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы, генерал әріптесін жақтай сөйлеп, Мәскеуді бекер кінәлай бермеу керек деп кеңес берді.  

Әбіқаев араласқан соң Сарышағанға қатысты дау сап тыйылды. Бірақ, генерал Сапаровтың, Қырғызстанға 5 миллион патрон, көзден жас шығаратын 4 мың граната, зенит-зымыран кешеніне қажетті құралдың тегін берілетінін айтқан сол еді, сенаторлар қайта күшейіп кетті.

Бұл жолы әбден сасқалақтаған Оқас Сапаровқа, бұрынғы Қорғаныс министрі Мұхтар Алтынбаев араша түсіп, туысқан қырғыз ағайынға жүк көліктерімен тегін тонна-тонна қару-жарақ жеткізу – стратегиялық тұрғыдан маңызды деді. Оның үстіне, сыйға тартылатын оқтың жыл соңында жарамдылық мерзімі бітеді, оны утилизациялауға ақша жұмсағаннан Бішкекке жөнелткен пайдалы екен.

Ал Қорғаныс министрлігі өзіміздің сарбаздар  оқтан тарықпайды деп отыр. Себебі биыл Қарағанды облысынан жылына 30 миллион оқ шығаратын зауыттың құрылысы басталмақ көрінеді. Осылайша, іргедегі көршісінің қамын ойлаған Қазақстан Орта Азияға, оның ішінде Қырғызстанға лаңкестерден төнген қауіпті сейілтпек.

Иә, сенаторлар бір Сарышағанның мәселесін ғана айтып отыр. Ал, Қазақстан аумағындағы өзге де полигондар жайлы неге жақ ашпайды? Түсініксіз. Қазақстанға сол полигондар үшін көршіміз қанша өтемақы төлеп жатыр. Ол арасы да белгісіз. Біз осы орайды пайдаланып, тәуелсіз Қазақстан аумағындағы Ресейдің әскери нысандарын санамалап шығуды жөн санадық.

Олардың біріншісі Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігінің №5-ші мемлекеттік сынақ полигоны. Яғни, Қызылорда облысы аумағында орналасқан, ұшу трассасы Арал теңізінен Камчатка түбегіне дейін созылып жатқан Байқоңыр ғарыш айлағы. Байқоңыр ғарыш алаңы 1991 жылы Қазақстан иелігіне өтіп, 1994 жылы Ресей Федерациясына 20 жылға берілді. Мамандар Байқоңыр кешенінен ел аумағына жылына 30-35 мың тонна улы заттар тарайтынын, ракеталардан түскен қалдықтар Қарағанды, Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстарына зиян келтіретінін айтады. Қазір бұл айлақтан «Союз», «Протон» секілді ракеталар ғарышқа ұшырылып келеді. 2004 жылы жалға беру мерзімі 2050 жылға дейін ұзартылды. 

Екінші нысан РФ Қорғаныс министрлігінің В.Чкалов атындағы мемлекеттік №929-шы ұшу-сынақ орталығы. Бұл орталықтың штабы Астрахан облысының Ахтубинск қаласында орналасқан. Сол орталықтың 85-ші, 171-ші және 231-ші сынақ алаңдары Батыс Қазақстан және Атырау облысының территорияларында орын тепкен. Бұл нысанда Ресейдің жаңа қару жарақтары сыналып, ВВС пен ВМФ авиациясының ұшқыштары әскери дайындықтан өтеді.    

Үшінші, РФ Қорғаныс министрлігінің №4-ші мемлекеттік әртүрлі сынақ полигоны. 1949 жылы құрылған бұл полигон аумағы Атырау және Батыс Қазақстан  облыстарының батыс аймақтары (Нарын құмы) мен Ресей Федерациясының  Астрахан, Волгоград облысының шығыс бөліктерін қамтиды. Бұл айлақта ұшақтар мен ракеталар ядролық жарылыс заттарын тасымалдау әдістерін сынақтан өткізеді. Полигон аумағы 6,5 млн. гектар жерді алып жатыр. Оның 1,5 гектары Қазақстан территориясында орналасқан. Осыған дейін бұл аймақта жер бетінде және әуеде түрлі қару-жарақ сынақтан өткізілген. 24 мың ракета жарылып, 177 соғыс техникаларының түрлері сыналған, 619 СС-20 ракеталары жойылған. Сарапшылар осының салдарынан ауаға 30 мың тоннаға жуық аса зиянды улы заттар таралғанын айтады. 

Төртіншісі, РФ Қорғаныс министрлігінің №10-шы мемлекеттік әртүрлі сынақ полигоны. Яғни, біздің тілмен айтсақ, Сары-Шаған сынақ алаңы.  Алып полигон Қарағанды, Жамбыл, Ақтөбе және Қызылорда облыстарының жерлеріне шекаралас орналасқан. Сынақ алаңы оңтүстүктен солтүстікке қарай 250 шақырымға, батыстан шығысқа қарай 600 шақырымға созылып жатыр. Бұл сынақ алаңында негізінен әуе күштеріне қарсы сынақтар жүргізіледі. Бұл орайда Ресей аумағындағы «Капустин Яр» полигонынан жіберілген зымырандар 11 мың шақырым бойы бірнеше облысымыздың үстінен ұшып келіп, осы «Сарышағанға» келіп түсетінін айта кету керек. 

Бесіншісі, №5580-ші сынақ жұмыстарын қамтамассыз ету базасы. (РФ Қорғаныс министрлігінің бұрынғы №11 Ембі мемлекеттік сынақ полигоны). Бұл сынақ алаңы Ақтөбе облысы аумағында орналасқан. 

Алтыншысы, Ресейдің Әуе күштерінің Ғарыш әскеріне қарасты №3-ші зымыран-ғарыш қорғанысы армиясының радиотехникалық желісі. Бұл нысан Балқаш көлінің бойындағы Приозерск қаласында орын тепкен. 

Жетіншісі, Қостанай қаласындағы Ресей Әуе қорғаныс күштері транспорттық авиациясының жеке полкі. 

Осыдан-ақ, байқап отырсыздар, Ресейдің әскери нысандары Қызылорда, Батыс Қазақстан, Атырау, Орталық Қазақстан, Жамбыл, Ақтөбе, Қостанай секілді еліміздің ірі 8 облысы аумағында бар деген сөз. Бұл біз білетіндер ғана.

Қош! Сонымен Сарышағанға қайта оралайық. Сенаторлар бұл мәселені неге жиі көтергіш болып кетті? Кейбір ғалымдар Сарышаған полигонының зияны Семей қасіретімен пара-пар болуы мүмкін екенін айтады. Мұндай сынақ алаңы жүздеген жылдар бойы қалпына келмейтін көрінеді. Демек, Сарышағанның да күні батып келеді деген сөз. Ресей 400 теңге төлеп пайдасын көреді. 4 ғасырлық азабын қазақ тартады. Өкінішті.

Шәріпхан Қайсар

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2053