ЖАҢА ПАРЛАМЕНТ ЖАСТАРҒА МҮМКІНДІК БЕРЕДІ
Мерзімінен бұрын сайлау өткізу Конституциялық нормада бар. Бұл жөнінде «Еуропа құқығы және адамзат құқығы институты» қоғамдық бірлестігінің директоры, профессор, заң ғылымдарының докторы Марат Бәшімов айтты деп хабарлайды strategy2050.kz сайты (https://strategy2050.kz/news/30603/).
Депутаттар осыдан бір-екі күн бұрын мерзімінен бұрын сайлау өткізу туралы үндеу жариялады. Заң тұрғысынан алсақ, біздің Конститутцияда мұндай норма бар. Конституциялық кеңестің төрағасы ата-заңға сай екенін анықтаған соң, Мемлекет басшысы, Парламенттің қос палатасының төрағасы және Үкімет басшысы келісім береді. Өздеріңіз көрдіңіздер, Парламенттегі үш партияның өкілдері бірауыздан мерзімінен бұрын сайлау өткізуді қолдады. Егер тіпті бір депутат қарсы шығатын болса, онда мерзімінен бұрын сайлау өтпейді. Бұл жерде барлығы қолдады. Сондықтан заңдық тұрғыдан барлығы да Констититуциялық нормаға сәйкес», - дейді М.Бәшімов.
Заңгер мерзімінен бұрын сайлау өткізу арқылы мемлекеттің алдында тұрған стратегиялық жоспарларды жүзеге асыра аламыз деп санайды.
«Егер Елбасы депутаттардың үндеуін қолдап, келісім беретін болса, Парламентке белсенді, білімді жастарды жинауға мүмкіндік туады. Креативті, жаңа заманның ережелерін білетін, «Болашақ» бағдарламасымен оқып келген жастарымыз көп. Соларға мүмкіндік беріледі», - дейді М.Бәшімов.
Abai.kz