ҚАЗАҚ НЕГЕ ЫСЫРАПШЫЛ?
Жаһандық статистика бойынша, жер бетінде өндірілген тағам түрлерінің күн сайын миллиондаған тоннасы далаға тасталады. БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы жөніндегі Ұйымының баяндамасында АҚШ-та тағам өнімдерінің 40%-ға жуығы қоқысқа тасталатыны, Еуропада жыл сайын 100 млн тонна азық-түлік өнімдері лақтырылатыны келтірілген. Егер, бүкіл дүниежүзіндегі далаға тасталған тағамдардың көлемін есептесе, ол Мексиканың территориясына жете-қабыл екен. Бұған табиғатқа келетін зиянды қосыңыз.
Осыншама азық-түліктің ысырап болу себептері әр елде әртүрлі. Бұған егістік басындағы, тасымалдау кезіндегі шығындар, ауа райының қолайсыздықтары, тіпті, жемқорлық та кіреді. Айталық, британдық зерттеушілердің мәліметі бойынша, бір ғана картоптың 46%-ы нарыққа жетпей жолда ысырап болады, оның ішінде 6%-ы егістікте, 12%-ы сұрыптау кезінде, 5%-ы дүкенде, 1%-ы сақтау кезінде, ал 22%-ы жуылғаннан кейін. Сонда, әрбір өндірілген өнімнің жартысына жуығы ысырап. Бұл шығынның бәрі дайын өнімнің өзіндік құнын одан әрі көтере түседі, яғни, тұтынушылардың қалтасына түсетін салмақ көбейеді.
Азық-түлік ысырабына тиісті сақтау орындарының, арнайы қоймалардың, тоңазытқыштардың болмауы, яғни, маркетингтік тәжірибенің төмендігі, егіс даласы мен нарық арасындағы тепе-теңдікті ескермеу, адамдардың немқұрайдылығы едәуір әсер етеді. Тағы бір үрдіс, қазір бүкіл әлем елдерінде ірі дүкендер желісі кең таралған (мысалы, еліміздегі «Магнум», «Метро», «Рамстор» және т.с.с.). Мұндай дүкендер көкөніс, жеміс-жидек өнімдерін өткізушілерден өнім қабылдаған кезде олардың белгілі бір көлемде, әдемі әрі біркелкі болғанын талап етеді. Бұл көкөністердің, жеміс-жидектердің «косметикалық идеалды» стандарттарын талап етуден шықты: мұндай әдеміліктен ада немесе стандартқа сай еместері қабылданбайды, тіпті аздаған дефектілері болса да қоқысқа кетеді. Дегенмен, соңғы кезде батыс елдеріндегі супермаркеттер қалыпқа (стандартқа) сай емес өнімдерді тастамаудың жолын іздей бастапты. Көптеген дүкендерде «тасталған тауарлар» деген арнайы көрсеткішті төмендету үшін оларды арзандатып сату, арнайы биозауыттарға өткізу, қайырымдылыққа беру іспетті үрдістер байқалады, АҚШ-тың Нью-Йорк штатында тағам қалдықтарын қоқысқа тастауға тыйым салатын заң да шықты. Және де мұндай көріністер көбейіп келеді. Батыс елдері кекірігі азған қоғамның алысқа бара алмасын дер кезінде аңдаған тәрізді.
Қазіргі кезде өмірімізде кездесетін ысыраптың түрлері:
– заттай ысырап: суды, электр энергиясын шектен тыс пайдалану;
– тыйым салынған нәрселерге шашылу, оның ішінде ішімдік, құмар
ойындары және т.с.с.
– киімге, мүлікке қалай болса солай қарау, тез тоздыру;
– қонақ шақырғанда тым артық тағам дайындау, ол астың рәсуа болуы;
– бір тауарды, затты сатып алғанда артық, өз бағасынан асыра ақша төлеу;
– рухани ысырап немесе жан ысырабы.
Соңғы бірнеше онжылдықта халқымыздың тұрмыс-тіршілігі едәуір өзгерістерді бастан кешті. Атап айтсақ, материалдық өркениет, экономикалық құрылымдар адамдардан белгілі бір мінез-құлықты, ғұрыптарды қабылдауын, айнала қоршаған ортаға бейімделуін талап етеді, бұл біртіндеп әдетке айналады. Еліміз бойынша 2000-жылдардан бастап әлеуметтік-экономикалық ахуал жақсара бастады, елдің тұрмысы да көтерілді. Нарықтық қатынастар өмірімізге еркін еніп, сауда-саттық ұлғайды, азық-түлік түрлері көбейді, дастархан молайды. Сонымен бірге, барды бағаламау, обал-сауапты ұмыту іспетті теріс құбылыстардың пайда болғаны да осы кез. Өйткені, кейбір кезде молшылық, қонақжайлылық пен ысыраптың қай жерден басталатынын білмей, олардың шекарасын аңғара алмай қалатынымыз бар. Барды бар деу, әрине, керек. Бірақ, сараң екен деп айтпасын деп қана шектен тыс қонақжайлылық таныту мақтанудың бір түрі әрі бұл ысырапқа жол беру екені рас. Ас та төк дастарханнан артылып, қоқысқа тасталған астың обалы кімге?!?
Қазақстанның бір байлығы – астығы. Бірақ, диқанның маңдай терімен, Жер-ананың мейірімен келетін осы өнімді дер кезінде жинап алмай, шірітіп, қар астында қалдырып жүргеніміз жасырын емес. Жыл сайын жыр болатын бұл мәселені отандық баспасөз айтудай-ақ айтып, жазып келеді. Алайда, нәтиже жоқ. Бір ғана Қостанай облысында 2014 жылы 32 мың гектардың астығы дер кезінде орылмай қалған. Биыл да солтүстік облыстарда бидай қар астында қалды. Жауапты адамдар астықтың ысырап болуын арнайы қоймалардың жетіспеушілігіне, тасымалдау кедергілеріне, элеваторлардың аздығына сілтейді. Бірақ, бұл себептердің ешқайсысы да ас атасы нанның аяқ асты болуын, еш болған диқан еңбегінің өтеуі кімнен екенін түсіндіріп бере алмасы анық.
Ысырапшылдық дәстүрлі қазақ ұғымында құпталмайды. Ал, ислам діні әуел бастан ысырапшылдыққа қарсы. Исламдағы «исраф» ұғымы басы артық дүние-мүлікті, ақшаны игілікті іске жұмсаудың орнына, қалай болса солай шашып-төгуді білдіреді. Исраф жасау мұсылман үшін – күнә. Мұсылмандық түсінік бойынша исраф тек заттай, ақшалай дүниені шашу ғана емес, сонымен бірге оның рухани жағы да бар. Яғни, түрлі күнә жасау, өзіңе берілген уақытты бос өткізу деген тәрізді. Исраф жасаған адам «мусриф» атанады. Құран аяттарының бірінде ысырапшылдарды «ібілістің достары» деп атаған. Осы тектес зиянды әдеттерден сақтану үшін ислам діні әр адамның өзіне өзі есеп беріп отыруын қалайды. Сондай-ақ, өзің қиын жағдайда бола тұрып, садақа беруден де сақтандырады. Мұсылманшылық бойынша ысырапқа үлкен мән берілетініне мысалдар көп. Қасиетті хадистерде Мұхаммед (с.а.с.) серіктерінің бірі суды шашып-төгіп дәрет алып жатқанын байқаған пайғамбардың оған ескерту жасағаны туралы өсиет сөздер бар. Сонда пайғамбар: «Теңіздің жағасында тұрып дәрет алсаң да суды ысырап етпеңдер», – депті. Құранда: «Жеңдер, ішіңдер, киіңдер, бірақ, ысырап етпеңдер, өйткені, Алла тағала ысырап етушілерді сүймейді» делінген (6, 141).
Пайғамбарымыз ескерткендей, табиғаттың осы бір теңдесі жоқ байлығын, тіршіліктің бір тірегін қадірлемей отырғанымыз рас. Су, оның ішінде тұщы су тапшылығы – жаңа дәуірдің аса өзекті мәселесі. Өткен ғасырмен салыстырғанда, қазір адамдар суды екі есе көп пайдаланатын болған. Дүниежүзі бойынша жылына 3,8 трлн кубометр су пайдаланылады, оның 550 млрд-ы босқа кетеді. Су ысырабы туралы дабыл қағылғалы көп болды. Алдағы уақытта судың бағасы тек өсе түсетіні болжануда. Жаңағы қоқысқа тасталған миллиондаған тонна азық-түлікті дайындаудың өзіне қаншама тұщы су қоры кетті десеңізші?!? Мысалы, 1 кг күріш өсіру үшін – 2000-5000 л су жұмсалса, 1 кг бидай үшін – 1000 л, 1 л сүт – 2000-4000 л, 1 кг қант үшін – 3000 л қажет.
Ысырапшылдықтың бір түрі – рухани ысырап. Бұл адамгершілік, адамшылық атаулыдан ажырау, құдайға құлшылықтың жөнін білмеуден байқалады. Өзінің іс-әрекетіне сын көзімен қарамай, теріс қылықтарға берілу: алдау, өтірік айту, қылмыс, уәдеде тұрмау, бір күндік пайдамен өмір сүру, т.с.с. Мұның бәрі жамандыққа үйірліктен туады. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің», – қасиетті хадистерде жас сәбилердің бәрі иманды болып туады, бірақ, кейінгі өмірі отбасындағы тәрбиеге қарай қалыптасады деген сөздер негізсіз емес. Адамның мәртебесін періштеден де ұлық етіп жаратқан артықшылығымызды ұмытып, имандылықпен өмір сүру мүмкіндігінен айрылу – ысыраптың зоры. Әсіресе, жасты да, жасамысты да шарпыған бір жаман әдет – уақытты бос өткізу. Қазіргі көп тараған компьютерлік ойындар, мән-мағынасы жоқ фильмдер, таусылып болмайтын сериалдар көру, қанып болмайтын ұйқы (өміріміздің үштен бірі ұйқымен өтеді, – оған тағы да артық уақыт жұмсау қаншалықты қажет?), бос әңгіме айту, қылжақтау, түрлі әлеуметтік желілерде сағаттап отыру, мобильді телефон арқылы қажетті-қажетсіз ақпарат алмасу, – осының бәрі әр адамның жеке ісі болғанымен де, өлшеп берілген өмірді баянсыз нәрселерге жұмсап, уақытты ысырап ету.
Жан ысырабы – жаның қалаған нәрсенің бәрін істеу, қалт еткізбей орындау да ысырап. Бұл теріс үрдіс өз тілектеріңе қайшы келмеуден басталады. Өзімнен аямаймын деп, нәпсінің қалағанының бәрін орындау – үлкен ысырап.
Моральдық ысыраптың бір түрі – жезөкшелік. Күнкөрістің тәсілі ретінде әдейі таңдап алғаны бар, не болмаса тағдырдың талқысымен тап болғаны бар, бүгінгі күні әйтеуір жезөкшеліктің жолы кесілер емес, – демек, оған сұраныс бар. Бұған қазір заңды-заңсыз жыныстық еркіндіктер, азаматтық неке деген зауал, зинақорлық және т.б. қосылды. Ажырасудың көбеюі, жауапкершіліктен қашқан ерлер, нәпсінің қалауымен жеңіл жүріске берілген қыз-келіншектердің ұстанымы – өмірдің қызығын көріп қалу. Бұл сынды тексіздіктер моральдық азғындаумен қоса, өзіне аманат етіп берілген тәнді ысырап ету, ойыншыққа айналдыру екені даусыз.
Өмірімізде ысырапшылдық белең алмаған сала қалмады, – әсіресе, мемлекеттік қаражатты тиімсіз пайдалану шектелмей отыр. Шенеуніктердің қазына қаржысына салғырт қарайтынына халықтың да, оларды қадағалайтын депутаттардың да көз-құлағы үйренді. 2015 жылдың қыркүйек айындағы Есеп комитетінің мәліметтері бойынша, Білім және ғылым, Ауыл шаруашылығы, Инвестицияларжәне даму министрліктері ғылыми-техникалық зерттеулерге бөлінген 51 млрд теңгені ұшты-күйлі жоқ қылған. Яғни, жоспарланған жобалар іске асырылмай, аяқсыз қалыпты. Оның ішінде Білім және ғылым министрлігі 37 млрд теңгені желге ұшырған. Республика бойынша бюджеттік қаражатты бұлайша ысырап ету миллиардтап саналады. Бюджет қаржысының жыл сайын игерілмей қалуын, қаржының қалай болса солай жұмсалуын доғару керек деген сөздер айтылған жерде қалып, халық қаражатын шашып-төгу тыйылар емес. Биліктің беделіне нұқсан, бюджетке соққы болып отырған бұл ысырапшылдықтың зардабы тағы да халықтың соры.
Жалпы, ысырапшылдықтың жолын кесу оңай емес. Себебі, ысырап деген проблема бар деп мойындаудың өзі қиын болып тұр. Оны тұтынушылық меңдеген сананың аңғара қоюы екіталай. Дегенмен, осы тұста халқымыздың ғасырлық тәжірибесі мен қағидаларын зерделеу, мұқият пайдалану қажет. Бұрынғы ата-әжелеріміз дастархандағы тағамды шашып-төкпей, тауысып жеуді, нан қоқымын жинап алып жеп қоюды үйрететін. Оның астарында үнемділікке, жанашырлыққа, бардың қадірін білуге тәрбиелеу жатыр. Тіпті, қалған тамақтың өзін аяқ астына тастамай, мал-жанға, құстарға беруі де өнеге. Мұндай әдеттер адамның жүрегін таза ұстауына, қайырымсыздықтан, тәкаппарлықтан сақтануына көмектеседі деп білген. Қазақтағы «қанағат», «ырыс», «береке» деген ұғымдардың шығу тегі осында. Әр нәрсені қадірлеп, күтіп ұстау, әдеппен ішіп-жеу дәулеттің одан әрі көбеюіне, ырысының артуына алып келеді. Отбасы тәрбиесі, таным мен тағылым, үлкендердің өнегесі мен үлгісі бекер емес.
Әлбетте, бір кездегі халықтық өмір салтты бұзбай, сол қалпында қайта орнату мүмкін емес және бұның қажеті де жоқ. Біз ол кезеңнен өтіп кеттік. Біздің алатынымыз – халықтың діліндегі, өзегіндегі ешқашан жойылмайтын пайдалы мәдени және психологиялық ұстанымдарды жаңғырту, бойға қайта сіңіру, бағыт-бағдар ету. Бұл тұтынушылық қоғамның ережелеріне ессіз еріп, тек тұтынуды білетін тоғышар көңілдің желігін басып, әрбір жеке адамнан бастап, қоғамдық, мемлекеттік институттарға дейінгі ысырапшылдыққа тосқауыл қоюға мүмкіндік берудің бір жолы.
Сонымен, ысырапшылдықтың басты көзі – тұтынушылардың мінез-құлқы деуге негіз бар. Ол мінездің пайда болуы заман ағымымен тығыз байланысты. Бүгінгі тұтынушылық қоғамда өмір сүретін адамдардың бір атауы – тұтынушылар. Біз бәрін тұтынамыз: азық-түлікті, заттарды, дүние-мүлікті, ақпаратты, білімді, интернетті және т.б. Бұл атау адам, азамат деген ұғымдардың синониміне айналды. Ысырап туралы сөз қозғағанда дәл осы «тұтынушылық қоғамның» жаман әдетіне келіп тірелеміз. Себебі, консюмеризм (тұтынушылық) дерті меңдеген қоғамда өмір сүріп отырған адам баласы бұрын-соңды болып көрмеген тойымсыздыққа, қанағатсыздыққа душар болды. «Мода» атты шет-шегі жоқ дүрмекке ілесіп, жапатармағай жаңа атаулыға ие болу үшін жанталасу қазіргі өмірдің бір сипаты. Нәпсінің соңында кетіп, тұтынушы болып қана ғана өмір сүріп жүргендер жеткілікті. Бұл – әлеуметтік ауру. Және ол жеке бір адамның мәселесі емес, бүкіл қоғамның проблемасы. Жаппай тұтынушылық мәдениеттің қанымызға сіңгені соншалық, еш қажетсіз, мұқтаждықсыз, пайдасыз, мақсатсыз зат сатып алуға көштік. Халықтың тұтынушылық қабілеті артты немесе сатып алған заттарының құны ай сайынғы табысынан асып түседі деген деректер елдің экономикалық жағдайының керемет көтерілгені емес, керісінше, несие алу есебінен пайда болған көрсеткіш. Бір қазақтың басында бірнеше несиесі бар. Несиеге қызыққандар қарызға белшеден батып, ол қарызын бірнеше есе етіп қайтара алмай, тығырыққа батып жүр.
Жалпы, адам өміріндегі қажеттіліктер былайша жіктеледі:
– табиғи қажеттіліктер – тағам, киім кию;
– табиғи, бірақ, аса қажетті емес – таңсық тағамдар, малынып киіну;
– табиғи да, қажетті де емес – атақ-даңқ, асқан байлық.
Ысырапшылдыққа негіз болған да дәл осы екінші, үшінші пункттегі қажеттіліктер – табиғи тегі жоқ, қажеттілігі де шамалы. Ал, осы қажеттіліктерге сұраныс ХХ-шы ғасыр аяғынан бастап әлемдік деңгейде жаппай өсе түсті. Бұған себеп – адамзат тұрмысының көтерілуі, түрлі ғылыми-техникалық жетістіктердің тұрмысқа енуі, нарықтық қатынастардың, сауда-саттықтың шарықтап дамуы. Бастапқыда табиғи қажеттіліктермен ғана қанағаттанған адам баласы қоғам дами келе, тұтынушылық тәбетін арттыра түсті. Бір кездері артық зат, керемет дүние-мүліктерді тұтыну тек ауқаттылардың ғана қолынан келсе, қазір қалың бұқараның басым бөлігі табиғи, бірақ, аса қажетті емес заттарды сатып ала алады (несие алса да). Ал, табиғи да, қажетті де емес дүниеге қызығу – кеше де, бүгін де аса ауқаттылардың еншісі. Міне, материалдық игіліктерге деген мұқтаждығын қанағаттандыру деңгейіне қарап қоғамның әрбір мүшесінің қандай әлеуметтік тапқа жататынын бірден анықтауға болады. Яғни, сатып алу қабілеті – қоғамның таптық жікке бөлінуінің басты өлшемі, өзін-өзі идентификациялаудың құралы. Әркім өзінің қажеттілігін қанағаттандыра алуына қарай әлеуметтік мәртебесін көрсетеді. Тұтынушылық қоғамда заттар мен дүние-мүлік те осы әлеуметтік таптардың сұранысына қарай өндіріледі: жаппай қолданысқа, қалың бұқараға арналған заттар (ширпотреб) және қаржылық элита тұтынатын заттар. Осылайша, тұтынушылық қасиет жай ғана биологиялық қажеттіліктерді қанағаттандыруды білдіріп қоймай, ол сонымен бірге «адамның 1) заттарға, 2) өзге адамдарға, 3) жалпы бүкіл әлемге деген көзқарасын білдіретін сипатты белгіге айналады» (Жан Бодрийяр). Ал, адамдардың тұтынушылық тәбетінің барған сайын артып бара жатқаны оның ешқандай шет-шегі жоқ екенін білдіреді, себебі адамның көзі бұл пәниде тоймақ емес.
Тұтынушылық пиғыл меңдеген қоғамның өз заңдары, ережелері бар: адамның тұтынушылық қабілеті неғұрлым жоғары болса, соғұрлым ол айналасының құрметіне ие болады, дәрежесі өсе түседі. Сөйтіп, тұтынушылық қасиеттер әлдеқандай әлеуметтік маркерге, адамдардың айырым белгісіне айналып тынды. Қоғамның қазіргі даму деңгейінде адамдардың беделі олардың қанша қаражатқа, қымбат автокөлікке, керемет дүние-мүлікке ие болуымен өлшенеді, – бұл шартты стандарт саналады. Әлбетте, бәсекелестік – адам табиғатының түпкі қасиеті, тұтынушылық жарыстың астарында да бәсекелестік жатыр. Бір-бірімен жарысқа түскен адамдардың басты мақсаты – қоғамдық иерархиядан неғұрлым жоғарыдағы орынды иелену (Дәстүрлі қоғамда аристократия, ақсүйектік атақ тек мұрагерлікпен, текпен берілсе, қазіргі қоғамда байлыққа ие болу арқылы элита қатарына кіруге болады). Бұл топқа тән ерекшелік – шамадан тыс, адамның қажеттіліктерінің шегінен асып түсетін тұтыну мөлшері, ол ысырапшыл тұтыну. Қайшылық дәл осы тұста басталады.
Ысырапшыл тұтынушылық – қазіргі тұтынушылық қоғамның басты атрибуты. Бүгінгі өмірімізге отбасылық бюджеттің шамасына қарамастан меншікке, артық мүлікке ие болуға ұмтылу, ырду-дырдуға шектен тыс құмарлық, даңғойлық, әуейілік, еліктегіштік, ысырапшыл тұтынушылық тән. Мұның бәрі жария сипатқа ие. Өзінің даралығын таба алмаған қоғам мүшесі үй, тұрмыс, экзотикалық әшекейлер, гаджеттер, киім-кешек, тағам арқылы елден ерекшеленгісі келеді, қыр көрсетеді. Бұл саналы түрде құрастырылған, жасанды артықшылық.
Сату-сатып алу қағидасына бағынатын тұтынушылық қоғам – саналуан тауарлар әлемі, клиенттің қызығушылығын туғызуды мақсат еткен маркетинг. Оның басты құралы – күніне неше рет көз алдыңда көлбеңдеп, бейсаналық әсер ететін жарқ-жұрқ жарнама мен мода. Клиенттің немесе тұтынушының арманы – сәннен қалмау, үлгіге ұмтылу, ол үлгі үнемі құбылып отыратыны, ұстатпайтыны тағы бар (тұтынушылық нәпсі оны саралауға мұрша бермейді). Тұтынушылық қоғамда мәдениет те қалың бұқараға арналған өнім дайындайтын тұтас бір индустрия – музыка, кино, мультфильмдер (кішкентай тұтынушыларды ұмытуға болмайды), басқа да псевдоөнер түрлері. Сатып алу қабілеті жоғары болған сайын өзін бақыттырақ сезінетіндер зат сатып ала беруге тәуелділік – шопоголизм (ониомания) дертіне шалдыққанын байқамай да қалады.
Әлбетте, бұл өзің қалаған затты сатып алудың бәрі ысырапшылдыққа әкеп соғады дегенді білдірмейді, ең бастысы – ішкі тыйым, ұстаным, затқа тәуелділіктен еркін болу. Ысырап күнә екен деп, шектен тыс сараңдық танытуды, қарынбайшылықты, бала-шағаңның аузынан жырып, үнемдеуді насихаттап отырмағанымыз түсінікті. Адал жолмен табылған ақшаға жақсы киім кию, әдемі тұрмыс-тіршілік, таңсық тағамдарды жегенге не жетсін. Тек мұнда тәкаппарлық, мақтану, өзін өзгелерден артық санаудың табы болмағаны абзал. Абай атамызға жүгінсек: «Адам баласына жыртықсыз, кірсіз, сыпайы киініп, һәм ол киімін былғап, былжыратып кимей, таза кимек – дұрыс іс. Ләкин өз дәулетінен артық киінбек, не киімі артық болмаса да көңіліне қуат тұтып, тым айналдырмақ – кербездің ісі.
…Тегінде адам баласы, адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ. Онан басқа нәрселермен оздым ғой демектің бәрі де – ақымақтық». Бірақ, бұл тұтынушылық қоғамның заңдарына қайшы. Заманына қарай адамы, содан да көпшіліктің қабылдауы, түсінуі кемшін.
Швейцарияны шулатқан қазақ ысырапшылдығы даңғойлық пен мақтаншақтықтың үлгісі болып ұлттық мінезге айналып кету қаупі бар. Әсіресе, қазіргі экономикалық жағдайда нақты әлеуметтік ахуалға мүлде кереғар, миға сыймайтын ысырапшылдық көріністері қадір-қасиет, обал-сауап, қанағат-рахым атаулыны тәрк еткен қоғамды дендеп барады. Жиған-тергені бір немесе бірнеше атанға жүк болған ата-бабамыз ешқашан дүние-мүлікке бас ұрған емес, одан биік тұрды. Көшпелі ел өмірдің мәнін мәңгілік құндылықтардан іздеді. Ал, тұтынушылық даңғойлық дертіне ұшыраған біздер ше?.. Бүгінгі қоғамды кейінгі ұрпақ қалай бағалар екен?
Дина Имамбаева, әлеуметтанушы
Abai.kz