АЩЫ ДӘРІ
«Ақша су сияқты, аз болса – шөл, көп болса – сел. Тек жеткілікті болса ғана тіршілікке нәр береді». Түріктің бір басылымы әлемнің түрлі елдерінен сыртқа қашып жатқан ақша туралы мақаласын осындай қанатты сөзбен түйіндепті.
Ақша мен мұнай жұрттың күн сайын қаужайтын тақырыбына айналды. Бітпейтін болжам, сан түрлі сәуегей.
Кеше бас банкир Данияр Ақышев теңгенің долларға шаққандағы бағамы пәлендей өзгермейтінін мәлімдеді. Бірақ сол бағам тағы да секіріп, 390-ға жетті...
Айта кеткен жөн, Ұлттық Банктің жаңа төрағасының басты міндеті теңгеге деген сенімді күшейту еді.
Төрағаның пікірінше, теңгенің бағамы Ресей рублінің ахуалына қарай құбылып отырады. Бір анығы, былтыр девальвацияны ауыздықтау мақсатымен 17,7 млрд доллар жұмсалыпты. Бұл аз ақша емес, әрине. Д.Ақышев «Елдің валюта қорындағы 91,6 млрд доллар тұрақсыздыққа жол бермейді» деп жұртты сендіруге тырысты.
Бұл жетіде шетелдік бір сарапшы тосын пікірін жария етті. Blouinnews.com интернет басылымының сарапшысы Майкл Лернерге жүгінсек, қуат көзін экспорттайтын өзге елдерге қарағанда Қазақстан мұнайға тым тәуелді емес. Өйткені, еліміздегі уран қоры 80-90 жылға жетеді. Ал «Қазатомөнеркәсібі» компаниясы 2014 жылы 24 мың тонна өнім өндіріп, әлемдегі көш бастаушылардың қатарында. Рас, уранның қазіргі бағасы бұрынғыдай қымбат емес. 1 фунт уранның құны (0,4 келі) 35-40 доллар арасында. Ғаламдық дағдарысқа дейін 65 доллардан төмен түспеуші еді. Майкл Лернер өз пікіріне дәйек ретінде дүниежүзінде уранды пайдаланатын атом электр стансасы беретін қуат көзінің үлесі 11 пайызға жеткенін әрі бұл көрсеткіш өсе түседі деп есептейді.
«Қара алтын» бағасы құлдырай түскен бұл аптада тығырықтан шығаратын жол бар екенін нұсқаған тағы бір маман деп Вагит Алекперовты айтуға болады. Ресейдегі жекеменшік «Лукойл» компаниясының президенті мұнай өнімдерінің жағдайы жаман емес екенін, өңдеу зауыттарының пайдаға кенеліп жатқанын айтты. Жөні бар сөз. Дағдарыс күшейгенімен бензин «жейтін» көшедегі көліктің нөпірі сейілген жоқ. Қырғыз көршілеріміз осы үрдісті ескерсе керек. Шу облысындағы Тоқмақ қаласында қытай инвесторларының көмегімен мұнай өңдеу кәсіпорны іске қосылды. Ал біздің Маңғыстау өңірінде осындай зауыт ашуды көздейтін ниетіміз әлі жүзеге аспай тұр. Мұндай кәсіпорын жергілікті сұранысты қамтамасыз етіп қана қоймай, Иранның терістік өңірлеріне мұнай өнімдерін сатуға, қазынаға дәл қазір аса қажет қаржыны құюға мүмкіндік берер еді.
Мұнай бағасының арзандауы тағы бір мәтелді дүниеге әкелді. «Арзан мұнай – ащы дәрі. Ащы болса да емдейді». Бұл жолғы дағдарыстан сабақ алып, шикізатқа телміртпейтін тиімді жолды тапсақ игі.
Срайыл СМАЙЫЛ
"Жас қазақ" газеті