ҚАЙРАТ НҰРТАС: ӘНШІЛЕР ТЕЛЕАРНАЛАРДЫҢ БАСТЫ КОНТЕНТІНЕ АЙНАЛДЫ
– Қайрат мырза, ең алдымен газет тілшісімен сұхбаттасуға уақыт тапқаныңызға рахмет айтамыз! Сізді және сіздің директорыңызды әлеуметтік желі арқылы «қуалап жүріп» ұстамасақ, басқа амалдың мүмкіндігі жоқ еді...
– «Сабақты ине сәтімен» дегендей, осы кезде тілдесу нәсіп болғаны ғой...
– Біздің «тырнақ астынан кір іздейтін» кейбір қазақтар «ДАТ» газеті Қайрат Нұртаспен сұхбаттасу мүмкіндігіне ие болғанына неге соншалықты қуанып жатыр деуі мүмкін. Біздің «қуанышымыздың» сыры сол – сіздің әлеуметтік желілеріңізге («Инстаграм», «Фейсбук», «Твиттер», «Мой мир», т.т.) жазылушылар өте көп екен: ал желі қолданушы – ол халық. Біздің газет те сол халыққа қызмет етеді... Айтпақшы, әлеуметтік желілерде өзіңіздің қанша жазылушыңыз бар екенін есептеп көрдіңіз бе?
– Барлық әлеуметтік желіні қосып, жалпы жиынын есептеп көргенім жоқ. Бірақ бір басылымдардың дерегі бойынша, ең көп «фейк»-парақшалар менің атымнан ашылған екен. «Инстаграмда» бүгінгі күні 843 мың жазылушым бар. «Фейсбукты» жақында ғана тіркедік, онда 5000 досым, 3000 жазылушым бар, «ВКонтакте» желісінде де біршама.
– «Forbes» журналы шоу-бизнестегі ең-ең табысты жұлдыздардың тізімін жасапты. Ал сіз осы рейтингіде бүкіл әлемді аузына қаратқан Геннадий Головкин мен танымал продюсер Баян Есентаевадан да оқ бойы озып, тізімнің көшін бастаған екенсіз. Көп жағдайда субъективті пікірлер жиынтығы болса да, сіз бұл көшбастаушылықты қалай қабылдадыңыз?
– Барлық нәрсе жаратқанның қалауымен болатынын ескерсек, осындай ризықты бергені үшін сансыз шүкір деймін. Бұған мен жалғыз жеткенім жоқ: продюсерімнен бастап, директорым, жалпы менің командамның жұмысы деуге болады. Сонымен қатар кез келген қазақтың баласы өзге тілде сөйлемей-ақ, осындай табысқа жете алатынын басқалар көрсе деген мақсаттың да орындалғанына қуаныштымын.
– Таяуда белгілі продюсер Баян Есентаева өзінің әлеуметтік желісіне жазылушылар саны 1 миллионға жеткенін жазыпты. Яғни, осы жазылушылардың құрығанда тең жартысы Баянға тәнті (фанат) жұрт деген сөз. Ал біздің елде мемлекеттен бөлінетін қаржыға шығатын газеттер бар: таралымы 10 мың данаға да жетпейді. Айырмашылықты байқадыңыз ба – жер мен көктей. Яғни, мұндай қоғадай жапырылған әлеуметтік топтың мүмкіндігін пайдалана білу керек. Мәселен, біз осы арада «Қайрат Нұртас» деген брендпен газетімізді жастар арасында жарнамалау мүмкіндігін пайдаланып отырмыз. Осы орайда сіздің әсіресе жастар арасында танымал тұлғаға айналғаныңызды өз мүддесіне пайдаланушы күштер мен әрқилы әлеуметтік топтар барын байқап жүрсіз бе?
– Осы уақытқа дейін біреу келіп маған: «Мынаны насихатта, не болмаса мыналардың мүддесін қорға» деп айтқан емес. Олай болған күнде де, ақ пен қараны ажыра алатын жасқа жеттім деп ойлаймын – менің өз принциптерім, оз ойым, өз мақсатым бар. Негізі, сіз айтып отырған үрдісті бастаған – БАҚ өкілдері, яғни журналистер – сіздер. Әншілер қауымы барлық телеарналардың басты контентіне айналды. Иә, өнер насихатталуы тиіс. Бірақ, келіссін я келіспесін, барлық саланың, теледидардағы барлық тақырыптардың талқылауы әншілерсіз өтпейтін келеңсіз кез туды. Сіз айтып отырған құбылыс осы үрдістің «жемісі» деп ойлаймын.
– Мәселен, соңғы кездері танымал жұлдыздардың атымен дінді уағыздау үрдісі пайда болды. Әсіресе бүгінде көптеген танымал жұлдыздардың «Инстаграм» желісіндегі акаунты Алланың атымен ашылып, «машалаһпен» жабылатын болып жүр. Сол жұлдыздардың дені уахабиттік ағымның жыртысын жыртып жүргенін өздері де сезбейтін сияқты. Сіз осы үрдісті қалай қабылдайсыз? Осы орайда сізге уағыз таратушылар арасынан қолқа салушылар болған жоқ па?
– Біріншіден, менің жеке ойым: олардың сол жерде жариялаған екі сөзіне қарап, әлдеқандай айып тағу – үлкен қиянат. Шынымен солай екенін анықтап алмай, мынандай нәрсені жариялау сіздерге де сын болады. Сонымен қатар соларды оқып жүрген халықтың ойына да күдік салып қоюыңыз мүмкін. Мұның да сұрауы оңай емес. Жоғарыда айтып өткенімдей, маған ешкім өз пікірін теліп, мүддесін қорғауды сұраған емес. Олай болады деп те ойламаймын. Өзіңіз айтқандай, қазір өнер адамдарының қолында әлеуметтік желі арқылы жастарға, халыққа әсер ете алатын идеологиялық құрал тұр деуге де болады. Осы құралды біз дұрыс пайдалана алсақ, жақсы жемісін көруге болады. Меніңше, өнер адамдары жастарды имандылыққа шақырса, онда тұрған ешқандай әбестік жоқ. Имандылықтан біз ұтылмаймыз. Елге тигізер бір пайдамыз болса, біз өзімізден кейінгі жастарды дұрыс жолға бағыттауға үлес қоса алсақ, соған әсер ете алсақ, соның өзі үлкен қуаныш.
– Ендеше сіз түсінбеген сұраққа өзім жауап беріп көрейін: Өзіңіз айтқандай, бүгінде әлеуметтік желі үлкен «идеологиялық құралға» айналып бара жатыр. Сол сияқты талғам таразысы рухани дағдарысқа ұшыраған халықтың, әсіресе жастардың табынар екі нысаны пайда болды: бірі – дін, екіншісі – жер-көкті жайлап алған «жұлдыздар». Міне, осы қызығушылыққа тәнті жастар екі нысанмен желі бетінде «жолыққанда», қандай ықпалды идеологиялық күш пайда боларын сезіну аса қиын шаруа болмаса керек. Желіні пайдаланушылар «жұлдыздардың» діндарлығына да, басқа әуестенушілігіне де еріп жүре беруі әбден мүмкін ғой. Менің білмегім – сіздің осы төңіректегі ойыңыз еді.
Мәселен, әлеуметік желіде бір оқырман: «Егер Қайратты біздің мемлекет қолдаса, Қазақстанның атын әлемге паш етер – Майкл Джексон сияқты бренд жасауға болар еді», – дейді. Енді сіз осыған не дейсіз?
– Елдің арасында маған деген сондай үлкен сенімнің бар екені, сондай мақтанышқа лайықтап жатқаны – бір жағынан, қуаныш, екінші жағынан – үлкен жауапкершілік. Демек, менен бұдан да үлкен нәтиже күтіп отырғандар бар: тыным таппай алға жылжуым қажет. Ал нәтижесінің қалай болатыны – тағдырдың жазуына байланысты.
– Бұны сұрап отырған себебіміз – біздің саяси билік сіздің тұлғалық танымалдығыңызды пайдаланбақ түгілі, өткен жылдары теле эфирге шығартпай қойғаны бар. Қазір бұл жағдай толық тыйылды ма: республикалық эфирдің есігінен еркін аттап жүрсіз бе?
– Өткен жылдары да, қазір де ешқандай шеттету көріп жүргенім жоқ. (Қайрат мырза бұл жерде жаңсақ сөйледі: біз кезінде мемлекеттік теледидарға кімдерді шығармау керектігі жөніндегі биліктік нұсқауды газет бетінде жария еткен едік.
Сол нұсқаулықта Қайрат Нұртастан басқа бірнеше әнші-сазгердің аты-жөні аталған болатын – Ред.). Қайта сол эфирлер мен сұхбаттарға көп жағдайда үлгермей жатамын. Сіздің айтып отырғаныңыз «Прайм Плаза» оқиғасынан кейінгі кездер шығар. Ол кезде де саяси билік тарапынан арнайы ешқандай да нұсқау болмаған. Тек телеарналардың басшылары ғана емес, жекелеген продюсерлері де неден қорыққаны белгісіз – аз ғана мерзімге солай жасауды ұйғарған екен.
– Айтпақшы, сіз бір сұхбатыңызда: «Ән айтып жүрмін, менің атыммен аталатын киімдер желісі бар, киноға түсіп көрдім. Енді болашақта өзімді саясаттан көргім келеді», – деген екенсіз. Ал біздің «жұлдыз» ауруына душар болған әншілер саясат түгілі, біздің газет сияқты саяси басылымдарға сұхбат беруден ат-тонын ала қашып жүргенде, сіздің саясатқа аралассам деген арманыңыздың астарында не бар: депутат болу ма, жоқ әлде қоғамдық-саяси жұмысқа деген ынтаңыз ауып жүр ме?
– Оны кесіп-пішіп айтпай-ақ қояйын. Бұл менің өз ойым ғана. Нақты ұсыныстар түсіп жатса, бір нәрсе айтуға болар еді.
– Елдегі жастармен жұмыс жүргізу жөніндегі мемлекеттік саясатқа көңіліңіз тола ма?
– Менің ойымша, біздің жастарды мемлекет «саған жағдай жасасын, бәрін реттесін» деген ойдан аулақ ұстауымыз қажет. Керісінше, «сен өз мемлекетің үшін не жасай аласың?» – деп тәрбиелеу керек. Мемлекет ештеңе жасамай жатыр деп айта алмаймыз: «Болашақ» бағдарламасымен жастарды шетелге жіберіп, оқытып жатыр. Одан басқа да игі шаралар жетерлік. Тек біздің жастарымыз жалқауланбай, жұмыстың көзін таба білсе, біздің елде бәрі бар.
– Қазақ әншілері қайырымдылық шарасына қаржы жұмсапты дегенді көп естімейміз. Бірақ бағалы көлік мініп, сарайдан кем соқпайтын үй салып жатқандарын көргенде, әншілердің арасында да бақуатты байлар бар екеніне көз жетеді. Ал сіздің жетім-жесірге, кедей-кепшікке қайырымдылық жасау жөніндегі ниетіңіз қалай?
– Қайырымдылық жасау– әркімнің жеке шаруасы деп ойлаймын. Бұл мәселені талқылап, жария ете бергенді де көп ұнатпаймын.
– Қазір ел аузында: «Қайрат түшкірсе де – хит» деген әзіл-шыны аралас сөз айтылып жүр. Шыны керек, сіздің қай әніңіз жарыққа шықса, сол хитке айналып кететіні жасырын емес. Осының сыры неде деп ойлайсыз: әннің хитке айналуы композитордың еңбегі ме, әлде әншінің дауыс ерекшелігінен пайда болатын құбылыс па?
– Сіз айтып өткендердің ешбірін де бөліп-жарып ала алмайсыз. Осылар өзара үйлесімділік тапса, жақсы дүние шығады. Композитор мен ақынның әнге салған ойын тыңдарман жүрегіне дөп жеткізуді көздеймін. Бар сырым сол ғана.
Сұхбаттасқан – Жансая ЕРТАЙ
«D»
«Общественная позиция»
(проект «DAT» №3 (320) от 21 января 2016 г.