Сенбі, 23 Қараша 2024
Алашорда 10457 0 пікір 9 Ақпан, 2016 сағат 11:07

ОРАЗБАЙДЫҢ АБАЙДЫ ЖОҚТАУЫ

«Абай жолы» романының өн бойында Абай әдiлеттiк етер жиын топ iшiнде, оның қарсысында жарып сөйлер сөзiмен, ықты-жарды тыңдамас кесек iсiмен «жалғыз көздi, ұзын селдiр қара сақалды, жал тұмсық, жар қабақ, ер жүздi Оразбай» отырады. Оразбай «Абай жолы» эпопеясының 2-кiтабының үшiншi тарауы «Еңiстеден» төртiншi кiтаптың соңғы тарауына дейiн Абайға қарсы күресер пәлелi топтың басында жүреді. Сол Оразбайды Мұқаң тiрiсiнде көрген. Тұрағұл қызы Ақыш естелiгiнде Мұқаң Оразбай немересi Медеуұлы Санияз үйiнде 1918 жылы айлап жатып, Оразбай әулетiмен араласта болғанын айтады.

Оразбай Аққұлыұлы (1837-1921) – Тобықты елiндегi Бұғылы болысының байы, қажы. Руы – Есболат. Шежiреде Мұсабайдан Толымқожа, Шегiр, Шегiрден – Бораншы, одан – Есболат. Кайыпбердi –  Есболаттың асырап алған баласы. Қайыпбердiден Қошқар, одан Аққұлы туады.

Оразбай «ел көзi» қыла ма, я шыны ма Абай дүние салған соң, ақын есiмiн аузынан тастамай өл-өлгенiнше ардақтап отырыпты. Абай дүниеден қайтқанын есту сәтiндегi Оразбай әрекетi елге кең жайылған.

Абайдың дүниеден өткенiң хабарламақшы жаназашы алдымен алыстағы елге аттандырылады ғой. Балашақпақтан Дегелеңдегi Қаракесектерге жiберiлген жаназашыдан хабар естiген ағайындарының бiрi кеп Абайдың өлгенiн Оразбайға жайдан-жай, тiптi қуанғандай боп хабарлай салыпты. Оразбай «Ой, бауырымдап» боздап жылап кетiп, әлгi пәруайсызды сабай жөнелiптi. Оразбай «Ойбай-ойбай, жетесiз ит! Абай өлгенше, Оразбай қоса өлдi, арысың құлады. Күнiң сөнiп, айың батты! демейсiң бе, ойбай! Ендi не болдым! Ойбай, Абай, Абай! Мен неге артыңда қалдым!» – деп аңырапты. Бай сабасына түскен соң, жиналған ағайындар iшiнен бiрi:

– Оразеке, мынауыңыз не? Тiрiсiнде Абаймен сыйластығың жайы алты алашқа мәлiм болды. Ал, ол жарықтық дүниеден көшкесiн мына жоқтауыңызды түсiндiрiңiзшi!– дептi.

Оразбай: «Менi аяғы аспаннан салбырап түстi деп пе едiңдер? Шыққан жерiм белгiлi. Шөкiмдей Есболаттан шықтым. Тiптi, шынға келсек, оның да бел баласы емес, асыранды Қайыпбердiден туамыз. Кең Алла алдыма мал бiтiрдi. Маңымда қара-құра болсын деп Семей уезiне шашырап кеткен Есболаттың «ойдағы отыз арба жыны мен қырдағы қырық арба құтырғанын» жинап, Шұнайдың қос биiгiндегi екi старшын Есболат елi еттiм. Менi «Абайдың кiм екендiгiн бiлмейдi», «онымен теңмiн деп алысты» деген кiсi қаталасады. Абай «ел бүлiгi Тобықты» деп тегiн айтқан жоқ. Мен «ел бүлiгi» деп жалпақ Тобықтыны атамай, «ел бүлiгi – Олжай» дер едiм. Қараңдаршы, Көшбикедегi бүлiктен соң, Абай үш Олжай — Айдос, Жандос, Қайдос басын қосып, бiрiктiрiп едi, бүлiнген Тобықты бар ма қазiр. Мiне, Абай дүниеден өткен тұста, шүкiр, Тобықты бiр кiсiнiң баласындай бүтiн ынтымақты ел. Бұл – Абай iсi. Абайдың өзi сабалғаннан кейiн кек кумағанын қалай түсiнесiңдер сендер?!. Абай өз қатесiн түсiндi. Құнанбай әулетiнiң «Құдайдан тудық» дейтiндей зорлық, зомбылығын тыймады. Өз басында да асқақтық болды. Соны ұқты да жарықтық «кек артынан кек туады» деп аймағына, ағайынына құшағын айқара ашып кеп жiбердi. Халық құшағына сыйды да кеттi. Одан соң, туыс жұртын Абайдан ажыратар күш жоқ едi. Бұл, менiңше, Абайдың өз жұртымен мәңгiлiк табысуы. Ал, сендер соның бәрiн бiле тұра, сен неге қарсы шықтың деп отырсыңдар ғой. Шынға келсек, Абаймен теңдескiсi келген мен емес, өз туыстары – Олжайлар. Жiгiтек жұрты – кешегi Кеңгiрбай жұрты, күллi тобықтыны «ел еттi» дейтiн ұлы би әулетi. Олар билiк басында болмаса да, бар Тобықтыдан үстем отыруы керек. Айдағысы келсе, малын, алғысы келсе, жанын алса да Жiгiтектерге ешкiм тоқтау салмауы керек. Оған кеше Құнекең, бүгiн Абай жiберген жоқ. Айдостың өзi iшiнен Көтiбақ көптiгiне сенiп, Қайдос пысықтығы мен «пыш-пыш» өсек, жұғымдылығын бұлдай иненiң жасуындай жерден өтiп отырды.

Мен ше?!. Мен Абайға қарсы партия – жiкке енiп, оның басында болумен атымды шығарғым келдi. Ойласам, ел арысы аталған тұстан, оған қарсының аты да ұмытылмай, қатар аталады екен. Абай атымен қатар аталған адамның арманы не?.. Мейлi, кейiнгiлер жамандап-ақ сөйлесiн менi. Абаймен бiрге атым аталып жүрудi кiм қанша мың жылқыға сатып ала алатынын айтсыншы маған!

Жә, шiрiктер шынды айтқыздыңдар-ау! Жаназашы да кеп қалар, қамға кiрiсiңдер!», – деп тоқтапты.

  «Ұлылар мекені» кітабы алынды

degdar.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5443